Білім бостандығы
Орта ғасырлардағы Еуропада балаларды қатал әдістермен және діни уағыздармен тәрбиелеп, оқытатын болған. Әсіресе, ақсүйектердің балалары 10 жасқа толғанға дейін бірнеше тілде еркін сөйлеп, жаза білуі тиіс деп есептеген.
Ал қарапайым отбасылардың балалары білім алу мүмкіндігінен тіптен жұрдай еді. Оның үстіне, жер шаруашылығының ауыр жұмысымен айналысу үшін білімнің қажеті жоқ деп санаған.
Кедейдің балалары білім ала алатын жалғыз орын діни мектептер болатын. Онда қатал қағидаларға сүйеніп, шет тілінде құдайдың сөздерін жатқа айтқызатын көрінеді.
Осының бәріне қарсы шығып, білім беру бостандығын жариялаған философ — Женева қаласында туып-өскен Жан-Жак Руссо (Jean-Jacques Rousseau, 1712–1778) еді.
Әкесі сағат жасаушы болған. Ал анасы оны босанғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қайтыс болған. Жак Руссо сабаққа құлқы жоқ болғандықтан, мектепте аса жетістікке жете алмаған. Алайда жазуға, шығармашылыққа деген ерекше құштарлығы болған деседі.
Бірақ 1762 жылы жазған «Эмиль» атты кітабы үшін туған жерінен қуылыпты. Тіпті Францияда оны тұтқындап, қатал жазаға кесуді талап еткен. Өйткені ол «адам тумысынан күнәкар болып туады» дегенді жоққа шығарған, бұл христьян дініне қайшы келеді екен. Христьян дінінде Адам мен Ева құдайдың айтқанын тыңдамай, алма ұрлап жегендіктен, күллі адамзат мәңгілік күнәкар болып туады деп үйрететін ғой.
Руссоның шіркеулер насихаттаған адам туралы бұл көзқарасқа қарсы өз бетінше қатаң ұстанғаг сенімі болды.
Оның пікірінше, «барлық мораль мен адамгершіліктің негізгі қағидасы адамның өзі табиғатынан жақсы жаратылыс екендігінде. Адамда әділдік пен тәртіпті сақтаудың туабіткен түйсігі болады. Адамның жүрегінде тумысынан жаман нәрсе мүлде жоқ. Табиғатқа жасаған алғашқы қадамың әрқашан дұрыс әрі пәк болады» деген.
Эмиль деген оның шығармасындағы ойдан шығарылған кейіпкер. Руссо бұл балаға ең кемел білімді қалай беру керектігін өз кітабында жазған. Оның ойынша, адам тумысынан пәк, кіршіксіз, таза болады. Алайда өнер, ғылым, мектеп пен қоғам адамды улап, санасын бұзады екен.
Сондықтан да кемел бала тәрбиелеу үшін оны мектепке жіберудің орнына, ауылға шығарып, табиғат аясында өмір сүруін көру қажет деп есептеген.
Бала мүмкіндігінше көп ойнап, қызығушылық таныту арқылы өз қабілеті мен ұнатқан нәрсесін өзі ашып табуы тиіс. Бала өз сезімі мен қиялы арқылы қоршаған ортасын таразылап, өзіне қажетті дұрыс білімді жинаудың туабіткен қабілетіне ие көрінеді.
Ол кітаптың нобайында (басылып шықпаған) адамның білім алу кезеңдерін төрт жас сатысына бөлген. Олар:
- табиғи жас (0–12);
- ес кіріп, есею жасы (12–15);
- күш-қуатын сезіну жасы (15–20);
-даналық жасы (20–25).
Бұдан кейін, яғни 25 жастан кейін бақытты жас басталады екен.
Ал әдеп, тәрбие тұрғысынан алғанда үш деңгей бар көрінеді:
(a) ең жас кезінде бала қажеттілікке (мәжбүрлікке) бағынуы тиіс;
(b) өтпелі кезеңінде ләззат пен қажеттілікке жетелелуі тиіс;
(c) жыныстық жетілуі аяқталғаннан кейін әдеп-ахлаққа (моральға) бағынуы тиіс.
Қазіргі уақытта Финляндияның білім беру жүйесі әлемдегі ең үздік деп саналады. Мұның құпиясы бәлкім, Руссоның «Эмиль» кітабында айтылған сол «кемел» білімге ең жақын келгендігі шығар. Өйткені Финляндияда бастауыш сынып оқушыларына:
- Үй жұмысы мүлде берілмейді,
- Сабақта баға қойылмайды,
- Уақыттың көбін көңілді ойындармен (алайда адам арасындағы дұрыс қарым-қатынасқа үйрететін) өткізеді екен.
Балалар өздері ұнатқан пәндерін таңдауға мол мүмкіндік алады.
Мұғалімдердің жалақысы әлемдегі ең жоғарылардың қатарына кіреді.
Сондай-ақ ұстаздар өз бетінше жеке әдістемелерімен сабақ берудің бостандығымен жақсы қамтамасыз етілген деп есептейді халықаралық білім беру зерттеушілері.
Финляндия сондай-ақ бәсекеге қабілеттілік пен бақыт көрсеткіштері бойынша әлемде көш бастап тұрған елдердің бірі.
Білім беру бостандығы дамыған жерде адамның бақытты өмір сүретінінің нақты бір дәлелі Финляндия елінің тәжірибесінде деп көреді.
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz