Сейсенбі, 15 Қыркүйек 2026
Әдебиет 222 0 пікір 15 Қыркүйек, 2026 сағат 12:48

Барсай

Сурет: kulturologia.ru сайтынан алынды.

Әңгіме

Темір қаласының түрмесінің қараңғы абақтысында қуғын-сүргін жылдары қамалған Барсай көзін жұмып, үнсіз отырды.

Ішке кірген сақшылар оны таңертең есепке алғанда, әрдайым сыртта отыратынын көріп, аң-таң болатын.

— Мынаның бір сиқыры бар, — деп күбірлесетін сақшылар.

Түнде қамаған да, есікті бекіткен өздері. Бірақ таң ата бере, ол темір қақпаның ар жағынан, түрме алаңынан табылатын. Бір күні Темір қаласына жоғары жақтан өкіл келді.

— Бұйрық қатал! Тұтқындарды алаңға жинаңдар!

Олар тұтқындарды алаңға шығарып, жиылыс өткізіп, бәрін айдап әкетпекші болыпты. Сақшылар тұтқындарды сапқа тұрғыза бастады.

Барсай ешкімнің жетегіне көнбеген күйі жүгіріп барып, алаң ортасында тұрған Сталин ескерткішін құшақтап алады да:

— Сталин аға! — деді дауысы жарқын шығып. — Менің жазығым жоқ! Мыналар мені жазықсыз қамады.

Тұтқындардың бәрі үрпиіп, бір-біріне қарады. Басқарма басшысы қабағын түйді.

— Әкеліңдер ананы! — деп әмір етті екі қарауылға. Екеуі Барсайды қолынан тарта бергенде, алып ескерткіш сәл қозғалып, теңселді де, әлсіз сықыр естілді.

Солдаттар жалт қарады. Басқарма басшысының көзі шарасынан шықты.

— Тоқтаңдар! — деді айғайлап. — Сталин жолдастың ескерткішін бүлдіріп аламыз.

— Мынаны неге қамаған? — деді өкіл түтігіп.

— Мұны «арқасы бар адам» деп қамаған, — деді. — Соғыс басталғанда тылда қалып, ауылдың малын баққан. Руы — Қаракесектің Жоланы.

— Босатыңдар! Көсемнің мүсіні жұлынып кете жаздады.

Ол түрме қақпасынан асықпай шығып, артына қарамастан ұзап бара жатты.
1928 жылдың жазында аудан орталығы болып тұрған Жарқамыстағы бір үйде басқармалар жиналып, кең дастархан жайылады.

Құрт, май, жал-жая, қазы-қарта — барлығы табаққа толтырылған. Қонақтар әңгіме-дүкен құрып, қымыз ішіп отырған шақта есіктің алдында бір сұлба пайда болды. Бұл — Барсай еді. Ол үнсіз ғана төрге көз тастап, асықпай келіп, есіктің жанына қолын жуады. Басқармалар оған мән берген жоқ, ешқайсысы «төрлет!» демеді. Барсай болса жанындағы бос орынға жайғасып, табаққа қолын созды.

Сол-ақ екен, күтпеген оқиға болды. Ыстық сорпаға малынып тұрған семіз жіліктер дір етті де, бақа-шаянға айналып, табақ ішінде секіре жөнелді.

Басын шайқап мәз болған Барсай бақа-шаянның бірін қағып жіберіп, етті ала берді. Бойы тітіркеніп, бір басқарма орнынан атып тұрды шошып. Басқалары да қашып үлгерді. Барсай жымиып, етті жайбарақат жей берді.

Жарқамыс ауылында бір күндері ерекше жағдай болды. Басқармалар ол кезде оның өнер көрсетуін сұрап, бақсы Барсайды қолқалаған. Елдің бәрі жиналып, қадалғыш көздері Барсайда еді.

Ол сиырдың алдынан кіріп, артынан шығып, артынан кіріп, алдынан шығып жатты. Ауыл адамдары таң-тамаша болып, таңырқап тұрды.

Бір сәтте Барсай сиырдың ішіне кіріп, шықпай қалыпты. Жұрт дүрліккен дауыстарымен шулап кетті.

— Япырым-ай! Барсай шықпай қалды.

Әлден уақытта Ақбұлақ ауылынан бір атты адам келген. Ол келіп, жұрттың неге даурығып тұрғанын сұрапты.

— Неге шулап жатырсыңдар?

— Барсай сиырдың ішіне кіріп, шықпай жатыр, — деп айтыпты жұрт.

— Әне, сиырдың астында отыр ғой! — деп жауап берген аттылы адам.

Барсай сол сәтте сиырдың астынан атып тұрып:

— Тап әкеңнің аузы! — деп дауыстапты. Жұрттың бәрі үнсіз қалды. Бірақ кейін Барсай өз қатесін айтып отыратын.

— Мен бір сөзден қателестім.

— Мен ішімнен айтам: «Я, Құдай, осы жерде тұрған Жарқамыс халқының көзін байла!» — дегенімде, тек Жарқамыс халқының көзі байланған еді.

Ақбұлақтан келген бұл атты адамның көзі байланған жоқ. Мен «Әммә» деп айтқанымда, бүкіл дүниежүзінің көзін байлайтын едім, — деген екен.

Құсмұрын тауын жайлаған ауыл малын аралап келе жатқан басқарма жарау аттың үстінде, иығында мылтық, қасында төбеті мен тазысын ертіп, «әләулім!» деп әндетіп келе жатып, Соқырқұдықтың тұсында Барсаймен кездесіп қалады.

Барсайдың да иығында мылтық, астында жарау ат, қасында қасқыр алатын сырттан төбеті бар болатын.

Екі адамның жолы түйісіп, иттерінің арасында төбелес басталады. Басқарманың төбеті жеңіліп бара жатқанда, басқарма ашуланып, Барсайдың итін атып тастайды. Барсай да ашумен мылтығын алып, басқарманың итін атып тастады.

— Әкеңнің аузы, басқарма! — деп айғайлады Барсай.
Одан кейін өз сөзін жалғастырып:

— Мына жақтан ит герман қырып жатқанда соғыс ашып еді, енді сен қырмақсың ба бізді? — деп мылтығын басқармаға тіреген.

Басқарма қорқып, шошып кетті. Барсайдың түрі сұсты болатын: орта бойлы, кең жауырынды, құлағы қалқиған, ботқыл бет, жоны күжірейген, көздері өткір. Ол батыл әрі қайсар адам еді. Басқарма сол сәтте қандай да бір әрекет жасауға қорқып, мылтықтың астында қалып, не істерін білмей, үнсіз қашып құтылған.

Елуінші жылдардың ішінде Жарқамысқа жақын жатқан Қаражарға көз байлаушы, сиқыршы өнерпаздар келіп, ел алдына өнер көрсетпек болған екен. Бірақ олардың өнері жүрмей тұрып қалады. Сонда жүргізушісі:

— Араларыңнан бір адам шықсын, өнеріміз жүрмей тұр, — дейді.

Барсай орнынан тұрып шыға салысымен, әлгі өнердің әрі қарай жалғасып кеткенін ел айтып отыратын.

Барсайдың өмірінің соңғы жылдары ел ішінде өтті. Мұқырыда жерленген.
Ал, қызған көсеуді қып-қызыл болғанша қыздырып алып, оны тілімен жалап отырғанын әкем өз көзімен көрген. Тіпті, Барсайдың екі баласының да сол көсеуді жалайтынын айтып отыратын.

Ғалымжан Көшербайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1215
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2745
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 875
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 829