Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2026
Білгенге маржан 327 0 пікір 16 Қыркүйек, 2026 сағат 14:11

Алтын Орда мұрасы: Француз тарихшысы не дейді?

Сурет: altyn-orda.kz сайтынан алынды.

2026 жылдың 11 қыркүйегінде Астана қаласында француз тарихшысы, ортағасырлық Еуразия және Жошы ұлысы тарихының маманы Мари Фавероның «Алтын Орда: дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты іргелі еңбегінің қазақ тіліндегі басылымының ресми тұсаукесері өтті.

Халықаралық ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланған бұл зерттеу кітабы алғаш рет отандық оқырмандарға ана тілінде ұсынылып отыр.

Салтанатты іс-шараны Steppe & World Publishing баспасы Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтымен, Мақсұт Нәрікбаев университетімен (MNU) және Францияның Қазақстандағы елшілігімен бірлесе ұйымдастырды.

Қазақ даласының империя тарихындағы рөлі

Кездесу барысында автор қазіргі Қазақстан аумағының Жошы ұлысы тарихындағы орны мен Алтын Орда мұрасын бір ғана мемлекетпен шектеуге болмайтыны туралы кеңінен сөз қозғады. Мари Фавероның айтуынша, Алтын Орда – бүгінде бірнеше Еуразия мемлекетін біріктіретін ауқымды мұра.

Зерттеуші өз сөзінде империя аумағы әртүрлі кезеңдерде қазіргі Қазақстанның басым бөлігін, сондай-ақ Орталық Азияның, Татарстанның және өзге де аймақтардың жерін қамтығанын атап өтті.

«Билік орталығы негізінен қазақ даласында орналасқан. Дегенмен бұл тарих, әрине, басқа елдерге де тікелей қатысты», — деді Фаверо.

Мари Фаверо бұл еңбегінде Алтын Орданы тек ортағасырлық көшпелі мемлекет ретінде ғана емес, Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени процестерінің маңызды қатысушысы ретінде қарастырады. Автор сауда жолдарын, дипломатиялық қатынастарды, қала құрылысын, мәдени алмасуды және Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстарды талдай отырып, империяның әлемдік тарихтағы айрықша орнын ашады.

Алтын Орда мұрасын бөліске салуға неге болмайды?

Кездесуде қатысушылар ортағасырлық империялардың заңды мұрагерін анықтау тәсілдері мен қай мемлекет өзін олардың мұрагері деп санауға хақылы екені туралы сұрақ қойды. Мари Фаверо Алтын Орда жағдайында бұл сұраққа біржақты жауап беру мүмкін емес екенін жеткізді.

Ғалымның пікірінше, ортағасырлық империяның тарихы тым кең, сондықтан оны тек бір заманауи мемлекеттің еншісіне беру дұрыс емес. Ол – бүгінде әртүрлі елдердің құрамына кіретін халықтар мен аумақтарға ортақ мұра. Осыған байланысты зерттеуші бұл дәуірді тануда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін ерекше атап өтті.

Тарихи дереккөздер мен мұрағат халықаралық ынтымақтастықты талап етеді

Жошы ұлысына қатысты тарихи құжаттар мен артефактілер бүкіл әлем бойынша шашыраңқы сақталған. Фаверо түсіндіргендей, тиісті материалдар әртүрлі мемлекеттердің, соның ішінде Францияның да мұрағаттарында кездеседі.

Тарихшы мұрағаттық материалдармен алмасу және сақталған дереккөздерді бірлесе зерттеу Алтын Орда тарихын жаңаша зерделеуге жол ашады деп есептейді:

«Бұл — бүгінгі таңда өте халықаралық маңызға ие тақырып», — деді ол.

Автор өз кітабын Қазақстанда таныстыруға және оны жергілікті зерттеушілермен талқылауға мүмкіндік алғанына қуанышты екенін білдірді.

Алтын Орда туралы бүгінде не белгілі?

Жошы ұлысы (Алтын Орда) XIII ғасырда моңғол жаулап алушылығынан кейін құрылып, Орталық Азиядан Шығыс Еуропаға дейінгі кең алқапты алып жатты. Мемлекеттің негізін Шыңғыс ханның немересі — Бату хан қалады. Бастапқыда империя әртүрлі халықтарды біріктіргенімен, уақыт өте келе онда түркі халықтары шешуші рөл атқара бастады.

XV ғасырға қарай Алтын Орда бірнеше дербес хандықтарға ыдырап, олардың кейбірі кейіннен Еуразияның саяси картасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Осылайша, француз тарихшысының пайымдауынша, Алтын Орданы тек бір елдің тарихы ретінде шектеу — ғылыми тұрғыдан дұрыс емес, ал қазіргі Қазақстан аумағы Жошы ұлысы тарихында өзекті орын алады.

Керімсал Жұбатқанов,

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық ғылыми-зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1257
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2788
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 908
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 854