Таяу Шығыстағы аласапыран: Жұмыла көтерген жүк жеңіл...
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Үстіміздегі ғасырдың үшінші онжылдығында дүниетәртіптің жүйесі кезекті сынақтарға қайталай тап болып, әлемнің ықпалды мемлекеттерінің арасындағы қайшылықтар дүркін-дүркін қылаң беріп, әрқайсысының өз мүдделері жолында өзге елдердің ісіне жосықсыз араласуымен бірге аумағына әскери шабуыл жасауы, ол аздай ашық түрде басып кіруі тәрізді қатерлі оқиғаларға куә болудамыз. Оның үстіне, табиғи қорлардың азаюы, әлеуметтік дағдарыстың тереңдеуі, соның салдарынан бірқатар елдерде азаматтық соғыстың тұтануы, бейбіт тұрғындардың туған жерлерін тастап, босқын атанып, өзге құрылықтан пана іздеуі, демек әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттердің күтпеген тоғысы жаһандық күн тәртібінің басты ерекшелігіне айналуда.
Халықаралық қоғамдастықтың белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан Республикасының да бүгінгі үдерістен тыс қала алмайтыны мәлім. Әлемге ашықтығы, сапарлар мен жүріп-тұру құқығының еркін болуы бүгінде ел азаматтарының дүниенің төрт бұрышына бара алуына толыққанды мүмкіндік туғызды. Сонымен бірге, жаһандық ахуалдағы жедел өзгерістер, әсіресе ел аумағынан тыс жерлердегі тосын жайттар кезінде отандастарымыздың қауіпсіздігі мен амандығы күн тәртібіндегі ең бір өзекті мәселеге айналатыны да түсінікті.
Мінеки, 2026 жылдың 28 ақпанында Америка Құрама Штаттары мен Израиль мемлекеті Иран Ислам Республикасындағы әскери, саяси нысандарға жаппай шабуыл жасағаны белгілі. Израиль күштері Ливанның оңтүстігіндегі Иранмен одақтас белгілі «Хезболла» ұйымының орналасқан мекендерін соққыға алды. Иран, өз кезегінде, Израильге, сондай-ақ аймақтағы сегіз араб елінің аумағына кек қайтару мақсатындағы әскери әрекетке көшті. Парсы шығанағында ауқымды соғыс алауы лаулай түсті. Жерорта теңізінен Үнді мұхитына, араб шығанағының оңтүстігінен Қауқазға дейінгі көлемді аумақта әуе қатынастары жедел тоқтатылып, жүздеген мың адам тығырыққа тірелді. Олардың ішінде біздің еліміздің азаматтары да бар-тұғын.
Әлемнің ықпалды саясаткерлері бұл тұста әркім өз ұстанымдарын алға тартып, жасаған әрекеттерінің дұрыстығы жөнінде толассыз мәлімдемелер таратып жатқан кезде, бейбіт қалаларға зымырандар мен бомбалар төгіліп, от пен оқтың астында қалған қарапайым адамдар күтпеген жерден күрделі жағдайға ұшырап, еліне, отбасына оралудың ғана жалғыз тілегін тіледі.
Сындарлы сәтте мемлекетіміздің алдында отандастарымызды қауіпті өңірлерден алып шығудың ауқымды міндеті тұрған еді. Егемендік жылдары бұған ұқсас оқиғалар ара-тұра кездескенімен, бір мезгілде бірнеше мемлекетті, тіпті материкті дерлік қамтыған мұншалық орасан ауқымдағы кешенді мәселе алғаш рет туындаған.
Дағдарыстың алғашқы сәттерінен бастап, қарулы қақтығыстың зардабына ұшыраған мемлекеттерден қазақастан азаматтарын жедел алып шығу мәселесі еліміздің Сыртқы істер министрлігінің басты мақсатына айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес барлық мүдделі министрліктер мен мекемелер жедел жұмылдырылып, ҚР СІМ қабырғасында ортақ үйлестіру штабы құрылды. Отандастарымызды дереу эвакуациялау мәселесі сағат сайын қатаң бақылауға алынып, министрліктің барлық құрылымдық бөлімдері жұдырықтай жұмылып, жүйелі әрекеттерін тынымсыз атқарумен болды. Мекеме басшылығының айқын да нақты жоспар құрып, сабырлы Һәм салқынқанды қимылының нәтижесінде қазақстандықтарды елге қайтарудың күрделі жұмысы ретімен, жүйесімен жүзеге асырыла бастады.
Бірінші кезекте, қазақстандықтар мол шоғырланған Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Сауд Арабиясы, сондай-ақ, Кувейт пен Бахрейн мемлекеттеріне эвакуациялау міндеті қойылды.
Дамылсыз дабыл қағылып, жер мен көкте зымырандар жарылып жатқан қатерлі сәтте, оның үстіне тұрақты әуе қатынастары толық үзіліп, шекаралар жабылып, жергілікті мемлекеттік органдар соғыс жағдайында жұмыстарын тоқтатқан кезде бұл мүлде оңай шаруаға емес-тұғын. Дей тұра, сараланған шешімдер дер кезінде қабылданып, қазақстандықтарды эвакуациялау үздіксі жалғасты. Негізгі топтар автобустармен күн сайын Біріккен Араб Әмірліктерінен, Қатар астанасы Дохадан, Кувейт пен Бахрейннен Сауд Арабиясындағы Джидда қаласына аттандырылып, құрлық шекара бекеттері арқылы Израильден Мысыр арқылы жіберілді. Оманнан, Иордания мен Ливаннан бірсыпыра отандастарымыз елге аман оралды.
Кенеттен орын алған соғыс жағдайында көптеген мемлекеттердің азаматтары беймағлұм жағдайда қалып, елдеріне қайтудың жолдарын өз беттеінше іздеп әлекке түсіп жатқанда Қазақстан барлық азаматтарын арнайы ұшақтарға тегін отырғызып лек-легімен отанына аттандырды. Осылайша, еліміз ешбір азаматын дүниенің қай түкпірінде болсын қиын жағдайға қалдырмайтынын айқын паш етті. Айта кетерлігі, шет мемлекеттердің барлығы өз азаматтарына дәл осындай ахуалда қол ұшын соза қойды деуге болмайды, тіпті дипломатиялық өкілдіктері әрбір азаматтың жеке өзі жол табуына кеңес беріп, нұсқаулық таратты. Ал, әуекомпаниялары ұшу қаражаты толыққанды төленбейінше азаматтарды отырғызудан да бас тартты.
Осынау сындарлы сәтте өзіміз куә болған тағы бір ұлағатты жайт - еліміздің көптеген азаматтары қиындыққа тап болған отандастарына қолдан келгенінше тиісті жәрдемдерін ұсынып, қаражат жинап, ас-сумен, жатар орынмен қамтамасыз етуге атсалысты. Орасан істің артында қыруар адамның еңбегі, күш-жігері мен қажыр-қайраты тұрды, отаншылдық, ұлтжандылық сезімнің биік үлгісі танылды.
Қазақстанның Сыртқы саясат ведомствосының орталық аппаратындағы қыз-жігіттері, сырттағы мекемелерінің қызметкерлері кәсібиліктің жоғары деңгейін паш ете білді.
Қазіргі уақытта да аймақтағы жағдай толыққанды тұрақтылықтан алыс, жанжал тетігі мен соғыс өртінің кенеттен тұтануы әбден ықтимал. Демек, отандастарымыздың шет аймақтарға сапар шегу жоспарларын жан-жақты, түбегейлі сараптағаны абзал.
Бабыр Дәуренбек
Мұхтар Кәрібай
Аbai.kz