«Советия & Қазақия» рисәләсінің 2-ші кітабы шықты
«Советия & Қазақия» атты көп томдық рисәләмнің 2-ші кітабы жарық көрді. Кітаптан танымдық сипаттағы «Тауарих Қазақ һәм Қазақ Мемлекеті» атты еңбегімнің алғашқы бөлімімен танысуға болады.
Осы бірінші бөлімде арнайы зерттеушілік ізденістерімнің нәтижесінде туған «Біз – қазақ ежелден...» деген этюдім берілген. Мұнда ғылыми білім деректерімен қатар елдің бұрын айтылмаған тарихы жөнінде тәуелсіздік дәуірінде жазылған жаңа кітаптарды шыншылдықпен қарастыру арқылы халқымыздың әділ де шынайы өткенін білуге талпыныс жасалды. Әркімнің қолынан келетін талпыныстардың бірі. Тақырып астына «Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен» делінген анықтама қою арқылы зерттеуімнің қатардағы әуесқойдың өзіндік ізденісінің нәтижесін білдіретін өз көзқарасым тұрғысынан ғана орындалғанын ескерте кетуді жөн көрем.
Сонымен, талайды толқытатын: біз кімбіз? қайдан шықтық? біз қалай Ұлы Дала мұрагері болдық? біздің шынайы тарихымыз қандай? сипатты сауалдар төңірегінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ішінде талай жан ізденіп, сан түрлі жауап ұсынған. Солардың ішінен қажетіңді тауып, көкейіңе тоқу, телегей-теңіз әдебиеттен керегіңді іздеу, айналып келгенде, өзіңді іздеу, тамырыңды, терең тарихыңды өз санаңда өзіңше түйсіне отырып жаңғырту маған да мақсат болды. Қазақ тарихын жазуға әркім өз тәсілімен кіріскен, бүгінде әр рудың шежіресі түзіліп, өз тауарихы жаңғыртылған. Солардың бәрінің басын қосып қорытар болса, бәлкім, халқымыздың нағыз тарихын жасауға болар-ау, бірақ бұл – қолыңды құшақ жетпеске жайғанға парапар тірлік. Мен Жалқыдан Жалпыға барғанды қош көрдім. Жекелеген тайпа шежіресін қарастыру жолымен жалпықазақ шежіресіне көз салмақ болдым. Халқымызды құрайтын рулық-тайпалық бірлестіктер ішінде тәуелсіздік туа ерекше аталып жүрген бір рудың өткені арқылы баршаға ортақ тарихқа жол салмаққа ниеттендім...
Содан осы зерттеу дүниеге келді. Бұл жұмыс бар болғаны оқырманға халқымыздың, елдігіміздің шежіресінен сыр шертеді. Түп-тамырымыз жайында әңгіме айтады. Танымды тарихи баянхат ұсынады. Сол арқылы оқырманымыздың отаншылдық сезімін, мемлекетшілдік ұстанымын бекемдей түсуіне жәрдемдесуді мұрат етеді. Тарихтан шертілетін сырдың қай-қайсымызға да жақындығына мән беру үшін екі бөлімнен тұратын рисәләні «Тауарих Қазақ һәм Қазақ Мемлекеті» деген бөрік кигізіп, оқырман назарына толқи ұсынып отырмын. Толқуым мына себептен – рисәлә өзгенің елдігін мансұқтауға құмар, қазағымызға тән жер-су мен мемлекеттілік мәртебе «іс жүзінде орыс халқының сыйы» деген дарақы да жалған тұжырымды жалаулата беруден ұялмайтын суайт саясатшылардың өтірігін әшкерелеуге қызмет етеді деген ойды оқырман қалай қабылдар екен деп қобалжудан туып тұр.
Алғашқы бөлімдегі «Біз – қазақ ежелден...» атты деректі хикаятта қазіргі таңда көптеп жарық көріп жатқан ғылыми зерттеулер мен қилы шежіре, естеліктер, сондай-ақ астыртын мифжасаушылықты шындыққа балап, жеке-дара тым әсірелете түзілген «мұра» ішінен халқымыздың шыққан тегін табуға қызмет ететін тұстар қорытып қарастырылған. Мұны оқыған әркім іштей ой жарыстырып, өзінше ізденістер жасауға ұмтылуы әбден ықтимал. Өйткені бұл кітап өзгенің елдігін мансұқтауға құмар, қазағымызға тән жер-су, мемлекеттілік «іс жүзінде орыс халқының сыйы» деген дарақы да жалған тұжырымды жалаулата беруден ұялмайтын суайт саясатшылардың өтірігін әшкерелейді. Әркімнің сана-сезімінде, бойында өз рухани тұғырын соғып алуына, қилы көне үстемдік дертімен ауыратындарға қарсы тұра алатын күш-қуатын арттыра түсуіне септеседі. Үлкен көршіміздің өзінің жақын туысы саналатын елге қарсы басқыншылық соғыс ашуы, қазіргі заманда елдердің келісе алмаған мәселелерін ақыл-парасатқа жүгіну арқылы емес, қару күшімен шешуге тырысуы әлемді тіксінтті, соның ішінде бізді, барша жұртты бұл жәйт айрықша қобалжытып тұр. Басқыншылық соғыстың авторы таққан айыптар қатарында туысының елдігіне және ұлттық тілін мемлекеттік дәрежеде қолдануына күмән келтіру, наразылық таныту мәселелері де жатыр. Мұндай кінәні астамшылық дертімен ауырған саясатшылар әрәдік біздің мемлекетімізге де қатыстырып айтып жүргендіктен, көңіл күпті. Келесі бөлімдегі «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» этюдімен қосыла келе (ал бұл, Алла қош көрсе, «Советия & Қазақияның» келесі томында жариялануы тиіс), «Тауарих Қазақ һәм Қазақ Мемлекеті» баянхаты заманауи дамуымызға жауап бере алатын Жаңа һәм Әділетті Қазақстан құрылысшыларының шын отаншылдық, мемлекетшілдік қасиеттерін ұштай түсуіне көмектесуі тиіс деген зор үмітіміз бар.
Abai.kz