Сәрсенбі, 30 Қыркүйек 2026
Билік 123 0 пікір 30 Қыркүйек, 2026 сағат 19:12

Депутат: Қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруы тиіс!

Сурет: Құрылтайдың баспасөз қызметінен алынды.

Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке арналған «Әділет» партиясы Фракциясының сауалын жолдады.

Депутат сауалы әскери және азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар бойынша оқу-жаттығулар кезінде бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізу туралы болды.

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Олжас Абайұлы!

26 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған сарбаздардың туған-туысына көңіл айтып, жаназа рәсіміне қатысу үшін әріптес депутаттармен бірге Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облысына арнайы бардық. Құрылтай депутаттарының атынан көңіл айтып, қайғыға ортақтастық.

Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға берді. Президенттің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру жөніндегі комиссия құрылды.

Сонымен қатар қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза болған сарбаздардың отбасысына көмек көрсету мақсатында Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Оған қорғаныс саласында жүйелі өзгерістер жүргізіп, әскери реформаның жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Біз бұл шешімдерді қолдаймыз. Сонымен бірге әскери реформаның маңызды бағытының бірі қауіпсіздік талаптарын күшейту керек деп санаймыз.

Әсіресе әскери, арнайы және авариялық-құтқару
оқу-жаттығуы кезінде қауіпсіздік талабы қатаң сақталуы қажет. Өйткені мұндай жаттығулардың өзінде тәуекел жоғары.

Осыған байланысты Үкіметтен:

1. Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет. Әр қатысушыда жеке электронды белгі болғаны жөн. Бұл оның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді.

2. Қатысушының геолокациясын көрсететін арнайы құрылғы берілуі тиіс. Құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс.

3. Адамның физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғы енгізу қажет. Олар жүрек соғысы сияқты негізгі көрсеткішті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы керек. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігі дереу тоқтатылуы тиіс.

4. Әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспорты әзірленуі маңызды. Онда қатысушылардың медициналық тексеруден өткені, қауіп-қатер картасы, эвакуация бағыты, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуі тиіс. Оқу-жаттығу өтетін аумақ та алдын ала мұқият тексерілуі керек.

Үкіметтен осы бағытта барлық мемлекеттік органдардың жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талабының орындалуын тексеруді сұраймыз. Үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, оны алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізген жөн. Нәтижесі оң болған жағдайда стандартты барлық өңірге енгізу қажет.

Бұл жерде ең басты мәселе – адам өмірі және қауіпсіздігі.

Әскери қызметші де, құтқарушы да оқу-жаттығу кезінде
өз қауіпсіздігіне сенімді болуы керек. Қандай жағдай болмасын, төтенше жағдайға алғашқы минуттарда әрекет етуге мүмкіндік беретін жүйе жұмыс істеуі тиіс.

Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек.

Оның басты мақсаты – төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету.

Сондықтан қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруы тиіс.

Қазақстан Республикасы Құрылтайындағы «Әділет» партиясы Фракциясының депутаттары.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1606
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3221
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1209
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1119