Сейсенбі, 3 Қараша 2026
Тарих 285 0 пікір 3 Қараша, 2026 сағат 14:15

Ежелгі Үйсін архитектурасы

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Ұлтымыз тегі тереңнен бастау алатын, әлемдегі байырғы ұлттардың бірі. Қатал тарихтың сүзгісінен тайсалмай өткен, өз ата дәстүрі мен қасиетін қаз-қалпында сақтап, бүгінгіге жеткізген қазақ халқының даналығына мойынсал болмай тұра алмайсың. Кісіні мойынсал ететін сол сипаттарының бірі — оның өзіндік қала мәдениеті.

Халқымыздың көшпенді дала мәдениетінің негізгі мұрагері екенін дүниежүзі әлдеқашан таныған. Сондай-ақ оның қала мәдениетін қалыптастырғанын да әртеден білген. Өзіндік дала мәдениеті де, қала мәдениеті де бар халық ешқашан тозған емес. Халқымыз — әне сондай озған халықтардың бірі. Біз өзіміздің «Қазақ даласындағы байырғы қалалар мен ұй құрлыстары» атты кітабымызда сол қазақ даласындағы көне қалаларды бір қатар жинақтап өтіп едік. Әрине, қаласы болған ұлттың да өзіндік архитектурасы болады.

Қазақ архитектурасы қазақ халқы сияқты тарихтың терең қатпарынан бастау алады. Айтар болсақ, қазақ жерін адам баласы осыдан 300 мың жыл бұрын (палеолит дәуірінен бастап) мекендегені археологиялық қазбалармен дәлелденіп отыр. Бұған мысалға Қаратау өңірлері мен Балқаштың солтүстік жағалауынан табылған жай өңделген тас құралдары бар төменгі палеолит дәуіріне тән тұрақтарды атауға болады. Демек, қазақ архитектурасы да дәл содан тартып қазірге дейін алуан түрлі өзгерістерді бастан кешіп, бүгінгіге жетті. Ол да ұшан-теңіз дүние. Менің бұл мақаламда сол теңіздің бір тамшысы ғана сөз болады. Яғни, қазақ архитектурасының бір тамыры болған үйсіндердің архитектурасы туралы тоқталмақпын. Сөзді бастаудан бұрын Үйсін ұлысы туралы азғана сөз қозғай кетейік.

Әжелгі үйсіндердің қазіргі қазақтардың ата-бабаларының бірі екенін тарих дәлелдеп отыр. Қытайдің тарихи деректерінде үйсіндер ежелден Хыши каридорының батысын мекендеп, кейін хан патшалығының алғашқы мезгілінде (жаңа эрадан бұрынғы 161-жылы) батысқа Іле өзені аңғарына қоныс аударып, Балқаш көлінің оңтүстігі мен шығысындағы кең байтақ районды мекендеген, сөйтіп олар батыс өңірдегі өрісі кең, жан саны көп, ең ірі елге айналды деп жазады. Олар бір жағы көшпенді болса, тағы бір жағынан отырықшы да болған. Жер жыртып, егін еккені археологиялық қазбалардан дәлелденіп жатыр. Мысалға, Мұңғұлкуре ауданындағы үйсін обаларының бірінен табылған үш килограмм келетін тіл тәріздес темір соқаны, Мұңғұлкуре ауданындағы Сарықобы обасынан табылған тас дирменді, сондай-ақ Шапшал ауданы Сүттібұлақ байырғы қабірінен шыққан тастан жасалған қол диірменді атауға болады. Бұндағы екі тастың бірінің диаметрі 34 сантиметр, қалыңдығы 9 сантиметр, ортасындағы тесіктің диаметрі 7 сантиметр, ал тағы бір тастың диаметрі 35 сантиметр, қалыңдығы 7 сантиметр, тесіктің диаметрі 6 сантиметр келеді. Бұл екі тасты біріктіріп, ортасындағы тесіктерінен ағаш білік өткізіп жасалған қол диірмен екенін білуге болады. Үстіндегі тесіктен түсірілген дән жаншылып ұн болып шығады. (Шинжияң мәдениет жәдігерлігі — археология зерттеу орны: «Шапшалдағы Сүттібұлақ байырғы қабірі», «Шинжияңның мәдениет — археология қызметіндегі жаңа табыстар», Шинжияң әсемөнер — фото баспасы, 1997-жыл).

Бұрынғы кеңес одағының үйсін ұлысы районындағы археологиялық тексерулері үйсін ұлысының ауылшаруашылығы өңірі негізінен өзен-көл жағаларында екенін дәлелдеді. Ақтасты қыстауындағы археологиялық тексеру арық-тоғандарының орны мен көлемі 36 шаршы метрден 150 шаршы метрге жететін ертедегі үйсін ұлысының жеміс бағының жұртын тауып, сол кезде-ақ оларда сұармалы ауылшаруашылығының болғанын анықтады. Зерттеушілер ол арадан бидай, қонақ, тары сиқылды егіс дақылдарын, ол егіс дақылдарын үйсіндердің тастан жасалған дөңгелек диірменмен жармалап істеткенін байқады. Пайдаланушылар қол диірменнің үстіңгі тасын тесіп, оған астық жармалағанда ұстайтын қол тұтқа орнатқан. Осы орыннан мұнан басқа қола орақ, диірмен тасы сиқылдыларда шықты («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 219-бет).

Тегінде үйсін ұлысында қала да болған. Тарихи жазбаларда үйсіндердің «Чигү» деген қаласы болғандығы сөз болады. Шоқан Уәлиханов: «Ыстықкөлдің шығыс оңтүстігінен ежелгі қала жұрты, жұрттан хан патшалығы құрлыстары, хан патшалығы дәуіріндегі заттар, ойып жазған қытайша жазбалар, қала жұрты маңынан ерте замандағы арық-тоған орындары кезікті» деп мәлімет береді. («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 256-бет). Демек, міне бұлардан үйсіндердің отырақтасып егін шаруашылығымен шұғылданғанын айқын көрге болады. Әрине, отырақтасқан жерде құрлыс болатыны табиғи. Ендеше, олардың архитектурасы қандай?!

Тарихи жазбаларда «Үйсін-Дад-Уанның шығыс солтүстігінде, қашықтығы онан шамамен екі мың ли жердегі көшпенді ел» делінген. («Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» 1-кітап, 188-бет. Ұлттар баспасы). Ал олардың егіншілікпен айналысқанын жоғарыда айтып өттік. Демек, үйсін ұлысын көшпенді, жартылай көшпенді жартылай отырықшы, отырықшы деп үш түрге жіктеуге болады.

Көшпенді тұрмыстың баспана жағдайы

Елжәу биге ұзатылған хан патшалығының ханышасы Шижүн ханышаның жазған мына бір өлең жолдарына көз салайық:

«Мені ұзатты әлемнің бір жағына,
Алыстағы жат елге — үйсын ханына.
Дөңгелек үй, туырлык там орнына,
ет жеп, айран ішеді ас-суына». («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 254-бет).

Өлеңнің «Дөңгелек үй, туырлық там орнына» деген тармағынан үйсіндердің баспанасы киіз үй екені анық боп тұр. Ол жығып, қайта құрастыруға, алып жүруге ебдейлі. Көшпелі тұрмыстың қажетін қанағаттандыра алатын негізгі баспана түрі. Қазақ жерінде «киіз ұй жасаудың принсипі жаңа эрадан бұрын 1-мыңжылдықтың өзінде-ақ белгілі болған» («Қазақстан тарихы», «Ата мұра» баспасы, 1996-жыл, Алматы, 230-бет).

Киіз ұйдің құрлымы онша күрделі болмағанымен, бірақ, оны жасау едәуір жоғары деңгейдегі қолөнерлік шеберлікті қажет етеді. Оны боран жыға алмайтын, су өтпейтін, ағашын берік, киізін шымыр етіп жасау керек. Үйсіндер бұл шарттарды түгел орындап, киіз үйдің тұлғасын әлде қашан барлыққа келтірген. Әуелі үйсіндердің алдында тарих саханасына шыққан сақтар да киіз ұй пайдалануды әбден игерген болатын. Іледегі Нылқы ауданының Абыралы тауындағы жартас суреті мұның айқын дәлелі.

Бұл жартас суреті жөнінде «Шинжияң археологиясы» журналы 1990-жылғы 2-санында былай деп жазады: «Бұл ұй тақырыбындағы жартас суреті, суреттің беті оңтүстікке қараған. Астыңғы оң қол жағындағысы дөңгелек киіз ұй, төбесіндегі мұржадан шыққан түтін құдды қауашағынан шыққан гүл сияқты сыртқа шұбатылып шығып жатыр, киіз үйдегі ою-өрнектер төр жақты толтырып тұр. Үйдің теріскей жағында бірнеше ешкі жайылып жүр, жақынырақтағы ит сергектікпен күзетуде. Жалпы сурет қою сахаралық түс алып, малшы өмірін бейнелеген».

Сол ата-бабалардан мұра болып жалғасқан киіз ұй талай ғасырды бастан кешіп бүгінгіге жетіп отыр. Қазақ халқы бұл мұрадан бір елі айырылған жоқ. Сондықтан да болар киіз үйді кейде «қазақ үй» деп атайтыны. Үйсіндер үйді көркемдеу, әшекейлеу жағында бар өнерін салған. Дамыған қолөнері оған мүмкіндік жаратқан. Кезінде үйсіндерде едәуір деңгейде дамыған метал қорыту, тоқымашылық, құм-балшық ыдыстар жасау, сүйек-мүйіз мәнерлеу, ағашшылық, зергерлік, теміршілік, тері илеу сияқты т.б. қолөнеркәсіп бар еді. Ал ою-өрнек жағы да өзіндік мәреде түрлі дамуларға қол жеткізген. «Қазақтың алғашқы ою-өрнек үлгілері андронов мәдениеті мен байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері мұраларынан геометриялық, зооморфтық (жан-жануарлардың табиғи және фантастикалық бейнелері), көгеріс өрнек пен қиял-ғажайып ойю-өрнектер (аспанның, жердің символы) ретінде кезігеді. Олар негізінен малшылық, саятшылық, әдет-ғұрып, үй іші жабдықтары мен сән-салтанат бұйымдарын, батырлық қару-құралдарын әсемдеуге қолданылған. Тартымды жасалып, биязы көркемделген өнердің көне мұралары (алтын татылар, ағаштан, қыштан өңделген, теріден жасалған ыдыстар, түкті гілемдер мен кестелі заттар т.б.) біздің заманымыздан бұрынғы 8-1-ғасырларында ою-өрнек өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын көрсетеді» («Қазақ совет энциклопедиясы» 6-том, Ұлттар баспасы, 415-бет).

«Тарихи деректердің дәйектеріне негізделгенде, қазақтардың ойю-өрнек тарихы өте ұзақ, ол ерте замандағы сақтардың, үйсіндердің мәдениетімен тығыз қабысып жатыр. Олар сақтардың, үйсіндердің зираттарынан таяу заманда қазып алынған ою-өрнектеріне тым ұқсап кетеді. Міне бұлар қазақ хандығы кезіндегі ою-өрнек өнерлерінің ерте замандағы сақтардың, үйсіндердің мәдениетінің жалғасы және дамуы екендігін айғақтайды» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 554-бет).

Шатыдан табылған ұлкен қабірдегі сүйек салынған табыттың төрт жағына атамзаманғы оюлы сырмақ шегеленгенін еске алсақ ежелгі үйсіндердің ойю-өрнегінің бүгінгі қазақтардың ойю-өрнегіне ұқсап кететініне таңданбасақ та болатын тәрізді. «Алты қанат ақорда» деп аталатын байлардың үйін алайық. Іші-сыртының безендірілуі, әшекейі, ойю-өрнектері, үй жабдықтарының орналасуы мен жасалу көркемдігі көз жауын алады. Бұлар мұндай болғанда үйсін хандары мен билерінің жаз жайлауда тігілген ордаларының сән мен салтанатын айтып жеткізу тіпті де қиынға соғар. Киіз үйдің жасалуы, геометриялық тұлғасы, бау-шулары, кереге-уықтары, киіз үйдің қос, итарқа, күрке, абылайша сияқты өзге түрлері туралы талай еңбектер жарық көрген, сондықтан мен оларды қайталамадым.

Ал мына бір дерекке қарап көрелік: «Ханнама. Батыс өңір тарауы» мен «Тарихнама. Ферғана тарауындағы» деректерде, жаңа эрадан бұрынғы 3-1-ғасырларда, ғұндардың, үйсіндердің де киіз ұйде отырғандығы жазылған. Әсіресе, үйсін ұлысының хан ордасының жаз кезінде көп дөңгелекті арбалар үстіне тігілгендігі жазылған («Қазақ мәдениетінің айдыны», Шинжияң жастар-өрендер баспасы, 2006-жыл, 103-бет). Енді Баркөл тауларынан табылған мына бір жартас сүреттеріне қаралық:

Бұл сүретті бір көрген адамға арба екені бесенесінен белгілі болып тұр. Ежелгі тайпалардың жеңіл арбаларды соғыс кезінде пайдаланғаны тарихтан жақсы мәлім. Менше мұны екі түрлі мәнге жинақтауға болады. Бірі — шайқастарда істетілген соғыс арбасы, ал енді бірі — әлгіндегі жазба деректегі арбалы үй.

Киіз үйді арба үстіне орнатқаны болмаса, бұл киіз үйдің біз жоғарыда айтып өткен киіз үйден ешқандай айырмашылығы жоқ. Бұл арбалы үй арнайы ат немесе өгіз күшімен (бір талай көлік күші кетеді) қозғалысқа келтіріліп отырған. Арбалы үй хан мен бидің, байлар мен бектердің атақ-даңқын, байлығын айғақтайды. Көз жауын алатын алуан жиһазға толған үй іші, атағы жер жарған шеберлердің қолынан шыққан әшекейлі бау-шулары, ойю-өрнекті ақ шаңқан киіздері, сәніне таңдай қағып тамсанып, салтанаты алты қырдың астынан естілетін бұндай даңсалы арбалы үйлерге қатардағы қарапайым халықтың қолдары жете бермейтіні шындық.

Ежелгі үйсіндер табиғатқа, күнге табынғаны тарихи деректерден белгілі. «Іледегі үйсін қабірінен ертедегі үйсіндердің өлген адамның басын күн шығысқа қаратып жерлегенін, қабірдің сыртқы көрнісін күн формасында күмбездеп жасағанын, күмбез сыртынан тағы бір қабат шеңбер формасында тас жинағанын, сонымен бірге қабір төбесіне үйілген тасты да дөңгелектеп қойғанын көрүге болады. Ол кезде үйсіндер, қаңлылар күн құдайы бір садақкер адам, ал найзағай оның атқан жебесі деп есептеді. Күн формасы үйсін, қаңлы тайпаларының күнделікті тұрмысына аса зор ықпал жасады. Мәселен, үйсіндер, қаңлылар киіз үйді дөңгелек етіп көтерді, жайлауда ауылдарын дөңгелек формасында қондырды» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 227-бет).

Жайлауларда ауылды дөңгелек етіп қондыру күні бүгінге дейін сақталған. Қазақтар оны «алқа-қотан» деп атайды. «Киіз үйлерді алқа-қотан етіп, айналдыра тіккен. Қазақтар оны "қотан" десе, моңғұлдар "күрән" дейді. Екеуі де қорадағы малды қорғау, бекініс, қоршау дегенге саяды. Киіз үйлердің араларына қатарлап арба қойып (мұны көбіміз біле бермейміз), не арқан керіп қояды. Үйлерді бұлай орналастыру қорадағы малды тек қасқырдан емес, әрі жаудан сақтау үшін де қажет болса керек» («Парасат» журналы, 2005-жыл, 5-сан, 29-бет). Алқа қотанның орналасу формасы жоғарыдағы Сүбіхай мырзаның айтқанына сайма-сай келіп отыр. Алқа-қотанның мына орналасу формасына көз салып көрелік:

Сүреттегі алқа-қотанның орналасу формасынан бір бекіністің, болмас бір қамал қорғанның нобайы шығып тұрған жоқ па?! Әрине, бұны көшпелі үйсіндердің жайлаудағы бекінісі деуімізге әбден болады. Бәлкім, отырықты елдің негізгі қоныстары да осы негізде дамыған болуы мүмкін. Бұны алда айта жатармыз.

Жалпы алғанда, қазіргі қазақтардың киіз үй мәдениеті ежелгі үйсіндердің киіз ұй мәдениетінің жалғасы. Киіз үй туралы көптеген мақалалар мен кітаптар жарияланды. Әрі қазақ халқына да әбден таныс. Сондықтан мен бұл мақаламда киіз ұй туралы бұдан артық көп тоқталмаймын.

Жартылай көшпенді, жартылай отырықшы тұрмыстың баспана жағдайы

Бұл қауым көбінесе «қыс қыстауда, жаз жайлауда» дегендей, бір жағынан киіз үйлермен көшіп жайлауға кететін, ал тағы бір жағынан қыста там үйлер мен ағаш үйлерде отырған. «Жаңа эрадан бұрынғы 2-1-ғасырларда үйсіндер. қыс түсіп, қыстауға барғанда, киіз үйде емес, ағаш үйлерде отырған. Іле өзені алқабында ағаш көп болғандықтан, қыстаудағы үйлерді ағаштан, яғни үйдің қабырғасын, төбесін дөңбектен жасады. үйдің төбесі шатырша формасында, көлбеу төбелі және жартылай төбелі (жарымы бітеу, жарымы ашық) болды. Төбесіндегі, қабырғасындағы ағаштар бір-біріне қиыстырыла, тістестіле қабысты, құрлымы берік, сырты балшықпен сыланды. Ағаш үйге бірде бір шеге істетпейді» («Қазақ мәдениетінің айдыны», Шинжияң жастар-өрендер баспасы, 2006-жыл, 325-бет).

«Сыртын лаймен сылап, еденіне ағаш төседі. Оны да бір-бірімен тістестіріп істеді, осының бәріне бір тал шеге істетпейді. Қабырғаға кілем-кілше ұстап үйді өте жылылап ұстады. Қазірдің өзінде де Іленің таулы өңіріндегі аудандардағы қазақтардың қыстауларынан осындай ағаш үйлер көптеп ұшырайды. Бұл үйлер өз орнындағы мол ағаш материялынан пайдаланып, сол араның жағдайына қарай жасаған бір түрлі құрлыс формасы есептелінеді. Ал ертедегі үйсіндердің қыстаудағы үйлерінің қандай екені беймәлім болғанымен, бірақ, үйсін қабірлерінің ағаштан жасалған жаңақымдары қазақтардың қыстаудағы ағаш үйлеріне ұқсайды. Үйсіндердің ағаштан жасалған жаңақымдарының төрт қабырғасын бітеу ағаштан қиыстырып, тістестіріп жасап, төбесін екі, үш қабат қарағаймен жапты, оның қабырғаларынан киіз қалдықтары, киіз сыртынан "米" формасында шегеленген жіңішке тақтайшалар кезікті. Ол жаңақым формасында жасалғанымен, іс жүзінде, тірілердің өлгендерге орналастырған жер асты үйі есепті. Сондай-ақ ол қазіргі адамдардың қыстау үйінің формасына ұқсайды» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 255-бет).

«Қабір тірінің өліге салған жер асты жатын бөлмесі, ол сол кездегі үй-жай тұрмысын барынша анық аңыс етеді. Ал мұндай ақым пішіні қазіргі кішкене ағаш үйлердің кейпінен аумайды. Оларды ежелгі үйсіндердің киіз үйден басқа тағы бір тұрғын үйлерінің нұсқасы деуге біздің фактілеріміз толық». («Үйсін туралы зерттеу», Уаң Минжи, Уаң Бинхуа, Шинжияң халық баспасы, 1989-жыл, 33-бет).

Ежелгі үйсіндер шаман дініне сеніп, ата-баба аруағына табынған еді. Олар «рух мәңгі өлмейді, адамдар бақи дүниеде пәни дүниедегі сияқты өмір өткізеді» деп ойлаған. Сондықтан қабір құрлысын ерекше шеберлікпен, жіңішкелікпен жасап, қабірге адаммен қоса бұйымдарын, айталық қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ер-тұрман, тіршілігінде ер қанаты болған атын т.б. нәрселерін көмген. Үйсін қабірлерінің көп сандысы ағаш құрылымды қабірлер. Жоғарғы сүреттен қабірдегі ағаштардың өзара жымдасуы мен қабірге бұрыштардың қиыстырылуы аса шеберлікпен жасалғанын байқауға болады. Осындай қабірді жасай білген адам жер бетінде, өзі пәни дүниеде тұратын баспана үйін жасай алмайды дегенге кім сенеді. Оның үстіне үйсіндер метал құралдарын да істете білген тұрса. Пышақ, балта, кетпен, орақ т.б. өндірістік құралдарға үйсіндер сол заманның өзінде-ақ ие болған. Шатыдағы ұлкен қабірден табылған темір пышақ, темір кездік, сүргі, ара, бұрғы, төрт бұрышты күрек, шот, балта, орақ, қазан секілді заттар бұның айқын дәлелі.

Нылқы ауданының түстігіндегі Нұралысайдан табылған мыс кені

Кезіндегі сақтар мен үйсіндерде мыс қорыту техникасының болғандығын дәлелдеді. Археологтар бұл мыс кенінің бұдан 2500 жыл бұрын пайдаланылғанын нақтылады. Демек, үйсіндер осы құралдардың арқасында ағаш үйді тұрғызған. Ағаш материялының қысымға, июге шыдамдылығы жақсы. Әрі кепкен ағаштың шіруге қарсылық қуаты өте жоғары болады. Сондықтан да болар ежелгі қабірлердегі ағаштардың күні бүгінгіге дейін жетіп отырғаны. Іле аңғары негізінен орманды келеді де, ағаштар көп өседі. Мұның өзі үйсіндерді мол құрлыс материялдарымен (ағаш материялдары) қамдады. Мысалға, «60-жылдардағы Мұзарт тауы аузындағы (Шатыдағы) үлкен қабірдің ақымы төртбұрыш формалы болып, ұзындығы 6 метр, ені 4 метр, тереңдігі 4 метр, көлемі 100 текше метрге жуық, долбарлап көргенде оған 50 текше метр ағаш істетілген. Ақымнің төрт қабырғасы диаметрі 20-30 сантиметр келетін қарағайлардан қиюластырып қаланған. Төбесі 3-4 қабат ағашпен жабылған» («Үйсін туралы зерттеу», Уаң Минжи, Уаң Бинхуа, Шинжияң халық баспасы, 1989-жыл, 57-бет).

Біз бұдан ауданы 20 неше квадрат метрлік ағаш үйді көз алдымызға елестетуімізге әбден болады. Ол ағаш үйдің қабырғаларының қалай жымдасқаны жоғарғы сүреттен айқын көріп тұр. Археологиялық қазбалар барысында табылған көптеген мұраларда, қазіргі қазақ халқы қоныстанып отырған кең-байтақ далада, ерте заманда қоныстанған тайпалар мен ұлыстардың (көшпенділер және жартылай көшпенділердің) күмбез тәріздес (қазіргі қазақ үйі тәрізді) төбесі ағашпен дөңгеленте жабылған үйлерде отырғанын дәлелдеді. Үйсіндерде бұдан қағыс қалған жоқ. Демек, біз үйсіндердің қабір құрлысынан әрі жоғарыда баяндалған жазба материялдарға негізделіп үйсіндердің ағаш үйлері негізінен мынандай болуы мүмкін деген жорамалды тұжырымдар жасауымызға болады.

Мына оң жақтағы ағаш үйдің ішкі көрінісіндегі қабырғаның жымдасуы Шатыдағы қабір қабырғасымен бірдей екені білініп тұр. Ал ағаш үйлердің төбесі кейде шатырша, кейде күмбездеп жабылады. Оның төбесіне алдымен ағаш, одан соң бойра (ши немесе жиі салынған ағаш бұтақтарымен) жауып оның үстінен топырақ, лай салып жасайды. Бойра демекшы Сүбіхай мырза: «Үйсын қабірінен қазып алынған үш қырлі жебе ұшы, бойра сықылды материялдар сол кезде сүйек жабдықтар жасау, қамыс тоқу өнерінің өркендегенін түсіндіреді» дейді («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 224-бет).

Менше ол ши болуы мүмкін, өйткені ши тоқу өнері қазақ арасында атам заманнан бері жалғасып келеді. Бір кездері Іле районындағы үйсін қабірлерінен өрнектеліп тоқылған ши табылған болатын.

Қазір қазақ даласынан ағаш үйлердің алуан түрлі формасын кездестіреміз. Мына бір түрлері де сол заманда жарыққа шығып, бүгінге жеткен болуы мүмкін.

Үйсін қыстауларындағы баспананың тағы бір түрлері — тас үй, жер төле сияқтылар. Тастан жасалған үйлердің қабырғалары тастан қаланып, төбесі ұсақ ағаштармен жабылған. Кезінде Баркөлден ұзындығы 30 метр, ені 20 метр келетін тас ұйіндісі табылып, оны қазып тексергенде тастан жасалған үй екені анықталған. Әрі бұл жердегі үйлердің есіктерінің көпшілігі шығысқа қараған. Бұндай үйлер Мұңғұлкуре таулы районынан да көптеп кездеседі. Бұл үйлердің есіктерінің күншығысқа қарауы кезіндегі үйсіндердің күнге табынғандығының белгісі.

Тас үйлердің жер төлеге ұқсап кететін тағы бір түрі бар. Бұны Іле районындағы қазақтар күні бүгінге дейін істетіп келеді. Көбінесе қыстаулықтарда пайдаланады. Мысалға, Сайрамның Сантай деген жерінен бұндай ұйлерді өз көзіммен көрген болатынмын. Оны жергілікті қазақтар «тошала» деп атайды екен. Олардың жазықтық қимасы көбінесе дөңгелек немесе төртбұрыш формасында болып келеді. Жергілікті тас қалаудың шебері Нұрқамал деген жігіттің айтуынша: жерді қазып үйдің орнын дайарлағаннан кейін, қабырғаларын тағаннан тартып төбесіне дейін таспен қалап шығарады екен де, төбесін ағаш бұтақтарымен жауып лаймен сылап тастайды екен. Бұрын үйдің іші сол таспен қалаған қалпынша қалатын тәрізді, ал қазір тастың бетін лаймен әдемілеп сылап тастайтын болған. Нұркамал тошала салумен қатар ағаш үйді де салатын көрінеді. Сонау тау баурайында салынған ағаш ұйлерді де барып көрдім, формасы мен жасалу техникасы біз жоғарыда айтып өткен ағаш үйлермен ұқсас. Менше бұл «тошалалар» байырғы үйсін заманынан қалған жер төлелердің сарқыншағы болмақ.

Енді жер төлелерге келсек, алдымен мына бір археологиялық мәліметке қарап көрелік, Қытай ғылым академиясы Шинжияң филиалы этнология институтының археология экспедициясы Күнес ауданы Телқара («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналының 1995-жылғы 1-санындағы Сағынтай Сұңғатайұлының мақаласында бұл араны «Өндіріс құрлыс биңтуаны 71-полк балықшылық алаңы» деп атаса, ал белгілі тарихшы, ғалым ағамыз Жақып Жүнісұлы бұл жердің бұрынғы атауы бойынша «Телқара» деп алған. Менде сол бойынша алдым.) Іле аймағының Күнес ауданындағы Күнес өзенінің жағасына орналасқан ежелгі қыстау-қоныс жұртын қазып тексерген кезде жұрттан 25 күлдіктің орны, 13 ауыз тұрғын үйдің және бір дауал тамның ізі, 6 оба, сондай-ақ бір сыпыра заттар табылған. Бұл жұрттың бір жағын Күнес өзенінің суы шайып кетіпті.

«Біз төменде ізі біршама толық сақталған қоныс жұрттың 3-4-бөлігімен таныстырамыз. Жұрттың 3-бөлігі батыс жаққа орналасқан, онда әрбірінің аумағы 5×5 метр келетін жеті шұрф тартылып, қазба жұмысы жүргізілген. Жұрттың от шөп өскен шымды қабатын аршыған соң, жалаң мәдени қабат байқалған. Жұрттан жиыны 14 күлдіктің орны, 8 тұрғын үйдің ізі, 3 ошақтың орны, бір дауал тамның ізі, 2 оба және бір тындырынді шұңқыр табылған, жұрттың 4-бөлігі шығыс жаққа орналасқан, онда екі шұрф тартылып қазылған, аумағы 120 шаршы метр, ескерткіштер құрлыс жүрген кезде бұзылған, жұрттан 12 күлдіктің орны, 3 ошақтың орны, 4 тұрғын үйдің жұрты және 2 оба табылған. Күлдіктердің формасы әр алуан: дөңгелек, ұзыншақ немесе трапетсия формалы, ал тұрғын үйлердің дені жартылай жер төле секілді үйлер. Формасы жағынан кейбіреулері ұзыншақ. Мысалы, F8 үйі, ұзындығы 3.92 метр, кеңдігі 1.8-2.5 метр, жерден қазылған бөлігінің тереңдігі 0.56 метр, үй іргесінде жеті жерде тіреудің ізі бар, кейбіреуі дөңгелек формалы, мысалы F4 үйі, диаметрі 2.84 метр, ортасында тіреудің ізі бар.

Жұрттың 3-бөлігіндегі дауал тамның ізінің ұзындығы 23.84 метр, топырақтан соғылған. Жұрттан табылған қыш бұйымдардан қыш ұршықтан өзгесі түгел дерлік ыдыстардың сынық бөлшектері, көпшілігінің ою-өрнегі жоқ, ал бірен саран бояулы өрнегі бар қыш ыдыстың сынықтары бар болғанымен, өрнектері танылмайды. Бұлардан тыс жұрттан 13 дән үккіш тас, 12 тас тоқпақ, тас шар, сүйектен жасалған жебенің масағы, қола түйреуіш, темір бұйымның шірігі т.б. бар» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналының 1995-жылғы 1-сан, 54-бет).

Археологтар аталған бұл қыстау-қоныстың жұрты Қазақстан территориясындағы Жетісудың Кеген өзені аңғарынан (Іленің орта аңғарына жатады) табылған үйсіндердің Ақтас II қыстау, тұрар-жай жұртымен архитектуралық құрылыс ерекшелігі, табылған заттардың сипаты, мәдениет жағынан өте жақын, ұқсас деп қарайды. Демек, бұл жұрт бір жағынан ежелгі үйсіндердің қыстаулығы болса, тағы бір жағынан үйсіндердің мәлім дәрежеде отырақтанғанын дәлелдейді. Әрі жұрттан дән үккіш тастың табылуы да олардың кезінде егіншілікпен айналысқанын бейнелейді. Бұл жердегі жартылай жертөленің жерден жарты метрден астам қазылып барып көтерілуі қазіргі Сайрам бойындағы қазақтардың «тошаласымен» үндесіп жатпай ма. Жалпы қазақ архитектурасы алғашқы үңгірлерден бастау алады. Үңгірден шығып, жерді қазып баспана салған. Ол бүтіндей жертөле есептеледі. Содан тартып, баспанасын (үйін) бірте-бірте жер бетіне көтеріп шығарған. Телқарадағы үйсіндердің жартылай жертөлелері соның дәлелі. Ол қазақ архитектурасының даму басқышын, яғни белгілі бір дәуірдегі деңгейін көрсетеді.

Үйсіндердің қыстаудағы жертөлелерінен басқа осы арада тағы бір құрлыс түрін айта кетейік, жоғарыда біз олар күмбез тәріздес (қазақ үй формалы) үйде отырады деп келіп күмбез тәрізді ағаш үйді айтып едік. Оның екі түрі бар, бірі — айтылып кеткен күмбез тәрізді ағаш ұй, енді бірі — күмбез тәрізді (нақ қазақ үй формасында) тастан немесе кесектен жасалған үй. Бұндай үйлер қазір Алтай районында көп қолданылады. Оны «тошала» деп атайды. Атап айтқанда, осы «тошала» мен біз айтып кеткен тас үй — көшпенді шаруашылықтардың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тұрақты үй формасы есептелінеді. Ол (тошала) қазақ халқының баяғыдан бері тұрмыс пен өндірісте пайдаланып келе жатқан баспанасы. «Бұл үй сыртқы формасы жағынан киіз үйге ұқсап қалғанымен негізгі қаңқасы екі бөліктен құралады. Астыңғы бөлігі (керегесі) бірдей ұзындықтағы ағаш (сырғауы) бірдей аралық қалдырылып жерге дөңгеленте шаншып орнатылады да, іші-сырты балшықпен сыланады. Кейбір тошалаларда ағаштың орнына тас пен кесек қолданылады. Ал үстіңгі бөлігі жаңағы ағаштың үстіне жалғастыра алты ағашты айқастыру арқылы (алты бұрыш форма) алты бұрыш жасалады. Сонан соң үстіне қарай әр екі ағаштың ортасын тұтастырып тағы да алты ағаш айқастырылады. Осылайша айқастыра отырып соңында киіз ұйдің шаңырағы сияқты саңлау қалдырылады. Содан кейін осы ағаштың сырты шимен жабылып, балшықпен сыланады» («Қазақ даласындағы байырғы қалалар мен ұй құрлыстары», Сержан халықұлы, Ермек Шаяхметұлы, Шинжияң халық баспасы, 2004-жыл, 171-бет). Бұл үй жазда салқын, қыста жылы болу ерекшелігіне ие.

Отырықшы (отырықтанған) тұрмыстың баспана жағдайы

Бұған Күнестегі Телқара қоныс-жұрты тивтік мысал бола алады. Бұндағы тұрғын үйлердің кейбірі тастан қаланған болса, кейбірі топырақтан соғылған. үйлер жер ошақтарымен жылытылып, жарықтандырылған, әрі онда тамақ та істелген. Біз оның жалпы жағдайын жоғарыда егжей-тегжейлі айтқандықтан қазір қайталап отырмадық.

Ал Қытай тарихнамаларында үйсіндердің «Чигү» деген қаласы болғандығы туралы көптеген деректер айтылған. Бұл жалпақ жұртқа жақсы мәлім болған дүние. Кезінде үйсін елінде 129 мың түтін, 630 мың адам, 188 мың 800 сайлауыт әскер болып, жан саны мен қосын қуаты жағынан сол заманда батыс өңірдегі 40 мемлекеттің жалпы қосындысынан әлде қайда артық болған. Тарихшылар: «Батыс өңірдегі мейлінше күшейген, құдіретті мемлекет» деп бекерге айтпаған. Жан саны жағынан осыншама дамыған құдіретті мемлекеттің қала кенттері болмауы мүмкін емес қой. «Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдық пен біздің заманымыздың 1-ғасырында қазақ даласын мекендеген байырғы сақ, ғұн, үйсін тайпаларының көшпелі жағдайға лайықталған киіз үйлерімен қатар балшықтан домбаздап немесе ірі мөлшердегі шикі кірпіштен қаланған тұрақты баспаналары (Шірік рабат, біздің заманымыздан бұрынғы 5-2-ғасыр, Бабіш мола, біздің заманымыздан бұрынғы 4-2-ғасыр) болды. Әдетте мұндай қоныстар ор немесе қама-қабырғалармен (қалыңдығы 5 метрге дейін) қоршалды. Сырдария және оған құятын өзендер бойындағы осы текті қоныстардың салыну жобасы көбінесе дөңгелек, сопақ немесе таға ұқсас имек болып келді. үйсін мен қаңлы тайпаларында тұрақты бекініс қоныстармен (Алтынасар) қатар орда-қалалар болғаны мәлім. Олар: Жетісудағы Шіғұшен, Сырдария бойындағы Битян қаласы» («Қазақ совет энциклопедиясы» 6-том, Ұлттар баспасы, 359-бет).

Осы Шіғұшен яғни Чигү қаласы сол кезде үйсіндердің елордасы саналған. Тұрақты қоныстардың дөңгелек немесе таға ұқсас имек болуы сол кездегі сақтар мен үйсіндердің табиғатқа (күн мен айға) табынғандығын бейнелейді. Олардың ауылдарын күн формасында дөңгелектеп (алқа-қотан) қондыратынын айтып өткенбіз. Сол алқа-қотанның жайғасымы бір бекіністің немесе қорғанның нобайын көз алдыға елестетеді. Бұндай бекіністер дөңгелек формалы да, төртбұрыш формалы да болып келеді. Оның ор немесе қалың қабырғалармен қоршалуы бекіністің қорғаныстық рөлін бейнелейді. Ол заман әрине білектің күші, ақ найзаның ұшында жауаптасатын заман. Сондықтан қорғана білуде маңызды.

Менше қазақ даласындағы көшпенділіктен отырықшылыққа ауысқан ең алғашқы байырғы қалалар осы негізде дамыған болуы мүмкін. Бұл тағы да ішкерілей зерттеуді қажет ететін тақырып. Ал тағы бір жағынан «ежелгі көшпелі тайпалардың өздері де бекініс, қамал, қорған салып өз территориясын қорғады» деген көзқарастарда айтылады. Мұңғұлкуреден табылған Құтығұр қорғаны да сол ежелгі сақ, үйсін тайпаларынан қалған бекініс орны болуы мүмкін. Өйткені археологтар бұл жерден егіншілікке қатысты дерек көзін таба алған жоқ. Егер ол қорған сақ, үйсін заманынан кейін салынған болса сөзсіз түрде егіншілікке қатысты заттық материялдар немесе белгілі дәрежедегі отырықтанған тұрмыстың қалдықтары табылар еді. Ал хан патшалығы сияқты патшалықтардың батыс өңірде салған әскери қамалы ма дейін десең, оларға қатысты ешқандай археологиялық қазбалар табылған жоқ. Тым болмаса хан әскерлерінің тұрағының жұрнағы немесе олар ішкі Қытайдан ала келген заттардың қалдығы табылуы керек еді. Өкінішке орай бұлай емес, сондықтан оны ежелгі сақ, үйсіндердің көшпелі тайпаларының өзін қорғау мақсатында жасаған бекініс орны болуы мүмкін деген пікір айтуымызға әбден болады. «Бұл қорған Мұңғұлкуренің батыс оңтүстігінде. Аудан қалашығынан 61 километр шалғай. Теңіз деңгейінен 1815 метр биік. Құтығұр қорғаны түстік және терістік болып, екі бөліктен құралған. Қорған әр 20 сантиметрді бір қабат етіп шыңдап, сары топырақтан соғылған. Терістік қорған: терістік қорғанның теріскей қабырғасының ұзындығы 52 метр, түстік қабырғасының ұзындығы 45 метр, шығыс қабырғасының ұзындығы 55 метр, батыс қабырғасының ұзындығы 52 метр. Қорған астыңғы кеңдігі төрт метр келеді. Қорғанның дәл ортасында диаметрі алты метр келетін дөңгелек бекіністің орны бар. Археологтар қорған ішінен керпіш сынықтарын байқаған. Түстік қорған: түстік қорғанның теріскей қабырғасының ұзындығы 52.2 метр, оңтүстік ұзындығы 54 метр, шығыс ұзындығы 49 метр, батыс ұзындығы 54.4 метр келеді. Қабырғасының астыңғы кеңдігі сегіз метр, қорған қақпасы шығыс жақтағы қабырғасының қақ ортасына орналасқан, қорған іші түгелімен тегістелген, басқаша құрлыс іздері байқалған жоқ. Бұл қорғанның көлемі шағын болғанымен тәңір тауына кірер шатқалдың аузына орналасқан, шатқалдан кіріп тау асса Ақсу аймағының бай ауданына баруға болады. Қорғанның шығысы мен батысы Ақсу өзені мен Шаты өзені аңғарларын тұтастырып жатады. Қорғанның жағырапиялық орнынан Құтығұр қорғаны кезінде аса маңызды әскери қамал болғанын аңғаруға болады» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2004-жыл, 4-сан, Болат Кәрібайұлының мақаласы, 53-бет). Іленің Тоғызтарау ауданынан табылған Ағарсын қорғаны да осыған ұқсап кетеді. Әуелі Ағарсын қорғанының түстігінде жүзден астам үйсін қабірлері бар. Одан басқа ежелгі үйсін мен қаңлы өңірлерінде 6-, 11-ғасырлар арасында біршама жоғары дәрежедегі қала мәдениеті болғанын растайтын археологиялық мәліметтер бар. Мысалға, Қазақстан жеріндегі археологиялық қазындылар бұрынғы үйсін, қаңлы өңірлерінен 6-, 11-ғасырлар тұсындағы «жүздеген ескі кенттер мен қалалардың орны табылғанын көрсетті» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 327-бет). Солардың бірі — Алтынасар. Ол кезіндегі үйсін мен қаңлы тайпаларының бекініс қоныстары болып, дами келе қалаға айналған. Оның орны «Қуан дарияның құрғаған ескі арнасының жағасында. Біздің заманымыздың 1-7-ғасырына тұра келеді. Қаланың жұртын 1946-жылы Хорезм архел экспедициясы зерттеген. 1948-1950-жылдарда қазба жұмысы жүргізілген. Қаланың көлемі 16 гектар. Тұрғын ұй құрлыстарының жұрнақтары сақталған. Оның негізгісі екеу. Біріншісі ұлкен үй, көлемі 150 × 150 метр, биіктігі 12-15 метр. Ал екіншісі кіші үй, ол өліктерді жерлеуге арналған. Одан басқа дөңгелек және тік бұрышты дауал қоршаулар бар. Олардың неге істетілгені белгісіз. Қазба жұмысы Алтынасардың 1-4-ғасырға жататын төменгі және 4-7-ғасырға жататын жоғарғы мәдени қабаттарға бөлінетінін дәлелдеді. Қала халқы мал шаруашылығымен де, егін шаруашылығымен де айналысқан. Тағы бұл қалада патрихалдық құл иеленушілік қатынас болған тәрізді» («Қазақ даласындағы байырғы қалалар мен ұй құрлыстары», Сержан халықұлы, Ермек Шаяхметұлы, Шинжияң халық баспасы, 2004-жыл, 21-бет). Айтпақшы, үйсін, қаңлы ұлылы екі хан патшалығы дәуірінде құлдық қоғамда болатын. Ал біздің заманымыздың 2-ғасырынан кейін феодалдық қоғамға өтті. үйсіндердің құлдық қоғамда болғандығының айқын дәлелі олардың төбе болып жатқан қабір құрлысынан айқын көрінеді. Мысалға, Шаты жайлауындағы қабірді алар болсақ, ондағы «үйілген топырақтың көлемі 10 мың текше метр келеді. Оның үстіне үйген топырақ тегінде шетінен шыңдалып түйүлген, осындай алып үйіндіні қазу, тасу, үю, бірте-бірте түйіп шығу секілді енбек барысына талдау жасағанда, оған 30 мың сағат шамасында жұмыс күні кетеді екен (топырақ қазудың біршама мешеу құралмен бір адам күніне бір текше метр топырақ қазады деп есептегенде тасуға, үюге, түюге жұмсалатын жұмыс күнінің шамасы одан екі әсе артып түседі). Бір көлемді қабір қазу үшін әдеттегі байлар осыншама көп адам күшін істете алмайды, мұндай көлемді қабірді өте көп құлдарды істету арқылы ғана бітіруге болады» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 252-бет).

Үйсіндердің Іле алқабында көптеген гүлденген қалалары болғаны анық. Оған жоғарыдағы «жүздеген ескі кенттер мен қалалардың орны табылғанын көрсетті» деген Қазақстан археология нәтижесі дәлел бола алады. Үйсіндердің Іле алабындағы қалаларының бірі ретінде Талғар қаласын да ауызға алуымызға болады. Өйткені қаладағы құрлыстардың құрылымы, жасалу техникасы, орналасу формасы бәрі де үйсіндердің басқа да тұрақ-қоныстарымен ұқсас болған, әуелі үйсіндер мекендеген Ақтөбе қаласымен де бірдей шыққан. Талғар қаласы кезінде үйсіндер мекені болып, артынан Іле өңірін жайлаған қарлұқ, тоқсы, жікіл сияқты түркі тайпаларының да ортақ мекені болғанын айта кеткен жөн. Кейін үйсіндер тарих саханасынан түскеннен кейін де осы өңірде басқа да түркі тайпаларымен бірге жасағаны тарихтан белгілі. Төменде біз Талғар қаласымен қысқаша танысып көрелік, «Талғар — Жетісудағы ежелгі қала, жазба деректерде 10-ғасырдан бастап Талғиза деген атпен белгілі. 13-ғасырдың орта шенінде Іле уәлаиатында болған шетел саяхатшыларының жазбаларында биік шыңды таудың етегіндегі сұлу қала «Шіжімұар» деп жазылады. У. Рүбрүктің «Шығыс елдеріне саяхат» деген кітабында да осылай жазылған. Қазіргі жұрты Алматының шығысында 25 километр жерде, Іле Алатауының бөктерінде, Талғар өзенінің оң жақ жағалауында. Қаланың орталық бөлігі — төңірегінен едәуір биік төрт бұрышты алаң. Бұл қорғаныс мұнаралары бар, бекініс дауалмен қоршалған. Бекініс дауалының қазіргі сақталған биіктігі 5-6 метр, қалыңдығы 15-17 метр. Қалаға кірер екі қақпа бар. Оның біреуі шығыс солтүстік жақ қабырғаның ортасында. Ал тағы бірі батыс оңтүстік жағында. Қаланың орталық бөлігінің аумағы тоғыз гектар. Бекініс іргелерінен тысқары да көптеген құрлыс орындарының сілемдері сақталған. Қаланың жалпы аумағы 30 гектар. Бұрынғы дәуірде Талғар Іле алқабының әкімшілік әрі мәдени орталығы болған. Қазба барысында мұнан зергерлердің, көзешілердің шеберханалары табылған. Олардан қыш ыдыстар күйдіретін пештер аршылып, зергерлермен ұсталардың, көзешілердің, метал өңдеушілердің, ершілердің құрал-саймандары табылды. Қазбалардан табылған аса көркем жасалған қола тостағандар мен табақтар, сондай-ақ темірден құйып соғылған соқа тістері мен сүйектен жасалған шаһмат фигуралары — ғылыми құнды бұйымдар саналады. Олардың беттері күрделі өрнекпен, хайуанаттар бейнесімен әшекейленген» («Қазақ даласындағы байырғы қалалар мен ұй құрлыстары», Сержан халықұлы, Ермек Шаяхметұлы, Шинжияң халық баспасы, 2004-жыл, 127-бет). «Үйсіндер өнер түрлерін әр алуан сиюжетте жасаған. Мәселен, жыртқыш аңның, бөрінің, жолбарыстың малға, хайуанға шабуылы, олармен айқасудағы ерлік, онымен байланысты халық жадында аңыз болған ғажайып бейнелер, діни наным, табыну түрлері сан алуан бұйымдарды әсемдеудің арқауы болған» («Қазақ совет энциклопедиясы» 2-том, Ұлттар баспасы, 160-бет).

«Талғар қаласының өзінде теңге шығаратын орны да болған. Қала құрлыстары негізінен тастан қаланған. Әрбір құрлыс орнының аумағы 300 шаршы метр. Тұрғын үйлер үшін ағаш тақтайлар мен бөренелер кеңінен пайдаланған.

Қаланы қоршаған дауалдың өн бойында және бұрыш-бұрышынде мұнаралар тұрғызылған. Дауалдың іргесінен терең ор қазылып өткен. Зерттеушілер жыл өткен сайын Талғар өзенінің жағасына орналасқан қаланың батыс бөлігін арши түсуде. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде көне қаланың қандай болғанын жобалап айтуға әбден болады. Мұндағы үйлер бір-бірімен тығыз орналасқан, үлкен жолдың (екі қақпаны тұтастыратын) немесе ішкі көшелердің бойына қатарластыра салынған. Қазіргі қаланың бір ерекшелігі — мұндағы көшелер қаланы бірнеше бөлікке бөлетін тәрізді. Бұл өзгелерден іргесі бөлек, барлық жағы тұйықталған құрлыс аймағы тәрізді жасалған. Бір кварталда өзара туыстар немесе діни наным-түсінігі ортақ адамдар мекендейтін 6-15 үй болған. Талғар қаласындағы кварталдардың аумағы 3500-5000 шаршы метр, ал жалпы көлемі 30 гектар болатын қала аумағында 60 тан астам квартал болған. Қаладағы тұрғын үйлер сипаты да барған сайын анықтала түсуде. Мұндағы үйлер үш-үштен және одан да көп бөлмеден құралған. Тұрғын бөлмелерде үйді жылытатын, ас дайарлайтын, нан пісіретін тандыр, ошақтар болған. Шаруашылық бөлмелерде астық сақтайтын ұралар, қоймалар бар. Онда үй иелері өздеріне қажетті және сатуға арналған астықтарын сақтаған. Бұл бір жағынан тұрғындардың ауылшаруашылығымен байланысты болғанын, енді бір жағынан олардың айналадағы көшпелі, жартылай көшпелі халықтармен сауда-саттық жасап тұрғанын дәлелдейді. Үй маңында тастан немесе балшықтан салған тұйық дауалдармен қоршалған аулалар бар. Оның шығыс жағында қой-ешкі тұратын орын, ат қора, сиыр қора, төл қоралары орналасқан. Бұл талғарлықтардың өмірінде малшаруашылығының үлкен рөл атқарғанын аңғартады. Бұның бәрі де Іле аңғарындағы көшпенділердің отырықшылыққа ауысқандығының айғағы. Бұны тағы да бір қатар аулалардан табылған киіз үй сүйектерінің қалдықтары да дәлелдеп отыр. Үй жанында жазда отыратын киіз үйлер тігілген. Тұрақты үй мен киіз үйдің қатар қолданылуы отырықшыға айналған көшпенділерге тән сипат» («Қазақ даласындағы байырғы қалалармен ұй құрлыстары», Сержан халықұлы, Ермек Шаяхмет ұлы, Шинжияң халық баспасы, 2004-жыл, 128-129-бет).

«Ондағы тұрғын үйлер жерді қазып жасалған құрлыс түрінде сақталған. Қабырғаларының іргесіне тас және қой тас төселіп, балшықпен ұстатылған. Қаланған тастың ұйқы-шұйқылары да балшықпен сыланып тегістелген. Үйдің ішкі қабырғасының тағанына диаметрі 40-60 сантиметрлік тастар төселген. Ал басқа да төселген қой тастардың аумағы 0.6×0.9 метр және оның қалыңдығы 30-50 сантиметр, төрт бұрышты болып келген. Жобалануы, құрлыс салу техникасы жағынан Талғар мекен-жайлары мен Ақтөбе қаласындағы мекен-жайлардың арасында ұқсастық бар. Дегенмен Талғар мекен-жайларының сәулеті мен құрлысында жергілікті материялдардан, ауарайының өзгеру ерекшеліктерінен туындайтын айырықша белгі бар екені көзге түседі. Құрлыс салуда тастың кеңінен пайдалануы бұл материялдың мол болғанын аңғартады. Ауарайының қаталдығы тұрғын ұйді жерді қазып барып салуға мәжбүр еткен» («Қазақ даласындағы байырғы қалалар мен үй құрлыстары», Сержан халықұлы, Ермек Шаяхметұлы, Шинжияң халық баспасы, 2004-жыл, 130-бет). Талғардың осы құрлыс тәсілдері біз жоғарыда айтып өткен үйсіндердің жертөле және тас үй салу техникасымен бірдей екенін аңғартады. Демек, Талғар қаласы үйсіндердің қаласы екенін тағы бір мәрте дәлелденді. Ал төмендегі жағдай оны тіпті де нақтылай түседі. Талғардағы үйлердің аулаларының кең болуы тұрғындардың шаруашылығында мал өсіру басым болғанын аңғартады. Бұндай малға арналған қора-қопсылары бар мекендер кешені Іле Алатауы мен Еренқабырғаның баурайында біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырында-ақ белгілі болған. Мысалы, үйсіндер мекендеген Ақтөбе қаласынан балшықпен ұстатып, таспен қалаған үй және шаруашылық бөлмелері, сондай-ақ мал қораларының орны аршылған болатын. Іле алқабындағы отырықшы және жартылай отырықшы қазақтардың 19-20-ғасырларда да тастан кеңінен пайдаланғанын атап өтудің маңызы зор болар деймін. Олардың қыстауларының жобаларына назар аударар болсақ, тұрғын үй мен мал қораны жалғастыра салу дәстүрі сақталған көрінеді. Жаңадан жүргізілген қазба жұмыстары негізінде аулалардың ірі қара мен ұсақ малға арналған бөлек-бөлек орындары, ат ұстайтын, төл тұратын бөлмелерді жылытып тұратын күрделі кешен екені анықталды. Дәл осы тұста тұрғын үйлері мен мал қоралары бір-біріне жалғасып, тұтас құрлыс жүйесі болып саналатын қазақтардың қыстаулығы көз алдыға келеді. Мұндай жайт Іле районындағы қазақтардың қыстаулығынан қазірдің өзінде де кездеседі. Жалпы алғанда, Талғар қазбалары Іле өңірінің отырықшылық өмірі жайлы құнды мәліметтер береді.

Үйсіндердің бұдан өзге қалаларынан елордасы болған Чигү қаласы да назарымызды аударады. Оның орны әлі күнге дейін талас тудырып келе жатыр. Кейбір ғалымдар мен тарихшылар Ыстықкөлдің жағасында десе, кейбіреулері Текес аңғарында (Мұңғұлкуре) делінеді. Кейінгі кезде бұл екеуін де мойындап, Ыстықкөлдегісін қысқы орда, Мұңғұлкуредегісін жазғы орда деушілер де көбейе бастады.

«Қала Мұңғұлкуренің батыс оңтүстігінде. Аудан қалашығынан 57 километр шалғайда. Шаты ауылынен 19 километр алыс. Шатыдағы байырғы қаланың солтүстігі текес өзеніне, шығысы Шаты өзеніне тіреледі. Қала қирандысының маңайы жазық, теңіз деңгейінен 1700 метр биік. Шатыдағы байырғы қаланың жазық беті шаршыға жуық, өте бірінғай емес. Қазір сақталып қалған шаһарстан қорғанының теріскей жақ қабырғасы 390 метр, түстік жақ қабырғасы 212 метр, батыс қабырғасы 480 метр. Шаһарыстан қорғанының шығыс жағы тегінде Шаты өзенін бойлап салынған. Өзен арнасының кеңеюі себепті су шайып кеткен. Қорғанның қабырғасы топырақтан соғылған, қабырға тағаны қазір де бар. Нақ майданда тексеріп көргенде, қорған қабырғасының астыңғы кеңдігі 11 де 12 метр, қорғанның қалдық биіктігі төрт метр айналасында. Қорғанды қабат-қабат бойынша шыңдап шыққандығы көзге анық көрінеді. Әр реткі шыңдалған қабатының қалыңдығы сегізден жиырма сантиметрге дейін. Қорған қабырғасының кейбір жерлерінің тас немесе керпішпен жамалғандығын анық көрүге болады. Шаһарстан қорғанының батыс оңтүстік бұрышы шығыңқы жасалған, ұзындығы 40 метр, кеңдігі 10 метр. Мұның қорған бұрышына салынған бекініс екендігі хақ. Нақ майданнан қарағанда шаһарстан ішінде құрлыстың қирандысы сақталмаған, оның тек өшкіндеп бара жатқан іздерін ғана көрүге болады. Ежелгі қала шаһарстанның ортасында, батыс жақ бұрышында диаметрі 80, 28, 18 метр келетін үш төмпешік бар, төмпешіктерден керпіш, қыштардың сынықтары көптеп табылды. Мамандар осы төмпешіктерді қала ортасының орны болса керек деп топшылауда. Шаһарстанды айналдыра қазылған ор Шаты өзенімен жалғасып жатыр. Кезінде Шаты өзенінен су бастаған болуы мүмкін. Ордың кеңдігі 20 дан 40 метрге дейін, тереңдігі бес метр айналасында. Ежелгі қаланың қирандысынан қарағанда кезіндегі қала қақпасы батысқа қараған болса керек. Нақ майданда тексеру арқылы Шатыдағы ежелгі қаланың батыс жағынан екі төмпешік байқалды. Төмпешіктің біреуі тік төрт бұрыш. Түстіктен терістікке ұзындығы 100 метр, шығыстан батысқа кеңдігі 48 метр. Ендігі бірі осы ұлкен төмпешіктен 10 метр шалғайда. Бөлек-бөлек алты шағын төмпешіктен құралған. Бұл төмпешіктерден керпіш, қыш сынықтары көптеп табылды. Соған қарағанда кезіндегі өнеркәсіп пен сауда орны болса керек. Ежелгі қала қирандысының маңайынан баяғы заманның қыстақтары мен суармалы атыздардың орнын шалықтырып отырмыз. Міне бұдан кезіндегі байырғы қаланың аса көлемді рабат районы болғандығын, өнеркәсібі мен саудасы барынша гүлденгенін біле аламыз. байырғы қаланың маңайындағы үйсін қабірлері мен қаладан табылған мәдени мұраларға талдау жасай отырып, Шатыдағы байырғы қаланы ежелгі үйсін елінің жаздық астанасы немесе саяси, әкономика, әскери жақтардан аса зор маңыз алатын ірі қала болған деп топшылауға болады» («Шинжияң қоғамдық ғылымы» журналы, 2004-жыл, 4-сан, Болат Кәрібайұлының мақаласынан, 55-бет).

Ал үйсін хандығының қысқы ордасы туралы бірауызды пікір жоқ. Бірспіра ғалымдар Құмтекей байырғы қаласын сол қысқы орда болуы керек деп болжау айтады. «Құмтекей байырғы қаласы Алматы облысындағы Кеген өзенінің сол жағасында екі километр жерде. Қала жұрты шығыстан батысқа қарай екі километр, оңтүстіктен солтістікке қарай бір километр жерді алып жатыр. Ол жөнінде 1895-жылы Ларионов, 1898-жылы А.Д.Гордеский, кейінрек Л.Ф.Семенова, 1956-жылы археолог Қ.А.Ақышав пен Г.А.Құшаевалар зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қала айналасынан темірлік, кенбұлақ, ұзынбұлақ сияқты мыс қортылған кен орындарын, көптеген қорған, обаларды тапты. Соған қарап ғалымдар бұл өңірде ежелгі заманда ірі мәдениет орталығы болған деген қорытынды шығарған. Жазба деректерде айтылған 630 мың халқы бар үйсін мемлекетінің астанасы Чигү қаласы Ыстықкөлдің оңтүстігінде яғни қазіргі Қарқара, Құмтекей маңында болу керек. Құмтекей қаласының орнынан күйген қыш, кірпіш, құмыра ыдыстар табылған» («Қазақ даласындағы байырғы қалалар мен үй құрлыстары», Сержан халықұлы, Ермек Шаяхметұлы, Шинжияң халық баспасы, 2004-жыл, 77-бет). «Таяу заман археологиясы Ыстықкөлдің шығыс оңтүстігінен Чигү (Шіғұ) өңірінен Чигү қаласының жұртын және басқа заттарды тапты. Шоқан Уәлиханов: Ыстықкөлдің шығыс оңтүстігінен ежелгі қала жұрты, жұрттан хан патшалығы құрлыстары, хан патшалығы дәуіріндегі заттар, ойып жазылған қытайша жазбалар, қала жұрты маңынан ерте замандағы арық-тоған орыны кезікті деп мәлімет етті. Ол мұны Қытай тарихи кітаптарында айтылып жүрген Чигү (Шіғұ) қаласы деп есептейді» («Қазақ мәдениетінің тарихы», Сүбіхай, Шинжияң халық баспасы, 2005-жыл, 256-бет).

«Ханнама. Батыс өңір шежіресінде»: «Ханыша үйсін еліне барған соң өзіне арнап сарай салдырды» деп жазылған. Хан патшалығының Шижүн, Жиею ханышалары үйсін ханға ұзатылғанда көптеген қызметкерлерімен келген болатын. Олардың арасында әртүрлі кәсіптің мамандары болған. Ал екі ортаның ауарайы, климаты, табиғаты ұқсамағандықтан ханыша үйсін жеріне үйлесе алмаған болуы да мүмкін. Сол себепті өзіне арнап сарай салдырғаны да ғажап емес. Бұл кезінде көлемді құрлыс болған болуы мүмкін. Әрине, ханыша сарайының сән мен салтанаты тіптен бөлек. Оның үстіне ол аты алысқа тараған хан патшасының ханышасы, сондықтан үйсін күнбиінің осы құрлысқа ерекше көңіл бөлерінде гәп жоқ. Осы сарай құрлысының жобалануы туралы мен жеке басымнан үш түрлі пікірді ортаға қоямын. Бірінші, ханыша ертіп келген шеберлер жағынан жобаланған болуы мүмкін. Екінші, хан патшалығының мәдениетіне қанық үйсін оқымыстылары жағынан жобаланған болуы да мүмкін. Өйткені азулы, құдіретті ұлыстардың мәдениетіне қызығушылық байқату мен ұйрену сол замандағы үйсіндерде болмаған деп кім айта алады?!. Үшінші, хан патшалығының мәдениетіне қанық үйсін оқымыстылары мен хан патшасының шеберлері бірлесіп жобалаған болуы мүмкін. Ал осындай көлемді құрлысқа көп енбеккүштің қажет екені даусыз, ханышаға ере келген адамдардың қанша дегенмен саны шекті шығар. Әрі оның барлығы сарай жұмысына жұмылдырылса ханышаның өзге жұмыстарын кім істейді. Міне осы жағын ескеpсек құрлысты үйсіндердің өздері жүргізген деуімізге әбден болады.

Осы ханыша сарайы талай ғасырды бастан өткізіп барып тағы да бой көтерді. 2005-жылы Құлжа қаласында «Хан патшалығы ханышаларының ескерткіш сарайы» салынып бітіп пайдалануға берілді. Бұл аумағы 1780 шаршы метр келетін көлемді құрлыс саналады. Оны қатысты қытай мамандар арнаулы тексеріп-зерттеп көріп жобалаған. Әуелі Шижүн мен Жиею ханышалардың туған жеріне де барып зерттеу жұмыстарын алып барған. үйсін ұлысына қатысты қайта жаңғыртылған бұл құрлыстың үйсіндердің бұрынғы ата мекені Іле де салынғаны, әрине, қуанарлық жайт. Әрі қазақ ұлтына ой тастайтын шаруа. Үйсіндердің тікелей ұрпағы болған біз қазақтар не істей алдық, қысқасы үйсіндердің патшасы Елжау күнбиге арнап құлыптас та орната алмадық. Бұның бәрі алдағы күннің еншісінде шығар, бәлкім.

Жалпы алғанда, ежелгі үйсін архитектурасы қазақ архитектурасының түп тамырларының бірі. Өйткені қазіргі қазақ мәдениеті сол этникалық ұлыстардың мәдениеті негізінде қалыптасқан. Оның бастау көзі — қазақ құрамын толықтырған этникалық ұлыстардың мәдениеті болмақ. Сондықтан бастау көзді ашалап аршу қажет.

Ермек Шаяхмет, тарихшы

Abai.kz

0 пікір