Жұма, 20 Қараша 2026
Ақмылтық 932 0 пікір 20 Қараша, 2026 сағат 13:48

Ресей КСРО мұрасын қорғаштаған болып, ішкі ісімізге қол сұғуда...

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Тараз қаласындағы Қызыл Армия жауынгерлеріне арналған ескерткіш тақтаның бүлінуіне қатысты Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі қазақ билігіне қатысты тағы да өктем үн қатты.

Көрші елдің дипломатиялық өкілдігі кез келген құқықтық мемлекетте тергеу органдарының құзыретіне жататын заң бұзыла қалса, немесе вандализмнің белгісі байқалатын қандай да бір іс болса, өз бетінше «саяси экстремистік акция» деген ауыр айып тағып, ресми Астанаға шұғыл түрде кінәлілерді тауып, «жария түрде жазалау» жөнінде нұсқау беретін әдет тауыпты.

Бұл – дипломатиялық этикадан гөрі, тәуелсіз мемлекеттің ішкі ісіне тікелей араласу мен идеологиялық қысым жасаудың кезекті көрінісі болып табылатынын Путин билігі тарс есінен шығарып алған сыңайлы.

«Вандализм» бе, әлде «экстремизм» бе?

Елшілік мәлімдемесінде Тараздағы эвакуациялық госпитальда көз жұмған 72 жауынгердің басына қойылған стеланың бүлінуі «екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке сызат түсіру» және «қоғамда араздық тудыру» деп бағаланып отыр екен. Алайда, кез келген оқиғаға құқықтық бағаны өзге елдің елшілігі емес, Қазақстан Республикасының құзырлы органдары ғана беруге хақылы!

Мәскеудің посткеңестік кеңістіктегі советтік ескерткіштерге қатысты осыншалықты шүйлігуі – бұрыннан келе жатқан «қаңбақ күш» пен тарихи жадыны бақылауда ұстау саясатының бір бөлшегі болып саналатындығы әмбеге аян. КСРО-ның идеологиялық символдарын қорғаштау арқылы Ресей аймақтағы өзінің бұрынғы империялық ықпалын сақтап қалуға жанын салып, тыраштана тырысады.

Балтық пен Орталық Азияның тәжірибесі не дейді?

Тарихи отарсыздану (деколонизация) мен кеңестік-империялық мұрадан арылу үдерісінде көршілеріміз бен посткеңестік елдер әлдеқашан батыл қадамдарға барып отыр. Атап айтар болсақ:

Балтық елдері - Латвия, Литва, Эстония: Ресейдің агрессиялық саясатынан кейін советтік оккупацияны дәріптейтін барлық ескерткіштер мен мемориалдарды заң жүзінде жаппай сүріп тастады. Олар үшін бұл ескерткіштер – еркіндіктің емес, отарлаудың символы болып табылады.

Өзбекстан: Ташкент билігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ кеңестік көсемдер мен қызыл әскерге арналған монументтерді, соның ішінде «Халықтар достығы» монументі мен түрлі советтік стелаларды қала орталықтарынан алып тастап, орнына ұлттық батырлар мен тәуелсіздік символдарын орнатты.

Қырғызстан мен Тәжікстан: Бұл елдерде де Ленин мен кеңес қайраткерлерінің ескерткіштері біртіндеп орталық алаңдардан ығыстырылып, қалалар мен көшелердің тарихи, ұлттық атаулары қайтарылды.

Сөз түйіні: Қазақ халқы және ел тұрғындары Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарының рухына әрдайым құрметпен қарайды, біздің аталарымыз да сол майданда қан төкті. Алайда, еліміздегі кез келген құқық бұзушылықты тергеу мен бағалау – тек қана Астананың құзырындағы іс болып табылады.

Ресей елшілігінің Қазақстан билігіне «құқықтық және саяси баға беріңдер, қатаң жазалаңдар» деп бұйыра сөйлеуі – егемен елдің дербестігіне жасалған құрметсіздіктің һәм саяси көргенсіздік пен империялық жүгенсіздіктің айқын белгісі болып саналады. Көрші ел өз ішіндегі мәселелерін реттеп, тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясаты мен заң үстемдігіне араласуды доғаруы тиіс.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір