5G қай салаларға енгізіледі? Бектенов не дейді?
Олжас Бектенов 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жеке желілерін енгізу үшін басым салалар мен кәсіпорындарды айқындауды тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қойылған цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде экономиканың нақты секторында, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындарда жеке желілерді енгізу есебінен 5G технологияларын қолдануды кеңейту қажеттігіне назар аударды.
«5G желілерін дамыту тек мобильді интернет жылдамдығын арттырумен шектелмей, нақты экономикалық нәтиже беруге тиіс. Қазірдің өзінде өнеркәсіп орындарында 5G жекеменшік желілерінің жобалары жүзеге асырылуда. Бұл технологиялар пилотсыз техниканы енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Алайда әзірге мұндай шешімдер жекелеген нысандарда ғана қолға алынғаны атап өтілді. Оларды өнеркәсіпте, көлік саласында және экономиканың басқа да секторларында кеңінен қолдануды қамтамасыз ету қажет.
Осыған байланысты Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, 2027-ші жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 5G жекеменшік желілерін енгізу үшін басым салалар мен кәсіпорындарды айқындауды тапсырды.
Abai.kz