Ағады Жайық, ағады…
“Оралдың ерке самалы” әні мені желпінтейін деді. Жүрегімді құштарлық, құмарлық лебі биледі. Оралдықтардан қандай-қандай жылы лебіз естідім, мен. Әннің осындай сүйініші мені дәйім көтере береді. Шалқимын тасып. Шабыттың желігі, бұл! Оның рахатты ләззатын өзімнен басқа ешкім… ешкім білмейді.
Оралға келуім жиіледі. Сол вальс Оралда әр түрлі әншілердің орындауында шырқалып жатты. Бәр-бәрін тыңдап жүрдім.
Оралға дәл сол жылы жазда тағы бір келгенім мені ойда жоқта ерекше бір тосын толғанысқа салды.
“Оралдың ерке самалы” әні мені желпінтейін деді. Жүрегімді құштарлық, құмарлық лебі биледі. Оралдықтардан қандай-қандай жылы лебіз естідім, мен. Әннің осындай сүйініші мені дәйім көтере береді. Шалқимын тасып. Шабыттың желігі, бұл! Оның рахатты ләззатын өзімнен басқа ешкім… ешкім білмейді.
Оралға келуім жиіледі. Сол вальс Оралда әр түрлі әншілердің орындауында шырқалып жатты. Бәр-бәрін тыңдап жүрдім.
Оралға дәл сол жылы жазда тағы бір келгенім мені ойда жоқта ерекше бір тосын толғанысқа салды.
Оралдың облыстық теледидарының бастығы Аслан Ғұбашев осы әнге шын ризалығын білдіріп, “Еділ-Жайық” әнінен басталған осы шалқуды бір видеофильм етуді ойластырып жүр екен. Бір күні Аслан маған: - Аға, сіз Жайықтың таңғы нұрын көрдіңіз бе? - деді.
Мен бұл сөзге ойланып қалдым.
-Сол ғажайып көріністі көрсетем, аға,- деді, Аслан сыпайы ғана езу тартып.
Мен үнсіз бас изедім.
Аслан ана бір жылдары Алматыға келіп, ақын Жұбан Молдағалиев туралы деректі фильм түсірді. Сол фильмнің бір тебіреністі жері –“Еділ-Жайық” әнінің жазылу тарихына арналған-ды. Дағдарысты кезеңнің қиын күндерінде ондай фильмді жасау, әрине, оңай емес еді. Аслан бір өзі сценарист, әрі режиссер ретінде осы фильмді қинала жүріп, сәтті шығарды. Оның өрелі, білікті, білімді азамат екенін сол кезден бастап білетін едім.
Аслан маған: -Аға, облысымызға Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың әкім боп келгені ел үшін тәңір сыйы секілді көрінеді, маған. Ол кісі өнер мен өнер адамдарына өте ықыласты жан екен. Мен сіздің “Еділ-Жайық” әніңізді видеофильм еткім келеді. Бұл идеямды Қырымбек Елеуұлы, сөз жоқ, қолдайды деген үміттемін. Және оған сенімдімін де. Қырекең “Еділ-Жайық” әнін осында келгелі бері талай рет тыңдады. Сондағы сүйінішін көрдім ғой. Бізде өтіп жататын жиын, салтанаттың бәрінде осы ән орындалады. “Еділ-Жайық” әнінің рухымызды көтеретін құдіреті ерекше, аға. Сіз, әрине, білесіз, атақты әнші Людмила Зыкина орындайтын Марк Фрадкиннің орыстың жаны мен сезімі, рухы дерлік әйгілі әні “Течет река Волга” тақырыбы негізінде керемет фильм түсірілгені белгілі. Осы бір лирико-патетикалы ән орыс халқының мерейін қалай-қалай көтерді деп таң-тамаша боласыз. Біздің халқымыздың арғы-бергі тарихының кейбір елеулі кезеңі “Еділ-Жайық” әнінің бар болмысына керемет қисындасар еді деп ойлаймын. Бұл да лирико-патетикалы ән ғой. Иә, фильм боларлық материалы жеткілікті. Сырт көзге бұл тақырып өте қиын. Бірақ, әр көкейкесті іске тәуекел керек… тәуекел! Осы тірлікке кірісейікші, аға, -деп мені оқыс таңғалдырды.
Заматта қым-қиғаш ойдың құрсауына шырмалып, жөпелдемеде не дерімді білмей, іштей дағдарып, жай ғана жымидым да тұрдым. Аслан менен дәйекті сөз күтті.
Мен күмілжіп, жұмысымның көптігін, уақытымның тарлығын айтып, беймаза күйге түстім. Аслан сондай сезімтал жан, маған, күлімсірей қарап: -Ертең таңғы сағат төртте сізге келем, -деді, - Жайықтың жағасына шығамыз, таңғы нұрды тамашалайсыз…
Ертеңінде Аслан айтқан мезгілде біз Жайық жағасында тұрдық. Бұл жер- облыстық ішкі істер басқармасы үйінің алды еді. Жағалауда жазғы ашық ресторан бар. Оның іргесінде қайықтар, катерлер… қала тым-тырыс, әлі ұйқы құшағында. Мен өмірімде тұңғыш рет Жайықтың үстіндегі боз мұнар - таңғы нұрды көрдім. Салқын самал желпіген жағалауда тынысым кеңейіп, табиғаттың осы бір тылсым көрінісіне ынтық көңіл, құмарлық сезіммен сұқтана қарап, қиялым шар-тарапқа самғады.
Аслан мені зәулім теректердің арасында ирелеңдеген жалғыз аяқ жолмен әрі-бері жүргізіп, табиғатты, Жайық айдынын тамашалаған сәтімді қайта-қайта түсірді. Бір кезде мен жағадағы қайықтарға жақындай бергенімде қасымыздан он бес, он алты жастағы қыз-жігіт қол ұстасып, өте шықты. Үлбіреген уыз жас. Көңілдерінде еш алаң жоқ. Өзімен-өзі сөйлесіп кетіп барады. Мен олардың бейғам жүрісіне қызығып, еріксіз мырс етіп: -Шіркін, жастық-ай… ұйқысы қайда бұлардың? - дедім.
Аслан сыпайы ғана күлді де: -Біз де осындай жас болдық қой, аға, -деді.
Зымыраған ойым осындай балауса кезімді көз алдыма жарқыратып бір-ақ әкелді.
Асланның діттеген эпизоды түсіріліп болды. Аслан оператор жігіт екеуі видеокамераны жан-жаққа олай-бұлай бағыттап, Жайықтың кең айдынды панорамасын түсіріп, өзді-өзі бәйек боп жатты. Мен өз ойыммен өзім боп, бұл екеуінен былайырақ шығып, жағалауда біраз серуен құрдым. Бір балықшы орыс шалының қасына келіп, орысша: -Қалай, ақсақал, қармағыңызға ешнәрсе ілікті ме? – дедім, жылы қабақ танытып.
-Жоқ, -деді, ол қазақша.
-Бірақ, түседі ғой,-дедім, мен де қазақша сөйлеп.
Екеуіміз осылайша таныстық. Шалдың есімі –Тимофей екен. Қазақ арасында өсіпті. Казак-орыс. Сөзге ілкімді, кісіні жатсынбайтын иманжүзді кішіпейіл жан екен.
-Бәйбішеңіз бар шығар,-дедім, сөзге тартып.
-Бар, құдайға шүкір. Балалар да баршылық. Олар өз тірлігімен өзі әлек. Анда-санда келіп, хал-жайымызды біліп, немерелерді сүйгізіп кетеді. Қартайған жандардың таңы атып, кеші батпайды екен. Кемпіріміз екеуіміз от басында күңкілдесіп отырып шай ішеміз. Ұйықтаймыз. Ұйқы да жалықтырады. Кемпірім отырып “Еркексің ғой, сыртқа шық. Жайық жағасына бар. Елдің шалы сияқты таза ауада жүріп, балық аула” дейді. Оның сөзі де жөн екен, күнде таңғы салқынмен дәл осы жерде қармақ саламын. Күндегі әдетім. Басқа не істеймін, енді? Омалып үйде отырғаннан не шығады? Көп өмір күңгірт тартып артта қалды. Әне, өрімдей қыз-жігіт… мына Сіз… және қарттық меңдеген мендей шал… өмірдің үш кезеңінің өкіліміз. Жайықты қараңыз, баяғы бәз қалпы. Бір сыдырғы ағысымен сырғып қана әлдеқайда кетіп жатыр… кетіп жатыр. Толасы жоқ, тоқтауы жоқ, шегі жоқ уақыт секілді. Біріне-бірі іркес-тіркес жөңкілген толқындары адам өмірін… жарық дүниеге келіп-кетіп жатқан сансыз ұрпақтарды еске салады.
Әні… ана бір мүйістегі балықшыны көрдің бе, ол біздің Афанасий… Афанасий. Ой, жасында бірді-бірге соққан жігіт дүррі болды. Көп хикаясын білеміз. Сұлуларға маза бермеді. Біздің казак қыздарының мінезін Шолохов келістіріп-ақ жазды ғой. Бір Аксинияның өзі неге тұрады! Сондай жұлынған қыздардың өзі де Афанасиға құлай берілді. Құдай Афанасийдің өзін көрікті ғып та жаратты. Екі көзі қап-қара! Және оның жақұттай жанғанын көрсең. Талай қыздың жүрегін өртеді. Сол сері бітіміне қоса өзі сондай әнші… әні…Афанасий қайығын бері қарай бұрды. Қазір қасымызға келеді. Әні ол әндетті. Тыңда…
Тимофей бүгіле түсіп, қоңыр көзі ойға тұнып, қалың қабағы жабыла берді. Маңдайындағы әжім сызықтары тереңдеп кеткендей көрінді, маған. Әлде нені сүйсіне еске алғандай тамылжып, өз-өзінен бас изеп, іштей жымия күрсінді.
Ал, Афанасий:
Шумел камыш, деревья гнулись,
А ночка темная была.
Одна возлюбленная пара
Всю ночь гуляла до утра,- деп қоңырлатты, әр сөзі ап-анық естілді.
Қайық жақындап келеді. Афанасий бізге қарап, оң қолын көтеріп:
А по утру они расстались,
Кругом помятая трава.
Ах, не одна трава помята,
Помята девичья краса,- деген сөздердің аяғын сылқылдаған күлкіге ұластырып жіберді.
Сөйтті де ол қайығын кері бұрып, өзінің ана мүйісіне барды.
Тимофей мырс-мырс күлді де маған сығырая қарап:- Әй, Афанасий… Афанасий! Бар бол, құрғыр! Осы құйқылжыған мінезіңнен ғой, айдай сұлу… алтыншашты Галинадан айырылғаның. Галинадан кейін оңды ма, сенің тірлігің, әй, Афанасий… Афанасий? –деді.
Мен еш ойланбастан:- Галинадан қалай айырылды, ол? –дедім.
-Қасында Галинасы бар, қолында баяны… казактардың самогоны… дүрілдеген қыз-жігіттің ортасында шалқып отырып: “Біздің аталарымыз қандай болған дейсің, олар мына Жайық жағасындағы ағаш моншада Пугачевтың арқасын езіп, шайын қайнатып, атын ерттеген!” деп бөсіпті. Сол жерде Галина шарт кетеді: “Сендей холуйға ерген мен де ақымақ екенмін!” деп тайып отырады. Кейін білдік, Галинаның тұқымы ірі байлардан екен. Олар дүрбелең кезінде сол Пугачевыңыздан ықпапты да. Оған ат та, ас та бермепті. Сондай әулеттен шықан Галина Оралдың тар көшесін баянмен гулеткен Афанасийға пысқырсын ба! Сол Галина осы күнге дейін мына сорлы ғашық Афанасийдің есінде. Е, осының бәрін көзіміз көрді. Өміріміз бірге өтіп келеді. Одан бері мына Жайыққа неше рет жаз келіп, неше рет күз түсті, Афанасий әйелге жарымады. Көкірегі толған құса – дерт. Міне, қазір де мына таңғы сәтті өткен күндерін аңсатқан арманды әнімен тербеп тұр. "Шіркін, дүние!” деп, дәйім осылайша уһілеп, әндетеді, ол. Талайдың жүрегіндегі сөз… біз айта алмайтын сөзді ән айтады екен, ән!
Балықшы шал Тимофей маған осындай хикая шертті. Мен Афанасийдің әнін тыңдадым. Сәлден соң шығыс жақ сарғайып, ұясынан шапақ шашып, алтын Күн көрінді. Мен Тимофеймен қоштасып, жігіттерімнің қасына келдім. Аслан мені катердің үстінде күнге қарап тұрған сәтімде қай-қайта түсірді…
Көп ұзамай мен Атырауға қайттым. Оралда Жайық бойындағы жаңағы бір кездесу есімнен шықпай қойды. Бір жолы жұбайым Тиыш екеуіміз Атырауда машинамен келе жатып, өтіп жатқан өмірімізді еске алдық. Біз күндердің күнінде, иә, жасымыз өстіп ұлғайған шақта Атырауда тұрып, ауық-ауық Оралда, Ақтөбеде, Маңғыстауда жүретінімізді ойлаған да жоқ едік. Тағдырдың бұйрығы екен…
Сол күні қалада біраз дүкендерді аралап, үйге келдік. Тиыш шай қойды.
Мен домбыра тартып отырдым. Он, он бес минут болды ма, болмады ма, жүректі сәл ұйыта басталған әуез бір тәтті элегиялық сарын боп, өз-өзінен өріліп бара жатты. Орыс әуені аралас, мамырлаған бір тың иірім. Бірденнен:
Керіліп Жайық ағады,
Әуезге бөлеп жағаны.
Еске сап айлы кештерді,
Қыз-жігіт кетіп барады, -деген шумақ емін-еркін келе қалды да, мен Оралда болған сол таңғы нұрды, сол таңда қол ұстасып жүрген өрімдей жас-қыз-жігітті көріп отырдым.
Домбыра үні балбырап, қиялымды тереңдетіп әкетті:
Тербеліп Жайық ағады,
Толқыны сүйіп жағаны.
Арманы асқақ екі жас,
Алаңсыз күлім қағады, -деген жолдарды емірене қайталадым. Бұл –адамның жайнаған жастық шағы. Албырт кезі. Солқылдаған бозбала, ол! Үлпілдеген бойжеткен, ол! Алдында өмірдің не сыйы бар, ол болжаусыз… дәл осы бір таңда ол екеуінен бақытты ешкім жоқ. Ешкім!
Домбыра енді бірде беймаза шертіске түсті. Адамның қым-қуыт тірлігі… сәттілігі мен сәтсіздігі… қуанышы мен қайғысы… рахаты, тыныштығы жоқ таусылмайтын бір күйбең. Өмір тауқыметі солай… уһілеп, әлденеге налыған жанша:
Шайқалып Жайық ағады,
Жұлқылай соғып жағаны.
Өрепки берген жүрегім,
Қайтсе бір тыным табады, -деп, домбыраны оқыс қағып-қағып жібердім. Бірақ, лып басыла қалдым. Салдырап шаршаған адам секілдімін. Дел-салмын. Бір енжарлық езіп барады, мүлде. Бұл не? Шаршатып жүрген ит өмірдің азабы ма? Абайдың:
“Ержеткен соң симайсың кең дүниеге,
Зар болып тыныштық пен баспанаға,” дейтін сөзі рас екен… рас екен. Тағдыр талқысын көп көріппіз. Мехнат қамыты мойнымыздан әлі түспепті. Әлгі шумақ мені тұнжыратып жіберді. Қайтседе айтылатын сөз…сонда да болса бір талықсып, бір қайраттанған жүректің соғуы әзірше әлі де беймаза күйінде, маза беретін емес. Өмір… әй, өмір-ай, дей бердім.
Домбыра бірте-бірте баяулады. Жайықтың да ағысы баяулады. Мен де сылбырмын. Өткен күндерге көз талдыра қарадым. Көп нәрсе… көп жай ғайып болған. Қатарымыз сиреген. Қас -қағым сәттік бір опасыз дүние…
Домбыраны самарқау ғана үзіп-шалып:
Баяулап Жайық ағады,
Боз мұнар жауып жағаны.
Бар қызық көрген түстей боп,
Ыстық жас жерге тамады, -дедім, көзім жасқа булығып.
Сол күні кешінде үйге Атыраудағы музыка академиясының директоры, әнші Сәуле Жанпейісова келе қалды. Амандық-саулықтан кейін: -Ой, Тиыш апамен бір шүйіркелесіп, отырайыншы, -деп өзінің жадыра-жайсаң мінезімен сылқ-сылқ күлді.
Сәуле кухняға қарай бұрыла бергенде мен түрегеп тұрып, жаңа ғана жазып біткен “Ағады Жайық, ағады” әнін тағы бір қайталап шерттім. Сәуле елең етіп:: -Аға, мынау қандай ән?-деді.
Мен самарқау күйде: -Бар, Сәуле, Тиыш апаңмен тып-тыныш отырып шай іш, - дедім. Мұндай сәтте өзіммен-өзім жеке отырып мүлгігенім жақсы.
Сәуле менің сөзімді естімеген жанша орнынан қозғалмады. Стол үстінде жатқан ән сөзіне көзі түсіп, оны үн-түнсіз оқыды. Түсі өзгерді. Тұнжырады. Ойға батты. Сөйтті де жүзі сұрланып: -Аға, айтыңызшы, -деді ақырын ғана.
Мен әнді түрегеп тұрып, тұп-тұтас айтып шықтым. Сәуле екінші рет өтінген жоқ. Әнді қолма-қол қаз-қалпында ойлы жүрекпен толғап, өзіме қайта айтып берді. Мен өмірімде естімеген әнді тыңдағандай бір хал кештім.
Шай үстінде осы әннің толғанысты ауыр сазы Сәулені қилы-қилы ойға салды. Жаңа әлгіндегі жадыра-жайсаң күлкісі сап тиылды.
Кейін 2004-жылдың желтоқсан айының бірінші жұлдызында Астананың сәулетті залы-“Конгресс-Холлда” өткен “Еділ-Жайық” атты концертімнен кейін менің әндерімді жақсы білетін, және маған сын көзбен қарайтын әнге дүлдүл білімпаз жан Өмірзақ Айтбайұлы: -Ә, Ілеке, сені Еділ мен Жайық тағы да тебірентіпті. “Еділ-Жайық”, “Оралдың ерке самалы”, “Ағады Жайық, ағады”! Осы үш әнді триптих десе де болады екен. Біріншісі-патетикалы экстаз-шалқу! Екіншісі –Ақ Жайық толқытқан жүректің сүйінішті лүпілі! Сәулелі лирика. Вальс! Үшіншісі – Ақ Жайықтың шексіз ағылған толқыны. Ол- өмірге дүркін-дүркін келіп жатқан ұрпақтар дүрмегі! Ақ Жайқта да тоқтау жоқ, адам өмірі де солай. Өткенді аһ ұрғыза еске салатын элегия! Осы әндеріңді тәңір әдемі үйлестіріпті, - деп өз сезімін білдірді.
“Ағады Жайық, ағады” – бір адамның ғұмыры…
Илья Жақанов
Ең көп оқылған
-
1
Рысқұлов тоталитаризмдегі сана метаформозасында3 күн бұрын
-
2
Айқап беттерін аңғарсақ...2 күн бұрын
-
3
Уақыт белдеуі: Әлемдік тәжірбие не дейді?2 күн бұрын
-
4
«Алашорда ісі»: 12 томдық жарық көреді4 күн бұрын
-
5