Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2832 0 пікір 17 Қараша, 2009 сағат 07:55

Дәурен Қуат. Ескерткіштер... ешқашан ұмытылмайды

Екі иінінен демалып, өз деміне өзі тұншығып ақыры ысылдап-пысылдап барып  басылатын  болыскей самуарынды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Елбасының тікелей желідегі ашық әңгімесінен кейін Кәрімовтың үкіметі мен еліміздегі «жетекші» баспасөз біткен де әлгі самаурын сияқты бұрқ-сарқ қайнап, асып-төгіліп-ақ жатыр. Жазған-ай, мұндай да қызық болады екен-ау, Президент Назарбаев балабақшаларға деген сұраныстың артып келе жатқанына тоқталып, әрі халықтың табиғи өсіміне ризашылығын білдіре келіп, алдағы жылдары балабақшалардың санын көбейту қажеттігін, бұл іске меценаттардың да атсалысуы тиімді екендігін ескертіп еді, іле-шала Мәсімов құзырындағыларды шақырып алып шұғыл тапсырмалар беруге кірісіп кетті. Премьеріміздің шалт қимылдап, дереу шешім қабылдайтыны сондай, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мекемелердің жай-жапсарын енді баяндай береген  Білім және ғылым министрі Түймебаевты тоқтатып қойып, «үш күннің ішінде мәселені біржақты ет, әкімдермен жолық, давай-давай»  деді.

 

Екі иінінен демалып, өз деміне өзі тұншығып ақыры ысылдап-пысылдап барып  басылатын  болыскей самуарынды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Елбасының тікелей желідегі ашық әңгімесінен кейін Кәрімовтың үкіметі мен еліміздегі «жетекші» баспасөз біткен де әлгі самаурын сияқты бұрқ-сарқ қайнап, асып-төгіліп-ақ жатыр. Жазған-ай, мұндай да қызық болады екен-ау, Президент Назарбаев балабақшаларға деген сұраныстың артып келе жатқанына тоқталып, әрі халықтың табиғи өсіміне ризашылығын білдіре келіп, алдағы жылдары балабақшалардың санын көбейту қажеттігін, бұл іске меценаттардың да атсалысуы тиімді екендігін ескертіп еді, іле-шала Мәсімов құзырындағыларды шақырып алып шұғыл тапсырмалар беруге кірісіп кетті. Премьеріміздің шалт қимылдап, дереу шешім қабылдайтыны сондай, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мекемелердің жай-жапсарын енді баяндай береген  Білім және ғылым министрі Түймебаевты тоқтатып қойып, «үш күннің ішінде мәселені біржақты ет, әкімдермен жолық, давай-давай»  деді.

 

Елбасы тікелей эфирде: «Биылғы жылы ғана 20 бала бақшаның құрылысы аяқталады, ал 2012 жылға дейін шамамен 47000 балаға арналған тағы 170-і пайдалануға беріледі. Бірақ та сұранысты қанағаттан­дыру үшін бізге әрқайсысы 280 орындық есеппен 800 балабақша салу керек» деп, мәселенің нақтылығын  алға тартқанымен, Қажымұқанның ұлы Кәрім мырза оған қараған жоқ, Түймебаевқа істің түйінін тарқату үшін бар-жоғы үш-ақ күн берді. Сонда Үкімет басшысы осы күнге дейін Қазақстанда жан санының өсімі жақсара түскенінен, сәбилердің  балабақшаларға бара алмай тар аулада өсіп келе жатқанынан мақұрым болғаны ма? Ал бұл сауалдың соңы тағы мынандай сауалға жалғасады: елдің ішкі жағдайынан бейхабар адамға үкіметті басқартып қойып қарап отыру қауіпті емес пе?..

 

Тікелей эфирде Елбасы қаржы дағдарысы әлем елдеріне қатты тигенін, Қазақстан жұрты соның бірін білмей қиындықтан шығып келе жатқанын айта отырып, кеден­дік бақылаудан өтетін тауарлардың жөнсіз қымбаттайтынына тоқталды. «Кім оларға талдау жасап жатыр? Біздегі моно­полияға қарсы комитет қайда? Үкімет неге бұл істен тысқары тұр? Мастанған саудагерлерді тәртіпке шақыруға шыны­мен болмағаны ма?» деп кейіді Президент.

Міне, кешелі бері Мәсімов «мастанған саудагарлардің» мәселесін май шаммен тексеруге білек сыбана кірісіп кетті. Ашық желіде, телеарналардың алдында тізерлеген көптің көзінше Елбасының елеп-ескеріп тапсырма бергеніне арақаланып қалған сияқты; кешегі үкіметтің жиынында кәдімгідей жінігіп сөйледі. Әйткенменде, елдегі үкімет басышысының қызметін де, әкімнің міндетін де, тіпті тұрғындарды еңбекпен қамту орталығының жұмысын да, құқық қорғау, заң саласының миссиясын да Президент Назарбаевтың жалғыз өзі атақаратыны көрініп қалды. Мысалы, Қарағанды облысынан сұрақ қойған 56 жастағы Александр Трутно  өмірбойы тау-кен шахтасында жұмыс істегенін, ал қазір бірнеше айдан бері жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтып шағынды.  Қайда барса да жасыңыз келмейді дейтін көрінеді кәнігі кеншігі. Өзінің айтуына сенсек, күш-қуаты бойында, жұмысқа құлшынысы тау құлатып, тас жаратындай екен.

 

- 56 жастағы адамды жұмысқа алмау дұрыс емес, - деді Мемлекет басшысы. - Бізде зейнет жасы ерлер үшін 63 жас. Денсаулығы жарап жатса, одан кейін де жұмыс істей алады.

Елбасының аузынан жаңағыдай сөз шығысымен Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин құлдық ұрып шағым иесіне көмек көрсе­тіле­тінін білдірді. Япыр-ай, Трутно бейшара Елбасына үшбу хат жазып әуіре болмай-ақ, облыс әкіміне неге бас сұға салмаған сонда? Мына ашық желіде Елбасымен тілдесудің сәті түспесе, қайран ер қара табан күс білек болып қара базар жағалап кетер ме еді, қайтер еді?..

 

Жамбыл облысында жасөспірімдердің арасы жаман бұзылыпты. Жасына жетпей құтырған қуаяқтар мектеп мектеп, аудан аудан болып бөлініп төбелеседі екен. Осы келеңсіздікті баяндап Тараздан қоңырау шалған әйел «аты-жөнімді әдейі айтпай тұрмын, өйткені менің бұл шағымымнан  ұлыма зиян тиіп кете ме деп қорқамын. Ұлымның жасы 15-те, мектептен қайтып келгенше жүрегім орнына түспейді» деді.

Елбасы тікелей эфирге облыс әкімі мен Ішкі істер министрін қостырып алып еді, әлгі әйелдің әңгімесі әдірем қалды. Әкім де министр де Жамбылда қылымыстың пәленбай пайызға төмендегеніне байланысты мысалдар келтірді. Ал енді бұдан кейін кімге сенуге болады?

Тіпті кейбір скептиктер Елбасының тікелей желіде отырғанына да күмән келтірді. «Сұрақтар алдын ала дайындалған, бейнетаспа жұмысы да күн ілгері жасалып қойған» дейді олар. Бейнетаспаны білмейміз, бірақ сұрақтардың сүзгіден өтіп «сүрленгені» көзге ұрып-ақ тұрды. Мәселенки, Алматы облысының тұрғыны, ұлты орыс - Сергей Крещенко дейтін азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы форумында ауылындағы қазақ, орыс, украин, неміс, чешен ұлтының өкілдерін алқа қотан отырығызып қойып, ұлттық бірлік туралы жаңа бағдарламаға байланысты «кіші форум» өткізіп жатыпты. Не деген интерұлтжанды адам еді, шіркін!  Крещенко секілді жерлестеріміздің көп болуына және шынайы болуына біз де барынша тілектеспіз. Көгілдір экраннан Крещенконы көргенде «Сергей Викторович!» - деп Президентіміздің де көзі бал-бұл жанып қуанып кетті. Сөйтіп елеміздегі береке бірлікті дәріптей сөйлеп, айналамызда қырқысып жатқан жұрттардың бар екендігіне қашанғыдағыдай қатты қынжылды. Қазақстандағы діл мен дәстүр бірлігі тіпті АҚШ пен Еуропада да жоқ деді.

 

Қазақстан мемлекетіндегі татулық пен ынтымақтың алтын қазығы Астанда қағылғанын да Елбасы сауалдың ретіне қарай аңғартып өтті. Ол турасында «Егемен Қазақстандағы» әріптестерімізден артық сүйсініп, шабыттанып жазу қолымыздан келмейтіндіктен «жиендік» жасап көшіріп алуды жөн көрдік:

«Тікелей желінің порталы арқылы Қара­ғандыдан 12 жасар Саша Романов біздің елордамыз 10 жылдан кейін қандай болады деп сұрақ қойды.

Жас буынның елімізге бей-жай қарамайтынына көңілі толған Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: біз бүгінде біздің өзімізді де, меймандарымызды да таң-тамаша қалдыратын елорданы бар-жоғы 10 жыл ішінде тақыр жерден тұрғыздық. Астана барлық қазақстандықтарды бірік­тіретін орталыққа, ортақ мақтанышы­мызға айналды. Қазіргі кезде мұнда бар­лық орталық мемлекеттік органдар орна­ласқан, осы жерде заманалық әлеуметтік инфрақұрылымдар - оқу, медициналық мекемелер, ойын-сауық және сауда орта­лықтары құрылған. Қала белсенді өмір сүріп жатыр, және, әрине, таяу болашақта ол ірі мегаполиске айналады.

- 10 жылдан кейін, Саша, Астана үлкен, миллионды қала болады. Және сен әлемдегі үздік университеттердің бірінде оқитын боласың. Содан кейін сен бизнеске, банкке жұмысқа орналасасың немесе мемлекеттік қызметші атанасың. Сен өзіңнің қалыңдығыңмен біз жасаған тамаша саябақтарда немесе 50 мың гектар ағаш отырғызылған Астананың айнала­сындағы орманда қыдырыстайсың... Сен өзіңнің елордаңмен мақтанатын боласың, ол сол кезде үлкен қалаға айналады және сен өзіңнің ұлыңа шаһар 20 жылдан кейін қандай болатыны туралы әңгімелейсің. Мен саған осыны тілеймін және осылай болғанын қалаймын! - деді Президент».

 

Құдай бұйыртса, біздің Саша балақай 10 жылдан кейін болашақ қалыңдығымен Астананы қыдырыстап,  әлемдегі үздік университеттердің бірінде оқитын болды. Турасына көшсек, Назарбаев атындағы үздік универистетте. Өйткені, ашық желіде Елбасымыз Астанада нанотехнолгия мен биотехнологияның қыр-сырын терең ұқтыратын университет ашылатынын және ол университетке өзінің аты-жөнін беруге келіскенін жасырмады.

 

Айтып-айтпай не керек,  Президент тікелей эфирде 2 сағат 50 минут отырып әрқилы сауалдарға жауап қайырды. Хабар арнасының есебіне жүгінсек,
Халықты әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша - 6218 сұрақ; Тұрғын үй құрылысы және ТКШ жөнінде - 5449 сұрақ; Заң және құқық тәртібі саласынан - 2902 сұрақ; Білім және ғылымнан - 2308 сұрақ; Адам құқықтарына байланысты - 1586 сұрақ; Өңірлерден - 1538 сұрақ; Денсаулық сақтау саласынан - 1317 сұрақ; Банктер мен қаржы жүйесіне қатысты - 1464 сұрақ; Көлік. Инфрақұрылым жайынан - 701 сұрақ; Мәдениет. Мәдени мұра тақырыбында - 638 сұрақ түсіпті.

 

Жоғарыда тізімі көрсетілген сауалдардың арасынан Елбасының көші-қонға, әскери қарулы күштердің  ішкі әлеуетін көтеруге, пармацевтикалық дәрі-дәрмектерді өзімізде өндірудің мүмкіндігіне, шетелден жұмыс күшін тоқтау үшін квота белгілеуге, балабақшаларды көптеп салуға, үлескерлердің талабын орындауға үндеп һәм тиісінше жауап бергені ертеңіне әркез алаң жұрттың көңілін жадыратты.  Тікелей эфирдің қарымтасы ретінде жұрт та жылы лебізін аяған жоқ. Тіпті шетелдік студенттер де таң қалысып, ойларын ортаға салды. Мәселенки, Астанадағы ЕҰУ-нің студенті, түркиялық Синан Эраслан:
- Біздің мемлекетімізде мұндай оқиға ешқашан болған емес. Осы қадамы арқылы президент Назарбаев өзіне сенімділігін, ешқандай да сұрақтан қорықпайтынын көрсетті. Себебі тікелей сұрақтарға, тікелей жауап беру өте қиын нәрсе. Екіншіден, ақпараттық байланыс құралдарының барлығын қолдануы мемелкеттің ғана емес, әрбір адамның заманауи технологияларға ұмтылуына, тікелей дамуға мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді
, - деп Хабар арнасының тілшісіне ағынан ақтарылды.

Ешқандай сауалдарға жауап беруден жалтармайтын, тіпті 1999 жылдан бері қарай шақырылмаған ОБСЕ-нің жинын Астанада өткізіп, ТМД елдеріне қатысты аталған ұйымның орынсыз, артық талап қоятынын бетіне басуға дайын Елбасымыз мына бір төмендегі сауалдарға жауап бере кеткенде ғой дейміз. Қараңыз:

Тәшенов туралы....

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақтың бір туар қаһарман ұлы Ташенов Жұмабек Ақметұлы қазақ үшін, оның ішінде біздерге терістіктің қазақтары үшін, ұлы тұлға. СССР басшыларының қылышынан қан тамып тұрған уақытта елімен жерін қорғап тақты да мансапты да сол үшін құрбан қылғанын бізден де сіз анық қанығын жақсы білесіз. СССР басшысы Хрушев Н. С. және де басқа Политбюроның мүшелеріне қасқайып қарсы тұрып айтқанын «Россияға қосатын Қазақтың артық жері жоқ» деген жалынды сөздерін, үлкен буын ағалар, одан кейінгі біздер, ұмытқан жоқпыз. Сөйтіп, ашық күреске шыққаны үшін ол Оңтүстік Қазақстан облысының атқару комитетінің көп орынбасарларың бірі болып кете барды. Бізге жеткен деректер бойынша сол отырысқа, яғни Ресейге қазақтың жерін беру отырысына Қонаев Д. А. екеуі бірге шақырылған. Сол отырыстан кейін Ташенов Ж. А. тақтан да, бақтан да айырылды. Айырылғанына, бірақ, мойыған жоқ, өйткені қазақ үшін болашақ ұрпақ үшін істеген ісі тақ пен бақтан зор еді. Қонаев Д. А. баққа бақ жалғады. Желтоқсанның қайғылы оқиғасына әкеліп тіреді. Кішкентай құшағымен алып жерді алып қалған осындай Тау тұлға неліктен атаусыз қалып отыр? Тарих қойнауына кірген 1961 жылы болған осы бір оқиғаның кейіпкері Жұмабек ағамыз болмаса біз бәріміз алшандап басып Астанада жүрер ме едік? «Тау алыстаған сайын биіктейді» дегендей осы қаһарманымызды біз неге төбемізге көтермейміз? Қазақстанда қала, аудан тағы басқа елді мекендер аз ба? Астананың, Петропавлдың, Павлодардың атын берсе де осы кісі үшін артық емес. Туған ауданы тұлғасының атын қимай неліктен Аршалы аталып кеткен? Осы ағамыздың атын мадақтауға тұра ма? Сіз не айтасыз?

Хат иесі: Тоты Ақметқызы Маутбаева. Солтүстік Қазақстан облысы, Уалиханов ауданы, Кішкенекөл ауылы, С. Маликов көшесі 72. тел. 87154221865 Электр пошта: Zhusanova_ARG@ mail. Ru

Хан Кененің басы туралы...

 

Здравствуйте, Нурсултан Абиш улы! Уже много лет прах хана Кенесары хранится в Эрмитаже. Когда Казахстан сможет получить его прах и похоронить как следует? Ташкент.

 

Авторы:   Исаев М.   16.11.2009 14:24

 

Латын әрпіне көшу туралы...

 

Бұл көптен бері талқыланып келе жатқан мәселенің бірі. Айтсақ, латын әліпбиіне көшу мүмкіншілігі қаншалықты? Айнаш ӘЛІБЕКҚЫЗЫ. Ақтөбе облысы

Авторы:   ainawberish80@rambler.ru   16.11.2009 14:16

 

Тіл туралы..

 

Кеш жарық Нұрсұлтан Әбiшұлы! Менiң Сiзге қоятын сауалым: Қазақстан бойынша қазақ тiлiне түгелдей көше аламыз ба?

 

Авторы:   guli_0910@mail.ru   15.11.2009 17:58

 

Құрметтi Ел басы Нұрсұлтан Әбiшұлы! Қазақстанда ана тiлiмiз (қазақ тiлi) қатты қолға алынар ма екен? Яғни осылай орыс тiлiмен егiз болып өмiр сүре береді ме қазақ елiнде?

 

Авторы:   Бейбiт Iзмаханулы   15.11.2009 14:33

 

Құрметті Президент мырза! Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру - бүгінде әсіресе тіл жанашырларының жанайқайы, әрі міндеті. Соңғы заң актілеріне енгізілген өзгерістер шемішкеше көбейіп келе жатқан шет тіліндегі атауларды ретке келтіруде және тіл туралы заңның талаптарын жүзеге асыруға кері әсерін тигізуде. Бүгінде жеке касіпкерлерге мына көрнекіліктерің дұрыс емес, дұрысы былай болады деп айтқан жай ескертулері үшін бірқатар әріптестеріміз прокуратура органдарында сұраққа алынуда. Кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалып жатқанына карсы емеспіз, керісінше, олардың жұмысы жүрген сайын бюджетке қосымша қаржы түсетіні белгілі. Дегенмен, оларға жасалған жеңілдіктер негізінде көрнекі ақпараттағы сауатсыздық белең алуда. Бұл мәселені кәсіпкерлермен келісіп шешудің жаңа жолдарын айқындап берсеңіз?

 

Авторы:   Aлия Aзбергеновa

 

Тіл үйрену туралы..

 

Здравствуйте! Меня зовут Ольга, я за мужем, у меня двое маленьких детей. Работаю полный рабочий день, свободного времени очень мало, но при всем при этом хотелось бы владеть государственным языком! При моих попытках найти обучение казахскаму языку в интернете (на которое я могла бы уделять до 10-20 мин в день, в рабочее время) к сожалению не чего нет!!!! За то можно даже еврит выучить!?! За ту сумму, что предлагают взять уроки казахского языка на DVD, можно индивидуально с преподавателем учить любой иностранный язык! Связи с этим у меня возникает вопрос, когда изучение казахского языка будет доступо для изучения? Если есть курсы казахского языка в интернете или скоро планируется, будьте любезны сообщить мне этот адрес. Заранее спасибо!

Авторы:   ritchenko-kz@mail.ru   16.11.2009 15:27

 

Ескерткіштер туралы..

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақ елінің азаматтары ретінде Отанымыздың жаңа астанасында «Қазақ елі» монументінің ашылуын аса ризашылықпен қостай отырып, осы сияқты монументтер Республикамыздың әрбір түпкірінде орналастырса да артық болмас деген ойдамыз. Осы ойымыздың орындалу мақсатында Астанада тұрған Қазақ Хандығының негізін құрушы Жәнібек пен Керей хандарының мүсіндерін Хан Ордасы Сарайшыққа (Атырауға) әкеліп қойсақ дейміз. Мүсіндерді өңдеу, Сарайшыққа жеткізу және орналастыруға кететін шығындарды өзіміз жинастырып табамыз. Бұл шараны іске асыру үшін, Сіздің қолдауыңызды сұраймыз.

 

Атырау қаласының тұрғындары Қ.Ізбасов А.Мұратұлы

muratuly@mail.ru   16.11.2009 16:36

 

Бұның бәрі Мәдениет. Мәдени мұра санатына келіп түскен сауалдардың бір парасы. Бұл санаттағы сауалдар топтамасына дөй-далаға лаққан хаттарға да орын беріліпті. Ішінде маңызды, салмақты сұрақтармен пікір, ұсыныстар да жетіп артылады. Алайда Президент  Мәдени мұра бағдарламасы жайында ғана жалпы әңігмелеп  өтті. Сол себептен де,  күресін күзетіп, қоқысқа тасталған Әз Жәнібек пен Керей хан ескертікіштері мүсіндерінің «мүскін» хәлі өкінішке қарай Елбасының мархамматты жауаптарының қатарына ілінбей қалды. Осыған күдігіміз болып біз «Президент хандардың ескерткішіне қатысты жастардың сұрағына үн қата ма?» деген сауалнама жасаған едік.  Сауалнамаға барлығы 143 адам қатысып, оның 55% «жоқ» деп, 11%  «айта алмаймын» деп жауап беріпті.  Сауалнамаға қатысқандардың 34%-ы «үміт ең соңында өледі» демекші, Елбасының үн қататынынан күдер үзбепті.

Міне, осымен тікелей желі туралы сөз де, Елбасының жауабына қараған Ескерткіштердің мән-жайы да тәмәм. Бірақ, уақытша ғана... Себебі, мәдениет пен тарихтан туындайтын сауалдардан айналып өтіп, оларды ұмыт қалдыру мүмкін емес.

«Абай-ақпарат»

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396