Айдос Сарым. Үлкендердің үн қатқаны бар болсын!
"Өтірікті кешіруге болады, бірақ ақтауға емес". Асқар Сүлейменов
Жәнібек пен Керей бабаларымыздың ескерткіштеріне қатысты дау шыққан кезде жастар тарапынан «Билік неге үнсіз отыр?», «Үлкендер неге үн қатпайды?» деген сұрақтар қойылып еді. Оны да көрдік. Көрдік те жағамызды ұстадық. Биліктегілердің иманы, үлкендердің ұлағаты қалмағанға ұқсайды.
«Сасқан үйрек артымен жүзеді» деуші еді дана халқымыз. Сасқан билік Қойшығара Салғара ағамыздың аузымен сөйледі. Өткен аптада биліктің ғасырлық қайғы-мұңын арқалаған тарихшы ағамыз алдымен «Егемен Қазақстанға», артынан «Ана тілі» газетіне «Ұшқары сөз - ушықтыруға себепші» деген мақаласын жариялады. Айналып келгенде оның мазмұны «ескерткіштер заңсыз жасалған, олардың сапасы нашар, сондықтан оларды Астанаға орнатуға ешқандай қисын жоқ» деген үш сөйлемге саяды. Онысын аз көргендей данагөй ағамыз «Сабыр түбі - сары алтын», «Ештен кеш жақсы» сияқты жаттанды мәтелдер мен қағидаларды тізіп, «хандардың атын желеу етіп, аттанға айқай қосып жүргендерге», яғни біздерге біраз «нақыл» айтып тастапты.
"Өтірікті кешіруге болады, бірақ ақтауға емес". Асқар Сүлейменов
Жәнібек пен Керей бабаларымыздың ескерткіштеріне қатысты дау шыққан кезде жастар тарапынан «Билік неге үнсіз отыр?», «Үлкендер неге үн қатпайды?» деген сұрақтар қойылып еді. Оны да көрдік. Көрдік те жағамызды ұстадық. Биліктегілердің иманы, үлкендердің ұлағаты қалмағанға ұқсайды.
«Сасқан үйрек артымен жүзеді» деуші еді дана халқымыз. Сасқан билік Қойшығара Салғара ағамыздың аузымен сөйледі. Өткен аптада биліктің ғасырлық қайғы-мұңын арқалаған тарихшы ағамыз алдымен «Егемен Қазақстанға», артынан «Ана тілі» газетіне «Ұшқары сөз - ушықтыруға себепші» деген мақаласын жариялады. Айналып келгенде оның мазмұны «ескерткіштер заңсыз жасалған, олардың сапасы нашар, сондықтан оларды Астанаға орнатуға ешқандай қисын жоқ» деген үш сөйлемге саяды. Онысын аз көргендей данагөй ағамыз «Сабыр түбі - сары алтын», «Ештен кеш жақсы» сияқты жаттанды мәтелдер мен қағидаларды тізіп, «хандардың атын желеу етіп, аттанға айқай қосып жүргендерге», яғни біздерге біраз «нақыл» айтып тастапты.
Қойшығара ағамыздың мақаласын бір рет емес, бірнеше рет оқып шықтық. Бәлкім, біз білмейтін гәп бар шығар деп, қайта-қайта қарадық. Салиқалы ой, қисын іздедік. Таба алмадық, таппадық. Мақалада қисыннан гөрі жалпылама сөз, сабырлы ойдан гөрі қитұрқы айла, парасаттан гөрі насихат басым көрінді. Әрине, аға буын үшін «сабыр түбі - сары алтын» болар, алайда «ар», «ұят», «ұждан», «намыс» дейтін категориялар да бар емес пе? Ұлт мұраты биылғы жылдың соғымынан да жоғары ұғым емес пе? Ұлт мүддесі Сарыарқаның сүрлі етінен де құнды дүние емес пе?
Шынын айтайық, ескерткіштерге қатысты акцияны бастар алдында біздер қатты ойландық. «Біздің қолымыздан не келеді, не істей аламыз?» деген сұрақтарды өзімізге өзіміз қоя бердік. Қарап отырсақ, қолымыз қысқалау екен. Сөзіміздің адалдығы мен ісіміздің дұрыстығынан басқа ешқандай аргументіміз жоқ екен. Құдайға мың шүкір, біздердің мемлекеттік пәтерлерден, атақтардан, қызметтерден, ордендерден, премиялардан, жер учаскелерінен үмітіміз жоқ. Біреуге ұнауға, ұпай жинауға тырысқан жоқпыз. Айтарымызды айттық, жазарымызды жаздық. Абырой болғанда жастар жағы қорықпай үн қосты, талабымызды қостап қол қойды. «Жас буынның наразылығын көріп отырған билік не істейді, не дейді?» деп тағы ойландық. Мұнайдың буына басы айналған биліктен парасат күтпесек те, «ондағылар да қазақ емес пе, қазақтығын жасайтын болар» деген көкейіміздегі үміт отын өшірмедік.
Міне, жауап та келді. Әншейінде алдына адам шығармайтын билігіміз бұл жолы Қойшығара ағамыз бен бір топ сәулетшілерді дабырлатып, солардың артына тығылып қалды. Қазақ жастарын елең еткізген оқиғаға қатысты биліктің бар айтары Қойшекеңнің мақаласы болса, онда биліктің айтар сөзі де, уәжі де қалмапты. Жастардың барлығы тарихшы ағамыз бен астаналық сәулетшілердің сөзіне иланады, райынан қайтады деп ойласа, биліктің есебі түгел емес екен.
Қойшығара ағамыз мықты тарихшы, жазушы шығар. Сөз жоқ, елге еңбегі сіңді. Осыған дейін де, осыдан кейін де ұлтымызға пайдасын тигізер. Алайда, ұлттық мүддеге ағайыншылық жүрмейді! «Айтылмаса сөздің атасы өледі» деген қағиданы негіз етіп, ғалым ағамызға және ағамыздың «істеп жатқан жұмысын тастатып», «халқымыздың өткен тарихына үңіліп, оның төл болмысын танып-түсіну жолынан» тайдырып, күнделікті күйбең тіршілікке назар аударуға бел буғызған «күштерге» төмендегідей жауап бергенді жөн көріп отырмыз.
Біріншіден. Ескерткіштердің дауы - тек қана тас пен темірдің ғана әңгімесі емес. Ол ұлттық тарихымыз бен зердемізге қатысты принциптік мәні бар мәселе. Біз белгілі бір адамдарға, шенеуніктерге, топтарға қарсы шығып отырған жоқпыз. Біз тарихымызды, ұлттық мемлекеттігімізді соңғы жиырма жылмен шектеудің қате екендігін айтып отырмыз. Біз мемлекетіміз бен ұлтымыздың терең тарихи дәстүр мен құндылықтарға негізделгенін қалаймыз. Өзінің тарихынан бейхабар, ұрпақтардың тарихи сабақтастығын жоғалтқан қоғам ұзаққа бармайды, заманның сынағына шыдай алмайды. Олай болатын болса, Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керей хандарға Астананың төрінен ескерткіш қою - біздің қоғамымыздың, билігіміздің зиялылығын растайтын, дәлелдейтін үлкен рухани маңызы бар саяси қадам.
Барлығы биліктің қолында. Егер билік қоғамның дауысын естіп, сөзін тыңдаса - ел тынышталады, аруақтар жай табады. Билік өзінің ұлттық тарих пен зердеге деген ықыласын танытып, өз ұлтымен бір рухани кеңістікте өмір сүріп жатқанын дәлелдейді. Ал егер билік бүгінгі райынан қайтпаса, ерегесіп ескерткіштерді бұзса, балқытуға жіберсе, онда үлкен саяси қателікке жол ашылады. Бұл оқиыға ешқашан ұмтылмайды. Осындай тарихи вандализмге жол бергендердің, заңсыздықтар мен олқылықтарды тоқтатпағандардың алдынан үнемі шығады да отырады. Оның үстіне қазақ үшін «аруақ», «кие» деген ұғымдардың бос сөз еместігі де анық. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақылды да еске салған артық болмас.
Екіншіден. Біз Қойшығара ағамыз бен астаналық сәулетшілердің батыр бабаларымыздың ескерткішіне қатысты айтқан «эстетикалық сынына» қарсымыз. «Біздің хандарымыз бен батырларымыздың бет-әлпеті, дене-тұрқы біраз «қытайланып» кетті», «Керей мен Жәнібектің жаңа ұлысты құрып жатқан, тәуекелге бел байлаған, берік шешімге бекінген адамдардай емес, ойдағысын орындап, елдің көсегесі көгергенін көріп үлгергендей қалыпта бейнеленгені ойландырады» деген тезистерді қабылдау қиын. Таза қазақи антропологиялық бет-әлпет табу мүмкін емес. Айналып келгенде, біздерді де, Қойшығара ағамызды да «қытайға» ұқсатуға болады. Хандарымыздың «имперлік» мінез танытып, болашаққа сеніммен қарауы да заңды. Әлде ағамыз олардың «ендігі күніміз не болады, енді қайттік» деп, қайғыланып, қапаланып, тұқиып, тұнжырап тұрғанын қалай ма? Яғни ескерткіштерге қарсы айтылып отырған сынды сын емес, оларды құрту үшін айтылған сылтау деп қабылдаған дұрыс болар.
Үшіншіден. Ескерткіштердің сыншылары оларды жасау кезіндегі заңнама мен тәртіптің бұзылғанын тілге тиек етеді. Қойшығара ағамыздің өзі: «елімізде орнатылған басты ескерткіштің жасалуына Мемкомиссияның бейтарап қарауының, жұмысқа тапсырыс берушілердің бейқамдығының, мемлекет қаржысының қалай, қайтіп жұмсалғанының себеп-салдарына тоқталып, кінәлілердің атын атап, түсін түстеуді жөн көрмедік. Ол өз алдына жеке мәселе деп білдік», - дейді. Осының өзі барып тұрған цинизм емес пе? Егер Жәнібек пен Керейдің ескерткіші бұзылып, балқытуға жіберілсе онда бұл мәселе мемлекет қаржысын талан-таражға салу болып шықпай ма? Ондай болатын болса, амалсыз «кінәлілерді» іздеп, оларға қарсы қылмыстық іс қозғауға тура келеді. Сонда бұл іспен тарихшылар мен сәулетшілер емес, прокуратура мен қаржы полициясы айналысуы керек. Көксегеніміз сол ма?
Біздің ойымызша, қалыптасқан жағдайда билік волюнтаристік, менмендік, өзімшілдік позициядан кетіп, қоғаммен, зиялы қауыммен тіл табысу жайын ойлағаны абзал. Егер Астана қаласының басшылығы Жәнібек пен Керейдің ескерткішін «Қазақ елі» монументіне қоюға болмайды деген үзілді-кесілді пікірде тұрса, онда олардың тарихи рөлі мен мәртебесіне сай басқа орынды анықтасын. Құдайға шүкір, ондай орындар Астанада баршылық. Қалғанын қоғамның өзі де атқара алатыны туралы біздер мәлімдеген болатынбыз. Ең дұрысы Астана қаласының әкімдігі тарихшыларды, мамандарды жинап, арнайы дөңгелек үстел өткізуі керек. Оған бүгінгі күні осы мәселе бойынша билікпен айтысып жүрген азаматтар да қатысуы міндет. Осы алқалы жиында компромисті шешім қабылдануы тиіс! Қалған жолдардың барлығы тығырыққа тіреп, қайшылықтың одан әрі тереңдеуіне апарады.
«Абай-ақпарат»