Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4408 0 пікір 24 Қараша, 2009 сағат 11:11

Тыңшы

Мұстафа Шоқайға қатысты құжаттарда қылаң беріп қалатын бір есімнің сыры

Жазушы ағамыз Әкім Таразидың "Егемен Қазақстандағы" ұлы күрескер Мұстафа Шоқай туралы жазған мақаласын оқып, қуанышқа кенелдік. Қаламгердің: "Ол әлі шығыс халықтарына үлгі болады. Адамзат тарихында аса ірі тұлға ретінде ірілене береді", деген ой-пікірлеріне қалай қосылмасқа?! Мақаласының соңында автор ардақты аға туралы роман жазып жатқанын сирек деректер оқырманның өзінен болсын, соны күтемін деген екен. Соған орай аталмыш материалда баяндалған "барлаушы" немесе "тыңшы" болған Байдырахман туралы нақты деректерге жүгініп, бар шындықты жария еткенді жөн көрдік.

Кезінде Мұстафа Шоқайдың басшылығымен Парижде басылып шыққан "Жас Түркістан" журналының 1931 жылғы  16-шы нөміріне белгісіз автордың "Большевиктердің бізге қарсы әрекеті" деген атпен әшкереленіп қалған бір сатқындық туралы мақаласы жарияланды. Онда Ғалижан Мирсадықұлы есімі келтіріледі. "Жанарын жасқа толтырып, жұрт дегенде жүдеп, "ұлттық құтқару", "тәуелсіз Түркістан" деген сөздерін аузынан түсірмей жүрген жас жігіт ГПУ-дің нағыз агенті болып шықты" ,- деп бастайды автор мақаласын.

Мұстафа Шоқайға қатысты құжаттарда қылаң беріп қалатын бір есімнің сыры

Жазушы ағамыз Әкім Таразидың "Егемен Қазақстандағы" ұлы күрескер Мұстафа Шоқай туралы жазған мақаласын оқып, қуанышқа кенелдік. Қаламгердің: "Ол әлі шығыс халықтарына үлгі болады. Адамзат тарихында аса ірі тұлға ретінде ірілене береді", деген ой-пікірлеріне қалай қосылмасқа?! Мақаласының соңында автор ардақты аға туралы роман жазып жатқанын сирек деректер оқырманның өзінен болсын, соны күтемін деген екен. Соған орай аталмыш материалда баяндалған "барлаушы" немесе "тыңшы" болған Байдырахман туралы нақты деректерге жүгініп, бар шындықты жария еткенді жөн көрдік.

Кезінде Мұстафа Шоқайдың басшылығымен Парижде басылып шыққан "Жас Түркістан" журналының 1931 жылғы  16-шы нөміріне белгісіз автордың "Большевиктердің бізге қарсы әрекеті" деген атпен әшкереленіп қалған бір сатқындық туралы мақаласы жарияланды. Онда Ғалижан Мирсадықұлы есімі келтіріледі. "Жанарын жасқа толтырып, жұрт дегенде жүдеп, "ұлттық құтқару", "тәуелсіз Түркістан" деген сөздерін аузынан түсірмей жүрген жас жігіт ГПУ-дің нағыз агенті болып шықты" ,- деп бастайды автор мақаласын.

Ғалижан Мирсадықұлы 1929 жылы Түркістаннан Иранға келген. Сол жерде ГПУ-дің тапсырмасымен Иран үкіметі мен Үндістандағы Англия үкіметіне қарсы ұйымдар құрған. Сонымен қатар ГПУ оған сондағы түркістандықтардың кімдер екенін анықтап, оларды суретке түсіріп алуды тапсырған. Оны ол тағы бір агент - қоқандық Махмут Ғазизханов екеуі орындаған. Бірақ істері әшкереленіп қалған соң Ғалымжан Кеңес елшілігіндегілердің көмегімен Ташкентке қайта оралады. Сондағы ГПУ-дің нұсқауы бойынша көп кешікпей Мәскеуге барып, орталық ГПУ-ден жаңа тапсырма алады.

Бұл жолы ол "Садықов" болып Ыстамбұлға аттанады. Енді сөз кезегін тыңшының өзіне берейік: "Маған берілген нұсқауға сәйкес мен бұл жердегі түркістандықтар ұйымдары маңайында кімдер жүргенін білуім керек еді. Ұйымның мемлекетте адамдары бар ма? Бар болса кімдер екенін де анықтауға тиіс болатын­мын. Одан кейін Парижге барып Мұстафа Шоқай және оның төңірегіндегілер туралы мате­риалдар жинауым керек еді. Одан соң Берлинге соғып, тағы осындай міндеттер атқарғаннан кейін, мемлекетке қайтып кетуге тиіс болдым..."

Осы жерде бір сауал туындайды. Ол: "Жас Түркістан" жазған "Садықов" кім болды екен? - деген сұрақ. Біреулер: "Өзіміздің жерлесіміз Байдырахман Садықов емес пе?" -дейді. Деректерге қарағанда оның оған қатысы жоқ сияқты. Бірақ "чекистік" өмірбаяндары ұқсайтындығы анық. Олай дейтініміз...

Оқырмандардың есінде болар, сексенінші жылдардың ортасында Байдырахманның есімі бүкіл елге тарап, күтпеген жерден оның үлкен абыройға ие болғаны. Сол кездері республикалық және облыстық газеттер "Арал қорына 100 000 сом аударған КГБ-нің полковнигі және кәсіби барлаушы" деп оны жер көкке тигізбей мақтап жатты. Ал обкомның бірінші хатшысы Е.Әуел­беков игілікті іске лайықты баға берілмеді деп бас­пасөзді қатты сынға алды. Облыстық газет редакторларын кабинетіне шақырып, Б.Сады­қов­тың адамгершілігін жұртқа жеткізуді бұйырды. Осыдан кейін журналистер оны бір бірінен қағып әкетіп, ақсақалдың "көрінбейтін майдандағы" қызметі туралы айтқан әңгімелерін сүйсіне тыңдады.

Байдырахман қариямен кездесуді еліміздің атақты адамдары да арман етті. Соның бірі Арал проблемасымен кезінде белсене айналысқан ақын ағамыз Мұхтар Шаханов болатын. Бірде облыстық атқару комитетінің конференц залында өткен Бүкілодақтық экология жиналысында Мұхаң үлкен мінберден: "Арамызда Арал қорына 100 000 сом аударған дархан жанды азамат отыр. Ол - бұрынғы барлаушы, КГБ полковнигі Аль-Арали Зуфар- Агзам ибн Имам Садық немесе Садықов Байдырахман",- деп ақсақалды президиумға шақырады. Осыдан кейін оның аты аңызға айналды.

"Атақты" барлаушымен кездесуге сол кездері облысымызда гастрольде жүрген әйгілі әншіміз Роза Рымбаева да ықылас білдірді. Бұл жүздесу "Қызылорда" қонақ үйінде өтті. Розаның қарияның игілікті ісіне риза болғаны соншалық, тіпті көңілі босап, шын қуанышын жасыра алмай көзіне жас алды. Соғыс кезіндегі ерлікке толы әсерлі әңгімелерін тыңдап болған соң барлығы ескерткішке суретке түсті. Журналистердің қоршауында тұрған Р.Рымбаева мен "ержүрек" Б.Садықовтың фотосуретін келесі күні оқырмандар облыстық газеттің бетінен көрді.

Ресми органдар да қарап қалған жоқ. Оған кезексіз пәтер, мебель, тіпті автомашинаға дейін бөлінді. Сонымен қатар еңбекшілердің "өтініш­тері" бойынша Арал қаласының құрметті азаматы атағын беруге құжаттар да әзірленді.

Ал, интервью, кездесулер ше !? Мұның шеті де,  шегі де жоқ еді.

Көп кешікпей оның өмірбаянын жұрт жатқа біле бастады. Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Сұлутөбе қыстағында туып-өскен ол өзін Мұстафа Шоқайдың жақын туысымын деп таныстырды. Соғыстан бұрын қауіпсіздік органдары оны барлау жұмыстарына қатыстырған сияқты. Өзінің айтуынша 1940 жылы Ташкентке Германиядан кәсіпкерлер тобы келетін болған. НКВД-нің мәліметтері бойынша оның ішінде Мұстафа Шоқайдың бірінші әйелінен туған жалғыз қызы Лямира Сафиет те бар екен. Сондықтан да Ташкенттегі НКВД-нің басшы­лары­ның бірі Кузьмич-Ходжаев Байдырахманға М.Шоқаймен туысқандығын пайдаланып Л.Сафиет арқылы Германия мен Англия құпия­ларына жол ашуды ұсынады.

Әдепкіде Б.Садықов бас тартады. Кейін "халық жауы" болып жазықсыз жазаланған әкесі Садық Тәжиевтің ақталуына жәрдем береміз деген соң келісуге мәжбүр болған. Тапсырма бойынша соғыстың бас кезінде Берлинде өзінің туысы Мұстафа Шоқаймен, ал Ташкент қаласында қызы Лямира Сафиетпен кездеседі. Егер  Мұстафа Шо­қай­ды немістің  генерал-лейтенанты және "Түр­кіс­танның фюрері" (ол кезде М.Шоқай "халық жауы" болып саналатын, сол себепті Б.Садықов кезінде осындай пікірде болған - автор) десе, Лямира Сафиетті "абвер агенті", ал оның куйеуі Болдтты ағылшын "барлаушысы" дейді. Сөйтіп, Германия мен Англияның бар құпияларын солар арқылы өз қолына ұстағандай етіп суреттейді. Тіпті, фашистік Германияның барлау қызметінің атақты генералы Шелленбергтің адамдарымен бір өзі жеке күрескенін айтқанда, оның бұл ерлігіне таңғалмау мүмкін емес.

Сонымен қатар, ол 1943 жылы Тегеран қаласында болып өткен "Үлкен үштік­тің" қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсене араласыпты. Ол ол ма, соғыс аяқталған соң да Қытай, Ауғанстан, Иран және басқа Шығыс елдерінде КГБ-ның жауапты тапсырмаларын абыроймен орындағанға ұқсайды. Бірақ: "Ол туралы айтуға әлі ерте, - дегені бар Б.Са­ды­қовтың. - Кезегі келгенде оны да айтармыз".

Байдырахман қариямен кездескен адамдар оған жоғары баға берді. Ол кім екенін көрсете білетін адам. Керек кезде өзін салмақты, көпті көрген нағыз кәсіби маман етіп көрсетеді. Оның "барлаушылар" өмірінен алынған әңгімелері тыңдаушыларға ұмытылмайтын әсер қалдырды. Тіпті, кейбір монологтары кітапқа сұранып тұрғандай. Әсіресе, белгілі бір тарихи деректерді ебін тауып өзінің өмірбаянына қосып айтқанда ол тыңдаушыларға әсер етпей қоймайды.

Кезінде облыстық "Путь Ленина" газетінің бірнеше санында тілшілер В.Ф.Ли мен Н.И.Щербаков  жазған "Возвращение Аль-Арали или несколько страниц из жизни полковника Садыкова" атты хикаяны кім қызығып оқымады дейсіз!?  Ол жарияланым Б.Садықовқа қатты әсер етсе керек, кешікпей әлгі журналистерге өзінің "барлаушы" ретіндегі қызметі туралы жазған кө­лем­ді қолжазбасын әдеби өңдеп беруге ұсынады.

Әрине, журналистер әріптестерінен үздік шығуға мүмкіндік алғанына қатты қуанады. Олар Б.Садықовтың өтінішіне келісіп, ақы төлеу тәртібіне тоқталады. Тілшілермен бірге "Арай"  мөлтек ауданына барып, олар ұнатқан жазғы үйді сатып алып беруге келіседі. Журналистер мөлтек ауданды ұзақ аралайды. Ақырында бұрынғы аудандық партия комитетінің хатшысы Ә.Бай­шуа­қовтың жазғы үйіне тоқталады. Үй иесі дачасын тоғыз мыңға бағалайды. Ол кезде бұл үлкен сома еді. Дегенмен, Б.Садықов саудаласпай-ақ осы бағаға келіседі. Бірақ жинақ кассасынан қажет ақшаны алып келуге Алматыға баратынын айтады. Өзін сендіру үшін тап сол жерде тура бір миллион сом ақша жазылған жинақ кітапшасын көрсетеді. Сөйтіп, аяқ астынан Алматыға кетіп қалады. Сол кеткеннен қайтып оралмайды.

Ал, қолжазба... Иә, қолжазба мен газеттер қиындысындағы сюжет "Қазақстан чекистері" сериясымен басылып шыққан кітаптардан алынған плагиат екені анықталады.

Көп кешікпей оның басқа да қитұрқы қылықтары ашылады. Бірінші болып мемлекет қауіпсіздік комитетінің отставкадағы подполков­нигі С.Ізтілеуов дабыл қағады. Обкомның бірінші хатшысы Е.Әуелбековке жазған хатында ол Б.Садықовтың КГБ полковнигі және барлаушысы екендігіне, сондай-ақ, басқа да ерлік істеріне күмән келтіреді. Осыдан кейін оның кейбір заңға сыймайтын іс- әрекеттерімен органдар айналыса бастайды. Облыстық ішкі істер басқармасы оған қарсы қылмыстық іс қозғайды. Алдын-ала тергеу барысында оның Арал қорына 100 000 сом өткізгені, қауіпсіздік комитетінің полковнигі және барлаушысы екендігі мүлдем өтірік болып шы­ғады. Сөзімізді дәлелдеу үшін біз оқырмандардың на­зарына сол кездегі тергеуде алынған құжаттардың бірін ұсынайық. Ол мынау:

Удостоверение

Серия 5     67403

Воинское звание:   полковник КГБ

Фамилия,имя,отчество: Садыков Байдырахман Садыкович

Псевдоним: Аль-Арали Зуфар Ибн Имам-Садык

Предъявитель удостоверения является инва­лидом Отечественной войны первой группы и имеет право на льготы и преимущества установ­ленные законодательством СССР и союзных рес­пуб­лик для инвалидов Отечественной войны.

Удостоверение бессрочное и действительно на всей территории Союза ССР

Начальник пенсионного отдела Главного управления агентурностратегической разведки "Центр" Министерства Обороны СССР

6 мая 1985 года             (қолы)

Алдын-ала тергеу кезінде бұл жалған куәлік болып шықты. Бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігінен келген жауапта: "Таких форм удостоверений в Министерстве Обороны СССР не существует", - делінген.

Садықов Байдырахманның Ұлы Отан соғы­сына қатысқанына да күмән келтіруге болады. Тергеу құжаттарына қарағанда ол Алматыдағы әскери училищені бітірген соң Ашхабад, Ферғана қалаларында жаттығуда болған. Тек 1941 жылы тамыз айынан желтоқсанға дейін Оңтүстік майданға барып, кейін әскери училищеге қайта оралған. Ең соңғы әскери атағы - лейтенант.

Бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігінің берген жауабында оның барлау органдарында жұмыс істемегені туралы үзілді-кесілді айтылған. Сондықтан да тергеу орындары Садықов Байдырахманнан теріс іс-әрекеттерін тоқтатуды талап еткен. Бірақ ол өзін "қауіпсіздік орган­дарының полковнигімін", "барлаушымын" деп, Мұстафа Шоқай және оның "қызы Лямира Сафиет" жайындағы аңыз- әңгімелерін бұрынғыша таратып жүрді. Оған сенетін адамдар да аз болған жоқ.

1994 жылғы 14-16 наурызда "Алматы ақшамы" газетінде  Б.Жиенғалидің  "Мұста­фа­ның қызы Лямира  Меккеде тұрады, бірақ оның арманы Қазақстанға келу" атты мақаласы жарияланды. Онда автор қолына Аль Араби Лямира Сафиет Ибина Мұстафа Шоқай бей, яғни Мұстафа Шоқайдың бірін­ші әйелінен туған қызының сонау Меккеден өлеңмен жазылған хаттың түсуін хабарлайды.

Әрине, Мұстафа Шоқайдың жанашыр­лары­ның бірі ретінде оның туған қызы табылып жатса неге қуанбасқа? Бірақ автор өлең хаттан үзінді келтіре отырып, куәлікке баяғы Б.Садықовты шақырады. Оны оқырмандарға Ұлы Отан соғысы жылдары шет елдерде кеңестік барлау тапсырмаларын орындаған, отставкадағы полковник деп таныстырады. "Атақты"  барлаушы генерал-лейтенант Мұстафа Шоқаймен (әңгіме иесі оны сондай "дәрежеге" дейін көтереді) және оның қызы, абвер агенті Л.Сафиетпен барлау органдарының тапсырмасымен кездескенін одан сайын жандыртып: "Лямира Сафиет - Мұстафа Шоқайдың бірінші әйелінен туған қызы. Мұсекең оны үш айлығында Түркияда анасымен тастап кетуге мәжбүр болған, кейіннен әкесі оның тағдырымен айналыспады. Алайда жас арудың жалғыз қызын тәрбиелеп, оқытуға, өсіруге шамасы жетті. Оған еуропалық тамаша білім алып берді. Лямира түрік, араб, неміс, ағылшын тілдерін ана тіліндей білді. Жас кезіндегі оның сұлулығы бүкіл шығыс елдерін таңқалдырғаны рас...", - дейді.

Аталмыш өлең хатының соңында Л.Сафиет былай депті: "Қарсы алсаң құшақ жайып перзентім деп, Еліме миллион доллар алып барам".

Бұл өлең хаттың жарияланғанына да аз уақыт болған жоқ. Бірақ әлгі Лямира Сафиеттен күні бүгінге дейін хабар болмады.

Жазушы Әкім Таразидың мақаласындағы Байдырахман мен әңгіме болып отырған Б.Садықов екеуі бір адам екенін несіне жасырамыз. Қаламгерге айтқан әңгімесін Б.Садықов өзінің "Мұстафа Шоқайұлымен кездесу" (телефильм сериясының арнауынан) деп аталатын жазбаларында да айтқан. Онда былай делінген: " Мен, Садықов Байдырахман, 1941 жылы қараша айында туған ауылым Қызылорда облысы Сырдария ауданы, бүгінгі Мұстафа Шоқай атындағы совхозға келдім. Бұл менің арнайы тапсырмадан оралған соң алған  демалысым еді. Бұдан бір ай бұрын, яғни 1941 жылдың қазан айында немістердің қолына өткен Украинаның Винница деген қаласында, 1-10 қазан аралығында Мұстафа Шоқайұлымен кездестім. Менімен бірге украин қызы Кириченко Мария Ивановна болды, үйленген кісім еді. Ол да менімен бірге сол жылдың қыркүйек айында бір айлық барлаушылар курсын тауысқан болатын. Бұл курс Карелофин автономиялы республикасының Петрозаводск орманында орналасқан. Күреске жалпы басшылық сол кездегі Карелофин комсомол ұйымының бірінші хатшысы Андропов болды (онымен бірге түскен сол кездегі суретім өзімде сақтаулы). Винницаға баратын барлау жұмысыма әйелім Кириченко Мария Ивановна, мен, Садықов Байдырахман (ол жаққа Сыздықов Байдырахман болып бардым) және НКВД лейтенанты, бірінші бас басқарманың қызметкері Петров Иван Григорьевич болды. 1941 жылғы 1 қазанда бізді самолетпен Винница қаласы маңындағы үлкен орманның ішіне апарып тастады. Сол жерде Сайрам (жасырын аты) деген қазақ жігіті күтіп алуға тиісті болатын, бірақ келмеді.... Менің әйелім Марияның әкесі соғыс алдында Винницада обкомның екінші хатшысы болған, ал біз барған кезде Винница маңында шағын партизан тобын басқарады екен. Демек, біз өзіміздегі осындай мәліметтерге сай Марияның әкесі Иван Кириченконы іздедік. Бірақ кездесудің сәті түспеді. Осыдан кейін Марияның Винницадағы  мектепте бірге оқыған жолдастарын іздеп таптық та, ол сонда қалды, ал мен тұтқын­дағыларға қосылып Мұстафаның тұрған жеріне кеттім..."

Қысқасы, Б.Садықов сол жолы Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Қалған хикаясын жазушы Әкім Тарази аталмыш мақаласында баяндап берді. Б.Садықов телесценарий соңына былай деп қол койыпты: "Отан қорғау Коми­тетінің орталық барлау басқармасының агенті, КГБ полковнигі Б.Садықов (лақап атым - "Аль-Арали Зуфар Мухамед-Дин-Шебер-дин) 25.08.92." (Бұл жолы ол жазушыға өзін Ресей армиясының запастағы генерал-майоры деп таныстырған. Дұрыс қой, қашанғы енді полковник болып жүре берсін!?)

Соңғы рет қызылордалықтар Б.Са­ды­қовты тоқсанышы жылдардың ба­сында Қызылорда темір жол вокзалында көріпті. Кездескен адамдарға Мәскеудегі болатын бұрынғы барлаушылардың кездесуіне бара жатқанын айтқан. Расында да, көргендер "оның қолында Ресейдің бұрынғы Сыртқы Барлау директоры Евгений Примаков қол қойған шақыру билеті болды", - дейді.

Біз білетін Байдырахман Садықовтың хикаясы осындай.

 

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ, ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі. Қызылорда.

«Егемен Қазақстан», №386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320