ҚАНДЫ ПЫШАҚ
Батыржан Қазанда тұратын қазақ ұланы еді. Анасы айналып-толғанып өсірді. Өзіңді емес ұлтыңды сүюден айныма деді. Өзі де айрықша, қатарынан озық ойлы болып, он сегізге толып еді, иә, сәт деп ғылымға бет бұрған. Тірліктегі жамандық анталап тұрса да, әр ісіне абайлап қарады. Сақ жүрді, өзіне сенгесін абдырамады. Ел-жұрты "жол болсын, талап оң болсын" айтты, әлей болсыны томашадай жүрегінде жатты. Әуелеп ұшқан талап қанат қақты. Әрқашан да жоғалғанды жоқтап, соны табуды мақсат етті. Тарихтың бұрма жолын байқап ғылыми байламға ден қойды. Байыз таппады. Университетті бітірісімен татар елінің астанасындағы үлкен ғалым В.В.Ивановтың аспиранты атанды. Мінез-құлқы бапты ұстаз оған Қазан университеті тарихындағы қазақтардың білім алу жайын зерттегеніне қуанып қалды. Алғырлығын да таныды.
Батыржан Қазанда тұратын қазақ ұланы еді. Анасы айналып-толғанып өсірді. Өзіңді емес ұлтыңды сүюден айныма деді. Өзі де айрықша, қатарынан озық ойлы болып, он сегізге толып еді, иә, сәт деп ғылымға бет бұрған. Тірліктегі жамандық анталап тұрса да, әр ісіне абайлап қарады. Сақ жүрді, өзіне сенгесін абдырамады. Ел-жұрты "жол болсын, талап оң болсын" айтты, әлей болсыны томашадай жүрегінде жатты. Әуелеп ұшқан талап қанат қақты. Әрқашан да жоғалғанды жоқтап, соны табуды мақсат етті. Тарихтың бұрма жолын байқап ғылыми байламға ден қойды. Байыз таппады. Университетті бітірісімен татар елінің астанасындағы үлкен ғалым В.В.Ивановтың аспиранты атанды. Мінез-құлқы бапты ұстаз оған Қазан университеті тарихындағы қазақтардың білім алу жайын зерттегеніне қуанып қалды. Алғырлығын да таныды.
- Бастапқы кезі дейсің бе? Бұл оқу орны 1758 жылдары шаңырақ көтере бастаған. Бәлкім, содан бергі кезеңдерден білім алған қазақтарды табарсың, - деді профессор ғылымға берілген, әсіресе, тың тақырыптың бейнетінен қорықпайтын, шындық жолында бұйығып, қысылып-қымтырылуды білмейтін жасқа риза жүрегімен. Жүзіндегі жылы күлкі ойнақы ойлы мінезді жария етіп тұратын-ды. Болжам бар, шындығы, дерегі әріде. Бөгесін көп, буалдыр дерек те жетерлік. Бірақ сүйенеді сенімге. Күн мен түн, айлар, жылдар, Мәскеу, Петербург, Астрахань, Омбы қалаларындағы құжаттарды ақтару, қиналыс, шаршау, ізденіс үстінде өтіп жатты. Бір деректің ұшын ұстаса бұрылысы жұмбақ. Шешуіне білгірлік керек. Сарғайған қағаздар әр тарапқа бастайды. Батыржан Кенжетаев бәрібір жеңетініне сенеді. Өзі, өзі ғана, өз көзімен көріп анығына жету ғана. Адыра қалған кезеңдердің ізінде қайғы бар, отарлық езгі бар, кемсіту, менсінбеу де кездеседі. Қуанышты аңсау да бар. Білім жарығына қолы жеткен бар, арманда кеткен бар. Қараңғы қапастағы тірліктің жақсы-жаманын ажырату қиын-ды. Алау жалынын іздейсің, сөнген шаласын көресің. Күндердің күнінде Жәңгір ханның Қазан университет кітапханасына берген үлкен сыйлығын тапты. Соған орай оқу-ағарту ісінің "Құрметті мүшесі" атаныпты. Архив құжаттарынан табылған кітапханашы К.Фукстың 1852 жылы жазған: "1841-1845 жылдарда Жәңгір хан араб, парсы, түрік тілінде жазылған алты қолжазба, Нефистің медициналық шығармасын, Аль-Казвинидің 735 жылғы, Хабибтің 927 жылғы, Желал-Адин Румидің 661 жылғы және тағы басқа шығармаларды университеттің кітапханасына табыстап, жаңа "Мекке" ғылымын ашқандай болды" деген дерегін тапқанда қатты қуанды. Қазақта жазба әдебиет болмаған ба? Демек, болған, қазақ кітапқұмарлықты ертеден бастаған-ау деп серпілді.
Сондай-ақ А.Б.Алекторовтың кітабында (Қазан, 1900, 366-б.) Қазан қаласындағы университетте 1877-1917 жылдар аралығында 37 қазақ оқып, оның 20-сы бітіріп шыққандығы жазылған. Ал "Кітап оқудан басқаға алаңы жоқ, аса білімдар, болашағынан үлкен үміт күтіледі" деп мінездеме берілген З.Құдайбергенов 1893 жылы оқу ордасын бітіре алмай өкпе ауруынан дүние салыпты.
- Қазақ аспанының арманда кеткен, ағып түскен жұлдызы, - деп Батыржан тебіренді (Өзі де мезгілсіз сөнетін жұлдыздай боларын ойлады деймісің). Тынымсыз ізденіспен нақтылап Қазан университетінде оқыған қазақтарды төмендегіше тізбеледі. Халқын шын сүйген, ұлт тарихындағы бабалар аты-жөнін атағанның өзін аруаққа сауап деп түсінген Батыржанның тізбелерін тұтас жазғанды жөн көрдім (Бәлкім ұрпағы оқып-біліп қуанар). 1877-1911 жыл аралығында білім алғандар: А.Алдияров, Г.Арғынғазиев, С.Аманжолов, Ш.Бекмұхамедов, А.Бірімжанов, А.Балғожин, Г.Ибрагимов, А.Едігин, М.Қаратаев, И.Қашқынбаев, М.Қарабаев, Б.Мәметов, С.Нұрлыханов, Ж.Сейдалин, С.Сүйінішқалиев, О.Танашев, М.Шомбалов, М.Шолтыров.
Батыржан осындай деректі дәйектей отырып, әрбіреуінің өмір жолын зерттеуді, олардың бүгінгі ұрпағын іздеуді де мақсат еткені анық. Ал, Қазан мал-дәрігерлік институтында оқығандар: М.Ақтанов, У.Базанов, А.Боштаев, Г.Бердеев, М.Бекетаев, М.Жасмағамбетов, С.Ибрагимов, Т.Есенқұлов, Д.Ізбасаров, Ш.Құсбағылиев, И.Құлпейісов, Қ.Сермұхамедов, А.Сейдалин, М.Сызықов, Н.Жақыпов, Б.Жанқадамов, Ф.Иманбаев, Ж.Рүстембаев, т.б. Бұлар да 1877-1913 жыл аралығында білім алғандар екен. Олардың біразы Торғай облысында қызмет еткен. Одан кейін Батыржан Кенжетаев мұғалімдер семинариясын бітіргендердің кімдер екенін, қазақ жерінің қай түкпірінен келгенін анықтайды.
- Зерттеуімді бітірдім, бірнеше томдық шығарма жазатын еңбектің нұсқасы бар. Ұлтымның тарихына үлес қосар, - деген Батыржанның көз жанарынан болашағын болжағыштығы байқалатын және зерттеу жолына түсетінін айтатын. Бірақ... Иә, бірақ бір басбұзар, қаскөй қапыда ту сыртынан пышақ салып ол өкінішпен дүниеден өтті. Орны толмас өкініш, - деп Қазандағы мәдени орталықты басқаратын техника ғылымдарының докторы Сағит Жақсыбаев жан дүниесі күйзеле сөз етті.
Батыржанның уақыт құрғатпай мешітке баратынын жоқтаушысы күйзеле сөз етеді. Ол жас жігіттің Қазандағы екі мыңдай қазақтың қайғысы екенін біледі. Батыржан Еділ өзенінің жағасына барып ерке толқындарды тамашалайтын. Оның сол кезін желмен бұлғаң қаққан тентек толқын жоқтар ма екен? Талай өртке оранып халқы қырылған Қазан қаласы ше? Батыржан оның кең көшелерінде еркін де еркелей жүруші еді. Тылсым табиғатпен сырласып, бабаларымның осы жерде ізі жатыр, соны бұлдыр сағымнан алып шығам деуші еді. Мылқау табиғат жауап қатпайды.
Жақсылыққа жау көп пе? Табиғат тағы да үнсіз. Ұлт тарихының тың парақтарын жұлып әкеткендей жаның күйзеледі. "Ісімді ұрпақ жалғастырар", деп соңғы сөзін айтып дүниеден озды жас ұлан. Қаскөйдің, қарғыс атқырдың қанды пышағы... Табиғат шаң-тозаңды тазартар, қылмыс тазармас. Жақсылық жалғасар, жамандық та тоқтамас. Ақылды, ақылсыз тұрғанда солай болмақ. Көз алдыңнан Батыржанның ақжарқын ашық жүзі "мәңгілік өмірдің жырымын" дегендей, "мен қазақ ұлтының азаматымын" деп құлағыңа сыбырлағандай... Өлімге қимайды екенсің.
- Ата-анасы ұлтыңның ұлы бол, қажетсінсе құлы бол, деген аманатын айтыпты, - деді досы Астанадағы Диқан Хамзабекұлы.
...Батыржанды өлтірген қанішер есірткіге еліріп, балконнан құласа, анасы қайғыдан жылға жетпей дүние салған-ды.
Табыл ҚҰЛЫЯС, Қазан қаласы.
«Егемен Қазақстан», №386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ