Бигелді ҒАБДУЛЛИН: Бізде ешқандай цензура жоқ!
«Central Asіa Monіtor» - белгілі журналист Бигелді Ғабдуллиннің Қазақстанның медиа айдынына жіберген үшінші қағаз «лайнері». Желкенін желбіреткен кеменің штурвалында мығым тұрған оның қайсар капитаны Ғабдуллин бес жылғы жеңістері мен күйзелістері жөнінде «Айқынмен» ой бөліскен еді.
«Central Asіa Monіtor» - белгілі журналист Бигелді Ғабдуллиннің Қазақстанның медиа айдынына жіберген үшінші қағаз «лайнері». Желкенін желбіреткен кеменің штурвалында мығым тұрған оның қайсар капитаны Ғабдуллин бес жылғы жеңістері мен күйзелістері жөнінде «Айқынмен» ой бөліскен еді.
ЖУРНАЛИСТІ ДЕ, БИЛІКТІ ДЕ АҚТАП АЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ
- Тура бес жыл бұрын сіз «Central Asіa Monіtor» елдің болашағы, оның даму жолдары туралы пікір таластыратын алаңға, нағыз полигонға айналады деп едіңіз. Сол мақсатыңызға жете алдыңыз ба?
- Иә, бес жыл бұрын мен либералдық бағыттағы салиқалы сараптамалық газет жасағым келген. Меніңше, газет ұжымы мақсатына жетті. Мұндай басылым қалыптасуы үшін уақыт, кәсіби мамандар мен ақша керек еді... Қазір біз өзіміздің қайталанбас бет бейнемізді жасадық. Адал әрі тұрақты оқырманымыз бен қоғамдағы кез келген оқиғаға өз көзқарасымыз бар. Осы уақыт аралығында газетіміз Қазақстан мен Орталық Азиядағы өмірді объективті және байыпты түрде беру ұстанымынан жаңылысқан жоқ. Газетімізге мөлшерлі консерватизм, өмірді шынайы бейнелеуге тырысу әрі оқырманға адалдық пен сыни көзқарас тән. Мен жетекші ретінде өз жұмысымды өзім қалаған деңгейде атқарып жатқан тәріздімін.
- Шынымен қазір елде оқиғаларды объективті түрде беретін шыншыл басылым бар деп есептейсіз бе?
- Абсолютті тәуелсіз баспасөз де, журналист те мүлдем жоқ. Менің төрт жылдай АҚШ-та тұрғанымды білесіз. Толықтай еркін баспасөзді ол жақтан да таппайсыз. Ал адамның ар-ұяты деген - басқа мәселе. Егер ол түпкілікті тәуелсіз болса, оны ешкім бұғаулап, тәуелді ете алмайды.
- Дегенмен қазір бізде БАҚ-қа деген сенім азайған, журналистер оқырманына емес, қожайынына қызмет етеді дегенге қалай қарайсыз? Журналистердің оқырмандар алдындағы жауапкершілігі қайда қалды? Неге бұлай?
- Білесіз бе, мың жыл бұрын да, бес жүз жыл бұрын да дәл солай деген. Бірақ сіз «жауапкершілік» туралы айттыңыз. Қазір БАҚ-пен, елмен, әлеммен болып жатқан жағдайдың төркіні журналистердің өз жауапкершілігін сезінбеуінде жатқан жоқ.
- Енді неде?
- Меніңше, оқудың жауапкершілігі жазудан бір мысқал кем емес. Оқу - өте қиын, рақымсыз, жауапкершілігі мол жұмыс. Өйткені бұл - қаламгердің жазғанын онымен бірге сараптау, ой бөлісу, қоса уайымдап, жазғанына ортақтасу. Ал қазір Қазақстандағы ғана емес, дамыған әлемдегі оқырмандар да сол жауапкершіліктен жұрдай.
- Қалайша?
- Қазір адамдар көңілін сергітіп, өмірлерін жеңілдететін нәрселер үшін ғана ақша төлеп, соларды тамашалап, оқығылары келеді. Қазақстандағы баспасөз еркіндігі мен тәуелсіздігі туралы әңгіменің бәрі - құр далбаса. Кім жаза алмаса, кім ойлай алмаса, сол цензура туралы мифті ойлап табады. Бізде ешқандай цензура жоқ. Өз сөзі мен ісі үшін қарапайым жауапкершілік керек. Болды! Сондықтан журналистердің жауапкершілігі туралы әңгіме қозғау ретсіз.
- Сонда сіз барлығына кінәлі көрермендер мен оқырмандар дегіңіз келе ме?
- Қазіргі жағдайда ешқандай журналистің де, биліктің де кінәсі жоқ. Мен тек қана көңіл көтеруді ойлап, жазылған мәтінді оқудағы жауапкершілікті алудан бойын аулақ салатын адамдар кінәлі деп есептеймін. Қолдарына газет пен журнал тиетіндер жауапкершілікті кем сезінбеуі тиіс.
- Дайын өнімді алудан басқа амалдары қалмайтын тұтынушыларды (оқырмандарды, көрермендерді) кінәлі санау арқылы сіз билікті, оған қызмет ететін журналистерді, оның ішінде өзіңізді де ақтап алғыңыз келетін сияқты. Олай емес пе?
- Ешқандай да журналисті, әсіресе билікті ақтап алғым келмейді. Мен оқырман мен көрерменнің, оның ішінде ойлай алатындардың жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Біз газетіміздің ұраны ретінде: «Өзің оқып, ойлан!» деген нақылды тегін алған жоқпыз. БАҚ - қоғамнан оқшауланған ақпарат шығаратын орасан зор фабрика емес қой, ол - жүйенің өзін-өзі бақылау құралы. Қоғам мен тұлға ақпараттық таңдау құқығына ие болуы тиіс. Мен ақпараттық жағынан қамтамасыз етілді деуге болатындай, газеттен қоғам мен жеке адамның тұжырымға келіп, таңдау жасауына мүмкіндік беретін толықтай ақпарат, сараптама нөпірі ағылғанын қалаймын. Еңбегіміз құмға сіңіп, оқырманның қолы ешқандай ой да, сезім де қоспайтын «сары» басылымдарды іздей бастағанда бармағымызды тістейтініміз рас.
БІЗДЕ САЯСАТ ТА ЖОҚ!
- Қалай болғанда да, еліміз егемендік алған кезде ең алғашқы әйгілі тәуелсіз басылымдардың бірін сіз басқарып едіңіз ғой?
- Сіз адами жағынан да, кәсіби жағынан да жаныма бататын сұрақ қойып отырсыз. «Новое поколение» газетіне өмірімнің ең бір жалындаған, қызығы мол кезеңі арналды. Әрі достарым мен әріптестерім де сан жылдарын осы газетке сарп етті. Біз осы газетпен көп нәрсені бастан өткердік: атақ-абыройдың тәтті, күйзелістің күйік дәмін де таттық. Бірақ біз уақыт өте «НП» деген кемемізді біреулердің тартып алып, оның мүлдем кері жаққа қарай жүзіп кететінін ең бір үрейлі түсімізде де елестеткен жоқпыз. Қазір газет өмір сүріп жатыр, өмір сүре берсін деп тілеймін.
- Жақын күндері журналистік ғұмырыңыздағы үшінші қағаз кемеңізге бес жыл толмақ. Оның болашағы қандай болар екен? Себебі кейбір сарапшылар бірнеше он жылдықтан кейін газеттер мүлдем қалмайды деп болжайды...
- Болашағымыздың бар-жоғын уақыт анықтайды. Дегенмен қарап қалмай, газетіміздің интернет-нұсқасын жасап, оны белсенді түрде дамытып жатырмыз. Күніне біздің сайтымызды 5-6 мың адам қарайды. Бұл дегеніңіз - керемет! Сонда да кез келген бетбұрысқа дайын болуымыз керек. Меніңше, оқырман үшін ең қолайлы нәрсе жеңіске жетеді.
Кітап - ақпарат жеткізудің ең көне құралы. Ол форматы жағынан да, оқу тәсілі жағынан да ыңғайлы. Мысалы, пластинка винилдің асқан құмарпаздарының коллекциясында ғана қалған. Күндердің күнінде лазер дискісі де құрдымға кетуі мүмкін. Ал кітап тірі және өмір сүре береді. Кім біледі, бәлкім, газетпен де солай болатын шығар?
- Дегенмен кенеттен газеттер жойылып кетсе, сіз немен айналысар едіңіз? Тағы қандай кеме жасайсыз?
- Мен кейде өзіме де осы сұрақты қоямын. Мүмкін, ауылға барып, шөп шабатын шығармын! (күледі) Әзіл ғой. Мен лоббилаушы компания құрар едім. Бізде лоббилау туралы заң болмағанымен, бұл сала жаман дамып отырған жоқ. Саясаткерлердің имиджін жасаумен айналысатын агенттік құруға болатын шығар...Қалай болса да, бір үзім нан таба аламын.
- Қазіргідей дағдарыс кезінде көптеген басылымдар, тіпті «The New York Tіmes", «Los Angeles Tіmes» тәрізді азулы америкалық газеттердің де тиражы кеми түсуде. Сіздерде қалай? Дағдарыстың ызғарынан қорғанып, оқырмандарды сақтап қалу үшін қайтіп күресіп жатырсыздар?
- О, оқырман үшін қалай күресу керектігін білсем ғой! Егер қалжыңсыз айтсақ, оқырмандарды сақтап қалу үшін, біріншіден, оларды зерттеуге тырысамыз. Екіншіден, оқырмандар туралы түсінгенімізден қорытынды шығарып, соны есепке аламыз. Олардың көңілін қалдырмау жағын ойластырамыз. Біз әрдайым сүреңсіз әрі мағынасыз мақалалармен күресеміз. Көбіне сондай мақалалар бізді жеңеді, өйткені бұл журналистер үшін үйреншікті іске айналған. Кейде біз оларды жеңіп кетеміз. Сол кезде бәрі ғажап шығады: біз сонша діттеп, күрескен оқырмандарымыздың толассыз пікірін естіп, ілтипатына бөленеміз.
Совет одағы кезіндегідей газеттердің үлкен тиражы енді ешқашан болмайды. Қазақстанның «сарғыш» емес, байыпты апталық басылымы үшін 17-20 мың данамен шығу жаман көрсеткіш емес. Мысалы, ең үздік ресейлік апталықтардың өздері 100 мың тиражға ие. Енді оны онға бөлсеңіз, бәрі түсінікті болады.
- Жоғарыда «оқырманға адалдық» дегенді айтып қалдыңыз. Сонда сіз нені меңзеп едіңіз?
- Менің журналистикада жүргеніме 30 жылдай болды. Бұрын газеттерде 60/40 деген «алтын» қағида бар еді. Соны айтқым келген.
- Бұл қандай қағида?
- Мұның мәнісі мынада: газет алаңының 60 пайызы авторларға беріліп, тек қалғаны - журналистерге тиетін. Ол кезде хаттармен мұқият жұмыс істейтінбіз. Оқырмандармен ашық байланыс орнатылған. Олар газет көмегімен жағдайын түзеп жатса, бұл журналистер үшін үлкен мәртебе саналатын. Қазір ше? Оқырманда ешкімнің шаруасы жоқ. Хаттар жауапсыз қалады. Тек ілеуде біреуі жарияланса, шүкір. Сондықтан біз газет арқылы оқырмандарымызға көмек көресетуге тырысамыз. Бұл ескінің елесі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өз оқырманына қамқор басылым басқаша, ерекше мәнге ие болады. Біз байырғы дәстүрді ұстанамыз. Әйтсе де, кейде авторлар да ыңғайсыз жағдайға қалдыратыны рас.
- Қайтіп?
- Бір жолы Зейнуллин Жексенбай деген «ғылым докторы, ЮНЕСКО сарапшысынан» редакцияға хат келді. Оның мақаласы кәсіби деңгейде жазылғандықтан, мен оған сеніп, оны сәл өңдеп, жариялап жібердім. Бірақ нәтижесінде ондай адамның мүлдем жоқ екендігі және оның айтқандарының бәрі бірдей шындыққа жанаспайтындығы анықталды. Осыдан кейін Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігімен арада ыңғайсыз әңгіме болды. Бірақ олар түсіністікпен қарап, газетке қарсы талап-арыз берген жоқ.
- Сіздің медиа саласындағы басқа топ-менеджерлерден айырмашылығыңыз - өмірбаяныңызда, оның саяси қырларында жатқан сияқты. Бүгін қайта саясатқа белсендірек араласқыңыз келмей ме?
- Мен өткенімнен бас тартпаймын. Бірақ мынаны айтқым келеді: мен басымнан өткергенімнің ешқайсысына да, тіпті қысылтаяң шақтарымның болғанына да өкінбеймін. Өйткені дәл соның барлығы менің қазіргі жағдайыма әкелді. Менің қателіктерім, өмірде алған жараларымның беріштері мен тыртықтары - бәрі менің толыққанды өмір сүргенімнің, жүрегімнің әмірімен ойлап, алға ұмтылғанымның айғағы. Сеніңіз, бұл құр кеудемсоқтық емес. Өтірік сыпайылық танытпай-ақ, Қазақстанда бірде-бір журналистің менікі сияқты тағдыры болмағанын айта аламын.
Саясатқа келсек, Қазақстанда саясатты бар-жоғы бірнеше адам жасайды. Яғни бұл көптеген елдер түсінігіндегі, солар айналысатын мағынадағы саясаттың бізде жоқ екендігін білдіреді. Бұл уақытша деп ойлаймын. Саясат - қоғамды басқару моделінің қызмет ету ортасы. Кез келген басқару моделінің өзіндік табиғи шектеушілері болады. Модель сол шектеушілердің қабырғасына келіп тірелген кезде саясат біздің өмірімізге қайта оралады.
- Сіз айтып отырған саясатты қалай қайтарамыз?
- Оны әдеттегідей өзінің көзқарасын қорғау үшін өз мүмкіндіктерін кеңейту аясында саяси элитаның ең жоғарғы деңгейіндегі адамдар қайтарады.
- Сонда қазір біздегі саясатты алмастырып тұрған құбылысқа қандай анықтама берер едіңіз?
- «Саясаткердің жүрегі жоқ, басы бар» деген даналықты еске түсіргім келеді. Оған қоса, билік құмарлық - құмарлық атаулының ішіндегі ең сенімдірегі. Саясаткер өз лауазымында ең бір жоғары, ізгі ниеттен де қалғысы келіп жатады! Яғни біздің саясатқа да тек қана ақылды, билікқұмарлар ғана емес, парасатты жандар да ықпал етеді. Т.Джефферсон: «Адам өмірі мен бақытын қирату емес, оған қамқор болу - жақсы үкіметтің бірінші және жалғыз міндеті», - деп тегін айтқан жоқ.
- Ал өзіңіздің ең сүйікті нақылыңыз қандай?
- Әркімнің өз ісі бар, ал күштілерге - журналистика.
МЕНІ ЕЛГЕ ӘКЕЛГЕН - САҒЫНЫШ
- Айтпақшы, жақында Қазақстан Президенті тікелей желіде сіздің есіміңізді атап, елге оралуыңызға мүмкіндік жасап, кешіргенін еске түсіріп еді. Бес жыл өткеннен кейін сол шешіміңізге өзіңіз қандай баға бересіз? Бұл қаншалықты дәл әрі дұрыс қадам болды?
- Иә, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өтінішімнен бас тартпай, адамша мені түсінгеніне ризамын! Ол менің қателіктерімді кешіруге өзінен күш тауып, Отаныма шақырып, мұнда орналасып, өмірді қайта бастауыма жол ашты. Сол кезде жалғыз және ең дұрыс жолды таңдағаным сөзсіз.
- Егер кешірім жасалмаған жағдайдағы тағдырыңызды елестете аласыз ба?
- Президент өтініштен бас тартқанда өмірімнің қалай өрбитінін білмеймін. Бірақ өмірдің шыңырауына құламайтыным анық. Өйткені менің темірдей ерік-жігерім бар, үйрене аламын әрі әрдайым басқаға жан дүнием ашық. Оған қоса, мен оптимиспін. Жанымның нәзіктігінен шығар, болмыстың мәнісін іздеуге құштармын. Бәлкім, ол жақта өмірдің биік шыңдарын бағындырмасам да, қызымның болашағын бәрібір қамтамасыз ете алар едім.
- Дегенмен сіздің елге оралу туралы шешім қабылдауыңызға үлкен әсер етіп, шыдамыңызды тауысқан, соңғы нүктені қойған қандай оқиға?
- Ең алдымен, ешқандай дәрімен емдеуге келмейтін сағыныш. Бұл - сүйегіңе дейін сырқырататын жазылмайтын ауыр дерт. Мен Алматыны, Медеуді, Алматының сырасын, шаң басқан көшелерін ғана емес, Көкшетауда қалған 85 жастағы анамды да қатты сағындым. Жылына бір рет америкалық құжатпен Мәскеуге қарай құстай ұшып, сол жақтан қазақстандық куәлікпен Омбыға билет алып, үш-төрт күн туыстарымды көріп, мауқымды әрең басатынмын. Отанымның табиғатының (сол жерлер мен туған солтүстік қазақстандық орманды даламды еске салатын) ғана емес, қазақтың мәзірінен де «дәм татып», шіркін, рақатқа бір бататынмын. Ата жұртыма аяқ басуға құқым болмағандықтан, шешеммен, туған-туыстарыммен тек Ресейде кездесуге мәжбүр болғанымды білесіз.
Қоштасар ауыр сәтте шешемнен тағы да ұзағырақ өмір сүруін жалына сұрайтынмын: «Шеше, әлі көп өмір сүріңізші, мен елге қайтпай, өлмеңіз. Әкемнің қасына өзім жерлеймін. Күтіңіз мені, қалайда болса, елге қайтам, жақсы күндер әлі - алда» дейтінмін. Мен сөзімде тұрдым! Былтыр 88 жаста анам дүниеден озып, оны өз қолыммен туған жерімде жерледім. Оның Президентке риза болғаны соншалық, көз жұмар алдында: «Балам, ешқашан Нұрсұлтан ағаңнын жақсылығын ұмытпа! Назарбаев десе, екі қолынды, екі аяғыңды көтер!» - деп өсиет еткен. Анама берілген сөз - мен үшін қасиетті!
Екінші себеп - рухани жалғыздық. Ғаламдағы ең алыс жұлдыз өзінің бар екендігін өзін қоршағандар арқылы анықтайды дейді ғой. Ол жақта сырласатын да ешкім жоқ. Жерлестерді кездестіре қалсаң да, негізінен олар - қарын тоқтықты, ақша мен америкалық күйеу табуды арманның шыңы санайтын адамдар еді. Америка - басқа құрлық қана емес, мүлдем басқа планета. Америкалықтар сіз қонақ болып тұрған кезде сізге жылы жымиып, күле қарайды. Ал сіз жұмысқа орналасқан сәтте-ақ олардың жымысқы жымиысы жойылып, «құлдық» басталады. Мен жалғыздығымның мені пайдаланғанын қалаған жоқпын.
- Жат жерде төрт жыл жүрген кезде өзіңіз үшін ашқан жаңалығыңыз қандай? Ол жақта неге үйрендіңіз? Нені бағалай бастадыңыз?
- Ең алдымен әркімнің өзі тартар азабы бар екенін түсіндім. Егер жеңілсең, бұл - сенің жеңілісің, оны жеңіс ретінде көрсетуге тыраштанбай, жеңіліс ретінде қабылдау керек. Қазір біздің оппозицияда барлығы дерлік жеңіліс тапқан. Өйткені олардың лайықты лидері, анық, жарқын идеялары жоқ. Олардың барлық ұрандары - бүгінгі қазақстандық шынайылықтан ада, кешегі күннің ұрандары. Ең бастысы - олар өз қателіктерін мойындамай, айналмаға шалдыққан қойдай шеңберінен шыға алмайды.
Мен ол жақта жүріп, көп нәрсеге үйрендім. Мысалы, өз кәсібіме басқаша қарап, төзімдірек бола түстім, ағылшын тілін жетілдірдім. Сөздің қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін түсіндім. Ойға үйрену керектігін, сананы үйрету керектігін түсіндім. «Ел» деген қасиетті ұғымды шынайы бағалауды үйрендім.
- Неден жирендіңіз?
- Шағын ұлттарға деген өктемдіктен арылдым. Тағы бір нәрсе бар. Менің лексиконымда енді «негр» деген сөз мүлдем жоқ. Мен аз нәрсеге қанағат етіп, әр күніме қуануға, уақытты бағалауға үйрендім.
- Сіз бір сұхбатыңызда «АҚШ-та қазақ тілінің пайдасын көрдім» деп айтып едіңіз. Ана тіліңіз мұхиттың ар жағында қалай кәдеге жарады?
- Иә, бұл туралы айтудан жалықпаймын. Мен ол жақта ағылшын тілін ғана емес, ана тілім - қазақ тілін де жетілдірдім. Шет тілін оқи отырып, ұмыт қалған ана тілім ояна бастады. Тіл мені асырады. Әйелім екеуіміз күн сайын «Дат» пен «Азаттық» радиосы үшін 30 минөттік қазақша хабар жасайтынбыз. Ол аздай, қазақ, орыс тілдерінен Пентагонның дипломаттары мен офицерлеріне дәріс бердім.
- Қазақстандағы бес жылғы қызметіңіздегі басты жетістігіңіз бен «әттеген-айыңыз» қандай?
- Ең басты жетістігім - мен үшін жаңа шынайы өмірдің кетігіне қаланып, сүйікті ісіммен айналыса алдым. Қоғам үшін пайдалы екендігімді мақтан тұтамын. Әрине, егер адамдар арасында толыққанды өмір сүрсең - күйзеліссіз күн кешу мүмкін емес. Ең бастысы - азырақ адасып, олардан дұрыс қорытынды жасай білу.
ҚЫСҚА-НҰСҚА:
- Хоббиіңіз...
- Мен терімші емес, жинаушымын. Кітаптарға үңілгенді жақсы көремін. Фитнес, тенниспен айналысамын.
- Сіздің сүйікті жазушыңыз?
- Барлығы жан дүниемнің жай-күйіне байланысты. Дегенмен бірнешеуін атайын: Шекспир, Пушкин, Баратынский, Лермонтов, Абай, Шәкәрім, Пастернак, Неруда, Милош, Уолкот. Прозада: Сервантес, 19 ғасырдағы орыс поэзиясы, Уильямс, Кемал, Маркес, Борхес, Беккер, Нұрпейісов, Жүнісов.
- Қазіргі музыка мен әншіңіз...
- Пугачева, «Ногу свело», Агузарова, «Ұлытау».
- Сүйікті сусыныңыз...
- Қымыз, оңтүстік-африкалық шарап, арақ.
- Ақша сіз үшін...
- Азаттық пен көзге көрінбейтін билік.
- Көлігіңіз...
- Ыңғайлы әрі күшті.
- Жақсы көретін еліңіз...
- Германия, Чехия.
Әңгімелескен
Айжан КӨШКЕНОВА
«Айқын» газеті, 04.12.09.
(Ескерту: Сұхбат «Айқын» газетінде «Бізде ешқандай цензура жоқ.Өз сөзі мен ісі үшін қарапайым жауапкершілік керек. Болды!» деген тақырыппен берілген)