Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3769 0 пікір 18 Желтоқсан, 2009 сағат 09:13

Болатбек Мұхтаров. Тәуелсіздік рухы қаһарман қыздардың дауысымен жетті

Жиырма жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін жастың да, жасамыстың да жанын ауыртып келе жатқан Желтоқсан көтерілісінің бір басты сипаты онда қазақ қыздарының асқан қайсарлығымен танылуы еді. Халқымыздың ерлікке толы тарихында бұрымдылар намысшылдығы феномені осылайша тағы бір мойындалды. Тәуелсіздікке түрткі болған толқуда тайсалмаған қыздардың қай-қайсысы да қарапайым қаракөздер болатын.

Қазір Желтоқсан оқиғасына қатысты пікір-көзқарастар сан алуанданып кетті. Оқиға куәгерлері қатарының өзі жыл санап көбейіп барады екен. 90-жылдардың басында еліміз бойынша «1986 жылғы баскөтеруге қатыстым» дегенді 2-3 мың адам ғана батыл айта алған болса, қазіргі мезгілде желтоқсаншылардың қатары ондаған мыңдап саналады. Соның негізінде осы саяси дүрбелеңге қатысты құрылып жатқан қоғамдық бірлестіктер де көбейе түсуде.

Жиырма жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін жастың да, жасамыстың да жанын ауыртып келе жатқан Желтоқсан көтерілісінің бір басты сипаты онда қазақ қыздарының асқан қайсарлығымен танылуы еді. Халқымыздың ерлікке толы тарихында бұрымдылар намысшылдығы феномені осылайша тағы бір мойындалды. Тәуелсіздікке түрткі болған толқуда тайсалмаған қыздардың қай-қайсысы да қарапайым қаракөздер болатын.

Қазір Желтоқсан оқиғасына қатысты пікір-көзқарастар сан алуанданып кетті. Оқиға куәгерлері қатарының өзі жыл санап көбейіп барады екен. 90-жылдардың басында еліміз бойынша «1986 жылғы баскөтеруге қатыстым» дегенді 2-3 мың адам ғана батыл айта алған болса, қазіргі мезгілде желтоқсаншылардың қатары ондаған мыңдап саналады. Соның негізінде осы саяси дүрбелеңге қатысты құрылып жатқан қоғамдық бірлестіктер де көбейе түсуде.

Жасыратын не бар, олардың арасында сол кезеңдегі ұлттық намысын пұлдап, мемлекеттен қамқорлық талап етіп жүргендері, тіпті сол жылы әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы шығу ойларына келмеген, керісінше, қара басының амандығын күйттеген адамдардың бүгінде «сотталған» деген жалған куәлік жасатып, «батыр» атанғысы келіп жүргенін естігенде, қайран қаласың. Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз «мен - желтоқсаншымын» деп, әкімдік табалдырығын тоздырып жүргендер жайында емес. Біз кейінгі кездері бояуы мың құбылған сол қанды ереуілге атақ-даңқ үшін емес, елдік үшін қатысқан рух (осы жайттың ғана ақиқат екені көңілге сенім ұялатады), соның ішінде, қайсар қыздар жайын сөз етеміз.

Желтоқсан оқиғасына қатысты құжаттар мен естеліктер негізінде жүргізілген зерттеулер бұл шырғалаңда қос қазақ қызының қаза тапқанын растайды. Олар - Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхамеджанова. Ләззат Асанованың есімі Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаевтармен бірге 1986 жылғы желтоқсаннан көп уақыт өтпей-ақ айтыла бастады. Мың қаралы студентпен бірге Алматының орталық алаңында болған ол тәртіп сақшыларының қоқан-лоқысын көреді. Бұдан бір апта өтер-өтпесте Ләззаттың анасы Алтынай қызының жұмбақ жағдайда өлгенінен хабардар болады. Наразылық шарасына қатысқан 16 жастағы қыздың өліміне құқық қорғау органдарының себепші екеніне Алтынай апайдың күмәні жоқ.

Олай болмаса, 1997 жылы Бас Прокуратура Ләззатты саяси жаладан ақтап, Жоғарғы Сот оның құнын өтеу жөнінде шешім шығармас еді. «12 жыл бұрын мамыр айында қызымның ақталғаны туралы құжатты берді, құны төленді. Бірақ мен ол «өзін-өзі өлтірді» дегенге әлі күнге дейін сенбеймін. Ал қызыма «Халық қаһарманы» деген атақ берілуін мүлдем талап етпеймін. Өйткені оны қара халық батыр атап кетті. Жалпы, Желтоқсан құрбандары туралы шындық әлі жұмбақ күйде қалып келеді деп есептеймін. Бұл оқиғаны тануға да толық мән берілмей жатыр. Мен мұндай қайғылы тарих енді қайталанбасын деп тілеймін»,  - дейді Ләззаттың анасы Алтынай Асанова.

23 жыл бұрынғы дүрбелең құрбан еткен тағы бір қайсар қызымыз Сәбира Мұхамеджанова да сол кезде 16 жаста болатын. Бұл - жастар толқуы тұтанған Алматыдан жырақта, Өскеменде болған жағдай. Желтоқсанның 19-ы күні Өскемендегі оқу орындары мен жатақханаларда Алматыдағы жағдайға үн қосу жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары басталған. Қала алаңдарында ұйымдастырылған шаралар ішкі істер орындары қызметкерлерімен таратылғаннан кейін педагогикалық училищенің бір топ студенті өз наразылығын сабаққа барудан бас тартып білдіреді. Партия ұйымдары мен құқық қорғау органдары өкілдері жүргізген тергеу нәтижесінде толқуды ұйымдастырушылардың бірі ретінде Сәбира ұсталады. Мұның арты қайғылы жағдайға әкеп соғады.

Ұлттық қозғалыс Қазақстанның түкпір-түкпірінде өр рухты қыз-жігіттеріміздің жігерін жанығаны белгілі. Бірақ соның бәріне түрткі болған Алматының орталық алаңындағы қанды оқиға еді. Желтоқсан оқиғасы жайлы деректерге көз жүгіртсек, ереуілге шыққандардың басым көпшілігі қыздар екен. Жендеттердің тепкісіне көп ұшыраған да  солар. «Естеліктерге қарап отырсақ, 1986 жылы алаңға шыққан жастар толқуының ширығуына жандайшаптардың қазақ қыздарын ұрып-соғуы басты себеп болғанын байқаймыз. Милицияның қыздарды бұрымынан сүйреп, соққы астына алуы жігіттерімізді жан аямай қарсылық көрсетуге итермеледі.

Екіншіден, түрлі естеліктерден осы оқиға кезінде қыздарымыздың жігіттерге қолдау көрсетіп қана қоймай, олардан да белсендірек, батылырақ әрекет етіп, барлық жастарды бастап жүруге түрткі болғанын көреміз. Тіпті кейбір қайсар қыздарымыз тергеушілерден үн-түнсіз құтылып кетуге болатын сәттерде, намысқа тырысып, қарсыласып бағып, ақыры абақтыға жабылған», - дейді Желтоқсан оқиғасын зерттеуші журналист Болатбек Төлепберген. Халыққа сыйлы болған ұлтжанды Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Колбин деген біреу келгенін естіп, алаңда наразылық білдірген қыздардың бірі - Гүлнәр Лепесбаева.

Кезінде бұл әрекеті үшін оқудан шығарылып, сотталып, шеттету көрсе, бүгінде өжет қыз сол тарихи оқиғаға араласқанын мақтан етеді. «Бірінші күні бір топ жас болып алаңға бара жатқанбыз. УАЗ машинасы алдымызға тоқтай қалып, ішінен түскен милиционерлер әй-шайға қарамай, тепкілеп қуа бастады. Ұрысқа әдейі таңдалғандай шегесі бар керзі етіктің іздері денемізде әлі күнге дейін бар. Осыдан кейін іште қалып қойған ызамен келесі күні «Бір қазақ қалмай алаңға шықсын» деген үндеу қағазын жаздық. Соны Гүлмира Рахымжанова деген құрбымыз екеуміз таратып жүрген кезде қолға түстік. Тергеу жүріп, сот процесі үш айға созылды. Алдыңғы топта сотталғандар 10 жыл арқалап, ату жазасына кесіліп жатты.

Мен сол кездегі қалалық сот судьясының кеңесімен тікелей прокуратураға арыз жазып, қазақ тілді тергеуші, қазақ қорғаушы, қазақ сот сұрадым. Ол кезде бұл қиын шаруа еді. Сол жағынан біз уақытты ұтып алдық. Екі айдан кейін Гүлмира екеуміз, үш айдан кейін қалған қыздар ақталды», - деп еске алады Гүлнәр. Қара бастың қатерге ілігетінінен қорықпай, шовинизмге қарсы тұрып, қуғын көрген Мархаба Ыбырайымова, Ақкүміс Ықыласова, Гүлнәр Байбосынова, Сәуле Ешенқұловалар мен «саяси тұтқын» атанып, түрмеге отырып шыққан Жансая Сәбитова, Нағима Салихова, Анар Серкеновалардың өмірі де қазақ қыздары қаһармандығының үлгісі іспетті.

«Мен орысша білім алғанмын, сондықтан бұл оқиға басталған кезде, алаңға шыққан жастар ойларын сауатты етіп жеткізе алмайды ғой деп, өзімше көмек көрсеткім келді. Екіншіден, «жас балалар соққыға шыдамай өліп кетсе, ата-анасына қиын болады» деп оларға араша түспекші болдым. Мені бұл оқиғаға қатысуға итермелеген үшінші себеп - егер біз бас көтермесек, ұрпағымыз тіпті қиын жағдайда өмір сүреді деп ойладым», - дейді Жансая Сәбитова. «Соңғы кездері Желтоқсан оқиғасын еске алуға арналған шаралардың жаттанды сипатқа ие болып бара жатқанына қынжыламын» деген қаһарман педагог бізге бүгінгі ұрпақтың қасаң түсініктер шеңберінде қалмауын қалайтынын айтты.

1986 жылғы жастар қозғалысын бүгінгі тарих кеңестік жүйені әлсіретіп, қазақ халқын Тәуелсіздікке жақындатқан оқиға деп бағалайды. Ал баскөтеруге қатысқан қазақтың өрімдей қыздарының ерлігін сонау Тұмар ханшайымнан, Ботагөз бен Бопайдан, кешегі Әлия, Мәншүк, Хиуаздардан жеткен қасиет деп білеміз. Алматыдағы Республика алаңынан әлі күнге дейін «Менің Қазақстанымды» айтқан қыздардың батыл үні естіліп тұратындай...

Ызғарлы статистика:
Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сотталып, түрмеге отырған, уақытша және үй қамауына алынған, сондай-ақ басқалай қуғын көрген қыз-келіншектер саны - 45
Құқық қорғау органдары тарапынан соққыға жығылған, итке таланған, түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға түскен, денсаулығынан айырылған қыз-келіншектер саны - 79
Алаңға шыққан, үнпарақтар таратып, ой-көзқарастарын ашық білдірген қыз-келіншектер саны - 66
Осы оқиға кезінде із-түзсіз жоғалғандар саны - 2

(Кесте Конституциялық сот материалдары, ЖОО мұрағаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерді басшылыққа алған Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін Желтоқсан» еңбегі бойынша жасалды)

"Алаш айнасы" газеті 16 Желтоқсан 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364