Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3728 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 05:59

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: Ұлттық өнердi өлтiру ойыны жүрiп жатыр

Арқада туған қазақтың ғажайып әндерiн кемел бигiнде орындап жүрген есiмi елге танымал әншi, қарағандылық Ерлан Төлеутай өткен сәрсенбiде «Жас қазақтың» шаңырағына қонақ болып келе қалды. Редакция ұжымы Ерланның бiр-екi қайырып айтқан әнiн тыңдап болысымен, оны сөзге тарқан едi. Бiзбен төмендегi сұхбатында ол өзiнiң Балтық жағалауы елдерiне барған сапарынан ойлы бiр әңгiме айтып бердi.

 

 

«Superstar.KZ» диверсиялық жоба

Арқада туған қазақтың ғажайып әндерiн кемел бигiнде орындап жүрген есiмi елге танымал әншi, қарағандылық Ерлан Төлеутай өткен сәрсенбiде «Жас қазақтың» шаңырағына қонақ болып келе қалды. Редакция ұжымы Ерланның бiр-екi қайырып айтқан әнiн тыңдап болысымен, оны сөзге тарқан едi. Бiзбен төмендегi сұхбатында ол өзiнiң Балтық жағалауы елдерiне барған сапарынан ойлы бiр әңгiме айтып бердi.

 

 

«Superstar.KZ» диверсиялық жоба

Жас қазақ: «Арқаға барып әншiмiн деме...» деп жатады. Арқа ән өнерiнiң өмiрге келуi кездейсоқ жай емес шығар?
Ерлан Төлеутай: Қазақ ән өнерiнiң алтын ғасыры XIX ғасырда қалыптасты. Оған дейiн де әндер болды. Бiрақ XVIII ғасырдан бiзге жеткенi жалғыз «Елiм-ай» әнi деуге болады. Ал Арқа әндерiнiң негiзi XIX ғасырдың екiншi жартысында Көкшетау, Қызылжар өңiрiндегi Бiржан сал, Сегiз серi, Нияз серi, Ақан серi, Үкiлi Ыбырай, Балуан Шолақ бастаған шоғырмен бiрге қалыптасты. Осылармен бiрге Баянауыл өңiрiндегi Мұстапа Бүркiтбайұлы, Жаяу Мұса, Жарылғапбердi секiлдi өнер дүлдүлдерiнiң ешкiмге ұқсамайтын дарыны мен таланты Арқа әндерiнiң асыл сүйегiн түздi. Осы үш өңiр Арқа әндерiн тудырушы орта болып саналады. Қарқаралы өңiрiнде ән тудырушылар Әсет Найманбайұлы мен Мәди Бапиұлы болса, Қуан Лекеров, Жүсiпбек Елебеков, Жақып Елебеков, Қали Байжанов, Әмiре Қашаубаевтар әндi орындаушылық жағынан дамытты. Бұл дәстүр Семейге қарай қанат жайып, Абайдың айналасындағы Уәйiс, Тәуке сынды әншiлермен толығады. Мұхаметжан Майбасарұлы, Ағашаяқ деген кiсiлер ән тудырғанымен, олар негiзiнен Арқа ән өнерiн орындаушылық негiзде өрiстеттi. Оған Қоянды жәрмеңкесiнiң ашылуы да себеп болды. Майра Уәлиқызы да сол кездерде жарқырап шықты. Шiлдеде ашылған жәрмеңкенi Бiржан сал «базарың құтты болсын, ардақты елiм» деп төбе басында тұрып, әнмен ашқан. Ақмола жақтан Ғазиз, Құлтумалар, Қорғалжыннан Қосымжан Бабақов әулетi, Керекудегi Жылқыбай Байғабылдар да ән әлемiнде өз қолтаңбасын қалдырды. XIX ғасырда осындай таланттардың арқасында Арқада ән дүрiлдеп тұрды. Әннiң қанат жайғаны соншалық Шоқан Уәлиханов, «Жанақтан кейiн ешкiм қолына қобыз алып жыршылықты жалғастырмады, бәрi әнге ауып кеттi», – деп өз ренiшiн жазғаны бар.
Жас қазақ: Қазiр, керiсiнше, дәстүрлi әншiлiк әлсiреп, жұрттың ықыласы эстрадаға ауып кеткен сияқты. Мұның себебi неде?
Ерлан Төлеутай: Жаңағы Шоқанның пiкiрiне қатысты сөзiмдi аяқтай салайын. Шоқан жасынан жыр тыңдап өскендiктен, әншiлiк өнерге жатырқай қараған. Бiрақ кейiн Жаяу Мұсамен дос болды, әндерiн тыңдады. Ал ендi қазiр халық композиторларының әндерiне зармыз. Қолдау жоқ. Анда-санда конкурс өткiзген болады. Оны бұқаралық ақпарат құралдары насихаттап жатқан жоқ. Мемлекеттiк арналар жылт еткiзiп қана көрсетедi. Оның қасында «Superstar.KZ» дегендерiңiз атқа шапқандай. Халық кейде қандай нәрсенiң насихаты күштi болса, соны керемет екен деп ойлайды. Шын мәнiнде «Superstar.KZ» қазаққа бiрде-бiр әншi берген жоқ.
Жас қазақ: Алмас Кiшкенбаев, Мақпал Исабекова, Қайрат Түнтеков секiлдi жас әншiлер келген жоқ па?
Ерлан Төлеутай: Олардан халыққа келер түк пайда жоқ. Олардың әндерiне не жүрегiң жылымайды, не бiр әсер мен сезiмге бөленбейсiң. Ондай әндерге мен әке-шешесi жоқ тексiз деген баға берер едiм.
Жас қазақ: Жастарымыз сүйiп тыңдайды ғой?
Ерлан Төлеутай: Ендi, осы жақсы деп жарқыратып көрсете берген соң, тыңдамай қайтсiн. Бiрақ мен сол жастарды аяймын. Мен өзiм әншiлiк өнерге Жүсiпбек Елебеков, Манарбек Ержановтарды тыңдау арқылы келдiм. Бастапқыда оларды сәби көңiлiм түсiнбей аңырушы едi. Кейiн Қайрат Байбосыновты тыңдау арқылы солардың әлемiне бүтiндей кiрдiм. Мұңлық-Зарлық, Алпамысты тыңдап өстiм. Содан рух алдым. Қазiргi жастарды аяйтыным, олар бұл әлемге кiре алмайды. Мүгедек болып қалған. Олар жаңағыдай секеңдеген жай ырғақты ән деп малданып өседi. Олар ертең қалай азамат болады. Музыка дегенiңiз – ғажайып кеңдiк. Еуропаның Бах, Бетховен, Моцарт қатарлы классикалық музыканың негiзiн салған дүлдүлдер шоғыры бүкiл халықты тәрбиеледi. Соны тыңдаған ұрпақ ақсүйекке айналды, бекзаттық болмысқа ие болды, сол музыкадан нәр алып өстi. Арқа әндерiмен қоса, Мұхиттың, Кененнiң әндерi қазақтың да жан-дүниесiн байытып, тектiлiкке, дегдарлыққа жетелеген жоқ па. Сол әндердi тыңдағанда сай-сүйегiңiз сырқырап, алдыңыздан жаңа да тылсым әлем ашылады. Сол әндердiң тереңiне бойлай отырып, тыңдай отырып, өзiңiздiң адам болып жаратылғаныңызға шаттанасыз. Ал жаңағы «Superstar.KZ»-тың әншiлерiне ауыздары ашылып жүрген қыз-жiгiттер ертең кiм болады, қалай ел басқарып, ұлағатты ой айтады? «Superstar.KZ» дегенiңiз – диверсиялық жоба. Олар бiздiң ұлттық әуенiмiздi бұзды. Оны ұйымдастырған адамдарды жауапқа тарту керек. «Азия дауысы» да солай. Олардың әнiн тыңдап көрсеңiз, қазақтың «i», «қ», «ң», «ғ» әрiптерi кездеспейдi. Ешқандай көркемдiк жоқ, бояу жоқ кеңiрдектерiн жыртып ән айтқан болады, әйтеуiр. Шынына келсек, мұндай жобалардың басында ақшаға ғана құныққан құлқыны терең топтар ғана отыр. Мен кейде Жәнiбек Кәрменов ағамыздың ерте өлiп қалғанына өкiнемiн. Ол өзi әншiлердiң iшiнен шыққан күрескер тұлға едi. Көп жерде сөзiн өткiзiп, ұлттық өнердiң жанашыры бола бiлетiн. Өкiнiшке қарай, бiзде қазiр ондай тұлға жоқ. Ендiгi бар үмiтiмiз – Бекболат Тiлеухан. Бiрақ ол кiсiнiң де саясаттан қолы босамай бара жатқанға ұқсайды.

 

 

Қайрат Байбосынов Қарағандыда бiр ән айтқан емес

Жас қазақ: Елордада жыл сайын өтетiн «Жас қанат» ән байқауының қандай артықшылықтары бар?
Ерлан Төлеутай: Бұл да жаңағы жобалардың бiр сыңары. Ән әлемiне тұлға бермейдi. Еш нәтижесiз, ауаға шашқан ақша, жас ұрпақты адастыру, ұлттық дәстүрдi қорлау. Кейде осылардың тасасында ұлтты жоюды көздейтiн қаскөйлер жүрген жоқ па деп қорқамын. Музыкада халықтың дiлi, ұлттық коды тұр. Жасырын күштер болса соны бұзып кiрiп, қазақтың жақсы мен жаманды парықтай алмай айдалаға лағып кетуiн күтiп отырғандай. Ал ұлттық музыкамен, өнермен суарылған азаматтар үлкен шаруалар тындырады. Жеңiл әуен тыңдап өскен жас ұрпақтан ертең нигилистер ғана шығады. Өйткенi, олардың ар жағында ұлттық негiз, өзек жоқ. Олар домбыраны жек көредi. Шындығында қазақ эстрадасын Рамазан Стамғазиев бастап, домбырамен келген әншiлер байытып жатыр.
Жас қазақ: Бұл әдет Кеңес Одағы кезiндегi тәрбиенiң кесiрi емес пе?
Ерлан Төлеутай: Олай деуге де негiз жоқ. Бiз де сол дәуiрдiң баласымыз ғой. 80-жылдары теледидарда, қазақ радиосында Қайрат Байбосынов пен Iлия Жақановтар, Жәнiбек Кәрменов пен Ақселеу Сейдiмбектер бiргiп отырып керемет әңгiме-сұхбат құратын. «Жәнiбек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөз сол кезде шыққан. Бiз сол хабарларды, әндердi тыңдап өстiк. Әннiң қандай керемет әлем екенiн сезiндiк. Сол кезде Iлияс Омаров, Өзбекәлi Жәнiбеков секiлдi азаматтар ұлттың өнерiн әспеттейтiн саясат жүргiздi. Жәнiбек, Қайрат ағаларымыздың әндерi ұлттық өлшем болды. Өйткенi, оны насихаттаған идеология мықты болды. Ал екiншi кезекте Ермек Серкебаев, Бибiгүл Төлегеновалар орындайтын опера тұрды. Бiрiншi орында домбырамен шырқалатын әндер, яғни, классикалық өнер тұрды.
Жас қазақ: Қазiр дәстүрлi өнер деп қолданып жүрмiз ғой?
Ерлан Төлеутай: Ол кезде солай аталды. XIX ғасырда дүниеге келген әндердiң бәрi классикалық музыка едi. Менiңше, дәстүрлi деп атау дұрыс емес. Ол қазақтар үшiн, түсiнген адам үшiн дұрыс болар. Бiрақ орыстiлдiлер мен сондай ұғымдағылар үшiн ұлттық ән өнерiмiздi фольклорлық деңгейге түсiретiн атау. Операның отаны Италия десек, Бiржан сал, Ақан серi бастаған композиторларымыздың әндерi – олардың операсынан бiрде-бiр кем емес, терезесi тең дүние. Мен өзiм былтыр Еуропада болдым. Сонда Италия, Австрия, Ағылшын елдерiнiң бәрiнiң әнi менiң бiр әнiме татымады десем мақтанғандық емес. Сол сапарда қазақ әнiнiң құдiретiн тiптi сезiнiп қайттым.
Жас қазақ: Ол қандай сапар едi?
Ерлан Төлеутай: Мына Балтық жағалауы елдерi өздерiнiң ұлттық өнерiне қатты маңыз бередi. Солардың Литвада болған кезектi халықаралық фестивалiне қазақ елiнiң атынан мен жалғыз бардым. Алғашында Бүкiл Еуропа өнерпаздарының арасында жүрексiнгенiм рас. Фестивальдiң мерзiмi бiр апта. Содан ұйымдастырушылар келiп «ертең шуркеуде Англия музыканттарымен бiрге өнер көрсетесiң, Қазақстанға берiлген уақыт жарты сағат» дедi. Жалғыз екенiмдi айтып едiм, барлық елге берiлген уақыт бiрдей екенiн ескерттi. Сонымен не керек, алдымен ағылшындар шықты. Жұрт оларды жақсы қабылдады. Олардан кейiн мен шықтым. Ақан серiнiң, Жаяу Мұсаның, Жарылғапбердiнiң ең мықты деген әндерiн шамамша айтып жатырмын. Әр әндi орындаған сайын, байқасам, халықтың ықыласы бөлек, шапалақты сұмдық соғып жатыр. Сосын бiр кезде Мәдидiң «Қаракесек» әнiн орындадым. Мәдидiң бұл туындысы Еуропалық деңгейдегi классикалық ән едi. Қазақ ән өнерiн классикалық деңгейдiң шырқау шыңына жеткiзiп, түйiндеген ән десе де болады. Әндi айтып тұрып, өзiм де сол әлемге енiп кеткендей болдым. Бiр кезде көрермендер залына көзiм түсiп едi, алдында ғана жайраңдап отырған жұрт сұмдық бiр қасiреттiң құшағына құлағандай хал кешiп отыр екен. Бәрi сұлқ түсiп, тұнжырап қалған.
Бiзде конкурсқа, фестивальге бару деген қиынның қиыны ғой. Қолдаушы, қамқоршы деген жоқ. Сол өнерден көрген машақатым Мәди әнiндегi «науқасым жанға батып жатқан кезде, болмады жан ашитын туысқаным» дейтiн жерi менiң де жүрегiмдi тiлiп кеткендей, көзiмнен жас парлап кеттi. Бiрақ ән айтып тұрған соң дауысымды дiрiлдетпей өзiмдi ұстап алдым. Әндi «уһ» деп аяқтаған соң, қу жаным қалғандай болды. Залға қарасам, халық тып-тыныш, үн жоқ. Бiраз уақыт өттi. Алдында ғана қол соғып отырған. Мен сахнадан кетерiмдi, не кетпесiмдi бiлмей қалдым. «Апыр-ау, әнiм ұнамаған болды ғой» деп қобалжи бастадым. Бiр кезде «шарт» еткен жалғыз алақан қағысы шығып едi, арты шiркеудi жаңғырықтырған қол соғу салтанатына ұласып жүре бердi. Көрермен тұрып алып, ұзақ қошемет көрсеттi. Концерт аяқталған соң журналистердiң бәрi лап қойды. Бәрiнiң бiлгiсi келетiнi «жаңағы не туралы ән?» деген сұрақтың жауабы. Сосын оларға бұл әннiң авторы Мәди Бапиұлы деген композиторымыз екенiн, әншiнiң ардақты өмiрi өкiнiшпен түрмеде өткенiн, кейiн 1921 жылы қызыл үкiмет әйгiлi композитор-әншiнi атып өлтiргенiн айтып бердiм. Ертеңiнде бүкiл БАҚ сол тақырыпты жазды. Ал сахнада тұрған кезiмде Литваға сапармен келiп, фестивальге қонақ болған Жапония императоры 10 мың көрерменнiң алдына шығып менiң қолымды алып, ризалығын бiлдiрдi. Менiң қазақ елiнiң азаматы екенiмдi естiген соң, мемлекетiмiздi жақсы бiлетiнiн айтты. Сол жерде жұбайымен Литва президентi де болды.
Мiне, осындай құдiретке ие әндерiмiз қазiр керексiз болып қалғандай. Қарағандыда жыл сайын ретро-фестиваль деген өтедi. Оған келетiндер Ресейдiң әншiлерi. Қазақтың ақшасын қалталарына басып, үрiп iшiп, шайқап төгiп тайраңдап кете барады. Оны көретiндер де жай халық емес, әкiм-қаралар ғана. Өткен жолы  менiң шәкiртiм Ержан Базарбеков деген әншi бауырымыз шығармашылық кешiн өткiздi. Сонда осы жайында Қайрат Байбосынов ағамыз жақсы айтты. Сол кiсi өзiнiң елi Қарағандыда 20 жыл бойы бiр ән айтпапты. Бiр шығармашылық кешiн жасай алмапты. Ал Қарағандыда ән айтпаған адам жоқ . Ресейдiң Алла Пугачевасынан тартып Дима Биланға дейiн келмегенi қалмады. Сонда Қайрат ағамыз «шетелден көгiлдiрлер келiп, ән айтып, асфальтке қолының таңбасын басып кетедi, аттарын қалдырады, соларға берген ақшамен филармонияны екi жыл асырауға болар едi. Ал бiз асфальтке қолымызды баспадық деп өкiнбеймiз, бiздiң саусағымыздың iзi халықтың жүрегiнде» дегенi бар. Ағамыздың ашынғаны көрiнiп тұр. Сонда қазақ ән өнерiн әлемдiк дәрежеде таныта бiлген адамның өз елiнде бiр ән айта алмауы сұмдық емес пе. Расын айтсақ, бүгiн бiздiң қоғамда ұлттық өнердi өлтiру ойыны жүрiп жатыр.

 

 

Сарай әншiсi болғанды суқаным сүймейдi

Жас қазақ: Қазiр той-жиындарда дәстүлi әншiлер жақсы сұранысқа ие бола бастады деп естимiз ғой?
Ерлан Төлеутай: Иә, жұрт фонограммамен айтатын жеңiл әуендерден жалықты. Оларды әбден тыңдап, мезi болды. Адам тереңнен бiр сағыныш басталғанда нағыз әндi аңсайтын секiлдi. Мен туған ауылым – Жаңаарқаға барған кездерде байқаймын, жұрт қызу қарсы алып, жылы ниет танытып жатады. Қазiр тойларда, басқа да жиындарда осы үрдiс жап-жақсы жалғасын тауып келедi. Мысалы, Қарағандының Шет ауданында өткен бiр аста ұйымдастырушылар дәстүрлi әндер бәйгесiн өткiздi. Айтыс та болды. Бiрақ басты мазмұн ұлттық әнге берiлдi.
Жас қазақ: Өзiңiз әншiлiктен тыс, осы өнерге қандай үлес қосып жүрсiз?
Ерлан Төлеутай: Қазiр Арқаның әншiлiк өнерiн тұтас алып қарастыру жұмысын қолға алып жатырмын. Бұйыртса, бұл еңбегiмде әр өңiрдегi мектептердiң ерекшелiктерiне тоқталып өтетiн боламын. Онда орындаушылар, шығарушылар, әндердiң тарихы – бәрi қамтылатын болады деп жоспарлап отырмын. Эстрада да бiрер әндерiм айтылып жүр. Мақпал Жүнiсова «Япурай» әнiмдi, Меруерт Түсiпбаева «Сен және мен» деген әнiмдi орындап, клип түсiрдi.
Жас қазақ: Осындай өнерiңiзбен жоғары жақтағы орындарда, басшылардың айналасында алшаң басып жүруге болады ғой?
Ерлан Төлеутай: Мен ешқашан олай ойлап көрген емеспiн. Оған менiң табиғатым да келмейдi. Сарай әншiсi болуды суқаным сүймейдi. Әкiм-қаралардың арасы өнердi түсiнбейдi, тұншықтырып өлтiредi. Ұлыққа жағыну менiң жолым емес екенiн, мiнезiм арқылы да талай дәлелдедiм. Жұмыстан да кеттiм. Мен тек халықтың ықыласына бөленсем болды. Бiздiң ән өнерiнiң алыптары да тек халықтың жағында болып, солар үшiн, өнерi үшiн, адал арын сақтап, жанын пида еткен жоқ па?

 

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ
«Жас қазақ», №33, 2008

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498