Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4356 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 10:21

Оңтүстiктiң БАҚЫТтан басы айналды

Бокстан Бейжiң Олимпиадасының чемпионы туған өлкесiн аралап, байтақ ел, баябан далаға тағзым еттi
Сәкен СЫБАНБАЙ
...Бар үмiтiмiздi арқалаған айтулы боксшыларымыз шетiнен сүрiнiп, ақтық сынға 69 келi салмақ дәрежесiндегi жалғыз Бақыт Сәрсекбаев қана шыққанда, бүкiл елдiң көгiлдiр экранға телмiргенi күнi кеше. Финалдағы Карлос Банто Суареспен жекпе-жектi қазақ халқы ешқашан ұмытпасы анық. Бұл – бокстан тарихта жемеген таяқты осы додада жеп, ызаға булыққан Куба үшiн де, екi-үш алтынды көксеп барып, қарадай масқараға ұшырай жаздаған Қазақстан үшiн де соңғы мүмкiндiк, жалпы көрсеткiштi ақтап алар ақырғы қадам едi. Ел намысы үшiн жан алысып, жан берiскен бәсекеде қазақ боксшысы айқын басымдық танытып, алтын медальды жеңiп алғаны – бұ күнде спорт жылнамалары еншiсiндегi оқиға...
Туған жерге тағзым

Бокстан Бейжiң Олимпиадасының чемпионы туған өлкесiн аралап, байтақ ел, баябан далаға тағзым еттi
Сәкен СЫБАНБАЙ
...Бар үмiтiмiздi арқалаған айтулы боксшыларымыз шетiнен сүрiнiп, ақтық сынға 69 келi салмақ дәрежесiндегi жалғыз Бақыт Сәрсекбаев қана шыққанда, бүкiл елдiң көгiлдiр экранға телмiргенi күнi кеше. Финалдағы Карлос Банто Суареспен жекпе-жектi қазақ халқы ешқашан ұмытпасы анық. Бұл – бокстан тарихта жемеген таяқты осы додада жеп, ызаға булыққан Куба үшiн де, екi-үш алтынды көксеп барып, қарадай масқараға ұшырай жаздаған Қазақстан үшiн де соңғы мүмкiндiк, жалпы көрсеткiштi ақтап алар ақырғы қадам едi. Ел намысы үшiн жан алысып, жан берiскен бәсекеде қазақ боксшысы айқын басымдық танытып, алтын медальды жеңiп алғаны – бұ күнде спорт жылнамалары еншiсiндегi оқиға...
Туған жерге тағзым
Сөз жоқ, Бақыт Сәрсекбаевтың табысы – барша қазақтың қуанышы. Астанада, Алматыда оған көрсетiлген сый-құрмет, қолдау-қошемет, мақтау-марапатта шек жоқ. Батырын бағалай бiлер ел осындай-ақ болар. Отанының намысын қолдан бермеген оғланның да сол құрметке әбден лайық екенi даусыз.
Дей тұрғанмен, «Отан» деген ұлы ұғымның «отбасы» атты шағын мемлекеттен басталары да хақ. Ал оның түп-төркiнi адамның бала жастан топырағына аунап-қунап өсер ауыл-аймағына апарып тiрелерi мәлiм. Өзiнiң туған өлкесiн жанындай жақсы көре бiлмеген жiгiттiң тұтас елiн емiрене сүйе алуы да екiталай. Осы жағын ойлаған болуы керек, Сұлтанбек Қожанов атындағы қайырымдылық қоры Б.Сәрсекбаевтың Оңтүстiк Қазақстан облысына сапарын ұйымдастыру туралы бастама көтерiптi. Облыс әкiмi Н.Әшiмовтың атына жазылған хатта былай делiнген:
«Құрметтi Нұрғали Сәдуақасұлы!
Бүгiнде алматылық, туып-өскен жерi жағынан оңтүстiкқазақстандық, кешегi ХХIХ Жазғы Олимпиада ойындарының соңғы күнiнде жеңiс тұғырына көтерiлiп, Қазақстан олимпиада құрамасының қоржынына екiншi алтын медаль салған боксшымыз, бағымызға жаралған Бақыт Сәрсекбаев қасиеттi Рамазан айында ата-бабалары жатқан оңтүстiк өңiрiне ағымдағы жылғы қыркүйек айының 19-20-сы күндерi барып, ниет қылып қайтуды С.Қожанов атындағы қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жоспарлап отыр. Осыған орай облыстық әкiмшiлiк тарапынан қолдау көрсетуiңiздi өтiнемiз.
Iзгi ниетпен Қор Президентi М.Әбдiраман».
Бейжiңге жүрер алдында Бақыт бауырымыз Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Йассауи кесенелерiне тағзым етiп, ел ақсақалдарының батасын алып аттанған екен. Яғни, Олимпиада чемпионының өткен аптадағы оңтүстiкке сапарын ата-баба аруағы қолдап, мақсат орындалып, мұратқа қол жеткеннен кейiнгi қасиеттi жерлерге шеккен разылық зияраты десе де болады.
Бүгiнгiнiң батырына – заманауи тұлпар
Алтыннан алқа таққан Бақыт Сәрсекбаев пен оның әкесi Әбдiрахман аға, iнiсi Бауыржан, бапкерi Кәрiм Махмұдов, ҚР Көлiк саласының құрметтi қызметкерi, С.Қожанов атындағы қайырымдылық қорының төрағасы Мұқан Әбдiраман, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, профессор, театр сыншысы Әшiрбек Сығай, «Қазтрансформатор» компаниясы директорлар кеңесiнiң төрағасы Сейдiллә Қожабаев, «ТАУ Авикомпанияның» президентi Сәбит Тайжанов, Алматы гарнизонының бастығы, генерал-майор Бақтияр Сыздықов бастаған зияратшылар тобын Шымкент әуежайынан бiр қауым ел күтiп алды. Ұлт мерейiн тасытқан тамаша боксшы лезде жергiлiктi жұртшылықтың ыстық құшағына көмiлдi.
– Ата-бабасы мекен еткен өңiрге туыстық пейiлiн таныта келген Олимпиада жеңiмпазына айтар алғысымыз шексiз! – дедi көпшiлiкпен бiрге меймандарды қарсы алған облыс әкiмiнiң орынбасары Әли Бектаев. – Бұл орайда оңтүстiк халқы қай кезде, қандай сында болсын, Бақыттың қолдаушысы, тiлекшiсi бола бередi.
Одан кейiн сөз алған ел ақсақалы, еңбек ардагерi Әдiлхан Сұлтанбеков дүбiрлi додада бәрiмiздi қайсарлығымен һәм қаһармандығымен тәнтi еткен боксшыға жүрекжарды тiлегiн арнап, ақ батасын бердi, жұртшылық атынан мәртебелi мейманға ат мiнгiзiп, шапан жапты.
Бұдан соң облыс әкiмiнiң қабылдауында болған Олимпиада жеңiмпазы өзiн кең құшақ, ыстық пейiлмен қарсы алған халайыққа ризашылығын бiлдiрдi. Ал Нұрғали Әшiмов: «Қазiр атамекенiңнiң қасиеттi жерлерiн аралауға аттанғалы отырсың, ендеше бұл сапарға сенi қара жаяу жiбергенiмiз жарамас. Сен бүгiнгi дәуiрдiң батырысың, демек, астыңда жүйрiк атыңның болғаны жөн. Сол себептi өзiңе қазiргi жаһандану уақытына сай сәйгүлiктiң – «Toyota Land Cruiser 200» көлiгiн сыйлағалы отырмыз», – деп, чемпионға заманауи темiр тұлпардың кiлтiн табыс еттi. Оңтүстiк өңiрiнен Әлжан Жармұхаммедов, Әбдiсалан Нұрмаханов, Нелли Ким, Бекзат Саттарханов сынды даңқты спортшылардың шыққанын айтып, Бақытты «сол жеңiмпаздар легiнiң жалғасысың» дедi. Ақын Айсұлу Қадырбаеваның «Барып қайт, балам, ауылға» өлеңiнiң бiрер шумағын жатқа айтып берiп, «қайда жүрсең де, шыққан тегiң мен туған топырағыңды ұмытпа» деген тiлек айтты.
Бұдан кейiнгi ат шалдырар бекет Отырар ауданы едi. Әйтсе де, аудан орталығы Шәуiлдiрге жетпес бұрын Олимпиада чемпионының су жаңа «Джипi» бастаған мәшинелер легi бiрер ауылдың тұсынан тоқтауға мәжбүр болды. Өйткенi, қолдарына шағын жалауша ұстаған мектеп оқушылары жол жиегiне жағалай тұра қалып, «Бақыт – чемпион!» деп ұрандап жатты. Қонақтар тоқтап, көлiктен түсiп, күннiң ыстығына қарамастан батыр ағаларын өз көзiмен бiр көрiп қалуға ынтыққан балаларға жылы лебiз бiлдiрдi, Бақытпен бiраз суретке түсуге де мүмкiндiк бердi.
Шәуiлдiр жеңiмпаз боксшыны күтiп алуға тыңғылықты әзiрленiптi. Ұлт-аспаптар оркестрi күй ойнап тұрды, ақ жаулықты аналар келген меймандарға шашу шашты, аудан әкiмi Әлiмжан Құртаев бастаған азаматтар өз құттықтауларын жеткiздi. Аудандық мәслихаттың шешiмiмен Бақыт Сәрсекбаевқа «Отырар ауданының құрметтi азаматы» атағы берiлдi. Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова батыр ұлына жыр арнап, оны:
– Шешушi сәтте Бақыт қайрат қылды,
Алашқа берiптi Алла айбатты ұлды.
Бейжiңде, бүкiл әлем назарында
Қазақтың жұдырығы ойнап тұрды! – деп түйiндедi.
Кездесу өткен алаң адамға лық толды. Бақыт Сәрсекбаевпен суретке түсем деушiлердiң көптiгi сондай, егер бәрiне рұқсат бере берсе, бұл жерден кешке дейiн кете алмауы да мүмкiн едi. Тәртiп сақшылары мен сапарды ұйымдастырушылардың көмегiмен көпшiлiктiң құшағынан әзер сытылып шыққан Олимпиада чемпионы көлiкке отырып, Арыстанбаб кесенесiн бетке алды.
Бабтардың бабы жатқан байырғы мекенде Бақыттың атынан құрбандыққа мал шалынып, Құран оқылды. «Зиярат қабыл болсын! Жұлдызың қашанда жоғары боп, осы тұғырдан түспе, айналайын!» деп ақсақалдар батасын бердi. Кесенеге кiре берiсте көже сатып тұрған апа-әжелер «бұлардың қайсысы Бақыт?» деп өтiп бара жатқандарға күн салып қарап тұрды да, Қазақстан олимпиадалық құрамасының ақ түстi кәстөмiн киiп алған чемпионды жақын келген соң барып танып, «айналайын!» деп бас салып құшақтап, екi бетiнен алма-кезек сүйiп, әрең босатты.
Қонақтар Шам шаһарындағы бейiттерiнен топырақ әкелiнiп, жаңа моласы жасалынған Әбу-Насыр әл-Фараби және Сұлтан әз-Захир Бейбарыс бабаларымыздың басына тәу етiп, Құран бағыштады.
«Бекзаттың арманына сендер жетiңдер!»
Отырар ауданы жұртшылығымен қош айтысқан «Бақыт Сәрсекбаевтың көшi» ат басын «екi дүние есiгi, ер түрiктiң бесiгi» – Түркiстан шаһарына тiредi. Әрине, әуелгi зиярат Қожа Ахмет Йассауи кесенесiне жасалынды. Мұнда да құрбандық шалынып, Құран оқылды. Сосын меймандар қазаққа бокстан алғашқы Олимпиада алтынын алып берген аяулы ұл – марқұм Бекзат Саттархановтың басына барып, тағзым еттi. Сол күнi Б.Саттарханов атындағы спорт-сауықтыру кешенiнде бокстан, күрестен һәм таэквондодан жасөспiрiмдер арасында турнир ашылғалы жатыр екен, Бейжiң-2008 жеңiмпазы бастаған топ жарыстың тұсауын кесуге қатысты.
Кешке Түркiстанның Есiмхан алаңында да салтанатты кеш ұйымдастырылып, концерт қойылды. Мәртебелi мейманға ат мiнгiзiлiп, шапан жабылды. Қала әкiмi Бейбiт Сыздық Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевқа «Түркiстан қаласының құрметтi азаматы» атағы берiлетiнiн хабарлады. Жергiлiктi ардагер жазушы Ертай Бимаханбетұлы жеңiмпаз боксшыға әлi сиясы кеуiп үлгермеген жаңа төрт томдығын сыйға тартты.
Бәрiнен де бiздi кiшкентай балалардың қызығушылығы керемет әсерге бөледi. Олардың чемпион ағаларынан қолтаңба алу үшiн қандай қулыққа, қандай көзсiз батылдыққа да әзiр екенi сүйсiнттi. Ұстаздарының көзiн ала берiп, кейбiрi қонақтар отырған мiнбердiң ту сыртындағы темiр бағандарға өрмелеп, бiр-бiрiнiң дәптерлерiн әперiсiп, боксшыдан қолтаңба алып жатты. Онысын байқап қойып, аулаққа қуып әлекке түскен мұғалiмдерге: «Жiбере салыңыздаршы! Әрi-берiден кейiн Бақыттың ең басты табынушылары осылар емес пе? Оның Түркiстанға ендi қашан келетiнiн бiр Құдайдың өзi бiлсiн», – деуге шақ қалдым. Сосын олардың «сiзге ғой бәрiбiр, бiрақ қазiр Бақыттың қасына балалар үймелеп қалып, оның есiн шығарса, дөкейлердiң қаһарына бiз ұшыраймыз ғой» дерiн бiлiп, үндемедiм.
Ертеңiне жүздесулер Халықаралық Қазақ-түрiк университетiнiң Мәдениет орталығында жалғасты. Кездесудi ашқан университет президентi, профессор Лесбек Тәжiмов өз сөзiн: «Олимпиада жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi шыққан бiздiң елдегi бiрден-бiр жоғары оқу орны осы шығар!» – деп қорытындылады. Чемпион ағасына Шымкентте ОҚМУ-да бiлiм алып жатқан Бейжiң Олимпиадасының қола жүлдегерi Еркебұлан Шынәлиев те сәлем бере келiптi. Университет атынан Б.Сәрсекбаевқа 100 мың, Е.Шынәлиевке 70 мың теңге сыйақы табыс етiлдi.
Кездесу барысында жасындай жарқ етiп көрiнiп, артынша халқымыздың қабырғасын қайыстырып, жарық дүниемен қош айтысып кете барған Бекзаттай асыл ұлдың әке-шешесiне де сөз берiлдi.
– 2000 жылдан берi қазақ боксшылары Олимпиададан алтын алмай қайтқан емес-тi, – дедi бокстан қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионын тәрбиелеп өсiрген Сейiлхан көкемiз. – Сиднейде Бекзат пен Ермахан, Афиныда Бақтияр жеңiс тұғырына көтерiлдi. Шынымды айтсам, биыл сол дәстүр үзiлiп қала ма деп қатты қорықтым. Әрине, үмiт соңғы сәтке дейiн өшкен жоқ. Бiрақ жiгiттер шетiнен сыпырылып қалып жатқан соң, алаңдамай тағы отыра алмадық. Ақыры Олимпиаданың соңғы күнiнде жеттiк-ау сол ғажайып сәтке! Сол сәттi, сол күндi ғажайып еткен сенсiң, Бақыт! Сен болмағанда, бiздiң елге қарауға бетiмiз шыдамас едi...
– Бекзаттың жетiстiгiн, оның тұңғыштығын ендi ешкiм тартып ала алмайды, – дедi анадан арда туған Бекзаттың анасы Сырлыкүл жеңешемiз. – Ол тарихта қалды. Оның жолы жалғаса бередi. Бекзатым Сиднейден орала салып, тура сол әуежайда «Мен үш рет Олимпиада чемпионы болам!» деп едi. Оған ешкiм ондай сөздi үйреткен жоқ, балам сол сөздi шын жүрегiмен айтқан болатын. Ол мақсатына жете алмады. Бақыт, Еркебұлан! Ағаларың жете алмаған арманға сендер жетiңдер!
Басқосу соңы концерттiк бағдарламаға ұласты. Шынын айту керек, бағдарлама шағын болса да, шымыр ұйымдастырылыпты. «Би Сұлтан» ансамблiнiң орындауындағы билер, Тұрғанәлi Дәуiтовтың, Сая Сейiтүмiтованың, Райхан Жүнiсқожаеваның, Анар Бибатырованың және т.б. орындаған әндерi көпшiлiктiң көкейiнен шықты. Алматыда айтылатын «Оңтүстiктен бәрi де шығады, бiрақ ең көп шығатыны – өнер адамдары» деген әзiлдiң астарында ақиқаттың жатқаны осындайда аңғарылады екен. Жоғарыда аталған өнерпаздардың қай-қайсысы да ежелден өнер ордасы саналатын Алматыдағы әншiлердiң деңгейiне сай көрiндi. Ал концерттi түйiндеген Т.Дәуiтов пен С.Сейiтүмiтованың орындауындағы М.Шахановтың «Түркiстаным – бабам» әнiн дәл Б.Сәрсекбаев пен Е.Шынәлиев қарт шаһарға арнап тұрғандай әсер еттi:
– Фарабиден шуақ көрген,
Йассауиге қуат берген,
Күллi түрiк әулетiне астана!
Асыл қала,
Ғасыр қала,
Жаны мәңгi жас қала!
Түркiстаным – бабам,
Түркiстаным – бабам,
Батаңды бер маған!
«Қаратау тәжiндегi» кездесулер
Ат шалдырар келесi бекет – кезiнде «кiшкентай Алматы» деп мақталған, ақындар жырға, сазгерлер әнге қосқан Кентау қаласы едi. Даңқты жазушы Мұхтар Әуезов «Өскен өркен» романын жазу барысында оңтүстiкке жасаған сапарында бұл қаланы «қарасаң көзiң тоймайтын Қаратау тәжi» деп сипаттағанын бiлемiз. Қаланың С.Қожанов атындағы саябақ пен С.Бәйтереков атындағы саяжолдың ортасында орналасқан алаңында мерекелiк шара өттi (чемпионның сапары Денсаулық-2008 фестивалiне дөп келiптi). Осы өңiрдiң мақтанышы, Кентау және Түркiстан қалаларының құрметтi азаматы Әшiрбек Сығай Олимпиада жеңiмпазының туған өлкеге сапарына байланысты сөз қозғай келiп, әңгiмесiн:
– Бақыт, сен Бейжiңде ерлiк iстедiң! Бiрақ сен елдiң тiлеуiнсiз, осы жұрттың мiнәжатынсыз сол ерлiктi жасай алар ма едiң, жасай алмас па едiң? Сенi батыр еткен – халық, сондықтан сол жұртыңмен жүздесуге келген қадамыңа нұр жаусын! – деп қайырды.
Содан кейiн чемпионды қаладағы ең iрi өнеркәсiп орны – Кентау трансформатор зауыты күттi. Зауыт жұмысшылары мәртебелi мейманды ерекше құлшыныспен, тура Карлос Суарестi бiр ай бұрын емес, жаңа ғана жеңгендей, желпiнiп қарсы алды. «Қош келдiң, ұлы спортшы!» деген ұран-жазу ұстаған жұмысшылар ел мерейiн үстем еткен боксшыға зор қошемет көрсеттi.
– Баяғыда ата-әжелерiмiз токқа жақындай қалсақ бiттi, «ойбай, аулақ жүр, күйiп өлесiң!» деп жолатпаушы едi ғой. Сөйткен қазақ қазiр осы зауыт қызметкерлерiнiң басым көпшiлiгiн құрайды, – дедi «Қазтрансформатор» компаниясы директорлар кеңесiнiң төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденiнiң иегерi Сейдiллә Қожабаев. – Осыдан үш жыл бұрын зауытымызды Елбасы келiп көрген. Цехтарды аралау кезiнде озық технологияны меңгерген, зауыт өнiмiн әлемдiк деңгейдегi бәсекелестiкке көтеруге ұмтылып жатқан қазақ жастарының талпынысына риза болған президент табанды еңбектiң тамаша үлгiсiн танығанын айтып, ризашылығын бiлдiрдi. Ұжыммен қоштасар сәтiнде президенттiң қолымды қысып тұрып, «Рахмет, бауырым, азамат екенсiң!» деген ризалық ниетiн естiгенде, маңдайымызға Нұрекеңдей көшбасшы бiткенiне iштей шүкiр дедiм.
Расында да, бұрын 400 адам болса, қазiр 1200-ге жеткен зауыт жұмысшыларының басым көпшiлiгi – өз қандастарымыз. Зауыттың қазiргi ахуалы өте жақсы екен. Өнiм көлемi 1998 жылғы 213 миллион теңгеден биыл 8 миллиард теңгеге жетiп отыр. Ал жұмысшылардың орташа еңбекақысы осыдан он жыл бұрын 6974 теңге болса, қазiр 98 000 теңгеге көтерiлген.
Зауыт асханасында меймандарға арналып берiлген қонақасыдан соң, «Бақыттың көшi» екiге жарылды. Бiр тобы Алматы мен Шымкентке аттанса, Олимпиада чемпионының өзi бастаған екiншi бөлiгi сонау қиыр оңтүстiктегi Мақтаарал ауданына бағыт түзедi.
«Қыз көруге келген жiгiт сияқты...»
Оңтүстiк сапарын дәп Мақтаарал ауданында қорытындылауының себебi – Бақыт Сәрсекбаевтың түпкi атамекенi аталмыш ауданның орталығы Жетiсай қаласы екен. Әрине, Бақыт – ең әуелi қазақтың баласы, қазақтың мақтанышы. Десе де, жақсыға әркiмнiң-ақ таласы болатыны тағы бар. «Павлодардан екен» деген уәждердiң де айтылғаны есiмiзде. Ол да, бiр есептен, дұрыс, себебi, Бақыттың әкесi Әбдiрахман Сәрсекбаев қызмет бабымен 17 жыл Павлодарда тұрған, оның Индира есiмдi қызы сол қаладағы университеттi қызыл дипломмен бiтiрген. Яғни, Бақыттың ол өңiрге де бөтендiгi жоқ. «Өзбекстаннан екен» дескендер де болды. Оны да жөнсiз дей алмаймыз, өйткенi, Бақыттың (сондай-ақ қарындасы Индира мен iнiсi Бауыржанның да) кiндiк қаны тамған жерi – Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Шыршық қаласы. Сөйтсек, Әбекең жұмыс бабымен Шыршықта 12 жыл еңбек етiптi. Табақсай ауылында да тұрыпты.
– Негiзiнде, бiздiң өз жұртымыз – Жетiсай қаласы, – дейдi Әбдiрахман Сәрсекбаев. – Ата-анам, ағайын-туысымның бәрi сонда тұрады. Мен де сол жерде туып-өстiм. Үлкен ағам Өзбекстанда тұрды да, менi сол жаққа жұмысқа орналастырды. Кеңес өкiметiнiң кезi ғой. Сөйтiп, бiраз жыл өзбек жерiнде қызмет еттiм. Өзбек қызына үйлендiм. Балаларым да сонда жетiлдi. Бақытты «Өзбекстаннан екен» деп айтып жүргендерi сол шығар. Әйтпесе сол Бостандық ауданы да бұрынғы қазақтың жерi ғой. КСРО кезiнде Өзбекстанға өттi де кеттi. Сол күйi қайтарылмады.
Өзiм де жастайымнан спортқа қызығатынмын. Футболды тәп-тәуiр ойнадым. Орталық жартылай қорғаушы болатынмын. Балаларымды боксқа берген себебiм: шыны керек, Табақсайда басқа секция болған да жоқ. Бақыт 5 жасынан жаттықты. Үйiрмедегi алғашқы бапкерi – менiң қайным, яғни, әйелiмнiң iнiсi Кәрiм Махмұдов болды. Әлi күнге сол нағашысының тәрбиелеуiмен келедi. Кiшi ұлым Бауыржан да боксшы. Қазiрдiң өзiнде спорт шеберi.
Алдыңғы аудандардағы зиярат кезiнде бағдарлама өте тығыз жасалғандықтан, шыны керек, бiз әртүрлi кездесу, жиындарға қатысумен ғана шектелдiк. Жетiсайда сапардың басты кейiпкерлерiнiң де, бiздiң де бiршама бос уақытымыз болды. Әбдiрахман ағамыздың жоғарыдағы әңгiмесiн тыңдауға да мұрсат таптық, Бақытпен, оның бапкерi Кәрiм Рахманұлымен тiлдесуге де мүмкiндiк алдық. Чемпионның көп сөйлемейтiн, бiртоға, тұйықтау азамат екенi теледидардағы сұхбаттарынан-ақ байқалушы едi, сапар барысында бұған көзiмiз тiптен жете түстi. Сауалға қысқаша жауап берiп қана отыратын оның ұстамдылығы, қарапайымдылығы, кiшiпейiлдiлiгi риза еттi. Осы үш күн бойына оның атына қаншама мақтау-марапат, қолпаш-қошемет, небiр сұлу да жылы сөздер арналды! Басқа бiреу болса, қардай ерiп, қарадай кеуде керiп шыға келер ме едi, кiм бiлсiн. Ал Бақыт сыр берген жоқ. Не қуанышын, не өкiнiшiн сыртына шығара бермейтiн сабырлы жiгiт екен. Қызық та күлкiлi әңгiмелер айтылып қалған сәттерде ғана риясыз күлiп, рахаттанып отырды. Әшiрбек Сығай ағамыз айтпақшы, «тура қыз көруге келген бозбаладай сыпайы».
«Бақыт өз салмағында ешкiмге нан қалдырған жоқ»
Кәрiм-әкә шәкiртiне қарағанда аздап сөзшеңдеу екен, сұрағымызға сәл шешiле жауап бердi.
– Бақыт чемпион болғаннан кейiн Өзбекстан сiздi қайтадан шақырып жатқан жоқ па? – болды әуелгi сауалымыз.
– Шақырды, бiрақ бармадым, – дедi жаттықтырушы отыз екi тiсiн түгел көрсетiп күлетiн ақжарқын әдетiмен. – Бақыт жеңе салысымен Бейжiңде жүрген өзбек бапкерлерi, әрiптестерiм ғой, бас салды: «кеттiк, жуамыз» деп. Кейiннен шақырып жүрген де солар ғой. «Кезiнде Бақытты да, менi де шеттеттiңдер, бармаймын» дедiм. «Ендi бәрi басқаша болады, саған қарсы болғандардың бәрiн орнынан аламыз, жұмыстан қуамыз, бокстан Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкерi боп кел» дедi. Оларды да түсiнiп тұрмын, шақырып жатқандардың көбi бұрын бiзге iштей тiлеулес болған, бiрақ қолында билiгi болмаған жандар. Бiрақ «болмайды, кеш қалдыңдар» дедiм. «Әуре болмаңдар, ендi мен қазақпын!» дедiм (күледi).
– Айтпақшы, Қазақстан азаматтығын алуға қалай қарайсыз?
– Дұрыс қараймын. Осы бағытта бiраз жұмыстар атқарылып жатыр. Мен Бейжiңде күйгеннен осы азаматтықтың жоқтығынан күйдiм ғой. Маған аккредитация бермей қойды. Бокс кезiнде Бақыттың қасына бара алмаймын. Бүкiл Олимпиада бойына оған трибунадан айғайлаумен болдым: «Олай етпе, кейiн қаш!», «Ендi ұр!», «Тым жақындай берме!» деймiн. Қасымда отырғандар менi өздерi секiлдi жанкүйер көредi-ау, шамасы, «неменеге айғайлайсың, сенi бұл жерде кiм тыңдайды?» деп күледi. Бiрақ Бақыт сонша шуға қарамастан менi естидi екен, сөйтiп, мен қалай десем, солай әрекет етедi. Мұны байқаған жанкүйерлер бiрте-бiрте маған қызығып қарайтын болды. «Ол неге сенiң айтқаныңды iстейдi?» деп таңданады. Әсiресе финал алдында Бақыт қатты толқыды, жүйкесi де сыр бердi. Сол кезде қасында бола алмағаныма өкiндiм. «Анау боксшы – менiң балам, мен оның жанында болуым керек, жiберiңдер!» деймiн – жiбермейдi. Өйткенi, тiркелмегенмiн. Суарестi жеңiп, берi шыққан соң, шешiнетiн бөлмеге жүгiрiп барсам, Бақытты допинг-тексеруге әкетiп қалыпты. Бiр сағаттан соң келдi. Көре сап бiр-бiрiмiзге тұра жүгiрдiк. Құшақтасып, бiраз жылап алдық.
– Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерiмен қарым-қатынасыңыз қандай болды?
– Аккредитациясы жоқ адамда өзгелермен қандай байланыс болсын. Сосын, шынын айту керек, олар маған сенген жоқ, соны байқадым. Тек жартылай финалға шыққан кезде барып, бас бапкер: «Ты что, узбек, умный стал, да?» – деп кекетедi. Финалға шықтық. Ақтық бәсеке алдында спорт министрi келдi. «Кубалықты жеңесiңдер ме?» дейдi. «Жеңемiз» дедiм. «Ол күштi ғой бiрақ!» дейдi көзi бақырайып. «Ал бiз одан да күштiмiз» дедiм жайбарақат. Соңынан риза боп, бәрiмiздi құшақтап жүрдi.
– «Қазiргi бокста көп нәрсенi ақша шешедi» деген әңгiме күшейiп тұр. Бұл қаншалықты рас сөз?
– Ақша шешетiнi рас. Әйтпесе бұрын бiр алтын алмаған Қытай қалай аяқ астынан бокс державасы боп шыға келдi? Бiрақ ақшаның да айдалада қалатын кезi болады. Мысалы, Бақыттың жекпе-жектерi. Менiңше, Бақыт өз салмағында ешкiмге нан қалдырған жоқ. Ақша-пақшасына қарамай, барлық қарсыласын айқын жеңдi. Адал һәм әдiл ұтты. Жартылай финалдағы корей боксшысы Бақыттан қорқып шықты, байқадыңыздар ма? Себебi, алдыңғы спарринг-жаттығуларда Бақыт оны кәдiмгiдей ұрып тастаған болатын. «Неге өйтесiң? Бекерге шаршап. Оның үстiне, күшiңдi, әдiсiңдi алдырып қоясың ғой» десем, Бақытым: «Оларды осы бастан өстiп әбден қорқытып тастау керек!» – дейдi. «Дұрыс екен» дедiм.
– Бiздiң үкiлеп апарған жүйрiктерiмiздiң жолы болмағанын сол «бәрiн ақша шешедi» деген кiлтипанмен түсiндiремiз бе?
– Қайдам. Әр сәтсiздiктiң өз себебi болады деп ойлаймын өз басым. Бақтияр Артаевта дайындық дұрыс болмаған тәрiздi. Ал Серiк Сәпиевтi бапкерi дiңкелетiп құртты. Боксқа ол әбден қалжырап шықты. Әлгi тай боксшысымен жекпе-жегiн кейiн қайталап көрдiм: Серiктiң соққылары әлсiз, тимейдi, тисе де, жөндi дарымайды. Шаршаулы екенiн бiрден бiлдiм.
* * *
...Жетiсайда да Олимпиада чемпионына лайықты құрмет көрсетуге тырысты.
– Мақтааралдың күнi ыстық екенiн бәрi бiледi, бiрақ бiз бұл өңiр адамдарының жүрегi одан да ыстық екенiн үнемi байқатып жүруiмiз керек, – дедi өз сөзiнде аудан әкiмi Омарбек Нұржанов. – Бақыт айналайын, сен осында ер жеттiң, осында шаңырақ көтердiң. Әкең де, атаң да – осы ауданнан түлеп ұшқан азаматтар. Демек, Мақтаарал өңiрi – сенiң туған жерiң, ат жалын тартып мiнген атамекенiң. Осыны ұмытпа.
Аудандық мәслихаттың шешiмiмен Бақыт Сәрсекбаевқа «Мақтаарал ауданының құрметтi азаматы» деген атақ берiлдi. «Сырдария» университетiнде, аудан орталығындағы Жеңiс алаңында халайықпен жүздесулер өткiзiлдi. Ат мiнгiзiлiп, шапан жабылды. «Жетiсай сазы» ұлт аспаптар оркестрi концерт қойды. Кешке ауызашар берiлiп, ағайындар темiр тұлпар сыйға тартты.
Оңтүстiк сапарынан Бақыттың өзi де, оған iлескен бiз де, жанашыр-тiлекшi қауым да ерекше әсермен қайтты дей аламыз. Ал хас батырымен жүздесуге мүмкiндiк алған халайықтың тiптi БАҚЫТтан басы айналды.
(«Жас қазақ», №38, 2008)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371