Раушан ЖӘКЕШБАЙ. ҚОШ БОЛ, ФИЛОСОФИЯ!
Студентпіз. 2 курс. Қу бас той-думан үшін домалар шақ. Құдайдың жарылқағаны шығар, сауық-сайраннан кенде қылмады бізді. Сондай күндердің бір күні құрбымыздың ауылына «студенттік сапар» шектік. Артынып-тартынып, тобымызбен топырлап Созақ өңірінен бір-ақ шықтық. Мың бір түн ертегісіндегі хордың қыздарымыз. Ауыл ағайындары бізге таңырқай қарайды. Ал біз болсақ сұқтанған көздерде шаруамыз қанша, бүкіл ауылдың шаңын басымызға көтереміз. Қызықтың көкесі алда екен. Қас қарайғанда Шолаққорғандық «сайдың тасындай» жігіттермен бас қостық. Таныстық. Тіл табыстық. Бұл жігіттер өңкей сен тұр, мен атайындардың «сортынан» болып шықты. Өнердің майын жіліктеп шағады. Ішінде суырып салма ақындар да жүр. Қаланың сужұқпас жылмақайларындай емес, даланың табиғатындай дарқандық бар. Өлең шумақтарын бірінен соң бірін төгіп жатыр. Бұрынғының сал-серілеріне теңейсің еріксіз. Кештің көркі қызып кетті. Ал да жарыс... Қыздар жағы сыпайыланып тура «барби» қуыршағы бола қапты. Әңгімеміздің жарасым тапқаны соншалық, сөзден көкпар жарыстырып кеттік. Бірінен соң бірі өнер көрсетті. Тост кезегі елеусіз ғана ой қуып отырған Сұлтан есімді жігітке келді. Оның бар жоғы тіпті білінбеген. Асаба жігіттің таныстыруынша «Созақтың Сократы». Неге Сократ екені беймәлім болғасын, жұрт ду күлді.
Студентпіз. 2 курс. Қу бас той-думан үшін домалар шақ. Құдайдың жарылқағаны шығар, сауық-сайраннан кенде қылмады бізді. Сондай күндердің бір күні құрбымыздың ауылына «студенттік сапар» шектік. Артынып-тартынып, тобымызбен топырлап Созақ өңірінен бір-ақ шықтық. Мың бір түн ертегісіндегі хордың қыздарымыз. Ауыл ағайындары бізге таңырқай қарайды. Ал біз болсақ сұқтанған көздерде шаруамыз қанша, бүкіл ауылдың шаңын басымызға көтереміз. Қызықтың көкесі алда екен. Қас қарайғанда Шолаққорғандық «сайдың тасындай» жігіттермен бас қостық. Таныстық. Тіл табыстық. Бұл жігіттер өңкей сен тұр, мен атайындардың «сортынан» болып шықты. Өнердің майын жіліктеп шағады. Ішінде суырып салма ақындар да жүр. Қаланың сужұқпас жылмақайларындай емес, даланың табиғатындай дарқандық бар. Өлең шумақтарын бірінен соң бірін төгіп жатыр. Бұрынғының сал-серілеріне теңейсің еріксіз. Кештің көркі қызып кетті. Ал да жарыс... Қыздар жағы сыпайыланып тура «барби» қуыршағы бола қапты. Әңгімеміздің жарасым тапқаны соншалық, сөзден көкпар жарыстырып кеттік. Бірінен соң бірі өнер көрсетті. Тост кезегі елеусіз ғана ой қуып отырған Сұлтан есімді жігітке келді. Оның бар жоғы тіпті білінбеген. Асаба жігіттің таныстыруынша «Созақтың Сократы». Неге Сократ екені беймәлім болғасын, жұрт ду күлді. «Созақтың Сократы» орнынан асықпай тұрды да, екі көзін қабырғаға қадап, әңгіменің біссімілләсін әлемнің бастау бұлағы жаратылыс туралы данышпандардың комментариінен бастаса бола ма. Шараптың буына қызып алғаны алабұртқан жүзінен көрініп тұр. Сізге өтірік, маған шын, ойлары орнымен қаланған кірпіштей жинақы, сөздері тасқа қашалғандай ұқыпты.
- Ақиқатты іздеген адам «философия» атты рактан да жаман аурудың азабын тартады. Азабын деп дөрекілемей-ақ қояйын, ғажабын. Өмірдегі өзімнің бар-жоғымды тарс ұмыттым. Ницше, Хайдеггер, Гуссерль, Гегель, Кант, Ибн Руш, Әл Фарабилермен «сұхбаттастым». Олардың идеяларымен менің шикі ойларым үйлесім табатын. Сонда көзім анық жеткені, ғылымның бұл саласы мына қайнаған тіршіліктің мәнін түсіндіріп қана қоймай, оңдырмай адастырады. Адастырып қана тынбай, қайта үйіріңді тапқызады. Мен сол үшін философияны сүйдім!
Сұлтанның мына әңгімесіне таң қалғаным соншалық, аузымды ашып сілейіп қалыппын. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деген осы шығар. Бұл жігіттің осынша білімді қай уақыттан бері бойына сіңіріп үлгергеніне таңмын. Осындай данышпанның түсімде емес, өңімде кездескеніне таңмын. Екі қолын ербеңдете созып, жан-тәнімен тұтас қозғалып, қабырғамен сөйлесіп тұр ол. Бір кезде құрдастары есіне түскен болуы керек, жан-жағына қарап:
- Сіздер түсінесіздер ме? Философиядан бойын аулақ салған осы қоғамда туылғаныма өкінем! Қатты өкінем! Орта ғасырда өмір сүрсем бұлай бекер сандалып жүрмес ем. Трактат, эссе, тым болмағанда Кафкадай күнделік жазып қалдырар ем ұрпаққа. Батыстың кекетіп-мұқатуына жақсылап тойтарыс беріп, Шығыс философиясының өрісін кеңейтуге үлес қосар ем. Гегельдің диалектикасы төңірегіндегі айтыс-тартыстарға нүктенің соңғысын қойып, жұртты тыныштандырар ем. Философия ғимаратының «жаңа құрылысын» бастау үшін, ескінің көзін бітеу міндетті түрде керек еместігін теориялық тұрғыда дәлелдер ем. Қалай десек те, ол кезде философияның өрлеуіне жұрттың талғамы себепші еді. Адамдардың мүддесі, талғамы биік қана емес, ҰЛЫ болатын. Тіпті ойлау деңгейінің жоғары болғаны соншалық, Қытайдікі, Шығыстікі, Үндістандікі, Батыстікі деп бөле-жарып қарайтын. Ал қазір ше? Бірегейлену деген «әзірейіл» шықты. Түсінік бірізді. Ерекше қабілетті жандарды өз басым талай іздедім. Бекер іздеппін. Жапонияның жер қойнауынан қазба байлық дәметкендей болыппын. Мына біздер ұсақталып кеткенбіз. Ең болмағанда романтикалық сарындағы философиялық шығармаларды да түсінбейді қазіргілер. Құдай-ау, тілі жеңіл Конфуцийді оқып, содан ақыл сұрасақ қайтеді, а? - деп ішіндегі запыран боп қатқан зарын ақтарып салды.
Жұрт тым-тырыс. Бәрі бір-біріне қарап «мынау жынданған ба?» дейді. Алдымда Сұлтан емес, құдды Оралхан Бөкейдің Тағаны (Атау кере повесті) сөйлеп тұрғандай. Қолындағы арақты тартып жіберді де, орнына сылқ етіп отырды. Әңгімесі жаныма майдай жаққанын сездіргім келмей, іштей тебіреніп, сырттай бедірейіп тұрмын. Үнсіздікті жуып-шаймақ боп асаба жігіт «Ал, қыздар, ендеше келесі тостты Пәленшеге берейік» деп бұрып әкетті. Сұлтан іштегі күйігін жұртқа көрсеткісі келмеді. Сытылып асханаға шықты. Апырақтап-тапырақтап мен де соңынан ілестім.
- Сіз... (менен үш жас үлкендігін ескеріп) неге ғылым қумадыңыз? Философияны қашаннан бері оқып үлгердіңіз?
- Мен оқуға түсер жылдары экономист, заңгер болу «мода» еді.Талапкерлер жапатармағай жабысқан экономика факультетіне мен де түстім. Төрт жылым экономиканы емес, философияны оқумен өтті. Облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларда мен оқымаған философия қалмаған шығар, сірә. Сенесің бе, диплом алғанда ғана өзімнің «экономист» екенім есіме түсті. Аспан айналып жерге құлағандай есімді жинай алмай қалдым.. Ауылға келген соң, философиямен қоштастым. Амалдың жоғынан. Күнкөріс үшін...Философиялық ойлар санамның терезесін қақпасын деп қуыстарын бекітіп тастадым. Содан бастап, ойшыл аталарыммен көріспегелі қашан!
- Қазір немен шұғылданасыз?
- Банкте менеджер болып істеймін. Жұмысым ой қуудан сақтандыратын жұмыс.
- Жинаған білімді кәдеге жаратасыз ба?
- Қайдағы кәде! Санамда қатпар-қатпар болып сіресіп жата береді. Құса боламын кейде. Менің халімді ешкім түсінбейді. Философияны «жұмыртқа бірінші жаралаған ба, әлде тауық па» деген сұрақпен бас қатыратын мылжың ғылым деп түсінеді осы жұрт. Олай емес. Танымды, ақылды кеңейтетін философия ғана. Сіз жақсы хабардарсыз, қазір адамның ақылын жоғалтатын, немесе адамды ақылдан алшақтататын небір заттар пайда болуда. Әлгі З.Фрейд айтқандай «бейсаналық» әрекеттер жоғары орынға шығып кетті. Адамдар мына әлем түгілі, өз-өздеріне сұрақ қоймайды. Мәселен, Хайдеггердің «Метафизикасын» алайық. Философ өзіне метафизикалық сұрақ қою арқылы, жауабын іздеп табады. Барлық заттардың дүниеге қатынасын зерттеу үшін, сіз білесіз бе, адам мына тіршіліктегі өзінің күйбеңін, өмір сүрудегі қатып қалған заңдылықтардың бәрін құрбандыққа шалуы керек. Сүйтіп өле-өлгенше ғылыми ғұмыр кешуі тиіс. Ал енді жан-жағыңызға қараңыз. Жоқ, жоғарыға, анау шетінен тәкаппар, өзімшіл ғалымдарға қараңыз. Қайсысы Хайдеггер, Ницше болып өздерін құрбандыққа шалып отыр, а? Қайсысы ғылыми ғұмыр кешіп жатыр? Қайсысының ғылымға деген шын махаббаты бар? Ғылыми ғұмырдың қандай азап екенін олар сезеді, сондықтан басын бәйгеге тіккісі келмейді. Ғылымнан гөрі жан тәтті, жеңіл өмір жақсы. Біздің қазақтан неге әлемді аузына қарататын сұңғыла ойшыл шықпай жатыр? Неге? Шығуы керек. Құдай батысқа берген ұлылықты қазаққа бермеді дейсің бе? Берген. Бізде бағаланбайды. Бағытымыз баяғыда, кеңестік кезеңде жоғалған. Қалай дейсіз бе? Кеңес өкіметі жұрт ойшылданып кетпесін деп, немістің классикалық философия өкілдерін, тіпті оны айтасыз гректің данышпандарының біразын оқытпай, еңбектерін жасырын ұстады. Соның кесірінен небір қазақ ойшылдары «жөргегінде» жатып тұншықты. Біле білсеңіз, «жер бетінде белгісіз нүкте, сыры беймәлім жұмбақ қалған жоқ» деп надандар ділмәрситіндей мына әлем түгелдей зерттеліп біткен жоқ. Ашылмаған қаншама тылсым бар...
Шексіз білімі қойны-қонышына сыймай, өз-өзінен жынығып жүрген ол тыңдайтын адам табылғанына қуанған болуы керек, сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Тоқтайтын түрі жоқ. Тіршіліктің құбылыстары туралы біресе астрономия, біресе физиканың заңдылықтарын алға тартты. Материя төңірегіндегі кейбір ойшылдардың тұжырымдарын бес жасар баланың әңгімесіндей етті. Сосын Дарвиннің эволюциясын талқандады... Қызу айтысып кеттік. Сүйтіп отырғанымызда, таң атты! Біз ақырында шат-шәлекей ренжісіп тындық. Мен оған «бейшаралыққа бас игенсің, күреспейсің. Мақсатың ұлы, жігерің жасық. «Дарын» деген бағың бар. Сол бақты сен басқа тептің! Құдай қабілетті «мә, тұншықтыр» деп берді ме саған? Сен өтелмес қарызың, кешірілмес парызың барын неге ескермейсің? Көңіл қалды деп өмір бойы осылай құдайдың сыйға тартқан зердесін ішімдікке айырбастап жүре бермексің бе? Есіңді жи!»- дедім. Қатты айтсам, күйіп кеткендігімнен.
Осы оқиға маған үлкен ой салды. Ауыл-аудандарды араласақ, далбасалап жүрген дарындарды іздейтін әдет таптым. Болмашы кәсіпке жегіліп кеткендері жетіп артылады. Композитор бола алмаған заңгерлер өріп жүр ел ішінде. Суретшілік дарыны бар экономист, ақындық таланты бар саудагер, ғылыми танымы бар шопыр, актерлік таланты бар шахтер... Неткен қарама-қайшылық! Ешқайсысы өз орнында отырған жоқ. Бірі талантын баяғыда жоғалтқан, екіншісі енді жоғалтқалы жүр, үшіншісі «жарыққа» шығармай жатып бауыздаған. Міне, трагедия! Алмас қанша берік болғанымен өртке төзбей, ылжырап еріп кетуші еді. Бұлар да сондай болғаны ма? Ғалымдардың айтуынша, әлемде бірнеше миллиондаған таланттар бар болса, солардың болмашы бір пайызы ғана жақсы тәрбие алуының арқасында жетіледі. Қалғандары жұтылып тынады. Көне грек дәуірін мысалға алайық. Аристотель, Анаксимен, Декарт, Клеобул, Хилон, осылардың қай-қайсысы болмасын, даналыққа ұмтылған шәкірттерді қанатының астына алып тәрбиелеп, өз қолдарымен биікке әуелеткен. Шәкіртін туған баласынан артық қадірлейтін. Ал қазір қандай? Өліара кезеңнен бастап «алтын бастыларымызды» қи домалатқызып, қу тірліктің арзан сүйегіне семіртіп қойдық. Қандай аянышты көрініс! Ғылым жағалап, ағалап-паралап жүргендердің біразы қабілетсіздер, тұқымы тексіздер. «Ит жоқта шошқа үреді қораға» дегендей, ғылымда бір тиындық құны жоқ ондай ғалымсымақтар менменсіген «менін» майға батырып жүр. Астам кеудесін айға тосып, «мен ғалыммын, сен кімсің?» деп әлсіздерге әлімжеттік көрсеткені қанша! Ал, өзін мына дүниеге «басы артық» сезінген шын дарындар бөтелкемен баяғыда достасып кеткен.