Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2780 0 пікір 25 Мамыр, 2009 сағат 20:14

Баспасөз хабарламасы

Алматы қаласы                                                                     25 мамыр 2009 жыл

Алматы қаласы                                                                     25 мамыр 2009 жыл

Ақпараттық қоғамға аяқ басқан сайын, өркениет игіліктерінің өміршеңдігі көз алдымызда өсіп келеді. Әсіресе, Интернет ғаламдық маңызға ие болып, аз уақытта постиндустриалды дәуірдің айшығына айналды. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалмауға тырысып келеді. Тек өткен жылы ғана жаһанторды пайдаланушы қазақстандықтардың жүз адамға шаққандағы саны 14 абонентке дейін өсті. 2008 жылы еліміздің телекоммуникациялық нарығы 379 млрд. теңгені құрап, ЖІӨ-нің 3 пайызын құрады. Мамандардың есебіне сенсек, үстіміздегі 2009 жылы интернетті пайдаланушылардың саны 800 мың адамға дейін жетуі ықтимал.
Алайда, статистикада ілгерілеу болғанымен, жалпы алғанда Қазнеттің жаһандық ырғаққа кеш ілескені жасырын емес. Әлі де болса, ұлттық-мемлекеттік мүддемізді жаһанторда көрсету жағынан осалмыз. Әсіресе, орыс, ағылшын тіліндегі ақпарат ағынына төрімізді беріп, өзіміздің босағаға қарай ысырылғанымыз жанымызға батады. Сондықтан да, қазақы аудиторияның жат екпіндегі, жат рухтағы материалды тұтынудан басқа амалы болмай тұр. Әлі де болса қазақтілді қауымның ақпараттық қажетін қанағаттандыратын әртарапты, толыққанды сайттар мен порталдардың аздығы алаңдатады.
Қазақтілді Интернеттің дамуына қатысты мәселелердің өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Олардың біразы уақыт өте түзелетін, сабасына түсетін болса, енді біразын бүгінгі күннің өзінде түзеуге әбден болады.
Біріншіден, бұл мәселелер мемлекет пен қоғамның қазақ тіліне немқұрайлы қарауынан туындап отыр. Көптеген мемлекеттік органдар мен компаниялар өздерінің сайттарын жасап, оларды сан-алуан ақпараттармен толықтырып отыр. Алайда, олардың қазақтілді беттері еш сын көтермейді.
Екіншіден, қазақтілді баспасөздің, қоғамдық бірлестіктердің, мәдени ұйымдарының осы салаға немқұрайлы қарауынан болып отыр. Әлі күнге дейін көптеген қазақтілді газеттер мен журналдардың, ұйымдардың сайттары жоқтың қасы. Тұрақты жұмыс істеп тұрғандарының өзі сапалық жағынан алғанда тұтынушылардың көңілінен шықпай отыр.
Үшіншіден, қазақтілді интернеттің дамуы негізінен аздаған ғана ынталы топтың іс-әрекетіне байланысты болды. Қазақтілді интернет саясат, экономика, бизнес тұрғысынан алғанда орыстілді интернетке қажеті шамалы қосымша деңгейде қалып келеді. Қазақтілді тұтынушылар үнемі шет қалып, саяси ықпалы, беделі бар күш ретінде есепке алынбауда.
Осыған байланысты, біз, қазақтың бір топ жас саясаткерлері, журналистері, ғалымдары мен кәсіпкерлері қазақтілді интернет-кеңістігін дамыту тұрғысында бірнеше жаңа бастамаларды жариялауды жөн көріп отырмыз.
Біздің ойымызша, бүгінгі күні қазақтілді интернет-пайдаланушылардың (әсіресе жастардың) саны күн санап артып келеді. Оларға әлемдік үрдістерге сай, бәсекелестікке қабылетті қазақтілді интернет-ресурстар қажет деп санаймыз. 
Бұл үшін біздер басқа ұйымдармен бірігіп, республикалық және аймақтық мемлекеттік органдардың қазақтілді сайттарының қоғамдық рейтингісін жасап, оны баспасөзге, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға таратамыз. Дәл осындай рейтингілер Қазақстанның саяси партияларының, қоғамдық бірлестіктерінің, баспасөз құралдарының арасында да жүргізіледі.
Біз алдағы уақытта қазақтілді интернетті дамыту мақсатында орысша-қазақша интернет терминдердің сөздігін жасауға кірісіп, интернеттің барынша мемлекеттік тілде сөйлеуіне ат салысамыз.
Қазақтілді интернеттің әлемдік дәрежеде дамып, бәсекелестіке қабылетті болуы хақында әр-түрлі қоғамдық шаралар өткізіп, мемлекеттік огандар мен қоғамдық бірлестіктерге өз ұсыныстарымызды дайындап, жеткізіп тұрамыз.
Осы айтқандларымыздың басы ретінде біздер кең-байтақ Отанында басым ұлтқа айналған қазақ жұртшылығына арнап «Абай.кz» ақпараттық порталын ашып, елінің бүгіні мен болашағын ойлаған азаматтардың барлығын осы ресурстың айналасына бірігіп, еркін ой мен парасатты пікір айтуға шақырамыз.
Ақпараттық порталдың басты міндеттері болып:
ақпарат нарығындағы қазақ журналистикасының орынын анықтап, қоғамдық пікірге ықпалдылығын арттыру;
қазақтілді жаңа ақпарат құралдарының саны мен сапасын арттыруға қызмет ету;
қазақ журналистерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, олардың бейресми клубын кұру;
қазақтілді журналистиканың алдыңғы қатарлы, парасаты биік талқылар мен дискурсте өмір сүріп жатқандығын дәлелдеу;
елімізге есім-сойы белгілі үздік республикалық және аймақтық журналистердің басын қосып, олардың мақалаларын жұрт назарына ұсыну, насихаттау;
қазақтілді материалдардың үздігін орыс, ағылшын тілдеріне аударып, басқа топтарға контингентке қазақ басылымдарының бәсекеге қабілеттілігін, кәсіби тұрғыдан біліктілігін көрсету.
Жобаның тағы бір мақсаты  – аймақтағы журналистердің басын қосу, сол арқылы біртұтас ұлттық ақпараттық кеңістік құруға ықпал ету. Аймақта көтеріліп жатқан мәселелерді орталық баспасөз өкілдеріне жеткізу. Осы арқылы ортақ мүдделестік, ортақ ақпараттық орта қалыптастыру. Аймақтардағы журналистерді бір–бірімен таныстыру, олардың араласуына, ой бөлісуіне мүмкіндік туғызу.
Порталдың «Талқы» тарауында апта сайын республика журналистерінің пікірталасы, сауалнамалар жарық көріп отырады. Баршаға белгілі, орыстілді «Зона.кз», «Центр тяжести» сайттарындағы сияқты ай сайын белгілі саясаткерлер, мәдениет қайраткерлері ашық алаңға шығып, интернетшілердің сұрақтарына жауап беріп жатады. Сайтқа жиналатын материалдар негізінде сан-алуан дайджестер жасалып, «Абай—информ» деген айдармен қазақстандық және шетелдік тұтынушыларға таратылады. Порталда журналистерге қажетті ақпараттар, сілтемелер, «Абай» және «Алашорда» кітапханалары, мультимедиалық тараулар орналасады. Сонымен қатар алдағы уақытта журналистер үшін қазақтілді блогтар жүргізу мүмкіндігі ашылады.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5509