Сағат Жүсіп. Ұлтсыздандыру ұраны... жеңді!
«Ел бірлігі» доктринасы - Қазақ басшылығының 18 жыл бойы жүргізген ұлтсыздандыру саясатының нәтижесі екеніне көзіміз жетті деп айтуға толық қақымыз бар. Бұл саясаттың бұрын патшалық Ресей, сосын 74 жыл бойы кеңес заманындағы Мәскеу жүргізген ұлт саясатынан еш айырмасы жоқ. Кеңес заманында Қазақстан қолдан жасалған «ұлттар достығының лабораториясы» болды. Ол кезде оның не үшін қажеттігі анық болса да, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда дәстүрлі «достық лабораториясының» жалғасын табуын қазақтар тағы да түсіністікпен қабылдады. Тіл, мәдениет, тарих, әдет-ғұрып мәселелерін қайта жаңғыртып қалпына келтіруге басқа ұлттар тарапынан қарсылық болғанда да қазақ елі ашуланбады, сабырлылық танытты. «Тәубе, тәубе. Ең бастысы - қолымыз азаттыққа жетті ғой, қалғаны бірте-бірте болар» дедік. Сол «болар» деумен мемлекеттік тілді екінші орынға ысырып орыс тіліне тізгінді беріп, оның өктемдігіне, тіпті қорлығына, мазағына да көніп келеміз. Бізден басқа ТМД елдері Тіліне, Мәдениетіне, Тарихына қайта оралды. Кеңес үкіметі зорлап таңған тарихты көпке ұзатпай лақтырып тастады, ежелгі тарихын жария етіп, тарихи жадын жаңғыртты. Біз болсақ бұрынғы тарихтан кете алмадық.
«Ел бірлігі» доктринасы - Қазақ басшылығының 18 жыл бойы жүргізген ұлтсыздандыру саясатының нәтижесі екеніне көзіміз жетті деп айтуға толық қақымыз бар. Бұл саясаттың бұрын патшалық Ресей, сосын 74 жыл бойы кеңес заманындағы Мәскеу жүргізген ұлт саясатынан еш айырмасы жоқ. Кеңес заманында Қазақстан қолдан жасалған «ұлттар достығының лабораториясы» болды. Ол кезде оның не үшін қажеттігі анық болса да, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда дәстүрлі «достық лабораториясының» жалғасын табуын қазақтар тағы да түсіністікпен қабылдады. Тіл, мәдениет, тарих, әдет-ғұрып мәселелерін қайта жаңғыртып қалпына келтіруге басқа ұлттар тарапынан қарсылық болғанда да қазақ елі ашуланбады, сабырлылық танытты. «Тәубе, тәубе. Ең бастысы - қолымыз азаттыққа жетті ғой, қалғаны бірте-бірте болар» дедік. Сол «болар» деумен мемлекеттік тілді екінші орынға ысырып орыс тіліне тізгінді беріп, оның өктемдігіне, тіпті қорлығына, мазағына да көніп келеміз. Бізден басқа ТМД елдері Тіліне, Мәдениетіне, Тарихына қайта оралды. Кеңес үкіметі зорлап таңған тарихты көпке ұзатпай лақтырып тастады, ежелгі тарихын жария етіп, тарихи жадын жаңғыртты. Біз болсақ бұрынғы тарихтан кете алмадық. Ең мықты ісіміз - әркім өзіне жақын жүздің, рудың, ата-бабасының батыры мен биін, атақты кісілерін тарихтан аршып алып соны Жаңа тарих деп оқып жатырмыз. Билік басына тек қана орысша сөйлейтін, мемлекеттік тілге шекесінен қарайтын министр, әкім, депутат, шенеуніктер келді.
Олардың ұстанған саясаты: «Тіл, Мәдениет, Тарих тағы басқалар ешқайда қашпайды. Бізге қазақпыз деп ерекшеленудің қажеті жоқ. Әуелі халық тұрмыстық жағдайын жөндеп алсын, қарынын тойдырсын, қалғаны маңызды емес. Қазақ тілі қайда қашады дейсің, әзірше бәріміз бір тілде (яғни орыс тілінде) сөйлей тұрайық, бәріміз бір ұлтпыз, қазақстандықпыз, бір халықпыз» деп елді алдарқатып келді, әлі де сол өтіріктерінен танар емес Өздері әлдеқашан байлық пен билікке қол жеткізді, оларға енді қазақтың тілі де, мәдениеті де, тіпті ештеңесінің де қажеті жоқ.
Әлемде қалыптасқан, тәуелсіздік алған барлық елдердің дәстүрлі жүріп өткен жолы бар. Ол - тәуелсіздік алғаннан кейін дереу отарсыздандыру (деколонизация) саясатын жүргізіп оны жүзеге асыру. Яғни, отаршылдық зардаптарынан арылу, халықтың санасын емдеу, қалпына келтіру, жаңғырту. Себебі, отар болған жылдарда түскен жара, зардап, зақым, сіңген ауру оңай жазылмайды. Ғасырлар бойы сыналап кірген бодандық сана, зорлық-зомбылықпен ендірілген отаршылдық белгілері бірден кетпейді. Жойылған ұлттық қазына мен қасиет, елдік, жұрттық ерекшеліктерді қалпына келтіруді мемлекеттік арнайы заңдастырылған жолдармен жасап бірден кіріспесе, оған бүкіл халықты бұрмаса, кейін кеш болады. Бұлай етпеген жағдайда тәуелсіздік алған халық бұрынғы империяның құлы болып қала береді.
Отарсыздандыру саясатының орнына Қазақ басшылығы 18 жыл бойы өз ұлтына қарсы ұлтсыздандыру саясатын жүргізіп келеді. Соның салдарынан құлдықты қор көрмейтін, өз тілін тәрк етіп, өзін отарлаған елдің тілімен сөйлейтін, осы тілмен ЕҚЫҰ-ы басқаратын, ұлты жоқ Мемлекет пен Парламент, ұлты жоқ Үкімет, ұлты жоқ министр, әкім, депутаттар басқаратын елге айналдық.
Ақырында міне, қазақ ұлты өз елінде, өз жерінде қолдаусыз, көмексіз жалғыз қалды. Қазақтың Тәуелсіздік алған кездегі рухын Ұлтсыздандыру ұраны жеңді!..
Қазақты басқа ұлттардың қолдамауы ел басшылығының жүргізіп отырған солқылдақ, бишара саясатының «жемісі» деп айта аламыз. Себебі, олар ел басшылығының өз ұлтын (мемлекеттің иесі қазақ ұлтын) кемсітіп бағатын саясат ұстанып отырғанын күнде көріп жүр. Қысқасы солқылдақ саясат сорымыз болып барады. Екіншіден, қазақтың оқшауланып қалуына себеп әр Қазақстандағы әр ұлт өкілі өз еліне қарап елеңдейді. Мысалы, орыстың - Ресейге, украинның - Украинаға, немістің - Германияға көз тігуі, балаларының болашағын сол жақтан күтуі түсінікті нәрсе, табиғи заңдылық. Олар ең әуелі өз жұртының дамығанын, көркейгенін қалайды.
«Мықты болсаң, әуелі өзіңді сыйла» деген сөз бар. Біз, өзіміз ес жия алмай, ел бола алмай, қазақ екенімізді тани алмай, жоғалтқанымызды таба алмай, төрткүл дүниеде тарыдай шашыраған қазақтың басын қоса алмай, екі аяққа тік тұра алмай жүріп басқаларды жарылқамақпыз. «Өзің диуанасың - кімге пір боласың»!
Өз елінде Тіліне, Мәдениетіне, Тарихына ие бола алмай отырған қазақ, енді кімді жарылқамақсың!
Қазақ! Мықты болсаң, әуелі өз жеріңде аға халық, аға ұлт екеніңді дәлелде, басқаның алдында абыройың бар ма, жоқ па? Соны ақылға сал. Өзіңе өзің сырттан қарап көр!
Қазақ басшылығы! Сен билікке Қазақ деген ұлттың арқасында келдің! Сол үшін сен ең әуелі Қазақ деген халықтың алдында жауапты екеніңді ұмытпа!
Бес ғасыр бойы азаттықты аңсап «мың өліп, мың тірілген» қазақтың өз Елінде, өз Жерінде ерекше орны бар, артықшылығы бар. Бұл заңдылық, бұл аксиома.