Дилара ИСА. Қазақстандағы қазақтың саны нелiктен нақтылы анықталмай отыр?
Қазақстанда тұратын халықтарды этносқа бөлiп, жiлiктеп айтатындардың ұзынды-қысқалы саны әрқилы шығып жүр. Президент өз сөздерiнде «Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкiлдерi бар» десе, Қазақстан халқы ассамблеясының «ел бiрлiгi» доктринасында бұл көрсеткiштi 140-қа бiр-ақ жеткiздi. Таяу уақытта ғана оншақты этнос жұмақ iздеп, жер ауып келгендей әсер қалдырды. Асылы, республикада ресми түрде қанша этнос тiркелген? Әрбiрiнiң сандық көрсеткiшi қандай? Осы және басқа да сұрақтарды талдап көрейiк.
67 ПАЙЫЗДЫҢ ЖЫРЫ БIТПЕЙ ТҰР
Қазақстанда тұратын халықтарды этносқа бөлiп, жiлiктеп айтатындардың ұзынды-қысқалы саны әрқилы шығып жүр. Президент өз сөздерiнде «Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкiлдерi бар» десе, Қазақстан халқы ассамблеясының «ел бiрлiгi» доктринасында бұл көрсеткiштi 140-қа бiр-ақ жеткiздi. Таяу уақытта ғана оншақты этнос жұмақ iздеп, жер ауып келгендей әсер қалдырды. Асылы, республикада ресми түрде қанша этнос тiркелген? Әрбiрiнiң сандық көрсеткiшi қандай? Осы және басқа да сұрақтарды талдап көрейiк.
67 ПАЙЫЗДЫҢ ЖЫРЫ БIТПЕЙ ТҰР
2009 жылдың басында ұлттық халық санағы өттi. «Қазақстанда қазақтың саны 67 пайыздан асты, он миллион сегiз жүз мыңға жеттi» деген ресми дерек жарияланды. Әрине, Қазақстанда қазақтың саны артып, мемлекет құрушы ұлт ретiнде бас көтергенi қуантарлық жайт. Алайда, қолға түскен мына дерек осы қуанышымызды су сепкендей басты. ҚР Статистика агенттiгiнiң ресми мәлiметiне сүйенсек, өткен жылдың алғашқы айларында республика халқының саны15 миллион 800 мыңға таяған. Егер осы дерек бойынша есепшотқа салсақ, санымыз алпыс пайыздан сәл-ақ асады. Олай болса, «67 пайызды бағындырдық» деп тақиямызды аспанға атқанымыз, соңғы кезде «65 пайызға түсiп қалдық» деп қынжылғанымыз жолда қалды. Осы жетi немесе бес пайызымыз қанша адамды құрайды? Жауап iздедiк. Аталған агенттiктiң деректерiмен есептегенде, жетi пайызымыз бiр миллион адамнан асып түседi екен. Бес пайызымыз сегiз жүз мыңға жуықтайды. Өз елiндегi қазағының нақтылы санына жете алмай жүрген бұл неғылған статистикалық агенттiк?! 800 мың немесе 1 миллион қазақ қайда кеткен? Елден үдере көшкен кiмдi көрдiк? Бұл есептен қателесу ме, әлде солақай саясаттың салдары ма?
САНЫ ЖҮЗГЕ ДЕ ЖЕТПЕЙТIН 49 ЭТНОС БАР
Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақстанның ұлттық бiрлiгi» атты доктрина жобасында былай делiнген: «Ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенiне әралуан мәдениеттiң, дiн мен дәстүрлердi ұстанған көптеген халықтардың тағдыры тоғысты. Нәтижесiнде 140 этнос пен 40 конфессия өкiлдерi қазақтармен қоян-қолтық бейбiт өмiр сүретiндей айрықша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, түрлi этностардың ұзақ уақыт қатар өмiр сүруi қоғамда төзiмдiлiктiң орнықты дәстүрлерiн қалыптастырды». Көрiп тұрғанымыздай, республикада соңғы бiр жылда этнос саны 130 дан 140-қа бiр-ақ шығыпты. Шынтуайтына келгенде, Қазақстанда ресми түрде қанша этнос тiркелген? Республикадағы барлық этностардың сандық көрсеткiшi қандай?
ҚР Статистика агенттiгiнiң деректерiне және көз жүгiртейiк. 2009 жылдың басында Қазақстанда ресми түрде 128 этнос тiркеуге алынған. Дәл осы 128-дiң 49-ының саны, тiптi жүзге де жетпейдi. Бес жүзден аспайтындары - 20, мыңды бағындырмайтындары - 15, бес мыңды басып озбайтындары - 13. Не керек, бас аяғын есепшотқа салғанда адам саны он мыңға жетпейтiн этностардың саны - 105. Ал 111 этностың басын бiрiктiрiп есептеп едiк 195 856 адамды құрады. Қалған 17 ұлт пен ұлыстың әрбiрiнiң саны жиырма мыңнан асты. Ендi, есебiне бара берiңiз. Жалпы саны жүзге де жетпейтiн 49 этносты, шенеунiктерше айтқанда, Қазақстан деген үлкен шаңырақтың уығына теңеу дұрыс па, бұрыс па? Қатары он мыңға да жетпейтiн 105 ұлысты саясаттың аренасына шығарып, пайдалану кiмге керек? Қай мақсат үшiн керек?
Мына қызықты қараңыз: Статистика агенттiгiнiң тiзiмiнде тұрған эскимос деген ұлттың бiрде-бiр өкiлi елiмiзде өмiр сүрмейтiн болып шықты. Оның тұсында - 0 (нөл) саны тұр. Бұрын бiр-екi эскимос тұрып басқа жаққа кетiп қалса ол неге тiзiмде тұр? Бұл ұлыс 140-тың есебiнде бар ма, жоқ па? Билiкке, одан қалса, президентке сан ғана керек пе сонда? Н. Назарбаев мырза 140 этностың iшiнде саны онға да жетпей тұрған 13 ұлыстың бар екенiн бiле ме, жоқ па? Бiлсе қандай шара қолданады? Әккi саясатының тiрегiне айналған 140 ұлт пен ұлысты қысқарта ма, әлде «мiне, керек болса» деп 2010 жылдың соңына дейiн этнос санын 150-ге бiр-ақ шығара ма? Экономикалық көрсеткiштердi өсiрiп көрсетуге әдеттенген билiк үшiн этностар санын көбейте салу қиын болып па, тәйiрi.
ҚАЗАҚСТАНДА ОН ЖЫЛДЫҢ IШIНДЕ ЕЛУ ТОҒЫЗ ҰЛЫС ПАЙДА БОЛҒАН БА?
Жасыратын түгi жоқ, соңғы жылдары «Қазақстан - көпұлтты мемлекет, ортақ үйiмiз. Тату-тәттi өмiр сүрiп келемiз» сынды сөздер жиi айтылатын болды. Оның үстiне, бар-жоғы беймәлiм, саны, тiптi жүзге жетпесе де соңғы бiр жылдың iшiнде 130 ұлтымыз 140-қа күрт «өсiп» кеттi. Асылы, 130-ға қашан жеттiк өзi?
Статистика агенттiгiнiң 2000 жылы шыққан жинағын ақтарып отырып мынадай деректердi көзiмiз шалды. Сенiңiз сенбеңiз, он жыл бұрын Қазақстанда 81 этнос тiркеуде болыпты. Сонда он жылдың iшiнде елу тоғыз этнос қайдан пайда болған? Қайдан келген? Қазақстанды көпұлтты мемлекет ретiнде қалыптастыруға атсалысу үшiн бiреу сырттан шақырған ба? Неге Қазақстанда бiр ғана ұлт - қазақ ұлты бар екенi, қалғаны тек диаспоралар немесе этнос өкiлдерi екенi ескерiлмейдi, атап айтылмайды?
Этнос - ұлттар мен ұлыстардың ғылыми атауы. Бұл - елiмiзде тұратын диаспораларды қазақ ұлтымен теңестiрудiң саяси жолы. Халықаралық заңдар бойынша ұлт пен диаспора тең емес. Және диаспора ұлтқа жүктелетiн мiндеттердi көтере алмайтыны тағы бар. Бұл жөнiнде айтылып та, жазылып та жүр. Ал Қазақстан ұлттық энциклопедиясында «ұлт - ортақ тiлi, қалыптасқан мәдениетi, бiрiктiрушi салт-дәстүрлерi мен дiнi бар адамдардың әлеуметтiк бiрлестiгi. Сонымен бiрге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкiлдерiн бiрiктiретiн мемлекетi болады. Ұлт қалыптасуында адамдардың бiрлiгiнiң бастауы болатын ортақ этногенетикалық тек те маңызды рөл атқарады. Осындай талап тұрғысынан қарастырғанда «ұлт» және «этнос» ұғымдары бiрiне-бiрi өте жақын, екiншiсi бiрiншiсiнiң туып, қалыптасуына негiз болады. Этностан айырмашылығы ұлттар этнос белгiлерiне қоса саяси, экономикалық және әлеуметтiк белгiлерге ие болады» делiнген. Онда диаспора ұғымы әлеуметтiк ғылымдарда «ұлттық ата жұрты болып табылатын елден тысқары өмiр сүретiндердiң бiр бөлiгi» деп аталатынына тоқталған. Әйтсе де, бұл ұғымдарды шенеунiктерге тыңдататын пенде әзiрге жоқ.
Негiзiнде, президент бастап, шашбауын Қазақстан халқы ассамблеясы көтерiп жүрген дәл осы саясаттың iшi күйе түскен киiздей шұрық-шұрық. Әйтпегенде ше? Бiр ғана, саны онға, жүзге жетпейтiн ұлыстарды шамшырақпен iздеп, этностардың санын арттыру ақылға қонбайтын дүние ғой. Қазақстан үшiн мұның қаншалықты қажетi бар? Мақтан үшiн бе, әлде қазақты тұқырту үшiн бе? «Қазеке, ел мен жер бiздiкi деп кеуде керме, толып жатқан ұлыстарды есiңе ал!» деп. Әлде «Қазақстан - ұлттар достығының лабораториясы» деген кеңестiк дақпыртты қайта жаңғырту қажет болды ма?
Ұлт пен ұлыстардың санын көбейтiп оны мақтаныш санаудың Қазақстан халқы үшiн көк тиындық құны жоқ. Бұл - саясаттың қитұрқы ойыны ғана. Саны жүзге немесе мыңға да жетпейтiн этностарды жүз мыңнан асатындармен теңестiру жөн бе? Қазақстанда адам саны жиырма мыңның үстiнде тұрған ұлт пен ұлыстың саны он жетi ғана. Ал оны еселеп өсiрiп, саны тым аз, тiптi жоқ ұлыстарды қосып жүз қырыққа жеткiзу - жөнсiздiк. Түркияда 150-ден , Францияда 180-нен астам этнос бар. Бiрақ, аталған елдер Қазақстан секiлдi әлемге жар салып, даңғаза жасамайды. Керiсiнше, ондағы тұрғындар «түрiкпiз», «французбыз» деп мақтан етедi. Ал бiздегi жағдай тiптен өзгеше. Сорақысы сол мемлекеттiң бұрынғы Қазақ республикасы атауын өзгертiп, Қазақстан Республикасы жасаған да, қазақ мүддесiн тасада қалдырып отырғандардың басшысының да, қосшысының басым бөлiгi де - қазақтың өзi.
Айтпақшы, ҚР Статистика агенттiгiнiң төрағасы Ә.Смайылов мырзаға алдын ала «Қазақстанда ресми түрде қанша этнос тiркеуге алынған және олардың сандық көрсеткiшi қандай» деген сауал жолдадық. 15 күн өттi. Еш хабар болмады. Қайта-қайта хабарласып, әйтеуiр, сауалымызға төрағаның атынан жауап беретiн агенттiктiң маманын анықтадық та, лезде жауабымызды алдық. Дегенмен, көп өтпей «Жас Алаш» газетiнiң редакциясына Смайылов мырзаның атынан хат түстi. Онда былай делiнген: «2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы туралы» ҚР Үкiметiнiң 2007 жылғы 28 қарашадағы №1138 қаулысына сәйес этностар туралы ақпарат тақырыптық жинақтарда қарастырылады және оларды жариялау 2010-11 жылдарға белгiленген.
Сонымен қатар ағымдағы статистикалық есептiң этнос туралы мәлiметтерi бiздiң сайтта (www. stat.kz) орналасқан». Статистика агенттiгiнiң төрағасы сұрағымызға жауап беру үшiн неге бұлай құбылғаны, әрине, бiзге беймәлiм.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Қазақстан халқы ассамблеясы таратқан деректерге сәйкес, дәл қазiр елiмiзде 818 этномәдени бiрлестiк жұмыс iстейдi. 46 этностың өз этномәдени орталығы бар. Республикада өзге ұлыстардың тiлiн дамыту үшiн бар мүмкiндiк жасалған. 1673 мектепте оқыту таза орыс тiлiнде жүредi. 81 мектеп таза өзбек, тәжiк және ұйғыр тiлiнде бiлiм бередi. 108 мектепте 22 ұлттың тiлi өз алдына өтедi. Арнайы мамандандырылған 195 этнолингвистикалық орталық ашылған. Онда балалар мен ересектер 30 ұлттың тiлiн оқып үйренуде. Ана тiлдерiн оқытуға арналған жексенбiлiк мектептер жұмыс iстейдi. Ол үшiн мемлекеттiк бюджеттен қаржы бөлiнедi.
Елiмiзде қазақ және орыс театрларымен қатар, өзбек, ұйғыр, кәрiс және немiстiң ұлттық театры жұмыс iстейдi. 15 тiлде газет-журнал жарыққа шығады. 8 тiлде радиобағдарламалар, 11 тiлде телебағдарлама берiледi. 19 этностың 33 бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн қолдап-қолпаштауға мемлекет арнайы қаржы қарастырған. 18 жылдың iшiнде Қазақстандағы дiни бiрлестiтердiң саны 6 есеге өстi. Анықтап айтсақ, 671-ден 4200-ге жеттi.
КIМ ҚАЛАЙ САНАЙДЫ?
Президент Н.Назарбаев:
«Кейiнгi он жылдың iшiнде халық саны 14 миллион 900 мыңнан 16 миллион 300 мыңға жеттi. Бiз мұндай көрсеткiшке табиғи өсiмнiң артып, адам өлiмi азайғандықтан қол жеткiздiк. Сыртқа қоныс аудара бастағандардың көшi тоқтап, көшiп келгендердiң қарасы көбейiп жатыр. Осы он жылдың ауқымында Ата жұртына ТМД елдерiнен, Қытайдан, Моңғолиядан, Түркия мен Ираннан ресми мәлiмет бойынша 650 мың адам оралды. 1999 жылға дейiн көшiп келгендердi қоссақ олардың саны миллионнан асып түседi. Қазақтар 53 пайыздан 65 пайызға жеттi».
Премьер-министр К.Мәсiмов:
«Жыл басында тәуелсiз Қазақстан тарихында екiншi рет ұлттық халық санағы өттi. Санақтың алдын ала қорытындысы алдағы күзде мәлiм болады. Келесi жылы санақ бойынша арнайы сараптамалық есеп жарияланады. Санақ қорытындысының алдын ала мәлiметтерiне қарағанда, республика халқының саны 16 миллион 402 мың 861 адамға жеткен. Ал санақ басталмай тұрғандағы есеп бойынша халық саны 15 миллион 730 мың адамға бағаланған болатын. Яғни, 672 мың адамның өсiм көрсеткiшi белгiлi болды. Сондай-ақ 1999 жылғы халық санағы мәлiметiмен салыстырғанда, қазiр Қазақстан халқы 1,5 миллион адамға өстi. Тек Астана қаласының тұрғындары соңғы 10 жылда 2 еседен артық өсiп, 678 мың адамды құраған... Жедел мәлiметтер бойынша, республикадағы қазақтардың саны 67 пайыздан астам болды. 1999 жылы бұл көрсеткiш 53 пайызды ғана құраған»
Қазақстанда ресми түрде тiркелген этностардың сандық көрсеткiшi.
2009 жылдың басы. ҚР Статистика агенттiгiнiң мәлiметi
№ Этностың атауы саны
1 Қазақтар 9 540 806
2 Орыстар 3 869 661
3 Өзбектер 463 381
4 Украиндар 422 680
5 Ұйғырлар 241 946
6 Татарлар 226 803
7 Немiстер 220 975
8 Кәрiстер 103 931
9 Әзiрбайжандар 93 972
10 Белорустар 87 090
11 Түрiктер 89 083
12 Дұнғандар 49 605
13 Поляктар 39 869
14 Күрдтер 39 660
15 Шешендер 36 555
16 Тәжiктер 34 296
17 Қырғыздар 20 931
18 Башқұрттар 20 323
19 Ингуштар 17 849
20 Молдавандар 17 380
21 Армяндар 15 127
22 Гректер 11 310
23 Мордвалар 10 864
24 Чуваштар 9 139
25 Удмурттар 7 540
26 Болгарлар 6 222
27 Литвандар 6 183
28 Грузиндер 5 774
29 Қарақалпақтар 5593
30 Марийлер 5584
31 Сығандар 5207
32 Лезгиндер 4643
33 Еврейлер 4068
34 Қытайлар 3961
35 Парсылар 3517
36 Түркiмендер 2129
37 Балқарлар 2107
38 Үндiстан мен
Пәкстан халықтары 1930
39 Осетиндер 1871
40 Латыштар 1421
41 Аварлар 1417
42 Эстондар 1375
43 Қарашайлар 1364
44 Қырым татарлары 1044
45 Арабтар 953
46 Дарғындар 944
47 Ауғандықтар 821
48 Коми-пермяктар 761
49 Чехтар 754
50 Моңғолдар 752
51 Қалмақтар 738
52 Құмықтар 734
53 Тувалар 635
54 Гагауздар 620
55 Адыгейлер 604
56 Румындар 597
57 Лактар 574
58 Буряттар 537
59 Ағылшындар 515
60 Венгрлер 485
61 Алтайлықтар 476
62 Финндер 454
63 Ноғайлар 438
64 Американдықтар 436
65 Сахалар (якуттар) 415
66 Итальяндықтар 404
67 Чувандар 388
68 Карелдер 365
69 Хакастар 362
70 Табасарандар 345
71 Удиндер 342
72 Асираилiктер 338
73 Комилер 288
74 Абхаздар 214
75 Шорлар 210
76 Черкестер 176
77 Ненецтер 176
78 Абазиндер 149
79 Агулдар 137
80 Кабардиндар 98
81 Халха-моңғолдар 96
82 Кубалықтар 95
83 Рутульдар 93
84 Долгандар 83
85 Коряктар 76
86 Вьетнамдықтар 67
87 Таттар 66
88 Хорваттар 63
89 Сербтер 61
90 Австриялықтар 60
91 Словактар 58
92 Испандар 57
93 Албандықтар 55
94 Француздар 51
95 Еуроазиялық еврейлер 50
96 Удегейлер 49
97 Жапондар 46
98 Голландықтар 45
99 Вепстер 43
100 Эвенкiлер 38
101 Белуджилер 37
102 Грузиндiк еврейлер 35
103 Эвендер 34
104 Таулық еврейлер 33
105 Хантылар 31
106 Қырымшақтар 31
107 Тофалар 30
108 Қарайымдар 29
109 Мансылар 24
110 Цахурлар 23
111 Чукчалар 22
112 Нанайлықтар 22
113 Ижорлар 17
114 Алеуттер 14
115 Нивхилар 10
116 Ительмендер 10
117 Энецтер 9
118 Кеттер 9
119 Юкагирлер 8
120 Орогтар 8
121 Даттықтар 7
122 Селькуптар 4
123 Уличтер 4
124 Негидальдықтар 4
125 Саамдар 3
126 Үльттар (ороктар) 2
127 Нганасандар 2
128 Эскимостар 0
129 Басқалары 1357
Барлығы 15 776 492
«Жас Алаш» газеті №05 (15463) 19 қаңтар, сейсенбі 2010 жыл