Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3067 0 пікір 25 Қаңтар, 2010 сағат 07:26

Қазаққа КАЗАЧЕСТВО керек пе?

Газетiмiздiң өткен санындағы «Мұхтар Шаханов қоғамдық қозғалыс құруға кiрiстi» деген хабарға қатысты редакцияға келген қонақтың аты-жөнi ­- Шапырашты Асылхан би Артықбаев. Қызметi - Қазақстан Казактары одағының ұлтаралық қатынастар жөнiндегi басқармасының бастығы. Бұл ла­уазымға ХIХ ғасырдың ортасынан берi қарай Үлкен Алматы станицасы казактарының атаманы болған Қыдырәлi Үсеннiң бесiншi ұрпағы ретiнде мұрагерлiкпен қол жеткiзген. Казак құрылымындағы әскери шенi - полковник. Сондай-ақ тарих және этнография тақырыбында үздiксiз мақалалар жазып жүретiндiгiн бұрыннан бiлетiнбiз. Өзiнiң «Аймақ сақшысы» деген атаумен отан қорғаудың балама жобасын дайындап, 1999 және 2009 жылдары елiмiздiң Қауiпсiздiк кеңесi мен Қорғаныс министрлiгiне ұсынғанын айтты. Жалпы ұлт мәселесiне келгенде бей-жай қарамайтын азаматтың пiкiрiне газет бетiнде орын берудi бiз де жөн көрдiк.

Газетiмiздiң өткен санындағы «Мұхтар Шаханов қоғамдық қозғалыс құруға кiрiстi» деген хабарға қатысты редакцияға келген қонақтың аты-жөнi ­- Шапырашты Асылхан би Артықбаев. Қызметi - Қазақстан Казактары одағының ұлтаралық қатынастар жөнiндегi басқармасының бастығы. Бұл ла­уазымға ХIХ ғасырдың ортасынан берi қарай Үлкен Алматы станицасы казактарының атаманы болған Қыдырәлi Үсеннiң бесiншi ұрпағы ретiнде мұрагерлiкпен қол жеткiзген. Казак құрылымындағы әскери шенi - полковник. Сондай-ақ тарих және этнография тақырыбында үздiксiз мақалалар жазып жүретiндiгiн бұрыннан бiлетiнбiз. Өзiнiң «Аймақ сақшысы» деген атаумен отан қорғаудың балама жобасын дайындап, 1999 және 2009 жылдары елiмiздiң Қауiпсiздiк кеңесi мен Қорғаныс министрлiгiне ұсынғанын айтты. Жалпы ұлт мәселесiне келгенде бей-жай қарамайтын азаматтың пiкiрiне газет бетiнде орын берудi бiз де жөн көрдiк.

«Қазақстандық ұлт» немесе «Ұлт бiрлiгi» деген док­триналар - түбiн қуғанда тәуелсiздiгiмiз үшiн өте қатерлi ұғымдар. Себебi, өткен жылғы халық санағында белгiлi болғандай, Қазақ елiнiң байырғы ұлты қазақтардың демографиялық үлес салмағы 70 пайызға жетiп қалғаны белгiлi. Бұл көрсеткiш ендi он-он бес жылдың көлемiнде арта түсетiнi - соқырға таяқ ұстатқанмен бiрдей ап-айқын мәселе. Қазақ ұлтының ежелгi сақ, үйсiн дәуiрiнен берi қарай осы жерде қалыптасқаны ендiгi еш дау тудырмайтын ақиқат болса керек. Бүгiнгi қазақтардың этникалық тұрғыдан бiртектi ұлт екенiн кеңес дәуiрiнде академик Оразақ Смағұлов ағамыздың еңбектерiнен бiлемiз. Басқа ұлттардың алдымен патшалық дәуiрде, одан кейiнгi кеңес заманында қоныс аудару жолдарымен қалыптасқаны - ақиқат. Сондықтан өз басым қазақ ұлтын мемлекет құрушы ұлт деп қараймын да, басқа ұлттарды диаспора деп бiлемiн. Осы көзқарасым бойынша Қазақстан халқы қазақ ұлты негiзiнде бiрiгуi керек деген пiкiрдi ұстанамын.

Бүгiнгi күнi елiмiзде 140 ұлт тұрады деп жүр. Сонда кеше ғана елiмiзге Африканың бiр елiнен жоғары бiлiм алуға келiп, осында үйленiп, қалып қалған жалғыз азамат та ұлт құрайтын болғаны ма? Бұл нет­кен намыссыздық сонда?!

Ендi Қытайға 1 миллион гектар жер жалға берiледi-мiс деген сөз шықты. Менiң өткен ғасырдағы 60 жылдары Қытайдан көшiп келген таныс ақсақалым бар. Ол кiсi - 1944 жылы «Үш аймақ төңкерiсiне» қатыс­қан адам. Сол кiсiнiң айтуынша, төңкерiстi сол кезде ұйғыр ағайындар толығымен қолдай қоймаған екен. Егер сол кезде қазақ-ұйғыр  арасында ауызбiр­лiк болғанда, Шынжандағы жағдай мүлдем басқаша қалыптасқан болар едi деп айтып отырады. Сол сияқты бүгiн бiздiң халық та өз iшiмiзде берiк ынтымағымыз болмаса, қазiргi заманғы жаһандану дәуiрiнде сол Қытай айдаһарына жұтылып кетуiмiз де ғажап емес. Бұл мәселеге келгенде, елiмiздегi ақпарат құралдарының таратып отырған мәлiметтерi көңiл көншiтерлiк емес! Сiздер осыған баса назар аударсаңыздар деген өтiнiшiмдi де айта келдiм.

ҚХР - экономикасы аса жоғары қарқынмен дамып келе жатқан қуатты мемлекет екенi даусыз (ол елдiң экспорттық әлеуетi 2009 жылы әлемдiк көшбасшы ГФР-дiң өзiн ығыстырғаны белгiлi. - Ред.). Осыншалық зор экономикасы бар ҚХР өткен жылы 1500-2000 шақырым қашықтықтағы жылжымалы әскери дайындық сабағын спутник арқылы бақылау жүйесiнен өткiзiп, қару-жарақ түрлерiн және арнайы техникалық жарамдылығын тексерiп, белгiлеп алды. Ресей әскери сарапшылары ҚХР Қиыр Шы­ғыс­қа шабуылға шыққан жағдайда үш-ақ күнге төтеп бере алады дегендi айтады. Қытай әскерилерiнiң Қиыр Шығыста орыс армиясын iздеп үш күн сандалып жүргенi туралы анекдот бар. Анекдоттың өмiрдiң ащы шындығынан туатыны - белгiлi жай. Сол себептi де Ресей президентi Медведев кезiн­де Израилге көшiп кеткен 700 мың еврей азаматын қайта қоныстандыру мәселесiн көте­рiп отыр. Сонымен қатар Қиыр Шығыста бұрынғы казачествоны қалпына келтiру мәселесiн күн тәртiбiне шығарып, араларынан өз жанына 9 кеңесшi сайлап алғаны көп жағдайды аңғартса керек.

Казачество - қоғамдағы ең жақсы ұйымдасқан тәртiптi де, дәстүрлi топ-сословие болып есептеледi. Мемлекет қауiп­сiздiгi үшiн тек бүгiнгi күнгi та­лапқа сай қайта құрып, ел игiлiгiне айналдыра бiлудi Ресей саяси басшылығы кеш те болса түсiнген сыңайлы.

Бiздiң елде казачество құрамында 3 пайызға жуық қазақ бармыз. Бұл, әрине, аз! Өз тарапымыздан кем дегенде тең жарымын қазақтардан жасақтау мәселесiн қарастырып жатырмыз.

Дәстүрлi казачествода шекаралық 50 шақырым аумақта өз қожалықтарының көмегiмен мемлекеттiң қорғаныс саласын келiсiм-шарттар арқылы ауылшаруашылық өнiмдерiмен қамтамасыз етуге мiндеттелiп, өздi-өзiн қамдаушы дербес ұйым болып құрылған тәжiрибенi бү­гiнгi Қазақстанда да жүзеге асыратын болсақ, болашақ ұрпақ патриоттық рухта тәр­биеленiп, ел қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң қалтқысыз түрi қалыптасқан болар едi. Менiң осы айтып отырған ойларымды Қазақстан Казактары одағының төрағасы Юрий Захаров мырза да қолдайды.

Бейбiтшiлiк жағдайда халықтың жалпы санының 1 пайызы қорғаныс шебiнде қызмет атқаруға тиiс. Бұл көрсеткiш бойынша бүгiн елiмiзде 45-50 мыңдай ғана азаматтың әскери борыштарын атқарып жүргенi белгiлi. Артқы шеп (резерв) бұдан кемiнде он есеге артық болуы керек. Менiң «Аймақ сақшысы» деп аталатын жобам осы олқылықтың орнын толтырса, онда  ол жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелесек деген ниеттен туған десем, артық айтқандық болмас. Кеңес заманында 10 миллионға жуық казактың қуғын-сүргiнге ұшырап құрбан болғаны - 6 миллион еврейдiң фашизм құрбаны болғанынан да асып түсетiнiн жалпы жұртшылық бiле бермейтiн жағдай.

Тағы бiр айта кететiн мәселе - «Қазақстан Халқы ассамблеясы» менiң түсiнiгiмде ата заңымызға сәйкеспейтiн «үй iшiнен үй тiккен» құрылым сияқты көрiнедi. Бара қалсаң, шын мәнiнде нендей iстермен айналысып жатқанын түсiне алмай қайтасың. Осындай құрылымдар арқылы ел болашағын айқындаудың түбi жақсылыққа апармайды. Сол се­беп­тi де шахановшыларды қолдап, «Ел бiрлiгi доктринасына», жерiмiздi сырт мемлекеттерге жалға беруге мүлдем қарсы екенiмдi газеттерiңiз арқылы жұртқа айту үшiн келдiм. Ел болашағы әуелi қазақ хал­қының ынтымақ-бiрлiгiнде екенiн ұмытпайық, ағайын!

Жазып алған - Марат УАТҚАН

"Общественная позиция" газеті (Дат жобасы)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369