ҚЫМБАТТЫ БАУЫРЫМ, МҰХТАР!
Ақын Несіпбек Айт басқаратын «Алтын тамыр» журналының 6-шы саны бүтіндей Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік тағдыры мен шығармашылығын талдауға арналыпты. Біздің қолымызда журналда жарияланған мақалалардың толық электронды нұсқасы бар. Алдағы уақытта оның бәрі порталымызда жарық көретін болады.
Осы күндері Прага қаласында тұратын қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағуин 70 жасқа келді. Ұлы қаған Шығыс хан туралы тарихи деректі роман жазудан бас көтере алмай жатқан қаламгер жуық арада елге ат басын бұра алмайтын сияқты. Күрес пен арпалысқа толы жалынды жылдарды артқа тастаған баянды ғұмырының зор белесін Мұхаң алыста, Еуропаның төрінде бала-шағасының ортасында ғана атап өтетін көрінеді. Алайда оған «елге қайт, мүбарак қолыңды алайық, нұр сипатыңды көрелік» деп хат жазатын замандастары көп. Соның бірі Мырзатай Жолдасбеков «Алтын тамыр» журналы арқылы төмендегідей лебіз білдіріпті.

Біз бәріміз де кешегі дүниенің төрт бұрышына мәңгілік ел орнатамыз деген түріктің ұрпағымыз, қазақ халқының перзентіміз, екеуміз Бейсенбай Кенжебаев дейтін қасиетті қара шалдың баласымыз. Сол кісінің жетекшілігімен ғылымға бардық. Сен бергі Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан, тарихымыздың аса бір елеулі кезеңінен диссертация жазып, дәуірді тірілттің. Мені Бейсекең түрік кезеңіне салды. Сөйтіп, ағайынды екеуміз біле білген кісіге қазақ әдебиетінің тарихын он екі ғасырға тереңдеттік. Мұны жұрт айтып та, жазып та жүр. Оның үстіне сен біздің қазақ ойының, санасының, әдебиетінің бағына туған қайраткерсің. Сенің қаламыңнан туған шығармаларың да қазақ тарихының, санасының мәртебесін көтеруге қызмет етіп келеді.
Кеше кім едік, құдайға шүкір, бүгінде Қазақстаныңды әлем танып, мойындады. Елордаң еңсесін көтеріп, Ақ Ордаң асқақтап келеді. Тәубә дейік.
Мұхтар бауырым, сен елден Еуропаға кеткелі де біраз жылдың беделі болды. Ол жақта қазақты ғана емес, жалпы адамзатты таң қалдыратындай шығармалар жазып жатқан да боларсың мүмкін. Қалай дегенде де, қатар жүрген, бірге жүрген азаматымыздың, бауырымыздың, қайраткеріміздің сыртта жүргені бізге батады, қабырғамызды қайыстырады.
Біз сені сағынамыз, Мұхтар! Сен де бізді, еліңді, ел-жұртыңды, туған жеріңді сағынбайды деп ойламаймын, сағынасың, әрине.
Жасы жүзден асып жатқан бір әкемізден інілері: "Өмір деген қандай екен, көке?" - деп сұраған екен. Сонда әкеміз басын көтеріп: "Оның несін сұрайсыңдар, шырақтарым?! Өмір деген есікті ашып-жапқандай-ақ" деген екен. Мен жетпістен астым, сен де жетпіске келіп қалдың. Ініміз Несіпбек өзінің журналының кезекті санын түгелге жуық саған, сенің жетпіс жылдығыңа арнап отыр. Журнал беттерінен де сарғайған сағынышты сездім. Осынысы үшін Несіпбекке "Көп жаса! Тәңірі жарылқасын!" деп ағалық алғысымды айттым.
Қадірлі Мұхтар бауырым!
Адам баласын дәм айдап, қайда апармайды дейсің, бірақ бәрібір туған елден, туған жерден ыстық, туған өлкеден қымбат ештеңе жоқ.
Сен өз еліңе, өз туған халқыңа керек адамсың.
Мінез кімде жоқ дейсің, "битке өкпелеп тоныңды отқа салма" деген бар емес пе, баз біреудің кінәсі болса болар, бірақ елдің кінәсі жоқ - еліңе орал!
Бұл фәни дүниеде бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізді демеп, қол алысып, сәлемдесіп, бір-бірімізге тілектес болып жүргеннен артық ештеңе жоқ, бауырым.
Сәлеммен, Мырзатай Жолдасбеков