Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4082 0 пікір 11 Наурыз, 2010 сағат 05:29

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. «ҒАЛЫМЖАН ҚАЙДА?» ДЕЙСІЗ...

...................................

Құрметті редакция, көпшілік қойып жүрген сұраққа (тақырыптағы) бір жауап болсын деген ниетпен осы мақаламды жолдап отырмын. Автор.

Көз алдымда көрініс көп. Біразы таныс, біразы бейтаныс. Қазақ даласындағы тіршіліктің «асықпаған арбамен қоян алады» болғандығы-ау, тұңғышымнан төрт жас кіші Ғалымжанның бала кезінде басынан кешкендерінің қайсыбірі «менен қалғандар» екен. Мен де отбасының кенжесі болдым. Менің де шешем  сырқат жан еді, аға-апайларымның алды Алматыда, соңы Өскеменде, басқа аудандарда тұратын да, мен бастауыш мектепті бітірген жылдан бастап үйдегі ұл да, қыз да болып: мал жайлап, тамақ пісіріп, кір жуып, төсек-орынды қағып-сілкіп, Ғалымжанша жасырып сиыр сауып жүрдім. Құрбыларың сыртта шуылдап, жүгіріп ойнап жүргенде оларға қосыла алмай «омалып» отыру қиын-ақ!.. Менің әкем Қабыш та (Қабдырахман)  атүсті шаруаның белсендісі еді, ерте кетіп, кеш келетін. Бәйбішесін күлдіре, жігерлендіре әңгіме айтып, маған: - Балам, қайтесің енді, қашан келіншек алғанша үйдің бар шаруасын өзің істейсің, - деп жымия шақырып алдына алып, төбемнен иіскейтін.

...................................

Құрметті редакция, көпшілік қойып жүрген сұраққа (тақырыптағы) бір жауап болсын деген ниетпен осы мақаламды жолдап отырмын. Автор.

Көз алдымда көрініс көп. Біразы таныс, біразы бейтаныс. Қазақ даласындағы тіршіліктің «асықпаған арбамен қоян алады» болғандығы-ау, тұңғышымнан төрт жас кіші Ғалымжанның бала кезінде басынан кешкендерінің қайсыбірі «менен қалғандар» екен. Мен де отбасының кенжесі болдым. Менің де шешем  сырқат жан еді, аға-апайларымның алды Алматыда, соңы Өскеменде, басқа аудандарда тұратын да, мен бастауыш мектепті бітірген жылдан бастап үйдегі ұл да, қыз да болып: мал жайлап, тамақ пісіріп, кір жуып, төсек-орынды қағып-сілкіп, Ғалымжанша жасырып сиыр сауып жүрдім. Құрбыларың сыртта шуылдап, жүгіріп ойнап жүргенде оларға қосыла алмай «омалып» отыру қиын-ақ!.. Менің әкем Қабыш та (Қабдырахман)  атүсті шаруаның белсендісі еді, ерте кетіп, кеш келетін. Бәйбішесін күлдіре, жігерлендіре әңгіме айтып, маған: - Балам, қайтесің енді, қашан келіншек алғанша үйдің бар шаруасын өзің істейсің, - деп жымия шақырып алдына алып, төбемнен иіскейтін.

Менің де атамекенім - Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы. Ғалымжанның әкесі Бәділжан аға ұлына: «Найман ішіндегі терістаңбалымыз, Жарылғап батырдың ұрпағымыз» десе, менің әкемнің: «Найман ішінде  көкжарлымыз, Көкжал Барақ батырдың ұрпағымыз», дегені бар. Мен де Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов атындағы «Тарғын» орта мектебін тәмәмдағанмын. Ізғұтты аға екеуіміздің ұлы аталарымыз-бір кісі.

8 - 9-ншы сыныптарды аяқтаған жылдары жазғы каникулдарда бірде   мектеп, екіншіде қой қора салысып, еңбеккүніме әжептәуір ақша алғанмын. 8-нші кластан соң, құрылысымыз біткеннен кейін, тамыз айында,  Алматыдағы апайыма  барып қайттым. Ғалымжан болса, қой қырқуға қатысып, 140 сом ақша тауып, Алматыға сапар жасапты.

Тарғын, Тайынты, Шыбынды, Сандықтас, Айыртау, Күршім, Құйған, Ертіс, Үлбі... бәрі-бәрінің тау-тасында, құмында менің де іздерім қалды.    Ғалымжанның қайынатасы Қадес Бердин екеуіміз Ұланның Жама ауылында, бір аулада өскен құрдастармыз. Қайыненесі Гүлжамал Қабдырахманқызы (әкелеріміз аттас) екеуіміз бір мектепте оқыдық, тек ол менен үш класс кейінде  болды.

«Біраз таныс көрініс» дегенім осымен тәмәмдалады да, «біраз       бейтаныс жәйт» басталады. Ғалымжан Мәскеуге аттанып, КСРО-ның шын мәнінде маңдайалды оқу орнына - Бауман атындағы жоғары техникалық училищеге түскен. Оны тәмәмдаған соң Семей машина жасау заводына жұмысқа орналасқан. Ленинградтың, Мәскеудің шақырған кәсіпорындарына бармастан еліне қайту себебі - КСРО-да тарихи өзгеріс болатынын сезгені. Мәскеуде қыза бастаған астыртын әңгімелерді естіген, қолжазбадан қолмен көшіріліп астыртын таратылатын «кітаптарды» («самиздат») оқыпты, көзқарастары бір жолдас-жораларымен  сырласып, демократия соқпағына қадам басыпты. Ол соқпағын  Семейде күрежолға айналдыра біліп, «999» деп атаған гәзет шығарыпты, облыс басшыларына демократиялық талап қоюды ұйымдастырыпты.  Мақсаттас жастар бірігіп, бірде, дәстүрлі 7-қазан мерекесі шеруіне: «СОКП бізді қашанғы билей береді?!», «Басшылардан өзгеріс талап етеміз!» деп жазылған плакат алып шығуды ұйғарған. Ол әрекеттерін парткомдары «дер кезінде тоқтатыпты». Содан бастап «ресми органдардың» назарына іліккен. Өздеріне «ақыл айтушылардың» алдын көре бастапты. Олардың  шын мәніндегі демократияға жоғарыдағы билікшілдердің көзімен қарайтын кәдімгі партократтар екенін  әбден түсінген. Небір атақты деген ағаларының билікке тәуелді бишара қылықтарынан түңілген. Олардың арасында... жә, бәрінің де аты-жөні кітапта тізіліп тұр («Өмір белестері», Алматы, «Өркениет» баспасы, 2004-жыл).

«Өмір белестері».  Бірінен соң бірі. Табиғи түзілім. Десем де, қандай түзілімнің болсын автор қалаған реңкі «менмұндалайды»: бірі шындық, бірі жалған, бірі аралас сипатта. Ғалымжан мұның алғашқысына жүгінген, яғни ақиқаттан аттап кетпеуді азаматтық нысана еткен. Қазақстанда бизнеске      бірінші болып қадам басып, «ТОМАН» фирмасын, соның негізінде «Семей» бірлестігін (бүгінгіше айтқанда, - акционерлік қоғамды) құрған да, халыққа қамқоршылдығымен құрметке бөленген. Өнімді еңбегі  Н. Назарбаевтың құлағына шалынып, мемлекеттік қызметке шақырылып, әуелі Семей, кейінде Павлодар облыстарында әкім болды. Әрқашан  ақиқат жолынан қия баспады, бүкіл білімін, күш-қайратын туған еліне, халқына беруге ата-баба аруағы алдында іштей серт етті.

Мен сол жылдары қызмет бабыммен  Семей, Павлодар облыстарында болып жүрдім. Жап-жас әкім Ғалымжан жайында он ауыз сөз естісем, соның сегіз-тоғызы алғыс еді. Қабылдап алғанында хал үстіндегі пақырдай халде дерлік екі облыстың  да еңсесін көтере білгеніне халайық куә. Қарапайым қазақ-орыс күні бүгінге дейін «Шіркін Ғалымжан-ай!» деседі. Электрсіз, жылусыз, тіпті ауызсусыз қалған, жалақысын, зейнетақысын айлап ала алмай отырған көпшілік, жұмыссыз дағдарғандар жағдайларын бір шама болсын жақсартқан басшыны неге ұмытсын! Әсіресе павлодарлықтар Ғалымжанның іскерлігіне тәнті болды. Облыс байлығын обып жүрген талай қуды тұмсыққа мықтап тұрып шертті-ау! «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» - ірі-ірі өнеркәсіп орындарын жекеменшіктеп, не жалға алған алаяқтар, мысалы, мың теңге табыстың тоғыз жүз теңгесін қылғытып жіберіп, жұртшылыққа жүз теңгесін ғана қалтыратын арамдықтарынан еріксіз тиылды. Бұрында алдап-арбап жасаған жемқорлық шарттарынан бас тартуға мәжбүр болды. Ол шарттар облыс тұрғындарының мүддесіне сай етіліп қайтадан жасалды. Көнгісі келмей, жаңа әкімді: «...біздің компанияның  артында кім тұрғанын білесіз бе?!» деп бопсалап қорқытып баққан «мықтылар» (мысалы, бүгінгі миллиардер А. Машкевич, павлодарлықтарша  - «Майшеке») ақырында құм қапты, немесе қателігін мойындап, айып тартып, жөнге көшті (кітәптің 98 -103-беттерінде).

Әкім Ғалымжанның әп дегенде-ақ көзі жеткен бір сұмдық жәйт «инвистицияқұмарлардың» айла-шарғысы екен. Инвистиция-шетелдік қарыз-көмек. Шет елдердің кәсіпкерлері бізге жәрдем жасамақ па, - құба-құп, тек мұндағы іске жұмсар қаржысын толық ала келсін. Жоқ, олай болмай шықты. Әлгі кәсіпкерлердің көбі қулық сауа құрқол келіп, қажет қаржыны өзіміздің банктерден қарызға алып, өзіне тиімді шарт жасап, пайдаға кенеліп жүр екен. Яғни «соқырдың өз бидайын өзіне қуырып беруді» тапқан. Ондай зәлімдікке жолды кең ашқандар - олармен келісім жүргізген біздің обырлар, жемқорлар, парақорлар. Қоғамымызды небір қиыншылыққа кезіктірген, демократиялық жолымызға кедергі болған, еңбеккер көпшілікті жоқшылыққа ұшыратқан кесел-кесапат - солар, олардың жоғарыдағы ебеп-жебеушілері! Ғалымжан, міне, осыған  қарсы тұрды. Қаймықпады, қайтпады.

Павлодар қаласына жолы түскен қазақтың Орталық мешітке бас сұқпай кеткені жоқ шығар (Ғалымжанды беталды ғайбаттағандар мен әлі де      ғайбаттаушы рухани байғұстар болмаса).  Ғалымжан салдырған ол мешіт -ғажап ғимарат. Оның ауласында ертеңді-кеш отыратын қарттардың құдайға құлшылық әредігінде не айтатынын білесіз дер ме? Сырттан келгенге өкінішті сыр шертеді: - Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті болған, облысымыздың сөнуге айналған шамын қайта жағып, еңсемізді көтерген азамат кім екенін, шырағым, сен білесің бе?.. Ол Жақия баласы Бәділжанның  ұлы Ғалымжан еді. Дініміз, әдет-ғұрпымыз, тіліміз (айтпақшы, мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінің қиын халін түсінген Ғалымжан республикада алғаш рет ресми «Алтын тіл» бағдарламасын жасап, оны «Жас Алаш» гәзетінде жариялап, бағдарламаны Павлодар облысында іске асыра өнеге көрсетті, бірақ билік ол жолын да кесті, - Ғ.Қ.)... бүкіл тіршілігіміз сол азаматтың тұсында қайта серпіліп, дамып еді. Егер ол бала бүгінге дейін әкім болып тұрса, біз басқаларға шекесінен қарайтын дәрежеге жететін едік... Амал бар ма, тазалығы мен әділдігі, күштілерге бас шұлғымайтын батылдығы, табандылығы үшін жәбір шегіп кете барды ғой! Кімнен көрді, неге көрді, оны көзі ашық өздерің бізден жақсы білетін шығарсыңдар. Біз айтудайын айттық, жазудайын жаздық, неге екенін кім білсін, бірақ, бізді тыңдар бірде-бір құлақ табылмады, әлі де табылмай келеді. Қайтейік, Ғалымжанымызға құдайдың көзі түзу болып, жазықсыз жабысқан пәле-жаладан құтылып, ортамызға аман-есен оралсын! Мынадай мешіт салдырған азаматтың арам ісі болды дегенге біз сенбейміз, ешбіреу сенбейді! Осы сөзімізді айта жүріңдер! - дейді.

Біз де айтып, жазып жүрміз. Аққа жақ бола алмаған бишара сот:   «Мемлекетке 2 миллион теңге зиян келтірген Ғ. Б. Жақиянов 7 жылға бас бостандығынан айырылсын» деп үкім шығарып берді. Қарсылығымыз қабылданбады.Ғалымжан мемлекет бюджетінің ережесін павлодарлықтардың игілігіне атқарылар іске қарай бұрып, аталған соманы мемлекеттің бір қалтасынан екінші қалтасына салғаны үшін жаза тартты. Өзінің жеке бас пайдасына бір теңге де алған жоқ, егер өйтсе, соттың құжаттарына сүйінші сұрағандай етіп жазылар еді де, билік оны кемінде 20 жылға соттатар еді. Ғалымжанға таңылғандай 2 миллион теңгені емес, мәселен, ақпарат көздері анықтағандай, мемлекеттің жүздеген миллион долларын өңешінен өткізіп      жібергендердің көбі  бұйырған портфелін құшақтап, бұйырған тақта қоқиып отыр. Қылмыскер емес, халық үшін қан төккен қаһармандай-ақ!

Кітап авторын кезінде қолтығынан демеген де, аяғынан шалған да     кейіпкерлердің аты-жөндері аталған. Яғни ақиқат ашық айтылған. Мәселен, кітаптың 51-бетінен  мынаны оқыдым: Астанада өткен бір үлкен жиында президент Н. Назарбаев әкім Ғалымжанды әйеліне таныстырып тұрып: «Сара, мына Ғалымжан - әкімдердің ішіндегі жасы. Біздің баламыздай. Тіпті Дариғамызбен құрдас, бір жылы туған екен. Араларында бір-ақ күн. Үмітім осы жастарда», десе, енді бірде: «...Жас  болсаң да үлкен қызметке қойып едім. Сенімімді ақтадың, ризамын. Өзің туралы ең жақсы пікірдемін, кім не десе де. Балам сияқтысың ғой, өзіңнен болашақта да үлкен үміт күтемін. Жоғалмай, хабарласып тұр. Әзірше еркіндікке рұхсатымды берейін (билік басындағы құйтырқылардан тез безінгісі келген шенеунік Ғалымжан президенттен өзін еркін іске, бизнеске жіберуді табандап өтініп, ақырында рұхсат алыпты, - Ғ. Қ.). Бірақ, көп ұзамай, қайта шақырғанда келерсің. Осыған сөзіңді бер. Қайталап айтайын: болашақ сендердікі, осы елді басқаруға саған үлкен үміт артамын», деген. Содан екі айдан кейін телефон шалып: «Сен маған керексің, Ғалымжан. Есіңде ме, шақырғанымда келетін уәдең бар. Павлодар облысын қолыңа ал...» депті (91-бет).

Әкелік мейіріммен дерлік айтылған осындай сөздерінен Н. Назарбаев бертінде неге жаңылды? Халқына адал болған Ғалымжан сол Ғалымжан қалпында бола білді, ал  президент, оның қоғамға адалдығына, іскерлігіне көзі жете тұра, оған адал қалпынан неге айныды? «Түйені түгімен» ғана ма, вагон-пойызды жүгімен жұтқандардың жер мен көктің арасын арамдап жүргенін көріп, біліп отырып, солармен салыстырғанда  кінәсі көңіл аударуға тұрмайтын Ғалымжанды 7 жыл  түрмеге  қалай  ғана  қиды?

Себебі...

Тәуелсіздік бұйырғаннан бергі он жыл бойы демократияны керек етпей келе жатқан биліктің  ел байлығын талапайға салғанын, халықтың әл-ауқаты жыл санап ауырлап бара жатқанын көрген, тақ пен жеке байлық таласы астыртын қоздай бастағанын білген бір топ жас шенеунік өзара ақылдасып, кері тартқанды бері тарту керек десіпті. Президентке жастардың атынан барып сөйлескен Ғалымжан өздері көріп-білген қым-қуыт қулық-сұмдықтың бәрін батыл, ашық айтып беріпті. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын ұйымдастыру жайындағы ойларын да баяндаған. Көзбе-көз сәтте оны құптаған президенттің іле-шала не істегені көпшілікке мәлім: жас демократтар тобын премьер-министр Қ. Тоқаевтың жуан жұдырығымен талқандап (телеэкраннан көрген шығарсыздар), Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбіләзевті түрмеден бір-ақ шығарды.

Демек, себепке оралсақ, ол - президенттің өзі қалыптастырған билікті өзгерткісі келмегені; жастардың беталысынан  сескенгені;  өзі: «...саған үлкен үміт артамын» деген Ғалымжаннан, орнымды алып қояр деп тайсақтағаны.

Ғалымжанға қандай айыптар тағылды?

Бұрынғы әкім Даниял Ахметов былықтырып кеткен «Төрт құдық», «Песчанский РМЗ» машақаттары Ғалымжанға ұятсыздықпен, зорлықпен, қасақана таңылды. Павлодар тұрғындарының мүддесіне шұғыл жаратылған 2 миллион теңгені «мемлекетке зиян келтіру» деп аттандады. Ал, қайталап ескертейін, тергеу құжаттарында, облсоттың үкімінде «Жақиянов пәлен теңгені бас пайдасына жаратты» дегендей бір ауыз сөз жоқ. Өз төтемнен сөзді көбейтпей, «Г. Жакиянов. Выступления. Статьи. Интервью» деп аталған кітаптың («КАНИА» баспасы. Новосибирск. 2002 г.) 180-бетіне көз жүгіртейін (түпнұсқасына орай  орыс тілінде келтіргенді жөн көрдім):

«...Ну а сам эпизод обвинения по этим 2 миллионов тенге достоин отдельного внимания, как яркое свидетельство политической заказанности данного процесса. Усматривают опять же превышение должностных полномочий при подписании мной распоряжения о выделении из резервного фонда акима 2 млн тенге на передислокацию мобилизационного резерва.

В то время г-н Токаев, будучи премьер-министром, из точно такого же резервного фонда правительства выделяет 12 млн тенге на поощрение депутатов парламента. Оказывается, кроме того, им были выделены, как он сам признается в интервью, из средств резерва на празднование юбилея, агитпоезд, визит папы Римского. Возникает резонный вопрос: а где сейчас Токаев, почему он не привлекается к ответственности? Но нет, как следует из ответа генпрокурора, нет оснований для привлечения. Что же получается, когда резервные деньги расходуются на премии частным лицам, покупки автомобилей для чиновников, личный архив Назарбаева и пр. (всего в год правительство расходует около 6 млрд тенге из резерва) - все законно».

Осы кітаптың 201-бетінен мынаны оқисыз: «...Причина очевидна: дату окончания процесса обозначил лично президент  Назарбаев. И в этом ни у меня, ни у моих сторонников нет и не было никаких сомнений. Также лично президент Назарбаев  назвал и срок моего осуждения - семь лет, о чем было известно задолго до судебного разбирательства... Прокуратура и суд, являясь не более чем органами, обслуживающими режим личной власти президента Назарбаева, в данном случае лишь слепо исполнили приказ».

Енді Ғ. Жақияновтың соттағы соңғы сөзін еске алайық. Ол былай деді:

«...В заключение хочу обратиться к суду.

Ваша честь! Я хорошо понимаю, что каждый, как Вы сказали, делает свое дело, и суд является всего лишь исполнителем сделанного президентом Назарбаевым политического заказа.

В то же время, я ничем не могу облегчить Вашу совесть. Еще древние говорили, что судья, осуждающий невинного, осуждает самого себя.

Подумайте об этом и постарайтесь найти в себе мужество поступить по правде» (186-стр.).

Мұндай сөз есту ары таза адам үшін өліммен тең ғой! Бірақ жоғарыға құлақкесті құл болған сот Тарасенконың ар-ұяты әміршілердің ұлтарағының астында қалып қойғаны сөзсіз, ол биліктің қолшоқпары күйінде өзгенің тілімен үкім оқуын әлі де жалғастырып жүрген болар. Ғалымжанды соттауға өліп-талып итаршыланған тергеуші Құсайынов та, прокурор Демесінев те Қазақстанды бір апаттан сақтап қалғандай-ақ қоқиланып, сайрап жүр-ау!..  Ей, рухани бишаралар-ай!..

Түрме Ғалымжанға үлкен сын болды. Талайлардың тағдыры еріксіз тоғысқан онда шынайы қылмыскерлер де, жазықсыз жазықты болғандар да  отырды. Жымысқы әрекетке шебер билік Ғалымжаннан қалайда құтылудың айла-шарғысын жасады: делқұлдарды сан рет айдап салып сабаттырмақ болды, арандатып бақты, өлтіртпек те болды, алайда қақпандарына түсіре алмады, - Ғалымжанның түзу жігіт екенін сөзінен, ісінен аңғарған, кінәсіз екенін «сымсыз телефон» арқылы естіген, астыртын жеткізіліп тұратын тәуелсіз гәзеттерден оқып білген тұтқындар оны қорғай жүретін топ құрып, айтаққа ергіш арандатушыларға тойтарыс беріп отырған.

Тауқымет толы жеті жылды өткеріп оралған Ғалымжанды көпшіліктің мол қошемет-құрметпен қарсы алғанына мен де куәмін. Мысалы, 2-Алматы теміржол вокзалының алды-артында ине шаншар жер болмады. Әрине, жан-жағына ожарлана қарап жүрген полицейлердің нешеу екенін шамаласақ та, аңқаусып жылмиған «үш әріптіктердің» санын  ит білді де.

Қазіргі 47 жасының сонау Мәскеу төрінен басталған отыз жылын сан қилы жұртшылық арасында өткізіп келе жатқан Ғалымжан «...көп көргеннен сұраның» санатында. Халық шаруашылығы салаларының, мәдениеттің, ғылымның,  ішкі-сыртқы саясаттың  бүге-шігесін бес саусағындай біледі. Экономикаға жетіктігі өз алдына. Менің бұл пікіріме көпшіліктің, әсіресе, павлодарлықтардың, Ғалымжанға сот күндері оның суретін көтеріп көшеге шығып, биліктің бетпақтығына күшті қарсылық көрсеткендері дәлел. Бірақ сойқан қара күш міз бақпады емес пе?! Оппозицияның жазықсыз жас демократ Ғ. Жақияновты қорғау ниетін қолдаған республика жұртшылығы атынан 1,5 миллион адам қол қойып жолдаған хатқа да президент                   Н. Назарбаев көңіл аудармады ғой?! Әділетсіз билік қожа болған қоғамның сиқы сол. Айтпақшы, қол жинап жүрген тәуелсіз жорналшы ақын Олжас Сүлейменовке жолығып: «Жұртшылықтың Ғалымжан Жақияновты түрмеден босату жөніндегі талабын қолдайсыз ба?» дегенде, анау «ит көрген ешкі көзденіп»: - Е, неге? Оппозицияны күшейту үшін бе?! - деп гүрілдепті.

Жеке басқа табыну жайлап алған қоғамымыз іріп-шіріп барады. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» басшыларының еркімен құрылып, «Әділетті Қазақстан үшін!» деп аталған қуатты қозғалыс Ғалымжан түрмеге қамалған кездің алғашқы жылдарында бүкіл республиканы толқытқан бедел-қарқынын күрт бәсеңсітпесе де, кейін бірте-бірте әлсіреп, бүгінде аты естілуден де қалды. Сиырдың бүйрегіне айналған оппозиция ол қозғалыстың дізгін-шылбырын орталарына жасымай оралған Ғ. Жақияновқа қайырып бермеді. «Көсемі» көп оппозиция Ғалымжанды сыртқа тепті. Көпшіліктің: «Жақиянов қайда? Не істеп жүр?» деген  сауалына негізгі жауап осы деп білем. Екінші жауап: ол соңғы бір жыл бойы емделуде жүр. Қасақана жасалған қысым-қиянаттың салдарынан түрме емханасына бірнеше рет түскен, бірақ дені дұрыс ем-дом көрмеген Ғалымжанның денсаулығына «батпандап кіріп, мысқалдап шығатын» кесел жасалмағанына кім кепіл?

Ел, халық үшін туған бірегей Азаматымызға - сылдыр сөзді бейдауа биліктің қара қанжарынан да, қара шоқпарынан да қаймықпай қарсы ұшқан, әділдік үшін жанпида қағидасын берік ұстанып жүрген Ғалымжанға мықты денсаулық тілейік!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434