Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5020 0 пікір 26 Сәуір, 2010 сағат 03:19

Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны. (Жалғасы)

Қайда барсам үш шал

 

 

Қайда барсам алдымнан үш шал шығады. Түксиген, күпсиген, жауқабақ, ұзынмұрт, күрек сақал, ақ сәлде, қарқара бөрік, айыр қалпақ. Сиам егіздері, жоқ, орыстың троицасы сияқты бірінен-бірі айрылмайды. Қатар тұрған үш сурет. Қолдан салынып көбейтілген. Ойдан шығарылып, символ, рәмізге айналған. Ненің тұспалы, ненің рәмізі? Бұл үш шал қайдан келген, кім? Алғашқысы - Төле би, Ұлы Жүз, екіншісі - Қазыбек би, Орта Жүз, соңғысы - Әйтеке би, Кіші Жүз, Яғни, үш шал - Үш Жүздің, демек бүкіл қазақтың бірлігінің көрінісі екен. Жай ғана сурет емес, насихат. Керек десеңіз, бүгінгі ұлттық идеология.

 

Қайда барсам үш шал

 

 

Қайда барсам алдымнан үш шал шығады. Түксиген, күпсиген, жауқабақ, ұзынмұрт, күрек сақал, ақ сәлде, қарқара бөрік, айыр қалпақ. Сиам егіздері, жоқ, орыстың троицасы сияқты бірінен-бірі айрылмайды. Қатар тұрған үш сурет. Қолдан салынып көбейтілген. Ойдан шығарылып, символ, рәмізге айналған. Ненің тұспалы, ненің рәмізі? Бұл үш шал қайдан келген, кім? Алғашқысы - Төле би, Ұлы Жүз, екіншісі - Қазыбек би, Орта Жүз, соңғысы - Әйтеке би, Кіші Жүз, Яғни, үш шал - Үш Жүздің, демек бүкіл қазақтың бірлігінің көрінісі екен. Жай ғана сурет емес, насихат. Керек десеңіз, бүгінгі ұлттық идеология.

 

Өте сорақы жағдай. Сорақы болатыны - қазақ үш бөлік емес, біртұтас халық. Яғни, халықтың бірлігінің, ұлттық, мемлекеттік сыпатының, өткен тарихының ең айқын, пәрменді көрінісі - үш би емес, бір хан болуы керек. Бүгінгі қазақта үш президент жоқ қой. Он бес әкім, отыз министр, қырық кеңесші болуы мүмкін. Бірақ Елбасы біреу-ақ. Ресми мекемелердің төрінде сол кісінің ғана суреті тұр. Енді, манағы бәрі де даңғыл жетпіс қайраткердің ішінен таңдап, бірі - Түстіктен шыққан, бірі - Орталық, бірі Батыстан шыққан үш министрдің суретін ілсек қалай болар еді? Мемлекет біреу болған соң, жоғары билік, өткенді хан деңіз, бүгінгіні президент деңіз, - елбасы да біреу, әрине, уақыты келгенде ол да алмасып жатады, бірақ бір елбасы тұсында қаншама би ( әкім, министр) бар, өткінші, екінші, үшінші кезекте тұратын тұлғалар. Яғни, өзіміздің арғы-бергі тарихымыз, елдік дәстүріміз туралы сөз қозғағанда, басқа жұртқа таныстырғанда, ұлттың бірлігі, ұлыстық символы ретінде жалғыз ханның немесе бірінен соң бірі өткен әлденеше ханның атын атауымыз (суретін ілуіміз) керек. Берідегі тарихқа көбірек мағлұм Абылай ханның. Арыдағы, жаңа қазақ ордасының іргесін бекіткен Керей, Жәнібек хандардың. Қазақ жұртын біржола орнықтырған, құт-береке әкеліп, күш-қуатқа жеткізген Қасқа жолды Қасым ханның. Бүкіл оңтүстік өңірді елімізге қайтарып берген Тәуекел ханның. Қылышын айға білеген, қалмақтың төрт ұлысын тоздырған, өңмеңдеген Бұқарды талқандап, барлық тарапта бірдей елінің өрісін ұзартқан Еңсегей бойлы Ер Есім ханның, Ойрат-моңғолдың он екі ұлысы бірігіп ұйымдастырған жойқын жорықтың бетін қайырып, қайырып қана қоймай, қирата жеңіп, Қазақ Ордасын Орталық Азиядағы ең қуатты елге айналдырған, бүкіл өмірі ат үстінде өткен, ақыры ел жұртының мерейі жолында шәйіт болған Салқам Жәңгір ханның. Алмағайып заманда ұлыстың тұтастығын сақтаған, Орданың ежелгі заң-жоралғыларын жаңартып, көзі тірісінде кемеңгер атанған  Әз-Тәуке ханның ... Жоқ. Бізге шын бірлік емес, күмәнді үштік керек екен. Суреті қолдан салынған, көп ісі ойдан шығарылған үш шалға жабыстық та қалдық. Ұлттық бірліктің емес, ұлағатсыз берекесіздіктің көрінісі болды.

 

Кім ойлап тапты? Кім қалыптап, заңдастырды? Сірә, жоғарғы билікке жақын дүмбілез тарихшы, шалағай жазармандар ісі. Қазақ халқының қалыптасу шежіресі, ғұмыр жолы, өзіндік сипаты, ұлттық болмысы туралы теріс түсінік нәтижесі. Өткенді танымаған, бүгінді байыптамаған, келешекке көз салмаған жаңсақ саясат жемісі.

Тым тереңге кетпесек те, арыдан бастайық. Батыс, Шығыс - бүкіл адамзат тарихын байыптай келе, қазақ тарихын мүлде басқа бір көзбен, лақап емес, алыпқашпа сөз,  ойдан шығарылған аңыз емес, нақты дерек көздері арқылы танысақ, ұлы империялар құрған ежелгі Ғұн, Сақ, Көне түрік, Алтын Орда дәуірін айтпағанда, кейінгі қазақ ордасының өзі біздің ұлы халық екендігіміздің айғағы. Басқаны былай қойғанда, біздің туған халқымыз үсті бейіш, асты кеніш осыншама байтақ жерді қалай алып, қалай ұстап тұрды деп ойлайықшы. Күш-қуаттың арқасында. Бұл төңірегін тегіс тықсырған, елінің өрісін кеңейтіп, өресін көтерген, болашақ ұрпағын атамекен жұртына орнықтырған күш-қуат үштік бөлшектің емес, тұтас бірліктің нәтижесі болатын. Барлық заман, барлық уақытта да бірлік - жеңіске, сән-салтанатқа, баянды тұрмыс-тіршілікке жеткізді. Бірлік бұзылған кезде Орда әлсіреді, елін алдырып, жерінен айрылды, оңалуы қиын қайғы-қасіретке ұшырады. Бұл келеңсіз жағдайдың арыдағы көрінісі - ХҮІ ғасырдың екінші ширегі, Тайыр хан тұсында басқа түссе, кейінгі қазақ тарихындағы «Ақтабан шұбырынды» атанған   жол ұшқан, ұлтымыз біржола құрып кету қатеріне ұшыраған заман - ХҮІІІ ғасырдың 20-30 жылдары болғаны мәлім. Жеңіліс себебінде ешқандай жұмбақ жоқ еді. 1715 жылы Әз-Тәуке хан дүние салғаннан соң береке-бірлік жойылды. Осының алдында аз-көп емес, тура отыз бес жыл бойы жалпы саны екі есе, әлде үш есе кем, бірақ бірлігі күшті, ұжымы артық, әскери құрылымы озық Дүрбін-Ойраттан барлық соғыста, барлық майданда тек қана жеңіліс тауып отырған, аруағы қашып, берекесі кеткен, бірақ елін алдырмаған қазақ, енді әкімшілік өзара билікке талас нәтижесінде дербес ұлыстарға ыдырай бастады. Бұрын Ордада жалғыз-ақ хан болса, енді бірнеше хан, оларға тетелес, тіпті өкімі артық қаншама би шықты. Бірлігі тозған ел Дүрбін-Ойраттың жаңа шабуылын тоқтата алмады, қырылғаннан қалғаны тоз-тоз болып босқынға ұшырады. Аз ғана уақытқа қайтадан бас қосып жаудың бетін біржола қайырмаса да шамалы тыныс тапты. Бәрібір бұрынғы бірлікке жете алмады. Шын мәнісінде өзара тәуелсіз бірнеше ұлысқа бөлінді. Біздің тарихшылар долбарлап, жұрт санасына орнықтырғандай жүз туыстас рулық жөнімен емес, аймақтық негізде. Мәселен, бүгінде «Кіші Жүздің ханы» деп жарияланған Әбілқайыр шындығында Батыс аймақтың ханы -  Арғын руының үлкен бір тобы, Ашамайлы Керей және Кіші жүздің басым көпшілігі қабыл көрген кіші хан болатын. Сәмекеден соңғы Әбілмәмбет ханның, оған рәсім бойынша бағынышты Абылай сұлтанның ықпал аймағына Арғынның көпшілігі, Абақ Керей мен Уақ, Тама және Ұлы жүзге есептелетін біраз жұрт қарады. Негізінен Найманға иек сүйеген Барақ пен Түстікте қалған Жолбарыстың ұлыстары да әрқилы рулардан құралған болатын. Әз-Тәуке заманынан бастап, көбіне әр руда би отырды, кейінгі ыдырап қожырай бастаған кезеңде ханға сөз жүзінде ғана тәуелді бұл билер  үлкен күш тауып, жалпы қазаққа қажетті ортақ ұйтқы жолындағы бөгесінге айналды. Уақыт оза келе билердің өкімі зорайып, беделі көтеріле берді. Мәселен, 30-жылдардағы тарихи деректерде Ұлы жүзде Қойайдар, Хангелді, Сатай, Төле билердің есімі теңдей аталса, 40-жылдар артындағы халқы көп, жасы да үлкен Төле бидің мәртебесі асады. Орта Жүзде бұрынғы Қанай, Ақшора тағы басқа билердің аты көмескі тартып, ұзақ жасаған және көтерген жұртының қарасыны мол Қазыбек бидің беделі өседі. Бұл екі бидің ешқайсысы да тұтас бір жүзге өкім жүргізген емес. Төле би қалың Дулатты арқа тұтса, Қазыбек би жалпақ Қаракесектен күш алды. Әрине, алыс-жақын бар қазаққа танылды, сыйлы болды. Бірақ атақ пен бедел нақты билік емес. Мәселен, Төленің Наурызбай бастаған Шапыраштыға, әуелде Хангелді, кейін Райымбек бастаған Албанға ғұзыры жүрмейтін еді. Сондай-ақ Қазыбек те Атығай мен Қарауылға, Керей мен Найманға әмір ете алмайтын.  Тіпті, ел ішінде дара тұлғаға айналған соңғы кезеңдернің өзінде. Ал ілгері 20-жылдарға келсек, бұл ақсақалдар қанша ұлықтағанымызбен, бүкіл ұлыстың тағдырын шешерлік дәрежеге жете қоймаған. Іс тетігін атаулы үш би емес, қалың қазақтың жиын ортасынан шыққан, қазір көбінің есімі де ұмытылған  отыз-қырық, жетпіс-сексен би және Әз-Жәнібек хан әулеті, хан-сұлтандар, ең бастысы қол бастаған батырлар шешті. Яғни, Ақтабан шұбырындыдан соң бар қазақты үш би сақтап қалды деген лақап ешбір қисынға келмейді. Керісінше, дүние оңалып, қазақ қайта құрала бастағанда ең алдымен осы билердің көңілін табу қажет болғанын көреміз. Өзінің негізгі бақталасы Көкжал Барақ сұлтан қазаға ұшырағаннан соң өкімі арта түскен Абылай хан тек әрқайсысы тоқсаннан асқан Төле мен Қазыбек дүниеден көшкеннен кейін ғана Үш Алаштың басын қосып, Дүрбін-Ойратқа қарсы шешуші жорық ашуға мүмкіндік тапқан. Ақиқат сөз айтылғанда өре түрегеліп, жартылай шулағанмен, тарихи шындық өзгермейді. Біз атаулы үш биіміз жаман кісілер болды деп отырғамыз жоқ. Қазақ тарихындағы айтулы тұлғалар. Бірақ мың жылдық тарихтың төбесіне шығарып, қазақтың ақыл-ойы мен парасатының, елдігі мен бірлігінің ең озық үлгісі ретінде, түптеп келгенде, бөлшекті уағыздайтын, үштік ұғым алынбауы керек. Егер шынымен-ақ биге бауырымыз жабысып қалса, үшеуінің бірін таңдайық. Мәселен, Үйсін Төле биді. Бар қазақтың тағдырын осы атамыз шешкен болсын. Үш өтіріктің орнына жалғыз өтірік. Оның үстіне, «Қазыбектің ауданы қайда кетті» деп екінші жаққа, Әйтеке неге кіші болуы керек деп үшінші жаққа тартпаймыз. Кімнің өкімін танысақ та тұтастығымызды сақтаймыз.

Қайталап айтайық, «үш би» теориясы тарихи қателігі өз алдына, болашақ үшін де қатерлі. Бірлікке емес, бөлшекке бастайды.

 

Қате болатыны, бүгінгі қазақ - мың жылдан бері біртұтас халық. Беріден сызғанда жеті-сегіз ғасыр. Жошы ұлысы - Алтын Орданың рулық құрамына қараңыз. Түгел өзіміз. Қазақ ордасы тұсында Алаш ұранымен біржола ұйысыппыз. Үш Жүз немесе Үш Алаш этникалық емес, әкімшілік-аймақтық бөлініс болатын. Жүздер ішінара алғанның өзінде де, басқадан етене, жақынырақ туыстық жөнімен емес, жер ыңғайы бойынша жіктелді.

 

Тым арыдан басталған, бар қазаққа ортақ құбылыстың сыпатын айғақтай кетейік. Үлкенді-кішілі рулар қосылады, ыдырайды, қайта құрылады. Ұсақ рулар ірілерінің құрамына енеді. Үлкен рулардың белгілі бір бөлшегі заман, жағдай әсерінен басқа бір рудың ұрқына айналады. Тіпті, бір Жүзден екінші Жүзге көшеді. Қыз алысып, қыз берісу  - шартты түрде жеті атадан, шын мәнісінде одан да әріден, әдетте басқа рудан. Көшпенді тіршілік нәтижесінде аралас-құралас мол, көршілер, яғни құда-жегжат рулардың орны да оқтын-оқтын алмасып отырады. Бір ұлыс құрамындағы ғасырдан-ғасырға созылған, үздікссіз аралас және осыған орай бар қазақ бір кісінің - Қазақ байдың ұрпағы деген ұлттық идеология біздің жұртымызды әлем халықтарының арасында аса сирек кездесетін тұтастыққа жеткізді. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда елімізді еркін аралаған, әрқилы мазмұндағы зерттеу жазбалар қалдырған орыс және Батыс оқымыстылары, саясаткер, жиһанкездері қазақ жерінің кеңдігіне, санының көптігіне, ең бастысы - осы бір бұла халықтың тұтастық сипатына қайран қалған. Шынында да, Алтай тауынан Хазар теңізіне дейінгі, Сырдария суынан Сібірдің орманына дейінгі неше мың шақырым байтақ мекенді жайлаған қазақтың тілі ортақ, дәстүр-салты, әдет-ғұрпы, тұрмыс кебі ортақ, дүниетаным, мінез-құлқы мен түр-тұлғасы да ортақ. Еуропаның қазақпен салыстырғанда алақандай ғана жерде отырған, бірлігіне, тұтастығына, ешкім де күмән келтіре алмайтын неміс, француз, испан, итальян халықтарының қай-қайсысын алсаңызда батысы мен шығысындағы, түстігі мен оңтүстігіндегі жұрттың мінез, түр, тұрмыс, тіпті тіліндегі айырым белгілері күні кешеге дейін сақталып келді, әлі де біржола жойылған жоқ. Біз біртұтас ұлт деп білетін гүржі (грузин) аралары әжептәуір алшақ жеті-сегіз бөлшектен тұрады. Іргедегі өзбек, одан арғы тәжік те неше құрау.

Қасымыздағы қырғыз әуелі оң мен солға, одан ары жеке руларға бөлініп, тынымсыз жауласты, бұдан жүз елу жыл ғана ілкіде өткен Бұғы, Саяқ пен Сарбағыштың қанды қырғыны Қазақ-Қалмақ соғысынан кем түспеген. Түрікменнің Теке, Жәуміт, Ерсары, Гөклөн және басқа руларының әрқайсысы бір халық сияқты, ешқашан араласа қонбаған, күні бүгінге дейін қыз алысып қыз беріспейді, іргелері қосылмаған өзара қырқысы кеше ғана тыйылды. Бірақ дәл қазіргі кезеңде гүржі де, өзбек, қырғыз бен түрікмен де біз бөлшекпіз, бір құрамамыз деп жарнамалап жатқан жоқ. Керісінше, жамауын жасқап, жыртығын бүтіндеп, сыртқа сызын шығармайды, соған орай білмегеннен емес, реніш тудырмас үшін іріткі салуға шебер бүгінгі Ресей баспасөзінің өзі, гүржілерді ұнатпаса да , өзбек пен түрікменге бүйрегі бұрмаса да, бұлар бөлшек екен, құрама екен деп қазбалаудан аулақ. Тек біз ғана. Шын тұтасты бөлгіштеп, өз ішімізде ұрандап, жат жұртқа жарлап жүрген. Қазақтың біріне-бірі  бөтен үш бөлек екендігі туралы лақап бұтарлап жеп үйренген Ресейден өтіп, Еуропадан озып, мұхиттың арғы жағына жетті. Әншейін әңгіме емес, саясат құралы ретінде. Республика Президентінен бастап, билікке жақын, бизнесте үлесі бар кез келген тұлғаның өмірбаян және қызмет деректерінде міндетті түрде қай жүз, қай ру екені аталады. Қасиеті де, карьерасы да, бүгіні ғана емес, болашағы да аталмыш руға тіреліп тұрғандай. Бұл - Батыста. Іргедегі немесе өз ішіміздегі орыс ағайындар бұл үшеуі екіге жарылып, өзара соғысын қашан бастар екен деп күтіп отырғандай. Бұл - үш бидің сыртқа жеткен шарапаты ғана.

Өз ортамыз, яғни, қазаққа келсек, бұл індет  - атаға бөлу рәсімі, өткенді байыптау, ел тану, жөн сұрасу, дастарқан басындағы сыйластық емес, адамды алалау - қашан, қалай басталғанын тап басып айтуға болады. Сырттан бөлген - совет, сонау, жаңа оорнаған 20-жылдардан бастап, іштен дем берген - өзіміздің басшылар, 70-жылдардан бері. Совет, яғни, отаршыл орыс өкіметі адам атаулыны әуелі тапқа бөлді, «еңбекшілерді» «қанаушыларға» қарсы қойды, содан соң бұрынғы «езілуші», ендігі «билеуші» тапты жынысына қарап бөлді, «қорлықтағы» әйел затын еркектерге қарсы қойды, осының бәрінің үстіне, ұлттық аймақтарда жершілдік, рушылдық факторын көтерді. Рас, халықты - халыққа , руды - руға айдап салу патша заманында басталған. Алмағайып кезеңдерде ғана іске қосылатын. Ал совет бейбіт күннің өзінде күнделікті тұрмысқа енгізді. Сөйтіп, барлық майданда, яғни, отарлаудың ұлы ісі, ұлтсыздандырудың ұлы бағдарламасында түбегейлі жеңіске жетті. Бұл сөз негізінен азамат соғысы және кәмпеске, колхоздастыру  кезеңіне тиесілі. Совет Одағы мен Германия өршелене тұтатқан дүниежүзілік соғыс қазақты қанша қырғанымен бөлшектей алмап еді. Соғыстан соңғы буынның көңілі таза болды. Қазақстанда үлкен билікке жеткен, Орталықта да беделді Жұмабай Шаяхметов заманның қиын-қыспағына қарамастан, алаш баласын алаламай, қадарынша ұлтының ғылымы мен мәдениеті билігі мен білігі көтерілуіне, жігерлі, жас тұлғалардың бар тарапта қаулап өсуіне ықпал етті, бір сөзбен айтқанда, иісі қазаққа қызмет көрсетуге ұмтылды. Бірақ Шаяхметов өкімінің соңын ала Қазақстанды отарлаудың жаңа, пәрменді кезеңі басталды. «Тың көтерілді», жат жұрттың дүлей топаны еселеп артты, 32-33-жылғы ашаршылықта жаппай қырылған, 41-45-жылғы соғыста бас көтерер азаматының көбінен айрылған қазақ өзінің ата қонысында жалпы жұрттың үштен біріне жетпей қалды. Кейбір аймақтарда жергілікті бір кісіге келімсек бес-алтаудан, тіпті сегіз-тоғыздан айналды. Ұлттық мәдениетке қатысты басылымдар  мен мекемелер таратылды, ұлт тіліндегі мектептер жабылды. Ұлтты қорлау, намысты таптау майдандасқан қанды соғыс кезіндегіден де қатаң, ашық әрі дөрекі жүргізілді. Орыс басқан өңірлерде ғана емес, бүкіл республика шегінде қазақ болып тіршілік жасау азапқа айналды. Билікке қатысты шенеунік атаулы қайткенде де жанын ғана емес, мансабын да сақтау амалына көшті. Бұрын жекелеп орын алған сатқындық енді жалпыға тән үйреншікті сыпатқа айналды. Міне, дәл осы кезде билікке жақын мемлекеттік қызметкер атаулының өз тұғырын нығайту үшін ойлап тапқан амалдарының бірі - төңірегіне топ жинау болды. Әлбетте, ойы келте, өрісі қысқа шенеунік пікірлес, тілектес іздемеді, жерлес, жемтіктес іздеді. Мүлде дерлік ұмытыла бастаған рулық ұжым аяқ астынан қайта тіріле бастады.

 

(Жалғасы бар)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364