Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 9349 0 пікір 19 Мамыр, 2014 сағат 10:39

АУҒАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті қазақ диаспорасы өкілдерімен бірге, 2010 жылдан бері Ауғанстан Ислам Республикасынан (АИР) келген жастарға да білім беруде. Екі ел арасындағы ынтымақтастық келісімшарт негізінде Ауғанстанға іссапарға барғанда, сонда тұрып жатқан қазақ диаспорасының ең беделді өкілі - Абдул Жалил Саламатзадамен кездесіп әңгімеге тартқан едім.

Қандасымыз Абдул Жалил - Құндыз провинциясында мал шаруашылығымен айналысатын, ауқатты жан. Қазақстан Үкіметінің шақыртуымен Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дипломатиялық қатынас орнағандығының 20 жылдығына арналған, АИР сыртқы істер министрлігінде 2012 жылдың ақпанында өткен дөңгелек үстелге қатысқан. Оның сөйлеген сөзін шетелдік және ауғандық дипломаттардың көпшілігі жылы қабылдады. Ол одан бұрын бірнеше рет Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайына делегат болып қатысқан. Абдул Жалил жергілікті азаматтар арасында жақсы қарым-қатынасқа, беделге ие, бұрынырақ АИР Парламенті төменгі палатасы Жирга болысы депутаттығына кандидат­тығына өзін ұсынуға үміті болды. 2013 жылдың жазында Қазақстан азамат­тығын алды, бірақ әзірше Ауғанстанда тұрып жатыр. Абдул Жалил Ауғанстанда қазіргі кезде тұрып жатқан қандас­та­рымыз жайлы әңгімесінде: «Ауғанстанда тұратын қазақтар бірте-бірте Қазақстанға қоныстансақ деген үмітте, әйтсе де, қазір оған қаржылық мүмкіндіктері жоқ. Біздің елімізде де оларға мемлекет көмек көрсетпейді (оралмандарды қолдау бағдарламасы 2012 жылдың мамырында аяқталған). Олардың көпшілігі Қазақстанға көшіп келу үшін қандай да қаражат табу мақсатында өз жер учаскелерін сату мәселесімен айналысуда» ­ - деп­ ағынан жарылды.

 

 

 

Ауғанстандағы Қазақстанның консулдығынан алған мәліметтерге сүйенсек, Ауғанстанға қазақ диаспорасы өкілдерінің негізгі бөлігі шамамен өткен ғасырдың 30-жылдарында қоныстанған (бұған дейін де қазақтар көшіп келген, бірақ олардың ұрпақтары этникалық-туыстық қатынастарын және мәдени байланыстарын жоғалтқан). Қазіргі уақытта Ауғанстан Ислам Республикасындағы этникалық қазақтардың жалпы саны 25 отбасыға жуық (140 адамдай) олар, негізінен, елдің солтүстік аймақтарын мекендейді. Ауғанстандағы этникалық қазақтардың көп мекендеген жері - Құндыз провинциясы, қалғандары: Балхта - 7 отбасы, Бағланда - 7 отбасы, Тахарда - 1 отбасы, Фарабта 1 отбасы қоныстанған. Олардың арасында аралас некенің үлесі жоғары (әйелдері - өзбектер мен тәжіктер), осыған байланыс­ты жастар қазақ тілін білмейді. Қазақтар қыздарын басқа ұлттарға ұзатпауға тырысады.

Өзбек және тәжік ұлттарының көпшілігі де Ауғанстанның солтүстігін мекендейді. Олардың белгілі бір бөлігі өздерін қазақ ретінде көрсеткісі келетінін осы орайда атап өткен орынды. Бұған олардың Қазақстанға репартриант (өз еліне қайтушы) есебінде өтіп, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға тырысушылығы себеп болуы мүмкін. Қазақ диаспорасы өкілдерінің қаржылық және әлеуметтік жағдайлары төмен. Жері, малы және халық тұтынатын тауарлы ұсақ дүкендері бар 2-3 дәулетті отбасын есепке алмағанда, көпшілігі диқаншылықпен, жүк тасымалдаумен және әртүрлі жұмыспен айналысады.

 

Ауғанстанда аз ұлттарға көмек көрсету мен дамытудың әлеуметтік бағдарламалары қарастырылмаған. Сондықтан да Ауған үкіметі қазақ диаспорасы өкілдеріне ешқандай көмек көрсетпейді. Жергілікті қазақтардың 80-85 пайызы сауатсыз. Мемлекеттік және әскери қызметте қазақтардың ешқайсысы қандай да болмасын лауазым иеленбеген.

Ғалым, шығыстанушы Ислам Жеменей Ауған қазақтары жайлы жазған еңбегінде: «1980 жылдары Кабул университетінде бар-жоғы екі қазақ жоғары білім алып жүрді. Олардың бірі - Нұрмұхаммед молда Серікбайұлы. Екіншісі - Мұхаммед Рафиһ БҰҰ-ның босқындар бөлімшесінің тізіміне ілініп, өзінің алған жағрафия мамандығы бойынша Дания елінде тұрақтады. Қазақстанмен де байланысып тұрады. Аталған екі оқымыстыдан кейін Ауғанстанда жоғары оқу бітірген Абдолла Әскери. Абдолла 1981 жылы Балх облысы, Мазар Шәріп қаласында дүниеге келді. 2003-2006 жылдар аралығында Кабул университетін оқып диплом алды. 2007-2010 жылдары тәуелсіздіктің жемісі ретінде Алматы қаласындағы халықаралық Сүлеймен ­Демирел университетінің экономика факультетін «Бизнес менеджменті» мамандығы бойынша магистратурасын аяқтады. Сонымен қатар журналистика саласында тәжірибелік білімін жетілдірді. Қазіргі уақытта аталған университетінің кітапханасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Еліне адал қызмет етіп, ғалым болу ниеті бар» - деп жазған.

Қазақстан Республикасының үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқаны баршаға аян. Бүгінгі таңда келісімшарт негізінде ауған жастары Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуда. Өткен жылы Ауғанстанға іссапармен барғанда Қазақстанға келіп оқығысы келетін қазақ диаспорасы өкілдері Ауғанстандағы Қазақстан елшілігіне келіп, өтініш білдіргенінен хабардар едім. Сәті түсіп 2013 жылдың маусым айында екі ел арасындағы ынтымақтастық келісім аясында өткізілген емтиханға 4 қазақ диаспорасы өкілі де қатысып, нәти­жесінде Қазақстанда оқуға жолдама алған ­болатын. Ден­саулығына байланысты біреуі келе алмады. Қазіргі таңда келген 3 қандасымыз: ­Абдул Рахиб Саламатзада, ­Назари ­Фарханд, Акбари Мохаммад Касым Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде қазақ тілінде білім алуда. Тілдік курстан өткен соң, Қазақстанның жоғары оқу орнында білімін жалғастыруға мүмкіндік алады. Қандай да бір мүмкіндік туып жатса, қандастарымызға қолдау көрсету біздің адамгершілік тұрғыдан көрсетілетін парызымыз деп санаймын.

Гүлшара Тастемірова, ҚазҰУ-дің доценті

Мақала «Жас қазақ» газетінен алынды

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5309