Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 11609 7 пікір 12 Мамыр, 2014 сағат 12:38

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ: КУПОН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

«Жадымда түлеген жаңғырық»

(эссе)

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ НЕМЕСЕ КУПОН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

1993 жылдың алғашқы айлары еске түседі. Жер-жерде — ауызекі әңгімеде, кейін ақпарат құралдарында «жекешелендіру» деген сөз жиі айтыла бастады. Қазақстан бай ел — оның жерасты қазба байлықтары кез келген батыс Еуропа елдерінен асып түседі, тек оны игере білу керек. Бұл — бір. Екіншісі — сол жерасты шикізат қорымен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, қызмет көрсету орындарын, тағы не бар — соларды сатып алу керек.

Міне, тап осы жерге келгенде халық абыржып қалды. Олардың алдында неге деген сұрақ кесе-көлденең тұрды.

* * *

«Купон» деген сөзді бұрын-соңды кім білген?! Ол кездегі біздің түсінігімізде бұл — бір күндері мүлік иесі болып шыға келудің алғы шарты. Ол үшін әуелі «Жинақ банкіге» барып, әлгі купонды алуымыз керек және бір қызығы — бір жасқа толмаған балаң болса да, тек тууы туралы куәлігі болсын — қолыңа купон беріледі. Жапа-тармағай банкіге жүгірдік, онда осы мәселемен айналысатын қызметкер бар болып шықты. Не керек, қолымызға «купон» тиді: бұл өзі бірнеше беттен тұратын, сыртында «Инвестициялық жекешелендіру купондары бойынша чек кітапшасы» деген жазуы бар шағын кітапша болып шықты. Басқалар оны қалай алғанын білмеймін, өз басым — отбасымызда бес адам болатын, солардың барлығына әлгі кітапшаны жаздыртып алдық. Бұл — ақша дегесін сөйттік қой.

Әрине, олардың артында иесі бар екенін кейін білдік. Олар — инвестициялық жекешелендіру қорлары деп аталады екен.

Қорлар дегенің Қазақстанда көп болды. Солардың бірқатарын атасақ, мысалы, «Әлем-Систем», «Темірмұнай-инвест», «Инициал», «Бутя-Капитал», т.б. Ал бұл қорлар неге керек болды? Жекешелендіру туралы заңға сәйкес Мемлекеттік мүлік комитеті аукциондар ұйымдастырып, купондары бар қорларға өнеркәсіп орындарын, басқа да кәсіпорындарды сатады екен.

Міне, тап осы жерде баю үшін алғашқы айналым қоры болуы керек деген біз оқыған саяси экономиканың теориялық қағидаттары еске түседі. Сол кезде өзіміздің «Ақтөбе» газетіне жазғанымыз сол инвестициялық қорлар жұмысы туралы болды. Бірақ бұл жерде айта кетер бір жайт бар. Қорларда ақша бар екен, олай болса неге ақылы бет ұйымдастыруға болмайды? Газет те тек бюджетке ғана телміріп қарап отырмай, «өз күнін өзі көруі» керек қой. Осындай оймен «Темірмұнай» инвестициялық  қорына  барғанбыз.  Басшысы  қазақ  жігіті  екен, біздің «бір бет материал берсек, қалай болады?» деген өтінішімізге келісе қоймады, өйткені ол кезде бір беттік ақылы бет өте қымбат болатын.

Сөздің қысқасы, кейін ол көлемді материал болып шықты, менің күнделігімде ол материалдың тек берілген күні (1994 ж. 19 сәуір) ғана жазылыпты.

Купондар туралы тағы бір айта кетер жайт: оны жинақтаған қорлар арасында кәсіпорындар акцияларын сатып алу жөнінде үздіктері де болды. Мысалы, Ақтөбеде орналасқан «Сервис-Инвест» қоры сол жылдары (1994 ж.) 45 кәсіпорынның акциясын сатып алыпты. Ал «Бутя-Капитал» қоры (сол жылдары) 83 кәсіпорынның акцияларына ие болған екен.

Міне, енді бүгінгі ауқатты (байлар) қайдан шықты деген сауалдың жауабы түсінікті болар дейміз. Бірақ ол кезде «түбінде сіздер купондарыңыздан, яғни кәсіпорын акцияларынан дивиденд алып, табысқа кенелесіздер» деген уәдеге алданған тұрғындар қазір сол жекешелендіру купондарынан пайда көріп отыр ма? Бұған бұл жолдардың авторы жауап бере алмайды, мүмкін, пайда тауып отырғандар да бар шығар, ал өз басыма келсем, түк те.

Айтпақшы, «Бутя-капитал» мен «Сервис-Инвест» жекешелендіру қорларынан аз-маз пайда көргенімді жасыра алмаймын: акцияларын кері қайтарып, ақшасын алғанбыз. Ал бұл дұрыс болды ма, әлде жоқ па оны білмеймін. Бұған себеп болған сол инвестқорлардың өзі. Бұқаралық ақпарат құралдарында «Қаңтардың біріне дейін (1995 жылға дейін) инвесткупондарды өткізу аяқталады» деген хабарламалар беріліп жатты. Түсініп көр. Бұдан бұрын купондарға ие болсақ, соңыра кәсіпорындардың акционерлері болып шыға келетін болған едік.

Жалпы, купон мәселесінде түсінбеушіліктер көп болды. 1994 жылдың желтоқсан айында ғой деймін, «Ақтөбе» газетіне бір оқырман былай деп хат жазыпты (аты-жөнін жазбаппын): «… мен редакциядан өтініп сұрайтыным, біз өзіміздің отбасындағы 14 жанның тұрғын үй купондарын және жекешелендіру купондарының 20 процентін Ақтөбе қаласындағы «Сервис-Инвест» қорына осы жылдың басында өткізіп, акциясын алған болатынбыз. Бірақ осы күнге дейін осы акция бойынша қор ешқандай дивиденд бермей отыр…».

Бұл хатқа аталған қордың жауапты хатшысы А.Теңізбаева былайша жауап беріпті: (біз бұл жауап хат мазмұнын қысқартып беріп отырмыз – Т.М.) «… қордың аукциондардан акция сатып алуы — ол істің басы ғана. Ең жауаптысы — сол сатып алынған кәсіпорындарға жұмыс істету… жыл басынан бергі өткізілген жергілікті аукциондардан халықтық меншік қоры 6 объект сатып алған екен. Оның ішінде кафе, дүкендер, наубайхана, т.б. бар… енді кәсіпорындардың түсірген таза пайдасынан  халыққа  дивиденд  төленеді…  ол (кәсіпорын– Т.М.) пайда түсіргенше уақыт керек… бір жылға дейін күтуі қажет… Жекешелендіру инвестициясы туралы «Сервис-Инвест» қоры алғашқы 20 купонға халыққа 50 кәсіпорынның ірі пакет акцияларын алып берді… Сіздің алғашқы 20 купондарыңыздың қайтарымы осы кәсіпорындардың түсіретін таза пайдасынан болмақ… бірінші дивиденд 1995 жылдың бірінші тоқсанынан кейін береміз деген жоспарымыз бар…».

Былай қарағанда бәрі түсінікті сияқты. Бірақ өз басым (аталған қордан басқа) осы кезге дейін ондай дивидендтің қарасы түгілі, түсін де көруден аманмын. Мүмкін, басқалар пайда көріп жатқан болар. Бұдан туатын қорытынды: халық сол инвестициялық қорлардың қалай пайда болғаны, ол қорлардың соңы не болды — бәрі-бәрінен жеткілікті хабардар болмаған сияқты.

Енді бүгіндері байқап отырсақ, Қазақстанда сатылмаған нысандар қалмапты. Ақтөбе облысындағы бір кездері бүкіл Одаққа танымал болған Ақтөбе ферроқорытпа, хром қосындылары, «Ақтөбесельмаш» (қазір оның ізі де жоқ) зауыттары, Дөң тау-кен байыту комбинаты… несіне тізбелей берейін, бәрі-бәрі жеке тұлғалар қолында. Жекешелендіру деген, міне, осы.

Алайда, жекешелендірудің де өз заңдылықтары болды. Оның негізіне 1993 жылғы 5 наурызда Президентіміз қол қойып, дүниеге келген «Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға (ІІ кезең) Ұлттық бағдарламасы туралы» Жарлығы алынды.

Жекешелендіру мәселесімен сол жылдары «Ақтөбе» газеті редакциясының журналистері жиірек айналысты десек, асыра айтпаған болармыз. Мәселен, осы жолдардың авторы «Бағалы қағаздар» (берілген күні – 1996 ж. 16.04), «Нарық кеңістігін қолдан берді» (1996.12.04), «Жекешелендіру: англиялық және голландиялық әдіс» (1996. 23.04), «Кооперативтер — тұрғын үй реформасының бастауында тұр» (1996. 18.06), т.б. материалдар жазған болатын. Біз бұл мақалаларда жекешелендірудің үш түрлі жобасы болатынын, атап айтсақ, біріншісінде мемлекеттік меншікті акционерлеу, екіншісінде — жеке жобалармен жекешелендіру, ал үшіншісінде — әлеуметтік, экономикалық маңызы бар ірі кәсіпорындарды шетел компанияларына беру туралы әңгіме еткен болдық. Бертін келе ауыл шаруашылығына түбегейлі назар аудардық. Ол туралы кейін әңгіме болатындықтан, оған көп тоқталғым келмейді.

Мына бір қызықты қараңыз. Жекешелендірудің алғашқы жылдарында бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның әрбір азаматы ірі кәсіпорындардың акцияларына ие болып (оның кейбір тұсын жоғарыда айттық), өз үлестерін алады деп орасан зор насихат жұмыстары жүргізілді. Біздің газет те одан шет қалмады.  Бірақ  қандай үлес — бұл жағы бізге түсініксіздеу болды. 1996 жылдың көктем айының басы ғой деймін, облыс әкімдігінің үлкен залында облыс әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен басқармалардың жауапты қызметкерлері қатысқан баспасөз конференциясы болды. Сонда әлгі үлес дегенді анықтап алу мақсатында әкімге мынадай сұрақ қойылды: кәсіпорындардың жұмысшылары, инженер-техник қызметкерлері, былайша айтқанда, барлығы дерлік акционер болды. Оларға үлес тиетінін білеміз, ал мына біздер, журналистерге бірдеңе тие ме?

Облыс әкімі әлгі сұрақты мұқият алдында жатқан қағазға жазып алып жатты. Сосын: «ешкім де құр қалмайды, сіздерге 10 пайыз көлемінде үлес тиеді», — деп жауап берді. Бірақ ол ненің үлесі, оны кім береді және бұл аса маңызды әлеуметтік мәселе қашан жүзеге асады — әкім бұл жағына жоламады.

Содан бері қаншама жыл өтті десеңізші! Білетінім сол — осындай бір алаң-құлаң өмір сүрген шағымызда, дәлірек айтсақ, беріректе «Егемен Қазақстан» газеті (2004. 24.01) «Купоннан қайран болар ма?» деген тақырыппен көлемді материал жариялады. Аға газет қой, бір білсе, осы газеттің журналистері білер деген үмітпен әлгі материалды оқып кеп қалдық. Бұл өзі Қызылорда облысының бір топ азаматтарының редакцияға, анығында сол кезде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланған Болат Әбіловке арнайы жазылған арыз-хат екен…

Біраз мәселелердің басы қайрылыпты. Оларды қысқаша айтып өтсек, былайша болып шығады. «Сол тұста бұқаралық ақпарат құралдарында ИЖҚ-ы (инвестициялық жекешелендіру қоры) купондарыңызды біздің қорға салыңыздар. Алтыннан ат мініп, күмістен қоржын бөктересіңдер» деп жаппай жарияға жар салды… Дәл сол кезде сіз: «Егер кімде-кім купондарын менің қорыма салса, сол адам биылдың өзінде пайдадан үлес алады»,— дедіңіз…

Содан бері бақандай алты жыл артта қалды. Сізден де, басқалардан да хабар-ошар болмады. «Құрғақ қасық ауыз жыртардың» кері келіп, ай қарағандай дивиденд күтіп отырған жағдайымыз бар».

Ал бұл хат-арызды кімдер жазды десек, қараңыз: «Омар Әбдуәлиев — Қызылорда облыстық «Кзылординские вести» газетінің аймақтық тілшісі; Мешітбай Құттықов — ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын; Кеңес Өмірзақов — еңбек ардагері, журналист…», барлығы 8 адам қол қойыпты.

Ол заман қайда, қазір қайда?! Еліміз өркендеп, еңсесін көтерді. Байлық кімді шалқытпады, қос-қос пәтер, бір өзінде бірнеше көлігі барлар жетіп жатыр. Біз — «Ақтөбе» газетінің журналистері халық үшін — оқырмандар үшін қызмет еттік қой ол жылдарда. Содан артық не байлық керек, біле-білген адамға — ол бақыт» деген ой сені тыныштандырады, әйтеуір!

Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ.

"Ақтөбе" газеті

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297