Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 10469 0 пікір 5 Мамыр, 2014 сағат 11:28

Атажұртта көрген аз ғана қиындық түкте емес

Атажұртта көрген аз ғана қиындық түкте емес

 Ғаламторды ашып қарасаңыз да, газеттерге жарияланып жатқан материалдарды зерделеп  қарасаңыз да қазір көші-қонға байланысты ой-пікірлер мен ұсыныстарды  оқуға болады.

     Жалпы, сырттағы жаутаңкөз қазақтың Атажұртына деген аңсары бұрынғысынан да күшейе түскенін мына соңғы үш жылда келген халық саны (Оралман мәртебесін иеленген ағайындарымызды айтамын) айқындап тұрғандай. Қараңыз:

 

      Өкінішке орай, соңғы жылдары оралмандардың Атамакеніне келіп оңтайлы орналасып бейімделуіне жәрдемін тигізіп келе жатқан Көші-қон мәселесімен айналысатын мемлекеттік мекеменің өзі   көшіп қонып кетті. Философия ғылымының докторы профессор, Серік Нұрматов ағамыз «Алаш айнасы» (24.04.2013 ж)  газетіне берген сұхбатында: «Бізде оралмандар мәселесімен айналысатын мемлекеттік құрылымдар 20 жыл бойы үнемі ауысумен келеді. Осының салдарынан қағазбастылық пен жауапсыздық пайда болды. Бізге келіп жатқан қазақтар жұмыс істеп, күн көру үшін емес, осы жерде тұрамын деп келетіндер. Сондықтан олардың қоныстануына, бейімделуіне қолдау көрсете алмасақ, ол – бізге үлкен сын. Біраз уақыт өткеннен кейін тарих біздің бұл қателігімізді қатты сынға  алуы мүмкін, бұл кешірілмейді. Мәселенің екінші жағы бар: ол – оралмандар мәселесіне үнемі билік қана жауапты болуы керек деп қарамаған дұрыс. Мұндай патерналистік көзқарастан арылған жөн. Әрқашан қандай да бір қамқорлық күтіп отыру-онша жақсы нәрсе емес. «Ой, өзімізге жетпей жатқанда бұлар қай жақтан келе қалды?» деген пікір нағыз рухани кембағалдық. Біздің жерімізге бәрі сияды. Қазақстанға кезінде талай адам келген, талай ұлттың өкілі келген. Енді өз қазағымыз келгенде, таршылыққа баруға болмайды. «Анау жерде орын бар, сендер соған барыңдар» деп жібере салуға тағы болмайды. Репатрианттың ондай жерлерге үйлесімді әлеуметтенуі, яғни ортаға сіңісуі, жерсінуі қиын болса, ондай көмектің не қажеті бар?! Сол сияқты елге бір әулет болып келгендерді әр жаққа бытыратып жіберсе, ол да қиын. Қанша дегенмен қарға тамырлы қазақ қой, туыстарымен аралас-құралас тұрмаса, бұл жайт та оның жергілікті халықпен сіңісуіне, осы жердегі қоғам өміріне етене араласып кетуіне кері әсер етеді. Бұл қазақтың бір ерекшелігін жоққа шығарумен бірдей. Міне, оралмандарды орналастыруда осындай факторларды міндетті түрде ескеру қажет. Бұрын басқа елде жап-жақсы маман, оқытушы, дәрігер болған адамдар мына жаққа келіп алып, өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмай, далада қалмауы керек».- дейді.

     Қазақта «Арманы зор адамның азабы көп болады» деген ұлы сөз бар.

«Отаным»,  «Атамекенім»  деп алып ұшып келген ағайындардың арманын азапқа салмайық, ағайын! Ұлы көшке Ұлылық танытайық! Сөз соңында «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына енгізілуге дайындалып жатқан өзгерістерге орай бұрындары айтқан, берген ұсыныстарымды қайталамай бір-ақ ұсыныс айтқым келеді:

  1. Біз электронды Үкімет құрып,   соңғы техника құралдарымен қызмет

атқарып жатқан елміз. Сондықтан да, Тұрақты қоныстану мақсатымен келген оралман қандастарымызды ауыл әкімдері өздерінің шаруашылық журналдарына тіркеп, ауылына есепке алғаны туралы жазбаша берген келісімдері негізінде олардың тұрақты тіркеліп, Оралман мәртебесі мен Қазақстан Республикасының азаматтығын иеленіп, Ықтияр хат алуына және Көшіп келу квотасына енгізілуі үшін тапсыратын құжаттар топтамасы олардың келген аудандарындағы «Халыққа қызмет көрсету орталықтарында» қабылданғаны жөн. Аудандардағы Қызмет көрсету орталықтарына  «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы бойынша арнайы дайындық курстан өткен жас мамандар отырса, құп болар еді. Ауданда қабылданған құжаттар топтамасы облыстық көші-қон полициясы, облыстық көші-қон басқармаларына келіп сарапталып, зерделенгеннен кейін арнайы бағдарламаларға енгізіліп жүзеге асатын болса, оралмандар заңда көрсетілген мерзімдерде тұрақты тіркелгендері, оралман мәртебесін алғандары, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғандары, Ықтиярхат пен Квота мәселесі бар, бәрін де Қызмет көрсету орталықтарынан уақыты жазылып берілген талондағы мерзімдері бойынша біліп тұрады  және оларға үлкен қамқорлық жеңілдік болады. Бұл мемлекеттің мүддесі үшін де оңтайлы шешім болып, көші-қон саласында айтыла беретін сыбайлас-жемқорлыққа нүкте қояр еді.

      Ал енді Атажұртына көшіп келгісі келетін қандастарыма айтқым келетіні, қайда жүрсеңде қазақтың бір ғана Отаны бар. Ол – Қазақ елі. Қазақ елінің Үкіметі Қазақстанның қай елді мекеніне орналастырамын десе, көштен қалмай сонда баруға ұмтылыңыздар. Шақырылған қонақ жайлы орында отыратын қарапайым қағиданы естен шығармау қажет. Ал, өз  қаражатыңызбен қалаған елді мекеніңізге келгіңіз келсе, өз шешіміңіз бойынша жеделдетіп Қазақстан Республикасының азаматы болып еңбектене беріңіз. Шетелде министр  болсаңыз да, өз Отаныңызда   бар мүмкіндігіңізбен өмір сүріңіз. Бүгінгі қоғам, өскен орта менталитенті, сіздің шетелдегі еңбек тәжірибеңіз, Атажұрттың болмысына үйлесуі үшін   бір мүшел жас уақыт кететіні жаратылыстың заңы екен. Ал, ұрпағыңызды бүгіннен қалдырмай Отанына жеткізу – ол сіздердің ата-аналық міндет, борыштарыңыз. Одан шегінуге жол жоқ. Біздердің ата-бабаларымыз да ұрпақ үшін өздерін құрбандыққа шалып кеткендері тарихи шындық! «Шет елде зейнетақым бар» деп Ықтиярхатпен екі елдің ортасында шапқылай беру де ұрпақ алдында ұлағатты іс емес екенін жақсы білесіздер. Сіздің бөгде елде шалқып жүргеніңізден, балаңыздың өз Отанында ана тілімен сусындап, өз достарымен бірге алған білімі – Атажұртқа келгенде кездесетін азды-көпті қиындықтан анағұрлым мәнді де мақсатты боларын бұрындар қоныс аударып, құтты мекеннен орын тапқан  мына біздер ет жүрегімізбен сезінеміз. Бұл – өмір шындығы. Біздер мамандығымыз бойынша, сіздердің заңды құқықтарыңыздың  бұзылмауына ат салысамыз. Қалау да, қадағалау да, өз құзырыңызда, алыстағы ағайын! Ағайынның арасы ажырамасын, қандастарымыз қамықпасын!

Құрметбек Сансызбайұлы,  

саясаттанушы, қазақ көшін зерделеуші

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1110