ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ПРЕЗИДЕНТІ ХАЛҚЫНАН КЕШІРІМ СҰРАДЫ
«Оңтүстік Кореяның президенті Пак Кын Хе 16 сәуір күні апатқа ұшырап, суға кеткен «Севол» паромында қаза болғандардың туған-туыстарынан кешірім сұрады» - деп жазды ҚазАқпарат. Сондай-ақ Оңтүстік Корея елінің басшысы апаттың алдын ала алмағаны үшін халқынан кешірім сұрап, биліктің тәртібін арттыруға күш салатынын айтқан.
Бортында 476 адам бар «Севол» кемесі 16 сәуір күні Оңтүстік Кореяның оңтүстік жағалауында апатқа ұшыраған болатын. Кемеде негізінен мұғалімдер мен оқушылар болған. Аман қалған 174 адамды құтқарушылар қауіпсіз жерге жеткізді. Апат барысында кеме экипажы жедел әрекет етпеуі себепті экипаж үстінен қылмыстық іс қозғалған. Президент Пак Кын Хе экипаж ісін кісі өлтірумен тең қылмыс істеді деп айыптаған. Аталған оқиғаға байланысты үкімет атына айтылған сындардан соң кеше Премьер-министр Чон Вон Хон отставкаға кететінін жариялаған еді. Соңғы ақпарат бойынша кеме апатынан құрбан болғандардың саны 193 - ке жетті.
Абай-ақпарат