Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6727 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 12:24

АЛМАТЫ АСПАНЫНДА ӘН ШАРЫҚТАДЫ

Кеше Алматыдағы Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жастар  театрында «Дүлдүл ән мен пырақ күй» атты дәстүрлі музыка өнері кеші болып  өтті. Кешті «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі ұйымдастырды.  Биылғы жыл жылқы жылы. Аты айтып тұрғандай концерт әр замандарда ұлтымыздың жылқыға арналған ән – күйімен өрбіді. Жылқы қазақтың қанаты болған. Ұлтымыз әнмен ардақтап, күймен тайпалтқан жылқы малы бағзы замандардан батырлар серігі, халық досы. Кеш барсында бабалардың мінген тұлпар дүбірі қайта жаңғырып, өнерпаздардың құйқылжыта салған әнімен, күмбірлете төккен күйімен аспанға қалықтады.  Домбыраның үні, сыбызғының сазы қосылып, сал серілердің әні әуелей шырқалған да залда рухтанбаған көрермен қалмады.  Кеште Ұлжан Байбосынова, Айгүл Үлкенбаева, Абзал Қуанышұлы, Талғат Мұқыш сынды Қазақстанның еңбек сіңірген әртістерімен қатар оқу ордаларындағы бір топ жас өнерпаздар өнер көрсетті. Кешті белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай жүргізді. Біржан салдың «буырлтайы», «екі жирені», Кененнің «көкшолақ» әні шырқалғанда, «боз айғыр» күйлері шертілгенде сахнада тұлпарлар кісінеп өткендей болды. Кеш көрермені болған Журналист Әсия Бағдаулетқызы  концерттен алған әсерін жасырмай  «Facebook» желісіндегі парақшасына былай деп жазды: «Тақырып қандай. Жылқы деген қазақтың жаны екен ғой. Иманжүсіптің азаматтығы, Біржан салдың салтанаты, Ақан серінің зар - мұңы, Кенен мен Жаяу Мұсаның қарсылығы, Сәкеннің серілігі Жылқымен бiрге өріліпті-ау... Бір Еркін Шүкіман неге татиды! Еркін әнін әуелеткенде сенің жаның да (оның даусына ілесе алса)  әнтек бір биіктеп, кереметтей тазарып шыға келеді. Сахнадағы қарапайым да бекзат болмысына қарап, еріксіз "қазіргі талай әншіңіз осы кісінің қолына су құюға жарамайды-ау" деген ойға қаласың. Ал Рамазан Стамғазиевтің қоңыр даусы қоңыр самалдай жаныңды жұқа ғана желпіп, көңілдің пернелерін аялай басып өтеді.»

Кешті ұйымдастырушы «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір: «Көк түркілер дүниені дүбірлетіп, бүкіл әлемді осы жылқылардың арқасында биледі. Жылқы арқылы жаңа өркениетті алып келді. Біз де сол жылқыны насихаттау арқылы қазақтың рухын көтереміз, өзіміздің ғұрпымызды, салтымызды насихаттау мақсатында осы кешті ұйымдастырдық. Жылқыға қатысты түрлі аспапта орындалатын сан-алуан шығарма бар. Солардың басын қосып, концерт өткіздік. Концерт алдағы уақытта жалғасын табатын болады»- дейді.

Аталмыш концертті «Алматы» теле арнасы түсірді. 1 мамыр мерекесіне орай эфирден көрсетілетін болады. Қапы қалмаңыздар.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357