Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 6128 0 пікір 19 Сәуір, 2014 сағат 18:05

Ауылдың асығы қашан алшысынан түседі?

Тәуелсіздік алған соң, ауылдың жағдайынан гөрі урбанизацияға көп иек артқанымыз белгілі. Ауыл жұртын қалаға көшіру – қаланы қазақыландырудың бірден-бір жолы деп саналғандықтан, ауылды көркейту экономиканың басым бағыттарының қатарына кірмеді. Ондағы ағайынды қала орталықтарына көшіп келуге үндедік. Бірақ ауыл халқының барлығы бірдей біз ойлағандай қалаға жөңкіле қоныс аудара қоймады. Қалалық болуды емес, ауылдық болып қала беруді құп көрген жандардың қарасы көп болып шықты. Ауылды қимаған елдің таңдау құқын сыйлағандықтан, бүгінгі таңда мемлекет ауылдың экономикасына назар аударып, оны Үкіметтің экономикалық басым бағыттарының қатарына енгізіп отырған жайы бар.
Мемлекет бұған дейін де ауылдың жағдайын назардан тыс қалдырған емес. 2002-2005 жылдары «Ауыл жылы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асса, бірнеше жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске қосылып, оның 2020 жылға дейінгі жобасы жасалды. Десек те, ауылға көңіл бөлу ыждағаттылықты қажет етеді. Өйткені елді мекендердің барлығы дерлік шалғай аймақтарда орналасқан. Ол өңірлерге берілген көмектер мен қаржылардың жұмсалуын қадағалау да үлкен шаруа.
Президент биылғы Жолдауында «Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен сату нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуы тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе» деген болатын. Ауылдың еңсесін көтеру Қазақстанның және Елбасының басты мақсаттарының бірі болғандықтан, шалғайдағы жұртқа қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр.

Жұмыссыздық. Ауызсу тапшылығы…

ҚР Өңірлік даму министрлігінің мәліметіне сенсек, Қазақстанда 6936 ауылдық елді мекен бар. Онда шамамен 7,6 миллион адам өмір сүруде, яғни халықтың 44%-ы ауылда тіршілік етіп жатыр. 2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша ауылды жерлерде 1 млн. 678 мың 992 шаңырақ бар екен. Бұл дегеніміз, әр жанұяда шамамен 4,5 адамнан бар деген сөз. Дегенмен, осынша халық мекендеп жатқан ауылдардың жай-күйі көңіл көншітпейді. Әсіресе, ондағы еңбек ресурстарына мемлекет тарапынан сұраныс жоқ болғандықтан, жұмысқа жарамды адамдардың көп болғанына қарамастан, жұмыссыздық мәселесі әлі толық шешім таппаған.
Бұл жерде мынадай мәселелерді назарда ұстау керек сияқты. Ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігі тек мемлекеттен берілетін көмекке емес, оның жер бедеріне, бейімделген шаруашылық түріне (мұнай, астық және тағы басқа өндірістерге жақын немесе алыс орналасқандығына), гид­росферасына (су ресурстарының аздығына немесе молдығына) байланыс­ты болса керек. Географиялық ортасы қолайлы елді мекендер мемлекет бөлген субсидиялардың арқасында етек-жеңін жинап үлгерді. Солтүстік аймақтағы астық егінжайлары мен қоймаларында жұмыс істейтін, оңтүстіктегі мақта мен күріш алқаптарындағы шаруа ағайындар жақсылыққа кенеліп жатыр. Мұнай мен уран көздеріне жақын орналасқан елді мекендердегі тұрғындар да жергілікті өндіріс ошақтарында қызмет етіп, жағдайларын қалыпқа түсіріп отыр. Ал аяқсу мен ауызсуы тапшы, жері мен климаты егін шаруашылығына қолайсыз аймақтар күрделі реформаларды қажет етіп отырғаны бүгінгі күннің ащы шындығы. Қазіргі таңда тек мемлекеттік бюджеттен ғана қаржы алып отырған ауылдардың саны көп.
Бізбен тілдескен Алматы облысы, Көксу ауданы, «Он жылдық Қазақстан» ауылының тұрғыны Айнұр ­Бердалиева Үкіметтің шалғай аймақтарда интернетті дамытқанын қалайды. «Ауылдарда интернет жылдамдығы қаламен салыстырғанда шамамен төрт есе баяу. Интернет тек байланыс құралы емес, сонымен бірге ол оқушылардың білім алуы­на көмекші құрал. Мектеп оқушылары көп сұрақтың жауабын интернеттен іздейді, сондықтан интернет торабын жетілдіруге күш салса екен» дейді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Задария ауылының азаматы Нұржан Жиенбек жұмыссыздық пен ауызсу тапшылығын ауылдық жерлердің басты түйткілді мәселесі дейді. Оның айтуынша, бұл екі мәселе шаруалар мен диқандардың екі қолын бірдей байлап отыр. «Бұрындары адамдар қысқартуға ілініп, жұмыссыздыққа ұшыраса да, өз беттерінше жер тырнап, егіншілікпен айналысып кете беретін. Кейіннен су тапшылығы орын алғаннан кейін, ел не істерін білмей дағдарып қалды» дейді ол. Біз әңгімелескен екі тұрғын өздерінің де, ауылдастарының да мемлекеттен айрықша қолдау күтіп отырғандарын жасырмайды.

Несиеден қағажу қалған…

Қалай десек те, мемлекет бел­сен­ділікті ауыл халқының өзінен күтіп отыр. Ел Үкіметіндегілер Джон Кеннедидің «мемлекет бізге не береді деп емес, біз мемлекетке не бере аламыз?» деп ойлаңдар» деген әйгілі сөзін қайталап айтқысы келетіні жасырын емес. Өңірлік даму министрлігі биыл көптеген аудандардан кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылады деп отыр. ҚР өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғариннің сөзіне қарағанда, аталған орталықтар әрбір аудан орталығында ашылады. Қазіргі кезде елімізде 17 қызмет көрсету орталығы бар. Алайда олардың барлығы тек қалаларда ғана жұмыс істейді. Енді мұндай орталықтар шалғайдағы елді мекендерге жақын аудандарда құрылмақ. Онда есеп-қисап жүргізу, салық саясатын түсіндіру және бизнесті жоспарлау бойынша кәсіби кеңестер беріледі. Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда біздің кәсіпкерлер өз идеяларын сауатты түрде қағазға түсіре алмайды екен.
Ауылды жерлерде шағын кәсіпкер­ліктен гөрі, орта және ірі шаруа қожалықтары жақсы дамыған. Олардың өздері жоғарыда айтқандай географиясы, шаруашылығы қолайлы өңірлерде қоныс тепкен. Бұл ауыл шаруашылығы субъектілерінің бюджетке түсіретін табысы 4,1%-ды (2 трлн. теңге) ғана құрайды. Басқаларды айтпай-ақ қояйық, кедендік одақ деп аталатын бір шаңырақтың астында отырған Ресейде бұл көрсеткіш 8%. Бізден екі есе көп. Ал Белоруссияның ЖІӨ-нің 18%-ын ауыл шаруашылығынан түскен түсімдер құрайды екен.
Қазақстанда осы күнге дейін ауыл шаруашылығын несиемен қамтамасыз ететін қаржы институты әлі құрылмаған. Ресей мен Белоруссияда шаруалардың жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін Агробанк жұмыс істейді. Ал біздегі «ҚазАгроның» қаржы институттары ұсынатын несиелерді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің небәрі 5-6 пайызы ғана алады, оны да ірі шаруашылықтар пайдаланады. Ал екінші деңгейлі банктер әлі күнге дейін ауыл шаруашылығына тиісті деңгейде несие бермейді. Екінші деңгейлі банк­тер ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететіндердің небәрі 3,6 пайы­зын ғана несиемен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан елімізде әрбір ауыл тұрғынына жері мен мүлкін кепілдікке қойып, ұзақ мерзімге, арзан несие алатындай жағдай жасалуы керек деп ойлаймыз.

Инвестицияға мұқтаждық…

Қазір ауыл шаруашылығына тек мемлекеттен ғана қаржы бөлінеді. Былтыр ауыл шаруашылығының жай-күйіне қатысты Парламентте тыңдау болғанда, депутаттар осы мәселені талқылаған еді. Мәжіліс депутаттары екінші деңгейлі банктерді ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қоспай отыр деп айыптаған болатын.
Егер мемлекет ауыл халқын арзан несиемен қамтамасыз етсе, «бір оқпен екі қоян атар» еді. Біріншіден, пайызы төмен несие арқылы әр ауыл өзіне лайық шаруашылық түрін өздері қалыптастырып алады. Мысалы, алыстағы бір ауылдың шаруашылық әлеуетін анықтау үшін, министрліктен мониторинг жүргізуге қосымша қаржы мен мамандар тартылатыны белгілі. Фермерлік жобаның өміршең екеніне көз жеткізілгенде ғана мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Ал арзан несиенің артықшылығы – несие алған фермер барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Өйткені әр ауылдың қандай кәсіпке бейім екенін сол ауылдың тұрғындарынан артық ешкім білмейді. Екіншіден, арзан несиенің арқасында табиғаты мен климаты ауыл шаруашылығына қолайсыз деп есептелетін аймақтарда да жаңа кәсіп түрлері пайда болуы мүмкін.
Инвестициялық жұмыстарды жандандырсақ, ауылдағы көп мәселенің күрмеуі шешілетіні анық. Су тапшылығы бар аймақтарда тамшылатып суаратын жылыжайлар салу, құрғақшылыққа төзімді гендік-модификацияланған өнімдер өндіру, топырағы аса құнарлы емес аймақтар үшін арнайы агротыңайтқыштар сатып алу, жайылымы аз өңірлерде жем-шөп базаларын құру, ет, сүт өнімдерін өндіретін фермерлерді заманауи технологиялармен жарақтандыру, малды асылдандыру, осының барлығы едәуір инвестицияны қажет етіп отыр. Бір айта кетерлік жағдай, егер мемлекет ауылға инвестиция тартып жатса, оның жартысынан астамын шағын шаруа қожалықтарына жұмсағаны тиімді болар еді. Себебі ауылдағы шағын кәсіпкерлер көмекке өте мұқтаж, олар бұған дейін көп субсидиядан қағылған топқа жатады. Ауылдағы кәсіпкерлердің іс-әрекеті ауылдық елді мекендердің негізгі қозғаушы күші болатынын ұмытпағанымыз жөн.

Саясат сыры

Үстіміздегі жылдың наурызында Үкімет туған жеріне оралғысы келетін оралмандарға қатысты «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Қаулы бойынша енді сырттан келген қандастарымыз Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына орналастырылатын болады. Бұдан басқа өңірлерге қоныстанғысы келетін қазақтарға «оралман» мәртебесі берілмейді. Сонымен қатар Қаулы бойынша жоғарыдағы 7 облыстан өзге аймақтарда тұрғысы келетін оралмандардың есепшотында 2 млн. 444 мың теңге ақша болуы тиіс. Егер қалталарында ондай ақша болмаса, Қазақстанға қарай жол жабық. Алайда бұл сома тек бір оралманға емес, оның тұтас жанұясына белгіленгенін ұмытпауымыз керек.
Үкіметтің оралмандарға қатысты бұл саясатын сынаушылар да, қолдаушылар да көп. Сынаушылар оралмандардың кез келген жерге апарып жамай беретін жамау емес екенін, Үкіметтің олардың таңдауымен санаспай отырғанын айтады. Дегенмен, мұндай мәселелерге үстіртін емес, терең үңіліп қараған жөн. Біріншіден, солтүстік облыстар қазақтардың үлесі кем өңірлерге жатады. Екіншіден, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаевтың айтуынша, соңғы уақытта жоғарыда аты аталған облыстарда көшіп келгендерден гөрі, көшіп кеткендердің саны көп. Сол себепті ол жақта сырттан қоныс аударып келгендерге шаруашылықпен шұғылдануға, баспаналы болуға мүмкіндік бар. Ал қандастарымызды халқы тығыз облыстарға қоныстандыру жұмыссыздықты одан ары асқындырып, көшіп келушілердің тыныс-тіршілігіне қиыншылықтар туғызатыны бұған дейін жүргізілген көші-қон саясаты тұсында дәлелденді.
Үкімет оралмандардың таңдау құқымен санаспай отыр деу де асығыс пікір. Бұл жерде қоныс аударып келушілер кез келген облысқа орналасуға құқылы, бірақ белгіленген 7 облыстан басқа аймақтарға қоныстанса, оралман мәртебесінен айырылып, мемлекет бөлетін көмектен қағылады. Бірақ оралмандар Үкімет сызып көрсеткен 7 облыста өмір бойы тұруға міндетті емес, арада бес жыл өткеннен кейін өзі қа­лаған өңірлерге қоныс аудара бе­руіне болады. Ал 2 млн. 444 мың теңге олар­дың өздерінің алдағы уақыттағы тұр­мыстық қиындықтан сақтануына керек.
Жер бетінде шекара сыртындағы қандастарын өз еліне көшіріп алумен айналысып жатқан үш мемлекет қана бар екенін, солардың бірі Қазақстан екенін Президент Н.Назарбаев бұған дейін талай рет айтты. Мемлекеттің оралмандарға қатысты қолданып отырған бүгінгі саясатын сын садағына алу әбестік болар. Ресей Федерациясына бұған дейін Украинаның орыс­тар көп шоғырланған бөлігі Қырым­ның жалпы халықтық референдум арқылы қосылғаны көпшілікке белгілі. Сондықтан қазақтар аз шоғыр­лан­ған облыстарға сырттан келген қандастарымызды орналастырып, ондағы өз ұлтымыздың адамдарының санын көбейтіп жатсақ несі айып? Кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Елорданы Алматыдан Астанаға көшіргенде де, қарсы дау айтушылардың қарасы мол болған. Алайда астанамыздың солтүстік өңірге ауысуы ондағы қазақтардың үлесінің көбеюіне көп септігін тигізгенін көзбен көріп отырмыз. Қазақстанның теріскейіндегі облыстарға көз алартып отырғандарды күн сайын көріп отырып, мемлекеттің ұлттық саясатына немқұрайлы қарап, оның терең мәнін қаперге алмау елдігімізге сын болар еді.

Бейбіт Нәлібаев

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300