Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзіңе сен 4560 0 пікір 10 Сәуір, 2014 сағат 11:04

АНТИЕУРАЗИЯЛЫҚ ФОРУМ "ҚАЗЖОЛ" ҚОНАҚ ҮЙІНДЕ ӨТЕДІ

Ел тәуелсiздiгiн қорғауға баршамыз атсалысайық!

Қадiрлi Отандастар!

“Елдiгiмiздiң ертеңi не болмақ? Сан ғасырлар бойы аңсаған, ата-бабамыздың арманына айналған Тәуелсiздiктi сақтай аламыз ба?” деген мәселе төтесiнен қойылған кезеңге тап болдық. Халқының саны Қазақстаннан үш есе үлкен Украинаның Қырымын Ресей үш аптада тартып алғанын көргенде “бiздiң тағдырымыз қандай болар екен?” деп ойланбаған саналы азамат жоқ шығар, сiрә. “Қорыққанға қос көрiнедi” дейдi қазақ, сондықтан, әрине, өз-өзiмiздi үркiтiп, үрей­лендiрiп, шошытудың қажетi аз, бiрақ, “сақтансаң, Құдай да сақтайды” деген сөз тағы бар. Демек, сақтануы­мыз, қорғануымыз, ойланып, болып жатқан жайттарды сарапқа салып, ертеңгi күнiмiзге, мемлекет­тiң болашағына зер салып қарағанымыз абзал. Ал егер ақылымыз, көрегендiгiмiз болса, онда, ең бiрiншi кезекте, Кремль­дiң империялық амбициясынан туындаған Еуразиялық экономикалық одаққа қосылудан бас тартуымыз керек!
Халықтың арасында “Ке­дендiк одақ – кесiрлi одақ” деген сөз бар. Мiне, сол “кесiрлi одақтан” соң Еуразия­лық одақ деп аталатын тәуелсiздiкке қатерлi “керi кеткен одаққа” қосылудың не қажетi бар?! Оның үстiне, әлi күнге дейiн “Еуразиялық экономикалық одаққа қандай шарттармен кiремiз? Бұдан не ұтамыз, неден ұтыламыз? Тәуелсiздiкке қатер төне ме, төнбей ме?” деген сауалдардың бiрде-бiреуiне жауап берiлген жоқ! Еуразиялық экономикалық одақ құжаттары халықтың, қалың көпшiлiктiң талқысына да салынбады! Не себептi жабық, жасырын, құ­пия түрде ұстап отыр бұл құжаттарды?
Егер тәуелсiздiктен айырылсақ, бұл тарих пен ұрпақ алдында кешiрiлмес күнә болатыны даусыз. Бабаларымыз шым-шытырық, қилы заманда қасық қаны қалғанша елдi­гiмiздi, тәуелсiздiгiмiздi, же­рiмiздi, мемлекетiмiздi қорғап келдi, оны бiзге сақтады. Ал бiз ел аман, жұрт тынышта, халықаралық заңнамалар жұ­мыс iстейтiн өркениеттi заманда тәуелсiздiгiмiздi өз қолымыздан бергенiмiз – барып тұрған қасiрет болмай ма! Осы себептi, бiз, Қазақ елiнiң зиялы қауым өкiлдерi мен қоғам қайраткерлерi Еуразиялық экономикалық одаққа кiруден бас тартуды талап етемiз!
Кремльдiң интеграциялық жобалары туралы бұған дейiн де талай саясаткерлер, саясаттанушылар, қоғам қайрат­керлерi, журналистер, қатардағы азаматтар көп айтты, оның қатерi туралы талай дәлел-дәйектер келтiрiлдi. Қоғамда “бұл одаққа қарсы наразылық танытайық!” деген пiкiрлер де айтылып жатыр. Оның барлығын да естiп, бiлiп отырмыз. Осындай үндеулер­дiң iшiнде шоқтығы биiк болып көрiнiп тұрғаны – 12 сәуiр күнi Алматыда өтетiн Антиеуразия­лық форум. Ұйымдастырушы азаматтардың айтуынша, бұл форумға қазақтың алдыңғы қатарлы ойшылдары, саясат­керлерi, экономистерi, саясаттанушылары, қайраткер­лерi мен патриот азаматтары жиналмақ екен. Кедендiк одаққа кiру қаупiнде тұрған Қырғызстан мен осы ұйымға бiзбен бiрге кiрген Белоруссия өкiлдерi де келмек екен. Бiз мұндай келелi, маңызды әрi өте қажеттi жиынға өз қолдауымызды бiлдiремiз! Антиеуразиялық форумға өзiмiздiң қатысатынымызды мәлiмдей­мiз және оған сiздердi де шақырамыз!
Бұл жиында қоғам қайрат­керлерi өзiнiң биiк интеллек­туал­дық деңгейiн, бiлгiрлiгiн көрсетедi деп сенемiз. Ең бас­тысы, қазақтың басына кигiзiлгелi тұрған қамыттан қалай құтыламыз деген сауалдың жауабын бiрге табамыз ба деген үмiт зор. Әрi қарай не iстеймiз, тәуелсiздiктi сақтау үшiн қандай қадамдарға барамыз деген мәселе тө­ңiрегiнде де ойлансақ екен, құрметтi ағайын.

Қабдеш Жұмадiлов,
Темiрхан Медетбек,
Софы Сматаев,
Жасарал Қуанышәлин,
Бақтияр Албани,
Ермұрат Бапи,
Жарылқап Қалыбай,
Ербол Жұмағұлов,
Марианна Гурина.

Ұйымдастырушылардан: Антиеуразиялық форум 12 сәуiр күнi сағат 11:00-де Алматы қаласы, Қазжол қонақүйiнiң конференция залында (Гоголь мен Сейфуллин көшелерiнiң қиылысы) басталады.

 ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434