Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 7125 0 пікір 1 Сәуір, 2014 сағат 09:42

ЕУРАЗИЯЛАНУ - БОЛАШАҚТЫҢ ИДЕЯСЫ

 «Еуразиялық идея теория ретінде XIX ғасырда пайда болды. Бірақ, бүгін оның өлшемі мүлдем бөлек. Еуразиялану – бұл XXI ғасырдың идеясы. Бұл болашақтың идеясы. Бұл бүгінгі таңда жаһанданудың өзі талап етіп отырған интеграциялық үдерістердің тәжіндегі алмас. Осы идеяны сынаушылар да бар. Алайда, менімше, бұл идея іске асырылып жатыр. Қазір жұмыс істеп тұрған үш құрылым – ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ – бұл еуразияланудың болашағын қалайтын үш іргетас»,- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылдың 26-шы мамырында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде.

Ал, Елбасы еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты кеште былай деді: «Ортақ экономикалық кеңістіктің нәтижесінде Қазақстан өзінің геоэкономикалық жағдайын жақсартып, Орталық Азия елдерінің арасынан бірінші болып құрлықтық тұйықтықтан шығады». Бұған бүгін дәлеліміз бар ма? Кеден Одағы жұмысын бастаған уақыттан бері осы одаққа мүше-мемлекеттердің өзара сауданың өсімі айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, 2010 жылдан 2013 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңде Кеден Одағындағы өзара сауданың орташа жылдық өсу қарқыны 15,8 пайызды құрады. Қазақстанның экспортының құрылымында жыл сайын қайта өңделген өнімдердің үлесі арта түсуде. Мысалы, Кеден Одағы елдеріне экспортталған қайта өңделген өнімдердің көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 2012 жылы 2,5 есеге ұлғайып, 4 млрд. АҚШ долларын құрады. Соның нәтижесінде, өнімдер экспортындағы қайта өңделген тауарлар үлесі 44,9 пайыздан 58,9 пайызға көбейді.

Өңделген дайын тауарлардың экспортына мыналар жатады: құбырлар, шағын құбырлар мен профилдер, жүк автокөліктері, мойынтіректер, құбыр желісіне арналған арматуралар, фосфинаттар, аккумуляторлар, мыстан жасалған сымдар, кондитерлік өнімдер және шоколад, мақта талшығы, ұн. Атап айтарлығы, отандық кондитерлік компаниялар Кеден Одағы елдеріне шығаратын экспортының көлемін үш есеге дейін арттырды. «Кеден Одағындағы әріптестерімізден сауда-саттық бәсекесінде біз ұтылып жатырмыз деген сөздерге иланбаған абзал. Қарапайым ғана бір мысал. Біздің компанияларымыз Ресей мен Беларусьқа шығаратын кондитерлік өнімдері мен шоколад экспортын 3 есеге, жүк автокөліктерін жеткізуді 17 есеге арттырды. Цементтің экспорты да 16 есеге ұлғайды»,- деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай туғызу және Кеден Одағы аясында өзара сауданы ырықтандыру біздің кәсіпкерлерге дағдарыс кезеңінде өздерінің дайын тауарларын сақтап қана қоймай, олардың жеткізу көлемін өсіруге мүмкіндік берді. Қазіргі кезде көптеген отандық дайын өнімдер үшін Кеден Одағы үлкен тұтыну нарығы болып отыр. Өнім өндірушілер атап айтқандай, кедендік рәсімнің жоқтығы, техникалық тәртіп пен сертификаттарды үйлестірудің арқасында отандық шағын және орта бизнес өкілдері экспортты ұлғайтып, өндірісін жетілдіріп және бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсуде. Қалай десек те, Еуразиялық экономикалық одақ құрудың негізі болып табылатын Кеден Одағы өзінің тиімділігін көрсетті. 2009 жылдан бері еліміздің Кеден Одағы мемлекеттерімен арадағы жылдық тауар айналымы 88,3 пайызға өсті. Ал басқа елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш 47,9 пайызға дейін көбейген. Яғни, Қазақстанның бастамасымен құрылған интеграциялық бірлестік өзара сауда-саттықтың қозғаушысына айналып отыр.

Бұл идея ЕурАзЭҚ-тың посткеңестік кеңістіктегі ең сәтті жобалардың бірі екенін көрсетеді. Қазіргі таңда кедендік «үштіктегі» әріптес-елдердің басшылары да, халықаралық сарапшылар да мұны растап келеді. Мәселен, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты «Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың негізгі қозғаушы күші» деп атады. Сондай-ақ, Ресей президенті Владимир Путин Елбасымыздың еуразиялық интеграцияға қосқан үлесіне қатысты мынадай баға берді: «Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан интеграциялық үдерістердің негізгі жақтаушысы болып келеді. Кеден Одағын құрудағы, жалпы алғанда, ТМД кеңістігі мен ЕурАзЭҚ-та өзара қарым-қатынастарымызды нығайтудағы оның рөлін басқаша бағалау мүмкін емес. Ол ШЫҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдарда үлкен беделге ие».

Ал, 2012 жылы Астанада өткен Бірінші Назарбаев оқуларына келіп, биік мінберден сөз сөйлеген Италиядағы «Vox Populi» ғылыми-зерттеу орталығының президенті Эрманно Визинтайнер ЕурАзЭҚ-ты «жаһандық масштабтағы трансұлттық жоба» деп атады. «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жарнама жасаудың қажеті жоқ. Себебі, оның ұсынған ЕурАзЭҚ сияқты идеясы аз ғана уақытта жүзеге асырылып, жаһандық масштабтағы трансұлттық жобаға айналды. Бүгінгі Астана жаңа Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі екі тірегінің бірі деуге болады»,- деді ол халықаралық форумда сөйлеген сөзінде.

 

Әмірлан Әлімжан

abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279