Ұлыстың Ұлы күні қалай аталып өтті?
НАУРЫЗ-АЛЬЯНС қауымы жоспарлағандай бес топпен жұмыс атқарды.
- Зиялы қауым: клубқа бірігуге тілектес ғалымдар, барлық өнерпаз тұлғалар мен мемлекеттік, қоғам қайраткерлері,
журналистер әр өңірде ортақ жобаны – Наурыз-фест (тоғызкүндік фестиваль) ұйымдастырды. Ақтөбелік журналист Жаңагүл Жүрсін бастаған топ РИКА телеарнасында 14 наурыздан бастап әр күнге телекөрсетім, мюзикл түріндегі өнімдерін берді.
Екінші селтеткізер: «Терісқақпай» театры арнайы жобамен шықты.
Үшінші селтеткізер: киногерлер арасында Ермек Тұрсынов «Кемпір» атты фильмін Наурыз қарсаңында көрерменге ұсынып, жақсы дәстүр бастады.
Төртінші селтеткізер: астаналық суретші Аңса Мұстафа мен алматылық дизайнер Светлана Попова (Вета) қазақы бояуға толы, мазмұнға бай туындыларын жариялап, Наурызға қатысты тоғыз күнді бояуға қандырды. Өкінішке орай, қаржының жоқтығынан туындылар құтпараққа, плакатқа айналмай қалды...
- Әкімшілік тобы. Белгілі журналист, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жария қызметін басқарушы Берік Уәлидің септігімен, облыс әкімі А.Мырзахметовтың қолдауымен биыл да Наурыз тойының сән-салтанатты мерекесі Шымкентте болып өтті. Қалада, тіпті, Наурыз алаңы пайда болды. Өніс күні бешпет-шалбар тігетін комбинат іске қосылды. Өкінішке орай, ҚР Мәдениет министрлігі ұлттық-мемлекеттік мерекені биыл да өз деңгейінде атап өтуге қызмет ете алмады. Бар болғаны – жергілікті әкімдіктер деңгейінде жылдағы этнографиялық еске алу күндері қайталанды. Оның есесіне, Түркияда түркілердің мәдени астанасы мәртебесі бар Ескішехер қаласындағы Наурыз мейрамы айтарлықтай жалпытүркілік мазмұн иеленді. Шығыс Қазақстан облысында Наурыз 7 күн бойы той-думанмен өтетіні туралы сыбыс шыққанымен нақты насихаты байқалмады.
- Мемлекеттік ұйымдар тобындағы компаниялар, ЖОО, мектептер, колледждер, лицейлер, балабақшалар Жаңа жылды фольклормен, этнографиямен «көркемдеді». Аталған ұйымдар арасында креативке,наурыздық таным мен болмысқа құрылған мереке некен-саяқ болды.
- Бизнес-құрылым тарапынан Наурыз мерекесіне деген мүдделік сезім мен бастама байқалған жоқ. «Атамекен» атты ұлттық палатасы бар егемен елдің бизнесмендері ұлттың «шүлен тарату» деген аяулы дәстүрін де қалпына келтірмеді... мынадай екі бағыттың бірі де қозғалған жоқ:
- Наурызды мерекелеуге қатысты атрибуттарды әзірлеуге, насиқаттауға қажетті шығындарға демеушілік көрсету;
- Наурыз мейрамына қатысты сұраныс тудыратын коммерциялық өнімдер мен жобаларды атқаруға инвестор болу.
- 5. Насихатшылар қатарында Абай.кз., Қамшы.кз., «Вечерняя Астана» газеті, «Шалқар» радиосы, «Қазақстан» телеарнасы, «Қазақия», «Жебе» газеттері тағы басқа БАҚ-тар, сондай-ақ, Фейсбуктағы «Наурыз» тобының мүше-блогерлері белсене қатысты.
Жалпы алғанда, биылғы Наурыз да жылдағыдай күнтізбелік Жаңа жыл мерекесіне жетерлік жарқын кейіп болмады, миллиондаған қаржы бөлінбеді. Жергілікті әкімдіктерге қарайтын Мәдениет басқармалары Наурызды жер шұқыған күйі өткізді. Әрине, киізүй тігіп көшенің сәнін келтіргенді ескермегенде... Десек те, Украин-Ресей оқиғасына дөп келген Жылқы жылының мейрамы елдің дербестігін бәрібір паш етті, ел еңсесін көтерді.Қорыта айтсақ, Наурыз-альянс қауымы қалыптасты, келесі жылға алақандарын ысып шығатын жандар легі топтасты.
Е-mail: nauryz-alyans@mail.ru
https://www.facebook.com/groups/109246125918578/
НАУРЫЗ-АЛЬЯНС клубы. 29.03.2014
Abai.kz