МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ: КІМ ҚАЛАЙ ҰТЫП ЖҮР?
1-сурет: Мәжіліс депутаты Д.Назарбаева
2-сурет: Сенат депутаты Қ.Айтаханов
Қазақстан Республикасының мәжіліс депутаты
Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызына,
Қазақстан Республикасының сенат депутаты
Айтаханов Қуаныш мырзаға
Ұсыныс хат
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу заңына байланысты, инженер-құрылысшы болғандықтан, осы заңның құрылыс саласына қатысты пікір білдірсем деп едім. Тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу жүйесі ел ішінде көп жағымсыз әңгімелермен, түсініксіз жағдайларды көбейтіп жіберді. Себебі, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар мен конкурсқа (тендерге) қатысушылар ( ТОО, ИП, жеке тұлғалар) бір-бірімен тығыз байланыста болады. Бар мәселе мынада, конкурсты ұйымдастырушы мекемелер облыс немесе аудан әкімшіліктеріне тікелей бағынышты. Сондықтан мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылған лоттарды кімдер ұтып алатыны алдын ала белгілі болады.
Ұтып алатын ТОО, ИП, жеке тұлғалар кімнің адамдары екені екінің біріне мәлім. Ал, құжаттарды дайындау, заңға сәйкестендіру, бағалау конкурстары алдын-ала келісіліп койылады. Бұл, жазылмаған заңдылық. Сондықтан, әкімдермен оның командасының туған-туыстары тез байып шыға келеді. Жай айтқанда, 1-2 күнде мемлекет қаржысының есебінен миллионер болып шыға келеді.
Екінші өрескел жағы тағы бар. Мысал үшін, құрылыс ғимараттарын (мектеп, больница, т.б) алатын болсақ, ол құрылыстардың сапасы өте төмен болып шығады. Себебі, ол конкурсты көп жағдайда құрылысқа еш қатысы жоқ, маман еместер (непрофессионалы) ұтып алады.
Олар өз кезегінде, көп қаржы экономдау үшін шетелдік жұмысшыларды (гастербайтерлер) жалға алады. Ол жалдамалы жұмысшылар жұмысты тез орындау үшін, сапасыз арзан құрылыс материалдарын пайдаланады. Ал, техникалық бақылау инженерлері құрылыстың барлық сатысына қатысты алмайды, олар жобалау – сметалық құжаттарына сәйкес экспертиза жасауға мүмкіндіктері жоқ. Технадзор инженерлер тауарлардың сапалық сертификаттарын тексеріп салыстырады, ол жалған сертификаттарды кез-келген базардан алуға болады. Зерттеп қарасаңыз барлық құжаттар заңды болып шығады. Мемлекеттік қабылдау комиссиясы тек қана жобалау-сметалық құжаттарына(ПСД) сүйенеді және техникалық бақылау инженерлерінің тұжырымдамасына сенеді. Көп жағдайда, мемлекеттік комиссия мүшелері облыс, аудан әкімшіліктерінің қызметкерлерінен, осы әкімшілікке бағынышты басқа мекеменің ( РЭС, СЭС, округ әкімдері) қызметкерлерінен құралады. Бұл комиссияның объектіні тексеріп қабылдамауға ешқандай құзыры жүрмейді. Себебі, ол қызметкерлер әкімге тікелей бағынышты.
Осылай, тапсырма берушімен (заказчик), сатып алушы (подрядчик) бейтарап болып көрінгенмен, шын мәнінде олар ұйымдасқан, алдын-ала келіскен адамдар. Осы жайға байланысты менде мынадай ұсыныс бар:
- Мемлекеттік сатып алу заңына өзгеріс енгізу керек. Облыс және аудан әкімшіліктерін бұл жұмысқа араластырмау керек және орталықтандырылған құрылыс трестерін немесе министрлігін ашу керек. Құрылыспен тек қана өз саласының мамандары, инженерлер айналысуы керек. Құрылыс объектілерінің сапасына, мерзіміне осы мекемеге жауапты болу керек. Ал, әкімшіліктер тапсырыс (заказ) берумен ғана шектелуі керек.
Құрметпен, Байкенже Қанат, инженер-құрылысшы.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы
Abai.kz