АҒЫЛШЫНША ЖАЗАТЫН КІШКЕНТАЙ ҚАЛАМГЕР
Айшешек Мағауина – көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің немересі.
Әзірге Айшешектің өлеңдері, көркем дүниелері ағылшын журналдарында жарық көруде. Кішкентай қаламгермен ғаламтор арқылы тілдесуге тура келді. Айшешекпен тілдесуімізге себепкер болған шығыстанушы ғалым, белгілі публицист Ғалым Боқаш мырза.
– Айшешек, есіміңнің сыры неде? Бұған дейін Айшешекті «Аласапыран» роман-дилегиясынан кездестірген едік. Ол Айшешекпен есіміңнің қандай да бір байланысы бар ма?
– Атам маған қазақтың мықты бір тарихи тұлғасы болған сұлтанның жары болған Айшешек бегімнің атын қойыпты. Бұл көне түркі есімінің мағынасы «ай» мен «гүл». «Шешек» – гүлдің түркіше атауы ғой.
– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Әкең Едіге де журналистиканың майданында жүрген азаматтардың бірі. Алайда сенің ата жолын қуып, әдебиетті таңдауыңның сыры неде?
–Кішкентай кезімнен көркем әдебиеттің ортасында өстім. Ата-анам сияқты журналистика саласында жұмыс істеуге, атам сияқты кітап жазуға қызыққаным содан шығар.Үйімде мені «жазушы болады» деп ешкім ойлаған жоқ, ондай идеяны сырттан маған ешкім таңған емес. Әдебиеттің өз жолым екенін өзім сездім. Қанымда бар қасиет десеңіз де болады.
– Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа қырғын» атты кітабынан кішкентай немересі туралы жазған әңгімесін оқып едім. Сол кішкентай жазушы сен емессің бе?
– Ол кейіпкер менің немере әпкем Мүслимаға қарап, прототип ретінде жасалған. Шынайы оқиғаға негізделмеген көркем шығарма.
– 15 жасыңда ағылшын тілінде дебют-роман жазғаныңды естідік. Не туралы?
– «Скайдың жоғалуы» атты шығармам психикалық ауруға шалдыққан, өзіне деген сенімі аз ұл бала туралы. Ол өзінің жоғалып кеткен Скай есімді қиялдағы досын табуым керек деп жанталасады. Кейіннен ол образдың өз болмысының бір бөлігі екені анықталады. Негізгі кейіпкердің қиялындағы досының атын Скай деп қойғаным, ағылшынша «скай», яғни аспан атауына жақын. Шығармамның өзегі де аспан тақырыбы. Жоғалған аспан – негізгі кейіпкердің сырқат санасының сау бөлігінің метафорасы.
Бұл романымды NaNoWriMo (National Novel Writing Month – Ұлттық роман жазу айы) жобасы үшін дайындағанмын. Бұл қараша айы болатын. Жобаның мақсаты – бір ай ішінде 50 мың сөзден, 100 парақтан тұратын шығарма жазып аяқтау еді. Яғни күніне 1700 сөзден жазып түсіруге тура келді. Сол себепті шығар бұл шығарманы ең үздік жұмысым деп айта алмаймын, уақыт шектеулі болғасын асығуға тура келді, романның өзім жетілдіргім келген нақты бір бөлігіне көп уақыт бөле алмадым. Бұл жоба – мектептің тапсырмасы емес еді, өзімді сынап көру үшін қатыстым.
– Айшешек, ақындығың да бар екен. Эдинбург журналдарына өлеңдерің басылып жүргені туралы Ғалым ағаңның жазбасынан білдік. Өлеңдерің де ағылшын тілінде жазыла ма?
– Биыл Эдинбург университетінің журналында жарияланған «Ұмытылған аштық» және «Бүркіттің саят туралы айтқаны» атты өлеңдерім ағылшынша жазылған. Аттары айтып тұрғандай, олар қазақ әлеуметінің тақырыптарын да қозғайды.
– Ағылшын тілінде роман, өлең жазасың. Қазақ тілінде жазған қандай шығармаң бар?
– Өкінішке қарай, қазақша қанша жазғым келсе де, қазақша көркем жазу қабілетім өзім қалаған жоғары деңгейде емес. Кішкентай кезімде-ақ әжем әліппе үйреткен. Үйде қазақша сөйлесеміз. Бірақ Еуропада өсіп, халықаралық мектепке барғасын, ағылшын тілі сіңісті болып кетті. Әйтсе де өзімді жаспын ғой, қазақша жазу техникасын күшейтуге уақытым бар деп жұбатамын. Түбі бір қазақша жаза бастайтыныма сенімдімін.
– Мұхтар атаңның шығармаларының бәрімен таныссың ба? Атаңның қай шығармасы көбірек ұнайды?
– Атамның шығармалары өте көп. Сол себепті бұл сұраққа жауап беру қиындау. Ең жақсы көретіндерім – жас кезінде жазған шағын әңгімелері.
– Оқу бітірген соң Қазақстанға келгің келмей ме?
– Голдсмитте оқу бітіріп жатсам, ары қарай жазушылық карьера жасау үшін Лондонда да қалуым ықтимал. Ата-анаммен, бауырларыммен бірге Қазақстанға жиі-жиі барғым келеді. Қазақстанда кішкентай кезімде атам мен әжемнің қолында да тұрғанмын.
– Қазақ шығармаларының көбі атаң арқылы жақсы таныс шығар. Дегенмен, қазақ әдебиеті мен ағылшын әдебиетінің айырмасы қандай? Таразылап көрдің бе?
– Қазақ фольклорының бай екені даусыз, қазіргі әдебиетінің де әлеуеті зор. Бірақ ағылшын әдебиеті ұзақ уақыт бұрын қалыптасқан ғой, 19 және 20 ғасырларда ерекше гүлдеген, көптеген жаңа тақырыптар мен идеялар ашқан.
– Сен үшін ата есімінің салмағы қандай?
– Атамның есімі маған зор жауапкершілік жүктейді. Ғаламат жазушының ізін басу қиын, өйткені іздері тым алып. Атамның шығармаларын мақтан тұтамын, өзі де маған барынша қолдау жасап келеді. Сөйте тұра, болашақ жазбаларымның Мұхтар Мағауиннің немересі болғаным үшін ғана емес, өз қабілетіме сәйкес бөлек бағаланғанын қалар едім.
"Айқын" гезеті