Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 9659 0 пікір 18 Тамыз, 2014 сағат 01:57

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАННАН ПАЙДА ЖОҚ...

Үкімет құрылымдарының қайта құрылымдалуын өз басым дұрыс қадам болды деп есептеймін. Себебі, бізде үкіметтік аппарат тым далиып, бюрократтыққа бет ала бастаған. Бейнелеп айтсақ, адам дене мүшелерінің ішінде басы тым үлкейіп, денесі кішірейіп, аяқ-қолы мейлінше қысқарып кетсе не болар еді? Әрине, дене қозғалмақ тұрмақ қазандай үлкен басты көтере алмайды жатып қалары айдан анық қой.

Бұл тұрғыдан келгенде, үкіметтік аппараттардың мейлінше ықшамдалып, қысқара түскені абзал. Шағын штатпен халыққа неғұрлым жақын, жедел қызмет көрсетіп жатса, қанеки.

Әлемде алғашқы жиырмалыққа кіретін алпауыт елдердің көбісіне назар аударсақ, үкіметтік аппараттары шағын, министрлік, комитеттерінің де саны аз екендіктерін аңғаруға болады.   

Бірақ, біздің елдің өзгеге ұқсамайтын бір ерекше проблемасы бар. Ол – өз жерінде өгейлік көрген ана тіліміз. Елімізде  «Тілдер туралы» деп аталатын заң бар. Өзге тілдерін қайдам, әйтеуір қазақ тіліне сол заңнан қайыр болмай-ақ қойды. Кезінде жат жұртта жүріп ана тілден айрылудан қорқып, тарихи Отанға оралып едік.            

Түрлі мәдениет үлгілерімен ежелден етене таныс Қазақстан бүгінде өзінің төл мемлекеттік тілінің ахуалына қатты алаңдаулы. Оның негізі де бар. Дегенмен кейде тым атойлап, әсіре белсенділікке басқанымызбен онымыз сөз жүзінде ғана қалып қойып, нақты істің қолға алынбайтын тұстары кездесіп жатқандай көрінеді. Соңғы кезде тіпті тіл дегенде тым артық кетіп, кейбір игі бастамаларды, мемлекеттің ұстанған дұрыс саясатының өзін жоққа шығаруға тырысып, орынсыз қарсыласатын болып алдық. Мұнымыз енді тым артықтау деп ойлаймын. Мысалы, билік тарапынан көтерілген «үш тұғырлы тіл» деген саясатына өз басым түсіністікпен қарап, тағы қолдаймын.      

Бұл менің «маргиналдығымнан» немесе «мәңгүрттігімнен» емес, таза ұлтжанды патриоттығымнан шығар десем артық айтқандық болмас. Ол үшін өзімнің қазақтілді екендігімді дәлелдеп жатудың мүлде қажеті жоқ. Бәріміз де ана тіліміздің жанашырымыз, оның жоғын түгендеуші, кемдігін бүтіндеуші мәдениет саласының мамандарымыз. Қазақ тілінің кең арнада қанат жайып, қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуына әр қазақ мүдделі екендігі еш күмән тудырмаса керек.

Олай болса, ана тіліміздің дамуына үлес қосатын, оны әлемдік сахнаға шығаратын кез-келген қадамдарды қолдауымыз керек. Ол үшін ең алдымен әр мінберден тіл үшін айғай мен ойбайға басу, жоқтау айтып, жылап-еңірегендей байбалам салу жеткіліксіз. Керісінше, мейлінше оған прагматикалық тұрғыдан қарап, сөзден гөрі іске көшуге ұмтылғанымыз абзал. 

Рас. Біздің заң шығарушы органдар қазақ тіліне толық көшкен жоқ. Ресми билік, Парламент қазақша сәлемдесуден ары аспайды. Солай екен деп айғайлаудан не түседі? Ал нақты іске көшу үшін қандай тетікті қолданамыз? Осы сауалдарға жауап бермес бұрын бір мысалды тілге тиек ете кеткен дұрыс болар. Біз қазір зиялы қауымның өзін қазақтілді, орыстілді деп бейресми түрде болса да екіге бөліп алатынды шығардық. Ал ана тілі мәселесіне келгенде ең алдымен таяқтың ұшы биліктегі тұлғаларға келіп тиетіні шындық. Бар пәлені орыстілді қандастарымызға жауып, соларды кінәлауға әрдайым даяр тұратынымыз тағы бар.

Олай болса, мен Қазақстан үкіметін бірнеше шет тіліне қамшы салдырмайтын полиглот Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған кезде қазақ тілін бизнес саласындағыларға, тауар өндірушілерге еш айғай-шусыз-ақ тырп еткізбей мойындатқанын ерекше атап айқым келеді. Оған тіпті көрші елдердің кәсіпкерлері де еріксіз мойынсұнып, көнуге мәжбүр болды.

Сондағы Қ.Тоқаевтың жасаған бар ерлігі үкімет орнының бір ғана қаулысы болатын. Қаулыда шекарадан Қазақстанға өткізілетін тауарлар мен сауда маркаларында қазақша мәтіндердің жазылуы міндеттелген. Егер олай болмағанда, яғни, қазақша мәтін жазылмаса, ол тауар контрабандалық зат ретінде саналып, тәркілеу қарастырылған.           

Қаулының құдіреттілігі соншалық, барлық жерде еш ың-шыңсыз орындалды. Бұл қалай деп қарсыласуға да ешкімнің қауқары жетпеді. Көрші Қытайдан, Ресейден келетін тауарлардың барлығы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мәтінмен тарай бастады. Макарон, сүт өнімдерінен басталған қазақша мәтіндер кейін тұрмыстық ірі құрал-жабдықтар, электр құрылғылардың кітапшасына, дәрі-дәрмек атаулының бәрінің парақшасында жазылып, бүгінде жарнама атаулының жаппай ана тілімізде сайрап тұрғанына куә болып отырмыз.    

Міне, ана тілінің шын жанашыры, нағыз отаншыл тұлға осылай ісімен көрінсе керек. Бүгінге дейін Қ.Тоқаевтың осы игілікті ісі үшін кеуде соғып, ұрандатқанын көрген жоқпыз. Бірақ, жасаған ісі мен нақты қадамы өзінің өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдеп отыр.

Сол сияқты Астана қалалық Тіл басқармасының басшысы, белгілі ғалым Ербол Тілештің қажырлы еңбегінің арқасында бүгінгі күні елорда көшелері қазақша жазылып, қоғамдық көліктерде аялдамалар тек ана тілімізде құлақтандырылатын болды. Осы әрекеті үшін Ербол бауырымыз тікелей «халық жауы» аталмаса да біраз сөз естіп, елеулі қарсылыққа ұшырағанын біреу білсе, біреу білмейді. Сонда да қайсар жігіт алған бетінен қайтпай ұлттық мүдде үшін «өліспей беріспейтін» қажырлылықпен күресіп келе жатқан жайы бар.

Асылы, шынайы іскер тұлғалар қоғам алдындағы перзенттік парызын осылай үнсіз ғана атқарып, жүре беретін болса керек. Әрбіріміз осылай үнсіз жүріп, нақты іс тындыруды қолға алсақ, бүгінде қазақ тілі өз елінде өгейсімеген болар еді. Мұны бір делік. Ал екінші мәселеге келсек, бізде соңғы кезде тілді тілге қарсы қою әрекеттері қылаң беріп жүр. Мысалы мен жоғарыда айтқан «үш тұғырлы тіл» деген мәселеге қайта оралайық. Қазақстан азаматтары үш тілді қатар меңгергеннен еш нәрседен ұтылмайды, әлем көшінің соңында қалмайды. 

Тіл мен тіл, мәдениет пен мәдениет ешқашан бір-бірімен жауласпаса керек. Керісінше, бірін-бірі дамытып, толықтырып, байыта түседі. Бүгінде әр қазақ кем дегенде екі тілде сөйлейді. Осыған дейін де орыс тілін игергеннен еш қазақ жамандық көрген жоқ. Иә, өзгенің тілін біз меңгергеннен, біздің тілді өзгелер білгеннен ешқайсымыз ұтылмаймыз. Керісінше, рухани байып, толыса түсеріміз анық. 

Тәуелсіздікке дейін біз әлем мәдениетінен орыс тілі арқылы нәр алдық. Дербес ел болып, әлемге танылған кезімізден бастап сыртқы қарым-қатынасымыздың ауқымы кеңейді. Мұхит асып, сауда-саттық жасауға, ғылым-білім игеруге мол мүмкіндік туды.

Мұндайда біз қаласақ та, қаламасақ та шет тілдерін оқып үйренуімізге тура келеді. Бұрын ата-аналарымыз бізге «орыс тілін білмесең – оңбайсың!» деген болса, енді біз балаларымызға «ағылшын тілін білмесең – алға баспайсың!» деуге мәжбүрміз. Бұл енді өмірдің өзінен туындап отырған шындық!

Ал біз шындықты еш қашан айналып өте алмаймыз. 
Сондықтан да «үш тұғырлы тіл» дегенді неше жерден жек көруден еш пайда жоқ. Технология жетіліп, еліміз алға дамыған сайын оған мойынсұнбай тұра алмаймыз. Себебі ағылшын тіліне деген қажеттілік пен сұраныс әрдайым арта түсетіндіктен, басқа амалымыз да жоқ. Яғни ағылшын, орыс тілдерімен қатар ана тіліміз де елдегі барша жұртқа ортақ міндет етіліп, жаппай игерілсін дегенді «үш тұғырлы тіл» саясатының өзі меңзеп тұр ғой.

Демек үш тілді де меңгеру талап етілетіндіктен, қазақша білмейтіндер ана тілімізді игеруге мәжбүр болады деген сөз. Алайда, тіл үйретудегі қазіргі тәсілді өзгерту қажет болады. Себебі, шет тілін үйренуді қазақ тілі арқылы ғана жүзеге асырмасақ, өз асылымызды жоғалтып тынарымыз кәдік. Алдымен қазақ тілін жетік меңгеріп барып, шет тілдерін өз ана тілі арқылы үйренсе. 

Сөз соңында айта кетер бір жайт, тілдің мәртебесін көтеру үшін жаңа жылдан бастап, ЖОО-на арналып бөлінетін мемлекеттік білім грантын тек қана қазақ топтарында оқитын жастарға берілетін үрдісті қалыптастырсақ. Бұл жерде өзге диаспора өкілдерінің құқығын бұзудан аулақпыз. Егер олар мемлекеттік грант бойынша жоғары білім алғылары келсе, қазақ топтарында оқысын. Кейін мемлекеттік қызметке барам десе, оған да даңғыл жол ашылады.

Ал орыс топтары да жабылып қалмайды. Оны жаппай ақы төлеп оқитын топқа айналдырып, орысша білім алам дегендерге де қолайлы жағдай жасап қоярмыз. Бастысы, мемлекеттік тілді өз тұғырына қою үшін дәл осындай нақты шаралар жүзеге асырылуы қажет деп білеміз.

Осындай келелі міндеттерді өмірде жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік мекемесі сақталып қалғаны абзал болды. Егер мен қолымда құзіретім бар адам болсам, осы  ведомствоны тікелей ел Президентіне бағынатын дербес агенттік етер едім. Жарайды, әзірше оның сақталып қалғанына шүкір дейміз. Енді, осы комитетті басқаратын азамат тіл мен ділді бойына сіңірген, ұлттық мүддеге барынша адал, танымал қазақы тұлға болса, қоғам тарапынан зор қолдау тапқан болар еді. Себебі, тілге жанашырлық – елге жанашырлық!     

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397