Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 7658 0 пікір 12 Тамыз, 2014 сағат 14:30

ТАМЫЗ МӘСЛИХАТЫНА ҚАТЫСУШЫ ҰСТАЗДАРҒА ҮНДЕУ

 

 

Құрметті тамыз мәслихатына қатысушы ұстаздар! 

Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздер тәуелсіз мемлекетіміздің болашақ тұлғаларын тәрбиелеудесіздер. Еліміздің ертеңгі тағдыры сіздердің бүгінгі еңбектеріңізге байланысты.

Ал, біз саналы ғұмырымызды ұстаздық жолға арнап, бұл күндері зейнеткерлікке шыққан ардагер мұғалімдерміз. Ұстаздардың салтанатты жиынын жыл сайын асыға күтеміз. Себебі, бұл күн – ұстаздардың жыл бойғы қажырлы еңбегінің әділ бағаланатын, кеткен кемшіліктердің сараланатын, болашақтың бағдарланатын маңызды күн.

Мемлекетіміз жыл сайын білім саласына миллиардтаған қаражат бөлуде. Ол қаржыға жаңа мектептер, бала-бақшалар салынып, бұрынғы білім ордаларының техникалық базасы жаңартылып, білім сапасы көтеріліп келеді. Оның айғағы – шәкірттеріміз халықаралық білім олимпиадаларында жүлделі орындарын иеленіп, студентеріміз әлемнің таңдаулы университеттерінде білім алуда. Бұл, әрине, сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі екені сөзсіз. Бірақ, мектепке мемлекеттік деңгейде көңіл бөлетін тұстар да аз емес. Біз бүгін ұстаздың беделін, білімнің сапасын, ұрпақ тәрбиесін көтеру үшін өз ұсынысымызды ортаға салғанды жөн санадық.

Біріншіден, мемлекет мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жасап, алдымен ең төменгі дегейдегі жас мұғалімдердің жалақысын көтерсін! Ұстаздық бәсекегеге қабілетті мамандық қатарына еніп, жастардың қызығатын  кәсібі болуы тиіс. Сонда ғана ұстаздардың бұрынғы беделін қайтара аламыз.

Екіншіден, оқушының білімін таразылайтын ҰБТ-ға халықтың көңілі толмайды. Орта мектеп бітірген оқушыларымыздың көбі өз ойын ауызша жеткізе алмайтын, еркін тақырыпта шығарма жазбақ түгілі, «мені жұмысқа қабылдаңыз» деген өтініш жаза алмайтын жағдайға жетті. Сонда бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін не істеу керек?

Біздің ұсынысымыз: Оқушы ҰБТ-ға бармастан бұрын, мектепте тарихтан ауызша, әдебиет пен қазақ тілінен шығарма жазып емтихан тапсыруы қажет. ҰБТ сұрақтарынан  қазақ тілі мен орыс тілін алып тастаса, есесіне оқушының таңдау пәніне терең маңыз бөлінсе, орынды болар еді.

Үшіншіден, мұғалімдер қағазбастылық пен жиі тексеруден әбден шаршады. Ұстаздың бала оқытып, өз білімін жетілдеруден бұрын, қағаз толтырып, келген комиссияға «қызмет көрсетуден» қолы босамайтын болды. Бұл – ащы да, болса шындық. Осы орайда президентіміздің өзі де «мұғалім мен дәрігер қағазбастылықты қойсын. Мұғалім баланы оқытсын, дәрігер ауруды емдесін» деген болатын. Сондықтан да қағазбастылық пен жиі тексеруді азайту қажет. Мектепке келген комиссия мұғалімді тексеруге емес, көмек көрсетуге келсін.

Төтіншіден, Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі мектепте ер мұғалімдер саны жыл өткен сайын азайып бара жатқандығы бізді қатты алаңдатып отыр. Қазіргі күндері мектептердегі мұғалімдердің 90 пайызы әйел адамдар. Қалған 10 пайыз ер азаматтардың өзі зейнеткерлік жасқа жақындаған үлкен кісілер. Тіпті, бірде-бір ер мұғалім жұмыс жасамайтын мектептер де жетерлік. Елімізде ер азаматтың тәрбиесін көрмеген жаңа ұрпақ өсіп келеді. Қазіргі статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде шаңырақ көтерген 100 жас жұптың 25-і ажырасып кетеді екен. Ондай отбасының балалары ер азамат тәрбиесін көрмей өседі десек артық айтқандық емес. Себебі, бала бала-бақшаға барғанда тәрбиешісі әйел, мектептегі оқтушысы әйел, тіпті жоғарғы оқу орнына барғанда да көретіні, тағы да әйел ұстаздар. Мұның бәрі елдің ертеңі болатын ұрпағымызға кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл мемлекет басшылығын ойландыратын маңызды мәселе. Әрине, әйел мұғалімдердің қабілеті мен білімділігін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, ер азаматтың беретін тәрбиесінің орнын толтыра алмайды. Қазіргі кезде қыз мінезді ер балалардың көбейіп бара жатқаны жасырын емес.

Бұрынғы қазақтың жігіттерінің бойындағы мәрттік, қайсарлық пен батылдық, ер азаматқа тән бірсөзділік жоғалып барады. Елімізде жыл өткен сайын қылмыстың саны көбейуде, соның ішінде балалар қолымен жасалатын қылмыстың көрсеткіші артуда. Бұрындары бір ауылда бір милиция болушы еді. Соның бір өзі тәртіпті қадағалайтын. Ал, қазір әр мектептің өз полициясы болса да қылмыс азаймай отыр. Сондықтан да, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» абзал. Ол үшін полиция емес, ер мұғалімнің саны мен сапасын күшейту қажет.

Мысалы, әлемнің алдыңғы қатардағы дамыған елдері АҚШ-та, Германияда, Жапонияда, Түркияда мұғалімдердің 70 пайызы ер азаматтар екен. Бізде мектептегі, жоғарғы оқу орындарындағы ер мұғалімдер санын  50 пайызға дейін көтеруіміз қажет. Әрине, бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін өзекті үлкен мәселе.

Біздің ұсынысымыз: мұғалім боламын деген ер балаларға жағдай жасап, мемлекет тарапынан тегін оқытып, шәкіртақымен қамтамасыз етілуі қажет. Мектепке ұстаздыққа бірінші кезекте ер балаларды қабылдап,

ер мұғалімдердің жалақысына қосымша ақы төленуі тиіс. Себебі, ер азаматтың  шаңырақтың асыраушысы екенін ұмытпаған жөн. Бұның бәрі заң жолымен шешіліп, «Дипломмен ауылға» секілді «Ер мұғалімдер мектепке» деген бастама көтерілуі керек.

Сонда ғана мектептерде ер азаматтар санын көбейте аламыз. Мұндай тәжірибе тарихымызда да болған. Алғаш Кеңес үкіметі орнаған кезде әйел мұғалімдер өте аз болды. Сол себепті, үкіметтің арнайы қаулысымен қыздар үшін  «ЖенПИ»-ді ашқан болатын. Енді сондай саясат ер азаматтар үшін де жүруі керек.

Енді мәселені кешіктіретін болсақ ұлт болашағына үлкен қатер төнеді. Сондықтанда, біз, ардагар ұстаздар қауымы бұл тақырыптың маңыздылығын ескере отырып, мұғалімдердің тамыз мәслихатында талқылауға ұсынамыз.

 

 

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті

«Шаңырақ» қоғамдық қорының жанынан құрылған «Ардагер ұстаздар» кеңесі мүшелері:

 

Рысгүл Игілікова                                                        «Шаңырақ» қоғамдық

қорының төрайымы,

ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагар ұстаз                 

Ағатай Сәрсенбаев                                            ҚР білім беру ісінің үздігі,

ардагер ұстаз

Құрмашов Алдаберген                                              ҚР білім беру ісінің үздігі,

ардагер ұстаз, «құрмет»                      орденінің иегері.

Сағымбаева Тоймекен                                                ҚР білім беру ісінің үздігі,

ардагер ұстаз

Танирбергенов Амантай                                   ҚР білім беру ісінің үздігі,

ардагер ұстаз

Әлібаева Ділдагүл                                             ҚР білім беру ісінің үздігі


 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392