Сенбі, 23 Қараша 2024
Болған оқиға 6151 0 пікір 7 Тамыз, 2014 сағат 08:59

Атырауда жарылыс жасамақ болған Абдул Ваххаб

Кейбір баспасөз беттерінде жазылып жүргендей, Атыраудағы  алғашқы  лаңкестіктік  әрекет   2011-ші жылы емес,  2005-ші жылы болғанын біреулер білсе, біреулер білмейді. Билікке ашық айбар көрсетіп, халық арасында дүрбелең туғызуды мақсат тұтқан  Абдул Ваххаб – Андрей Мироновтың Атырау қаласы әкімшілігінің ғимаратын жармақ болған  жымысқы әрекеті  облыстық ұлттық қауіпсіздік қызметі  сарбаздарының қырағылығы арқасында  жүзеге аспай қалды.

         ...Шымкент қаласының байырғы тұрғыны А.Миронов өмірден өз орынын таба алмай біраз сергелдеңге түсті. Тұстастары сияқты жұмыс жасап, тапқанын талғау қылуға мойыны жар берген жоқ. Ана бір жылдары үй салғысы келіп  біраз тыртақтаған, онысынан ештеңе шықпады. Базарға шығып, бағын сынауға еріншектік етегінен тартты. Оның үстіне артық ақшасы да жоқ.Арқа еті арша, борбай еті борша болып шаруашылықпен айналысқаннан көрі бір күнде байып, бір күнде атақты болудың жолын осыншама іздеді. Таба алмады.

Сәуір айының соңғы күні болуы керек. Анасының зейнетақысының ақырғы  теңгесіне алған салқын сыраны сыздықтата сорып, теледидар көріп отырған. Хабарды жүргізуші әлем жаңалықтарының соңында Еуропаның әр түкпірінде белең ала бастаған лаңкестік әрекеттер туралы айтып жатты. Қырғын халық жау шапқандай дүрлігіп, зәулім ғимараттар балауыз шамдай лапылдап жанған  көріністі көргенде орынынан қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалды. Көктен іздегені аяқ астында екен. Өлген әкесі тіріліп келсе де  бүйтіп қуанбас.

Осы кезге дейін босқа сандалған. Әу бастан өзінің дүниені дүр сілкіндіруге жаратылған жан екені енді санасына жетті. Сол сол-ақ екен, «мен де солардай болуым керек» деген ой күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Алайда,   алақандай Шымкенттен Испандық «ЭТА-БАСК» тобының, Солтүстік ирландиялық «ИРА» ұйымының, Жапониядағы буддалық «Аум Синрике» сектасының серкелерін қайдан  табасың? Жеңіл мінезді қыз емес, жарнамадан іздеп, жолыға қоятын. Біраз басы қатты. Сөйтіп жүргенде еретеректе мектепте бірге оқыған кластасы кездесе қалмас па... Ұмытпаса есімі Шавхат болуы керек. Мұны бірден таныды. Өзі шыттай болып киініп алған. Керемет бір әтірдің иісі мұрынын жарып бара жатыр. Сөйлеген сөзі қандай. Жан-жүрегіңді елжіретіп, көкірегіңдегіні тап басады. Ақша, жұмыс, жайлы пәтер, шетелдік машина деген мәселелерді баяғыда-ақ шешіп қойғанға ұқсайды. Таныстары  да көп. Алды Астана, Алматыда, арты Сауд Арабиясы, Пәкістанда болып шықты. Билік тұтқасын ұстап отырған дөкейлер дейді. Тіпті арасында депутаттар да, түрлі министрліктерде, құқықтық құрылымдарда істейтіндер де бар көрінеді. Қазіргілердің тілімен айтқанда «крышалары» мықты.

-Көп кешікпей дүние өзгереді. Кәпірлердің тұқымын тұздай құртып, билікті өз қолымызға алатын боламыз. Анау халықтың үстінен күн көріп жүрген қарындары қабақтай, бұттары таяқтай шенеуініктер мен билік басындағы әкімдерді табандарына тары салып қуырамыз. Олар хақ жолынан тайған азғындар. Кәпірлер.Баратын жерлері тозақ. Көр де тұр, әлемді мұсылмандар билейді.Нағыз әділдік, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман сол кезде орнайтын болады, - деген досына:

- Түсінбедім. Ұлтым орыс, дінім христиан. Сонда қалай, басқа сенімнің өкілі болғаным үшін мен де тозаққа қамалып, жазаға тартылам ба?- деп сұрады Андрей.

- Жо-о-оқ!  Сенің сыртқы кейпің ғана орыс. Негізінен әуел баста  мұсылман болуға  жаратылғансың Тағдыр кітабыңда солай жазылған.Исламды мойындауың үшін өзбек, татар, болмаса жөйід болуың шарт емес.  Көр де тұр, біздің бүгінгі кездесуіміздің тегіннен-тегін еместігіне көп кешікпей-ақ көзің жететін болады, -деп жауап берген Шавхат Андрейді баурап алды.

Сол жолғы Шавхат екеуінің әңгімелері  біразға созылды. Қаланың елеусіздеу жеріндегі дәмханада онша көп адам жоқ. Сыра, болмаса, ішімдік ішіп отырған кісілер де байқалмайды. Бірін-бірі танымаса да жылы шырай танытып, «бауырымдап» тұрған бір жан.  Үлкенге деген ілтипат, кішіге деген қамқорлық өмірлік қағидаттарына айналған сықылды.

 Бәрі де сақалды. Бұттарында балақтары қысқа шалбар. Әйелдер жағы үсті-бастарын тұмашалап алыпты (хиджап екенін кейіннен білді ғой). Басында ерсілеу көрінгенімен, біраздан кейіін  «әбүйірлерін әрең жауып жүрген біздің қыздарға қарағанда осы дұрыс-ау» деген ойдың санасын қалай шырмата бастағанын өзі де байқамай қалды. «Шавхат дұрыс айтады. Қазір еш жерде әділдік деген жоқ. Сенің тағдырың Құдайдың да, өзіңнің де емес, бастықтардың қолында. Қалтаңда  қыстыратын ақшаң болса ғана оларға жақындай аласың.Әйтпесе,  аштан бұралып жатсаң да ешкімге керек емессің. Сондықтанда  оларды жер бетінен қынадай қыру керек» деген алып-ұшпа ой миында қайтадан аттандай бастады. Андрейдің ішкі дүниесінде болып жатқан қопарылысты көзінен байқаған Шавхат:

-Көрдің бе, айналаңдағы әділетсіздікке сен де қарсысың. Неге біреулер басқаның үстінен күн көреді?!Бұл өмірде бай мен кедей деген болуға тиісті емес. Адамдардың бәрі бірдей болуы керек. Оған кәпірлерді құртып, халифат үстемдігін құрғанда ғана  жете аламыз.Ол үшін жиһад жариялап, мұсылман еместердің мойындарын шатырлата шабуымыз керек. Сен осыған келісесің бе?-дегенде :

- Ия, ия келісемін! Тек қана келіспеймін, мен сендердің қатарыңда боламын, - деп қалай айтып қалғанын өзі де байқамай қалды.

Сол жолы Андрей саналы түрде арақтан бас тартты. Өзі де ішкен жоқ.Үйіндегілерге де ішкізген жоқ. Шавхат берген ақшаға бірсыпыра киініп алды. Ескі телевизор мен тоңазытқышты күлге лақтырып, орынына жаңасын алды. Бұрынғыдай мақсатсыз көше кезуді мүлдем тоқтатты.  Үйінде отырып досы берген  діни  кітаптарды күні-түні қотаруға көшті. Оқыған сайын алдынан басқа бір әлем ашылып бара жатқан сияқты...

Арада бір апта өткенде Шавхат оны  қаба сақал орыс жігітімен таныстырды. Әр саусағы сәбидің білегіндей, еңгезердей жігіт екен. Үсті- басын түгелдей түк басқан. Шешен жерінде соғысып,  енді демалуға келіпті. Жүзі ызғарлы болғанымен, тілі майда. Андрейге бірден ұнады. Атақты Сайд Бурятскидің үзеңгілесі болып  шықты. Николай деген есімінен бас тартып, Абдолла деген атқа ие болған. Өзі сияқтылар ол жақта көп дейді.

Шавхаттың айтуы, Абдолланың қолдауымен Андрей де көп кешікпей жамағаттың ортасында тілін  кәлимаға келтіріп, мұсылманшылықты қабылдады. Соған сәйкес Абдул Ваххаб деген жаңа есімге ие болды. Анасы да  қарсы болған жоқ. Қайта «Дұрыс істедің. Екі күннің бірінде арақ ішіп жүргеннен, үйге ақша  әкелгенің жақсы емес пе!»-деп, одан сайын желпіндіре түсті. Қарындары тойып, киімдері бүтінделді.Тұрмыс түзеле бастады.

Келесі бір бас қосуында Шавхат: «Жоғарғы жақтан тапсырма келді.Жалпы біздің жұмысымызға  разы. Бірақ та сөзден іске көшетін уақыт жетті деп жатыр. Сондықтан да әр облысқа  бөлініп, ұйымдасқан топтар құруымыз керек. Қазір оған толық мүмкіндік бар. Бағаның күн сайын қымбаттауы, шенеуіктердің шектен шыққан жемқорлығы  біз үшін үлкен көзір. Әсіресе, жұмысқа кіре алмай жүрген,  оқуға төлейтін ақшалары жоқ, баспанадан, қаражаттан қиындық көріп жүрген жастарға сөзбен де, ақшаман де көмектесуіміз керек. Түрмеде жатқандардың арасына да өз адамдарымызды жіберіп, барлық жағынан қамқорлыққа алуымыз қажет.Сөйтіп, оларды да  өз жағымызға шығарамыз», - деп, әрқайсысына жеке-жеке тапсырма берді. Андрей-Абдулдың еншісіне Атырау қаласы тиді.

Қатарларына өзі сияқтыларды молынан тартып, лаңкестік әрекеттерге белсене қатысса төленетін ақшаның да көбірек болатынын естігенде Андрейдің төбесі көкке бір елі  жетпей қалды. Оған да керегі сол. Ол үшін қазір адамның өмірінен бұрын, ақшаның мәселесі  маңыздырақ. Сондықтан да Атырауға келе салысымен іске жан-тәнімен кірісті. Таныстар да, қолдаушылар да табыла кетті. Солардың көмегімен қысқа мерзімдік электриктер дайындайтын курсты бітіргеннен кейін жұмысқа да орналасып үлгерді. Анау-мынау жер емес, Атырау қаласының әкімшілігінде. Жеке жұмыс бөлмесі бар. Есік алдындағы полиция қызметкерлері  үшін бәрі бір. Кіріп-шыққан сайын ең болмаса  сөмкесін де қарамайды.

Әкімшілік ғимаратындағы сақтық шарасының тым төмен екендігі Андрейді «осы мүмкіндікті пайдаланып неге ғимаратты жарып жібермеске»деген ойға еріксіз жетелеп әкетті. Біріншіден, ешқандай қауіп-қатер жоқ. Екіншіден,  Қазақстанда билікке сес көрсететіндей  мұндай қопарылыс бұрын-соңды жасалған емес. Үшіншіден, бір әрекеті арқылы аты әлемге тарайды. Осы жоспарын Шавхатқа айтып, тиянақтағаннан кейін бірден іске кірісті. Электр желілерін ауыстыруды желеулетіп   әкімшілік ғимаратының  орналасу  тәртібі белгіленген сызбасын, барлық кабинеттердің құлыптарының көшірмесін жасатып алды. Бөлшектеп  жарылғыш қоспаларын  да жұмыс бөлмесіне әкеліп қойды. Енді оны  құрсатырып, күндізгі сапырылыстың кезінде ұялы телефон арқылы іске қосу  ғана қалды. Өз ойына өзі мастанған ол  жүрек жалғап алмаққа  үйінің бұрышындағы дәмханаға бұрыла бергені сол еді, қайдан келгені белгісіз, төрт жігіт төрт жағынан сау ете түсті. Есін жиғанша  қолына темір кісен салып, машинаға мінгізді. Сонда барып ол   таяқ тастам жерде тұрған қыруар ақша мен атақ-даңқтан біржолата айырылғанын түсінді. Бірақ бәрі де кеш еді. Атырау қалалық соты  Андрей Миронов-Абдул Вахабты ҚРҚК 251бабы (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу,беру, өткізу,сақтау, тасымалдау немесе алып жүру ) және 233 бабы (терроризм ) бойынша айыпты  деп тауып 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сөйтіп, өзгелердің қыршынынан қиылған өмірі мен нақақтан төгілген көз жасы арқылы халифат қаһармандары қатарынан орын алып,  Біріккен Араб Әмірлігінде рахат тұрмыс кешпек болған А.Мироновтың асыл арманы қиял-ғажайып ертегілеріндегідей тұманданып кетті.

...Бұл кезде  Шавхат досы Андрейдің тағы бір қандасын өз жағына тартпақ болып басын айналдырып жатқан болатын...

Боранбай  ҒАЛИЕВ,

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373