ХАЛИФАТТЫҢ КАРТАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ҚАУІП ҚАЙДАН?
Сирия мен Ирак жерінде халифат құрғандарын жариялаған террористік топтың Қазақстанды да өздерінің құрамына кіргізу жоспары бар сияқты. Ұлыбританиялық "Дэйли Мэйли" басылымы жариялаған мақалада олардың картасы мен алдағы 5 жылда Қазақстан жерін түгелдей өздеріне қосып алуды көздегені айтылған. Қазіргі уақытта Қазақстанның ресми органдары бұған қатысты үнсіз жатқанымен, саясаттанушылар қауіптің бетін қайтару туралы ойларын ортаға салды.
Жаңа мемлекет өмірге келді деп жар салған халифатшылар өздерінің көшбасшыларын да сайлап алған. Экстремистердің көсемі Абу бакр Ал-Бағдади дүние жүзі мұсылмандары халифке адалдығын білдірсін және қолдасын деген ұран тастапты. Ислам атын жамылып қарулы күшпен ойран салып жүрген жиһадшылардың картасына Қазақстанның түгелдей кіріп кетуі елдегі діни ахуалдан да хабар беретіндей. Жақында ғана Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстаннан бастап, діни ахуалды зерттеп АҚШ-қа дейін барып келген Ерлан Қарин мәселеге өте нәзік қарау керек дейді.
ЕРЛАН ҚАРИН, саясаттанушы:
- Орталық Азия мемлекеттеріне тікелей қарулы түрде кіру мүмкіндігі жоқ. Ондай ықтималдылығы төмен. Дегенмен бұл ұйымның, бұл топтардың жұмысына жайбарақат қарауға болмайды. Мұндағы негізгі қауіп – біздің елдің азаматтары қазірдің өзінде Ирак пен Сириядағы ұрыстарға қатысуы.
Сирияда соғыс жүргізіп жатқан террористер маусым айының басында Ирактың батысы мен солтүстігін жаулап алған. Бірнеше қала мен елдімекендерді басып алып, 500-600 миллион доллардай қаржыны қалтаға басқан халифатшылар, расымен, әлемге қауіп төндіріп тұр дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, қаржының көмегімен жүзеге асатын лаңкестік әрекеттерге жол бермеу үшін, жиһадшыларды қазіргі мекендерінде тұншықтыру қажет.
АЙДОС САРЫМ, саясаттанушы:
- Бірден бір осыған жауапты ұйым ол - діни басқарма. Яғни біз өзіміздің дінімізді дұрыс түсіндіріп, жеткізіп жатқан жоқпыз. Оларға сырттан келіп жатқан, интернет арқылы, басқа арқылы, миссионерлер арқылы келіп жатқан ақпараттар әлдеқайда сенімді, нанымды, дәлелді болды деген сөз ғой бұл.
ЖАРАС НИЯЗБЕК, тілші:
Қазақстаннан жиһадқа аттанған діншіл отандастарымыз туралы, олардың қазіргі жай-күйі жайында ресми орындар мен арнайы мекемелер жақ ашпай отыр. Ғаламдық желіге жария болған халифат картасы жай ғана үгіт-насихат құралы деген күннің өзінде, таяу шығысқа аттанған қандастар қайта келіп, елімізге қауіп төндірмесіне кім кепіл.
Дереккөзі: 31-арна