Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4490 0 пікір 6 Мамыр, 2010 сағат 03:53

Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны (Жалғасы)

Тағы да «мемлекеттік» төңірегінде

Тағы да «мемлекеттік» төңірегінде

«Мемлекеттік» тілдің еріксіз жағдайында тығырыққа тірелген ең басты себептердің бірі - республиканың күрделі ұлттық құрамында, оны басқару тетігінде ғана емес. «Ұлтаралық» әмбебап орыс тіліне әуелден-ақ барлық деңгейде  кең өріс берілді. Мұнсыз әкімшілік жүйесінде, сырт елдермен қатынаста, тіпті, өз ішімізде аттап басу мүмкін емес-ті. Бірақ «ұлт-аралық» қатынас құралы - өткінші сыпатты, аз ба, көп пе, белгілі бір тарихи кезең, шектеулі уақытқа ғана есептелуге тиіс-ті. Бес, он жыл емес, жаңа бір әулет қалыптасқанша, бүгінгі, тек қана орыс тілді буын мемлекеттік тілге біржола икемделіп, үйренбегені, үйрене алмағаны, түгел болмаса да, көпшілігі табиғи өмір заңдылығымен негізінен өз орнын жаңа толқынға босатып... бір сөзбен айтқанда, барлық сала, барлық құрылымда мемлекеттік тілді еркін игергендер басым көпшілікке айналғанға дейінгі  - айталық, ширек ғасырға. Бұл жиырма бес жылыңыз тым ұзақ уақыт емес, міне, тең жарымынан астамын өткеріп тастадық, алға бір қадам жылжығамыз жоқ, керісінше, Колбин кезіндегі тиянағымыздың өзінен біржола айырылып отырмыз. Басқаны былай қойғанда, ол кезде ана тіліңізді ешкім ашық қорламаушы еді, енді қазақ тілі - мазақ тілге айналды. Қазақты әбден басынған, бөтен тілді «отандас» ағайындар тарапынан ғана емес; ең алдымен өзіміздің түрі қазақ, ділі қара, діні теріс, пиғылы арам, кісілік, мәдениет атаулыдан мақұрым, екі аяқпен жүргені демесе адам кейіпте ештеңесі жоқ, бұрынғы-соңғы тарихта ұшыраспаған, керек десеңіз, тек қазақта ғана бар, әрі құбыжық, әрі сорлы, өзгеше кейіпте нәсіл - отарлық заманның лай-батпағынан құйылып, жуынды-кірімен суарылған, мәңгүрт дейсіз бе, көзқаман дейсіз бе, әйтеуір не орыс емес, не қазақ емес, ешбір қоғамдық топқа жатпайтын дүбәра қауым тобырынан. Атап айтқанда, біз тіл білмейтіндердің бәрін дүбәра демейміз. Бақытсызық болмаса да, кембағалдық болмаса да, бір несібенің кемдігі ғана. Обалы - заманда емес, ата-анасында. Жат ортада иесіз өскен, балалар үйінен шыққан, бір қазағы жоқ Қиыр Шығыс пен Мұзды Терістікте, Сахалин мен Магаданда қазақ әке, орыс шешеден туып ана тілінен мақұрым қалған мүскіндерге өкпе айта алмассың. Одан бергі, өз  ішіміздегі тілсіздерге де түсіністікпен қарауға болар. Қайтсең де тіл үйрен деген талап қоймайық. Біреудің жасы өтіп кеткен, біреудің қабілеті кем, енді бірі қажетсінбеді. Мейлі. Бірақ тілсіз «қазақ» осымен тоқтаса ғой. Жоқ. Бәрі емес, әрине, біразы тоқтай алмайды. Тілдің керегі жоқ деп жариялайды. Жай ғана жариялап қоймайды, өзінің осы пікірін дүниауиғылыми тұрғыдан дәлелдейді. Марк Твеннің бір кейіпкері: «Жұрттың бәріне түсінікті ағылшын тілі тұрғанда, Франциядағы жұрт неге француз тілінде сөйлеуі керек?» деп айтқандай бейкүнә аңғалдық емес. Сол тіліңіздің өзінің мүлде қажеті жоқ деп тұжырады. Қажетсізі - қазақ тілі деген - ғылым, білім, саясат, әдебиет түгілі, үй іші, от басындағы қарапайым ұғымдардың өзін жеткізуге дәрменсіз, дүниедегі ең сорлы тіл. Айтсаң ауыз саситын, таңбаға түсірсең, қағаз былғанатын, осы бір сөзімен-ақ аты-жөні қазақтан өтіп, бүкіл Ресейге, тіпті, одан да арғы аймаққа белгілі болған, белгілі ғана емес, үлкен бедел, сыяпатқа жеткен тарихшы профессор айтыпты. Ендеше, әлемдегі ең жұтаң, дәл осындай бейшара тіл шын мәнінде мемлекеттік мәртебе алсын деп жүргендер - тас дәуірінің жабайылары қатарлас, ақымақ, надан, топас, түйсіксіз кісілер. Бұл сөзді қазақ тілінде қазақ тарихына қатысты қаншама роман жазып кеткен, сол үшін тірлігінде бүкіл қазақ халқының ықылас-құрметіне бөленген атақты жазушының аз ғана уақыт алдамшы байлыққа жұғысқан  жалғыз баласы айтыпты. Осыдан соң қайда барайық? Қос құлағы бірдей тілік болып шыққан бұл екеуі - көктен түскен шетін емес. Туған халқына дұшпан, теріс ниетте қалыптасқан бүкіл дүбәралар әулетінің алдыңғы шептегі жаршылары. Айтып отырғандары - өздері ойлап тапқан кеп емес. Сол, жұртынан безген дүбәралар нәсілінің жиын ортасында қалыптасқан философиялық, қоғамдық, саяси және әлеуметтік көзқарастардың түйінді көрінісі. Мейлі дер едік. Қоқыр жәшіктерді ақтарып жүрген бомждар сияқты, базарда кәсіпшілеп жүрген кәрмәншіктер сияқты, соғыс аймағынан, апат ортасынан келдім деп, қаптап кеткен, әр бұрашта қол жайып отырған қожалақтар сияқты, ұнатпағаныңмен, амалсыз шыдайтын, ешқайда көшіріп жібере алмайтын тағы бір бейбақ деп қоя салар едің. Қазаққа қарсы ашық майданға шыққан - жаңағы екеуі ғана емес. Толып жатыр. Біреуінің аты өшсе, екіншісі бой көтереді, ол жоғала бергенде тағы біреуі табылады. Өткені тіріліп, жаңасы жаңғырып жатады. Орыс тілді басылымдарды дауылдатып, радио мен теледидарды дарылдатып, кейде қосағымен, кейде тобымен ереуілдеп, тыныш отырған үйіңде төбеңді ойып бара жатады. Ешкімнен ұялмайды, ештеңеден тартынбайды. Бұларға тыйым, тоқтам және жоқ.

Осының өзі-ақ бүкіл ұлтты аздыруға жетіп артылар еді. Сөйтсек, бұл - бергі көбік, сыртқы көрініс қана екен. Шын сұмдық тереңде жатыр. Мемлекеттік құрылымда. Барлық деңгей, барлық саладағы. Ұйымдасқан, ұлттық бағдарлама бойынша емес. Стихиялы түрде қалыптасқан заңдылық. Қалайша десеңіз...

Күні кеше ғана Советтер Одағы ыдырады емес пе. Бәрінің соңынан болғанымен, өз кезегінде Қазақстан да тәуелсіздік алды ғой. Хош. Сонда... тәуелсіз жаңа мемлекеттің билік басына кімдер ие болды? Әрине, төңкеріссіз өткен бейбіт аударыста бәрі өз орнында қалды. Яғни, бұрынғы портноменклатура. Әлбетте, бұлардың бәрі бірдей жаман кісілер емес еді. Туған халқына теріс қарамайтын жақсылары бар. Екеу-үшеу, бесеу-алтау. Бәлкім, жиырма-отыз. Өте жақсысы да бар. Бір кісі. Бәлкім, соған жалғас тағы екі-үш адам. Жинап келгенде... нешеу? Ал ең жоғарғы деңгейдегі номенклатурадан тартып, ең төменгі ауылдық, аудандық   номенклатураны түгел тізімдесек... әлденеше жүз, бәлкім бірталай мың. Соның бәрі жаңа елдегі үлкенді-кішілі тұтқаға ие бола кетті. Тұтқаға ие болған мыңдық арада бірер жыл өтер-өтпесте миллиондаған байлыққа тағы да құрық салды, елдегі барды түгел астыға басты. Мұның бәрін өзіңіз де білесіз. Қайталап отырғанымыз, бұл құрметті бай-манаптардың біразының жасы келген еді, біразы ауру-сырқаулы еді. Кейбірі өзінен үлкеніректерге жақпай шеттетелді, яғни, тәуелсіздік әкелген жаңа құрылысқа туы көтеріліп араласа алмады.

Әйткенмен, бұлардаң бәрінің өз балалары немесе шөбере ағайындарының әулет-жұрағаты бар еді. Кешегі номенклатураның бүгінгі жас толқын ұрпағы, әрине, көбіне-көп қазаққа жат пиғылда өскен және барлығы дерлік қазақ тілінен тақыр-таза мақұрым болатын. Оның есесіне әкесі, ағасы, жекжаты, яғни сүйеніші бар және қаратабан жаяу емес, бәрі де әйтіп-бүйтіп жоғары білім алған. Енді тәуелсіз жаңа мемлекетті басқаруға тиіс жаңа күш қай тараптан құйылуға тиіс? Бірінші кезекте кім? Кешегі партноменклатура әулеті.  Сөйтіп Қазақстан Республикасы деп  аталатын егемен еліміздің бүкіл мемлекет жүйесіндегі, әр түрлі деңгейдегі тетік, яғни жауапты қызмет иелерінің басым көпшілігі туған тілінен мақұрым сарбаздар болып шықты! Манадан бергі ұзынсонар сөзіміздің бар мәнісі осында.

Әрине орыс ағайындар айтпақшы, исключениесіз правила (о) болмайды. Іскер, дарынды ғана емес, ұлтын сүйетін, тіпті бірлі-жарым қазақша да білетін, болашақта ұлтына тұлға болуға лайық жастар да бары күмәнсіз. Алайда, партноменклатура, кейде, тіпті, «зиялылар әулетіне», бұлардың жаңа буын - жас ұрпағына тән ең басты белгі - тілсіздік пен ұлтсыздық. Бойкүйез тілсіздік, бейтарап ұлтсыздық емес, белсенді тілсіздік, жігерлі... жауынгер ұлтсыздық.

Бір ғана ғажайып мысал. Осыдан екі-үш жыл ғана бұрын, тым шұғыл өсіп, аз ғана уақытта Сыртқы істер министрі  дәрежесіне жеткен, яғни аса дарынды, қабілетті, әрі іскер бір баламыз Республика Парламенті алдында есеп беріп тұрып: «Сыртқы істер министрлігіне, жалпы халықаралық дипломатияға қазақ тілінің керегі жоқ, демек, біздің қызметкерлердің қазақ тілін білуі де қажетсіз!» деген мәлімдеме жасады. Естіген жұрт есін жия алмай қалды. Сөйтсек, орыс қана емес, ағылшын, бәлкім, неміс, француз, испан, қытай, бәлкім, тіпті, зулу, коса, суахили, тағы басқа, біз атын да естімеген қаншама тілге жетік баламыз қазақшаға келгенде... ни-ну, тыпыру-тіпу... мұрнын көрсете алмайтын дәрежеде екен. Ал осы ақыл-есі түзу, ғылым-білімі бар, ыспар әрі іскер баламыздың шешесі - қазақ тілінің мұғалімі, әкесі - әдебиет маманы, профессор, екеуі де ана тілінде сайрап тұр, керек десеңіз, ағайын-туыс бас қосқан жиын-тойда күні бүгінге дейін Қыз Жібек пен Төлегеннің дуэтін қосылып айтады. Сонда... не керемет? Кезінде білмей қалған бала енді ептеп үйреніп.., үйренбесе де, дипломатиядан алған азды-көпті сабақ жөнімен, туған халқының мыңжылдық тілін, өзін биік мәртебеге көтеріп отырған мемлекетінің шарты болса да «мемлекеттік» деп аталатын тілін, біржола мансұқ етпей «огоровка» жасап, қиялай шығып немесе үндемей құтылуға болмады ма?  Болмады. Ақыл-парасаты, дипломатиясы жетпегеннен емес. Қалыптасқан, қазаққа қарсы көзқарас, астам, ұлтсыз пиғыл көкейдегі ақиқат шынын айтқызған. Қазақстанның бір тұғырын ұстаған, биік дәрежелі мемлекеттік қызметкердің, жай ғана қызметкер емес, басқа жұрттарға өз елінің елдік бейнесін танытатын азаматыңыздың сиқы осындай болса, басқасынан не қайыр?

Бұл - жалпы көпке әшкере болып қалған жағдай. Жабығы қанша, астары қанша - мың сан. Анығын айтсақ, дәл қазіргі кезеңде қазақ тілінің мемлекеттік өрісін тарылтып, қолдан келгенше қарсы әрекет жасап, тек тіл ғана емес, қазақ рухы көрініс табар барлық сала, барлық жерде ұлттың өрісін шектеп, болашағына балта сілтеп отырған - басқа емес, тілсіз, түйсіксіз, имансыз қазақ текті шенеуніктер. Қазақ атты мемлекет ту көтергеннен кейін, өзінің құжаты қазақ, түрі қазақ болғаннан соң осындай мансап-дәрежеге жеткен екем деп  әсте ойламайды. Бесіктен бастап алған теріс тәрбие, теріс оқу нәтижесінде мүлде басқа, ұлт емес, үйренген орысымның садағасы кетсін, адам атаулыға жат жаңа бір популяцияның өкілі ретінде қалыптасқан дүбәра нәсіл - қазақ атаулыны түршіге жек көреді. Мәпелеп өсірген өзіміз. Мәуелі жемісін де өзіміз көріп отырмыз. Кеш те болса тоқтау салатын қауқар және жоқ. Керек десеңіз, оп-оңай үйретіп, тәубасына түсіруге, оны аз десеңіз, ұлтшыл айғайшының ең даурықпасына айналдыруға болар еді. Тағы да ұлттық рухтың жарымжан қалпынан. Ондағы емес, біздегі. Шынында да сол дүбәралардың құтыруына ең алдымен адамның азғыны, халықтың қоры болып отырған мына біздің өзіміз кінәлі емеспіз бе!

Басқа бір ел, басқа бір жерде дәл осындай бір әулекі өзінің тілін қорлап, ұлтын балағаттап, көп алдына шықсыншы, не болар екен! Чешенстан атып тастар еді. Өзбекстанда түрмеге шірітер еді. Қырғызстанда сабап, сирағын сындарар еді. Шынын айтсақ, атпас еді, шірітпес еді, сабамас еді. Өйткені, сондай жағдайдың, яғни ұлтын қорлаудың мұндай түрі ешбір елде мүмкін емес. Тек бізде ғана айрықша өркендеп, құлпыра гүлдеп, ішіне шошқаның нәжісі толған қауғадай жемістер беріп гүлдеп тұр. Алдағы көрешегің - одан да зор.

(Жалғасы бар)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366