Сенбі, 23 Қараша 2024
Осы ғой енді... 7315 0 пікір 23 Маусым, 2014 сағат 10:48

Қажымұқан Ғабдолла. ҚАЗАҚ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?..

...Қазірдің өзінде Қазақ елінде жар­ты миллион қытай қаптап жүр екен. Бұл – ресми ақпарат. Ал, қазақ жеріндегі ресми емес, шынайы саны қанша қара қытайдың?!. Бұл сауалға ешкім, ешқашан жауап бере алмайды, өйткені,  бұл сұраққа  бүгінгі қазақ билігінде отырғандар жауап бергізбейді...

 Соңғы үш жылда қазақ топырағындағы қытайлардың қарасы екі есеге өскен. Қытай мен қазақтың былтырғы тауар айналымы 28,6 млрд АҚШ долларын көлеміне жетті.

Қытайдың миллардтарын әкелуге серт беріп, «сенімнен шыққан» (аны­ғын­­да, қазақтың жеті ұрпағын қарызға тыққан) жаңа үкіметбасы Кәрім Мәсім­ов мұнысынмен тынбай, Бурабайда Елбасының бұрын-соңды бармаған аса жауапты да аса қауіпті шешім-жарлығына қол қоюына қол жеткізді.

 Жалпы, өз еліне қаржы тартып, инвестиция әкелу үшін халқының 5/1-і жұмыссыз жүрген кедей-кепшігі қалың Қазақстан сияқты елде сырттан келген жат елдік жұмысшыларға шектеу қоймау, оларды корпортивтік, мүлік, тіпті, жер салығынан құлан-таза босату – бүгінге дейін адамзат тарихында болмаған шығар.

Мысалы, мен – қазақпын. Бірақ, өндіріске кілең шетелдіктер тартылғандықтан, менің жұмысым жоқ (жоғарғы білімім туралы дипломымның бар-жоқтығы маңызды емес). Әйткенмен, мен бір тиын таба қалсам, барлық салықтардың түрін, соның ішінде, корпортивтік, мүлік, жер салықтарын түгелдей әрі толық төлеуім керек. Ал, менің еліме небәрі 20 млн АҚШ долларымен бірге айталық, 200 мың жұмысшы-қызметкерлерін қатар әкеліп, қосқан қаржысының басым бөлігінің кірісі мен рахатын өзі көріп, ұшан-теңіз пайдаға батқан қытай немесе орыс бақандай 10 жыл бойы аталған салықтардың бірін де төлемей, алшаң басады екен. Бұл не деген батпай құйрық?!. Бұл қандай есеп-қисап? Кімнің отын көсеп, кімнің мүддесін көздеген жарлық, бұл?!.

Мұны аз десеңіз, жердің иесі ма­ған ғұмырымда қарастырылмаған инвес­ти­ция­лық субсидия әлгі келімсек жұмыс­шыларға бөлінеді. Осы да әділдік пе?!.

Ол-ол ма, шетелдіктердің пайда­лануға берген нысанының капиталдық шығынының 30 пайызын тағы да қазақ үкіметі төлеп, тесігін жабатын болады. Оу, ағайын, шетел инвесторының алдында басымызды жерге тигенше иетіндей не басымызға күн туды. Әлде, жердің бетінде шетел қаржысын тартқан жалғыз ел біз бе?..

Кеден Одағының кесірі мен Еуразиялық Одақтың ойраны аз ба, бізге?.. Мықты болсақ, алысты аңғарсақ, кешегі «Еуропаға қарай он қадам» дейтін бағытымыздың бағын неге жандырмаймыз?..

Ожар орыс пен қыңыр қытайдан бас­қаны көрмейміз бе?.. Өзгеге өзеу­ре­меген өзбектің өзегі талып, қыр­ғыз­дың сағы сынған жоқ қой. Елдің ал­дына түсіп алып, шоқ басқан тау­ық­тай тызылдайтынымызды қашан қоямыз?..

Қазақ қоғамы Бурабай жарлығын есіткеннен кейін қалайша қол қуысырып, қалың ұйықтай алады?.. Болашағына балта шабылып, келешегіне кісен салынып жатқанда, ауызын ашпайтын оппозиция мен зиялы қауымның құны қанша, сонда?!.

Осыдан үш ғасырдай бұрынғы Бұқар Жыраудың қаны тамған семсер-сауалы тағы да алдымыздан шықты:

«Керей қайда барасың,

Сырдың бойын көбелеп?..

...Көшің кетер бір жаққа,

Малың кетер бір жаққа,

Көш соңынан жете алмай,

Есің шығар сол шақта.

Жар басына қамалып,

Жарты лашық тігерсің.

Ауызыңнан ас кетер,

Қара көзден жас кетер.

Бұ қылығың қоймасаң,

Сонау кеудедегі дулығадай бас кетер»...

...Иә, қазақ, қайда барасың?..

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371