Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7820 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 13:57

Әлемдегі ең қауіпті қызмет - Америка президенті болу

Шамасы әлемдегі ең қауіпті қызмет - Америка президенті лауазымы шығар. Ешбір қауіпсіздік қызметі оны 100 пайыздық қорғаныспен қамтамасыз ете алмайды екен...

* * *

Авраам Линкольннің өлімі АҚШ президентерінің өміріне жасалған қастандықтар тізімінде көш бастап тұр. 

Кісі өлтірушінің оғы президент Джон Кеннедиді нысана алған кезде бүкіл әлем 1963 жылы 22 қараша күні Далласта болған таргедиялық оқиғаның куәгері болған еді. 

Джеймс Гарфилд президент лауазымында бар-жоғы төрт айға жуық уақыт қызмет атқарды және 1881 жылдың 2 маусымында ұйымдастырылған қастандықтың құрбаны болды. Президенттің арқасына оқ атылған кезде ол Вашингтондағы темір жол вокзалында болған еді. Ауруханаға жеткізу үшін зембілге жатқызғанша президент «Құдайым! Бұл не?» сөздерін айтып үлгеріпті.

Атқан адамды тұтқындау кезінде ол әлі түтіні шығып тұрған табаншасын қолында қысып тұрған. Қастандық жасаған – өз уақытысында президент саяси қолдау көрсетуден бас тартқан тым оңшыл ұйымның мүшесі Чарльз Гиго болған. 

Гарфилд қастандықтан кейін он бір аптадан соң қан қағындысынан көз жұмды – шамасы стерильденбеген хирургиялық құралдарды қолданғандықтан болуы мүмкін. 1881 жылы 20 қыркүйек күні бұрынғы вице-президент Честер Алан Артур Құрама Штаттарының президенті болды.

Қастандықтан кейін, бір жылдан соң Чарльз Гито, ақыл-есінен адасқаны жайлы болжамдарға қарамастан, өлім жазасына тартылды.

1901 жылы АҚШ елінің президентіне үш рет қастандық жасалды. Бұл жолы қастандықтың құрбаны Уильям Мак-Кинли болды. Ол өзінің төртжылдық президенттік мерзіміне екінші президенттік мерзімнің алты айын өткізіп үлгеріпті. Өзінің президенттік мерзімінде АҚШ-тың әлемдік державаға айналуының арқасында Мак-Кинлидің атақ-даңқы асқақтай түсті. Оның экспансионисттік саясаты теңіздің арғы бетінде империяның құрылуына әкелген болатын: америкалық мүдде қатарына Гавайи, Гуам, Филиппин және Пуэрто-Рико кірген болды. Бұл өз кезегінде, біреулерді қуанышқа бөлесе, енді біреулердің наразылығын тудырды. Және наразылық білдергендердің ішінде поляк анархисті Леон Жолгош болған еді. 

6 қыркүйек күні президент Мак-Кинли Буффалодағы панамериканлық көрмеге келді. Ол жиналған қауымға құттықтау сөз айтып, сосын жиналған жұртпен бірге орталық аллеямен павильондардың біріне бет алды. Жолгош  қол созу арқылы президентпен амандасқысы келген сыңай танытып оған жақындай түседі. Ал оның қолында орамалмен жабылған тапанша болады. Қылмыскерді қарусыздандырып, жерге құлатқанша ол екі рет президентке атып үлгереді.

Президенттің жарақаты алғашында дәрігерлердің үрейін алады. Және бұл оның денсаулығының күрт нашарлап кетуінің себебі болуы әбден ықтимал. Бір аптадан соң президент дүниеден озады.

Леон Жолгош сот алдына келіп, кісі өлтіргеніне айыпты деп танылып, 1901 жылы 29 қазан күні электр орындығында өлім жазасына тартылған болатын. 

Мак-Кинлидің Ақ үйдегі мирасқоры 42 жастағы Теодор Рузвельт  болды. Ол Құрама Штаттары тарихындағы ең жас президент саналады. Жас болғанына қарамастан, ол өте беделді саясаткер  болған. Теодор Рузвельт президент лауазымында екі мерзім (1901-1909) қызмет етті. 1912 жылдың 14 қазанында Висконсин штатының Милуоки қаласында орналасқан «Гиппатрик» қонақ үйі маңында Джон Шрэнк есімді азамат АҚШ президентін аңдып, оған қастандық жасады. Аталған қастандық Рузвельтті Ақ үйде үшінші мерзімге қалдыруға байланысты сайлау науқаны кезінде жасалған еді. Жарақатына қарамастан президент өзінен күш тауып, сайлаушылар алдында сөз сөйлеп болғаннан соң ғана дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Көп ұзамай ол жарақатынан сауығады, бірақ сайлауды өзінің қарсыласы – республикандық Уильям Говард Тафтке жеңіліп қалады.

Президентке оқ атқан Джон Шрэнк ақыл-есінен адасқан болып есептеліп, соттың шешімімен психиатриялық ауруханаға жіберілді және отыз жылдан соң ол көз жұмған болатын.

1951 жылдың күз маусымында Ақ үйдегі жөндеу жұмыстары біткенше президент Гарри Трумэн Вашингтонның Пенсильвания-авеню көшесіндегі резиденциясына уақытша қоныс аударады. Бірінші қараша күні түскі астан соң Трумэн өз кабинетінде демалып жатқан кезде екі пуэрторикандық сепаратист – Оскар Кольязо мен Гризелио Торресола, соңында белгілі болғандай, үйге жасырынып кіріп, президентті өлтірмек болған. Күзет пен шабуыл жасағандар арасында үш минуттық атыс орын алады. Нәтижесінде Трресола мен күзетшілердің бірі мерт болды, ал Кольязо  тұтқындалған болатын. Сотта қылмыскер серіктесі екеуі аман қалуға үміттенбегендіктен тек бір бағытқа қана билет алғандарын айтқан. Кольязо АҚШ президентін өлтірмек мақсатта астыртын әрекет жасағандығына айыпты деп танылып, сот шешімімен өлім жазасына тартылған болатын. Ал Трумэн электр үстелін өмір бойлық қамауға ауыстырып берген екен. 

1975 жылдың қыркүйегінде АҚШ президенті Джеральд Фордтың өміріне қатарынан екі қастандық жасалған. Олардың біріншісі 5 қыркүйек күні Сакраментода болыпты. Таңертең президент оққағаларымен бірге "Сенатор" қонақ үйінен шығып, іскерлік кездесу жоспарланған ғимаратқа бағыт алады. Үлкен қонақты қошеметтеуге жиналған жұрттан өтіп бара жатып, адамдармен қол алысады, кенеттен ұйпа-тұйпа болған жас әйел тапаншамен президентті көздеп, оған атыла түседі. Бірақ ешқандай оқ атылмайды. Қауіпсіздік қызметінің агенттері террорист әйелді ұстап алған кезде ол жынын шақырған бақсыдай "Тапанша атпай қалды, атпай қалды" деп қайталай берген. Кейінірек қаруды зерттеу кезінде полиция қарудың оқталғанын, алайда от алмай қалғанын мәлімдеді. Ұсталған әйелдің жеке басын анықтау кезінде оның бүкіл Америкаға үрей тудырған Чарльз Мэнсонның лаңкесттік ұйымының мүшесі жиырма төрт жастағы Линетт Фромм екені белгілі болды. 

Сакраментодағы оқиғадан соң, үш аптадан кейін яғни 1975 жылдың 21 қыркүйек күні президент Форд Лос-Анджелестегі қонақ үйден шығып бара жатқанда оның өміріне екінші қастандық жасалды. Осы оқиғаның куәгерлерінің бірі: "Президент қонақ үйден шыққан кезінде қарсы алушы жұрт қозғала бастаған және кенеттен қарудың дауысы естілген. Біз көшенің қарама-қарсы жағынан түтіннің шыққанын байқадық. Президент не істерін білмей тоқтап қалды. Құпия қызметінің агенттері тез арада оны автокөлікке итермелеп кіргізіп жібергені сол, көлік бірден жүріп кетті..."

Қауіпсіздік қызметінің бір топ агенті сасқан президентті әкетіп бара жатқанда, екінші топ әлі де қолына тапанша ұстап тұрған 45 жастағы әйелді тұтқындап жатты. Тұтқындалған әйел солшыл қозғалыс белсендісі, Сан-Францискода кеңінен танымал болған Сара Джейн Мур болып шықты.

Екі қылмыскер де Америка Құрама Штаттарының президентін өлтірмек болды деген айыппен сот алдында келіп, сот шешімімен ұзақ уақытқа түрмеге қамалған болатын.

Америка президентін тағы бір өлтіру әрекеті 1981 жылдың 30 наурызында орын алды. Құрылысшылар кәсіподағы съездінде сөз сөйлегеннен соңРональд Рейган вашингтондық «Хилтон» қонақ үйінен шығады. Қонақ үй подъездінен президент лимузиніне небәрі жиырмаға жуық қадам болған. Жол-жөнекей президент жаңбырға қарамастан мемлекет басшысын көруге жиналған адамдарды қошеметтеумен болады. Кенет біреу оны айғайлап шақырады: «Президент мырза!» Рейган бұрылады және дәл сол кезде төрт рет атылған қарудың дауысы шығады.

Бұл уақытта қауіпсіздік қызметінің агенттері оқ жаудырған адамды қарусыздандырумен болады. Көп адам жарақат алған еді, баспасөз-хатшы Джим Брэди болса өте қиын жағдайда еді. Басқалардың жарақаты, қуанышқа орай, аса қауіпті болмады.

Қан  жосып жатқан президент тез арада Джордж Вашингтон университетінің ауруханасына жеткізіледі. Сол жерге зәре-құты қашқан Нэнси Рейган да келіп жеткен. Тіпті осындай драмалық жағдайларда әзілі жарасқан бұрынғы Голливуд актері операция бөлмесіне әкету керек каталкаға түсіп жатқан кезінде әйеліне күлімсіреп қарап: «Қымбаттым, мен бар болғаны оқтан жалтарып кете алмадым» депті. Дәрігерлерге көз тастап, тағы да бір рет әзілдеген екен: «Жігіттер, сендер республикалық шығарсыңдар?».

Америка астанасының үздік хирургтары бір сағат ішінде президент өкпесінен оқты алып тастады. Хирургтардың бірі «Президент өмірі қыл үстінде тұрды...» деген болатын. Бірақ Рональд Рейганның үлкен жасқа келуіне қарамастан, ол жылдам сауығып кеткен.

Президентке оқ атқан Джон Хинкли жиырма бес жастағы диск-жокей болып шыққан. Оған АҚШ елінің президентін өлтірмек болды деген айып тағылды, бірақ қылмыскер ес-түсін білмейтін адам болып шыққан. Нәтижесінде сот оны өмір бойы ақыл-есі ауысқан адамдарға арналған ауруханада ұстау шешімін қабылдады.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Massaget.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383