Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 4846 0 пікір 18 Маусым, 2014 сағат 12:18

ҚАЗАҚСТАН – ГАСТАРБАЙТЕРСТАН

ҚАЗАҚСТАН – ГАСТАРБАЙТЕРСТАН: ШЕТЕЛДЕРДЕН ЖҰМЫС КҮШІ ШЕКТЕУСІЗ КЕЛЕТІН БОЛДЫ

Қазақстанға келетін инвесторлар 2014 жылдың 10 маусымынан бастап жаңа жеңілдіктерге ие болды. Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов «шетелдік жұмысшыларды квотадан тыс Қазақстанға алдыру шарты тек инвесторлармен келісім-шарттарда бөлек қарастырылады», деп дүйсенбі күні мәлім етті.

Бұл не деген сөз? Яғни, ендігі жерде Қазақстанға шетелдік жұмысшыларды кіргізу – ҚР заңдары аясынан тыс, үкімет пен жекелеген компания арасында жасалған келісім-шарт бойынша да жүзеге асады деген сөз. Қысқасы, қазақтарды алдамсыратқан бұған дейінгі заңдар (мәселен, шетелдік жұмыс күшін тарту туралы) әдірам қалады деген сөз.

Ал бұл келісім-шарттарда қанша шетелдік келетіні Қазақстан қоғамына белгісіз жәйт болып қала бермек. Өз кезегінде, ел ішінде екі қолға бір күрек таба алмай мыңдаған жұмыссыз сенделіп жүр.

Бірден айту керек, заңды желбегей жамылған үкіметтік актілердің арқасында бұдан былай инвестор-шетелдіктер жұмыс күшін заңда белгіленген квотадан тыс, ешкімнің рұқсатынсыз-ақ алдыруға құқылы...

Ендігі жерде елге шетелдік жұмысшыларды есепсіз әкелуге мүмкіндік беретін келісім-шарт талаптарына байланысты ақпарат қазақстандық қауымды елең еткізуі тиіс. Себебі, Қазақстаннның шетелдік инвесторлармен жасаған келісім-шарттары сонау 90-жылдардан бері халық үшін үлкен құпия. Мәселен, Каспий аймағында мұнай өндіріп жатқан американдық және қытайлық компаниялармен жасалған келісім-шарттардың бірде-бірі қоғамға жария болмаған. Онда көрсетілген шарттарды тіпті сот арқылы да анықтау мүмкін емес.

Ескерте кетейік, бір кездері елдегі оппозиция: «Барлық стратегиялық нысандарға қатысты келісім-шарттар Қазақстан мүддесі тұрғысынан жасалмаған, сондықтан ол келісім-шарттар халыққа жария болып, қайта қаралсын» деген мәселе көтере берген соң, президент: «90-жылдары ұзақ мерзімге бағытталып жасаған келісім-шарттар қайта қаралуға жатпайды» деген өкім шығарып қойған.

Осы ретте квота мәселесі де Қазақстан қоғамы үшін ашық тақырып емес. Мәселен, Ресейде өткен жылы үкіметтің қаулысы бойынша 1,5 миллион шетелдік азамат квота бойынша Ресейге келіп, жұмыс істеген. Ал Қазақстанда мұндай ақпаратты күндіз шам алып іздесеңіз де, таба алмайсыз. Шетелдік жұмысшылардың біздің елде қандай шарт бойынша, қандай жалақымен жұмыс істеп жатқанын бүгінде білу қиын.

Соның да салдары болуы керек, шетелдік жұмысшыларға қарағанда, әлеуметтік шектеуге ұшыраған елдегі ең ірі компаниялардағы жергілікті жұмысшылардың бас көтеруі жиілеп кетті. Егер шеттен келетін жұмысшылардың квотасы келісім-шарт бойынша резіңке сияқты созыла берер болса, ондай бас көтерулер мен ереуілдердің соңы әлеуметтік теңселістерге соқтыруы әбден мүмкін.

Хош, сонымен бүгінгі бұйығы қазақстандық халыққа қанша келісім-шарт жасалсын, қалай жасалсын – бәрібір делік. Бірақ бұл жолы қабылданған «Инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша ҚР жекелеген заң актілеріне өзгертурлер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жергілікті кәсіпкер, маман, жұмысшы атаулыны мүлде тығырыққа тірейтінге ұқсайды.

Себебі Инвестиция жөніндегі комитетпен келісім-шарт жасаған шетелдік инвесторлар енді жұмыс күші үшін квота арқылы рұқсат сұрамайтын болады. Инвестициялық қаржыға мұқтаж Қазақстан билігі олар қанша жұмысшы әкелем десе, соған бас шұлғып, кез келген келісім-шартқа көститіп қол қоя салады. «Яғни, оларға осындай құқық беріледі, шектеу болмайды. Шектеу тек келісім-шартта ғана көрсетіледі». Журналистер тарапынан Қытай экспансиясы туралы қойылған сұраққа жауап берген вице-министр Марат Құсайыновтың сөзі осыны меңзейді.

Тағы бір қайталап айтар болсақ, ендігі жерде шетелдік инвесторларға инвестициялық нысан құрылысы барысында және нысанды тапсырған соң, бір жылға дейін уақыт ішінде жұмыс күшін шеттен квотадан тыс және рұқсатсыз-ақ тартуға құқық берілді!

Мұның астарында не жатуы мүмкін?

«Шетелдік жұмысшылардың ресми түрде болсын, жасырын түрде болсын келіп жатқаны бірінші рет емес, бүгін келсе, ертең қайтар... Гастарбайтерлерді жарылқап жатырмыз ғой» деген қазақбайшылық ой бұл жерде іске аспайды! Себебі шетелдіктер мұнан былай бір келгенде, 10 жыл уақытқа бір-ақ келмекші! Бұл аз десеңіз, заң күшіне енген 10 маусымнан бастап олар бірқатар салықтардан босатылды. Мәселен, корпоративтік салық төлеуден 10 жылға дейін, жер салығынан да (!) 10 жылға дейін босатылды. Біз бүкшеңдеп салық атаулыдан белімізді жаза алмай жүргенде, шетелдік жұмысшы 8 жылға дейін мүлік салығын төлемей, шалқайып жүреді. Бұл енді қытайлық жұмысшы сенің төбеңнен «шырт түкіріп» қарайды деген сөз!

Басқасын қайдам, қазір қазақты шетелдіктің «жер салығынан» босатылғанынан басқа, олардың осы жерге келіп табан тірейтіні алаңдатады. Салық оңай шаруа емес – мемлекетті ұстап тұратын қаржы осы салықтардан құралады. Сонда шетелдіктер неге жер салығынан босатылуы тиіс?

Олардың бұл үшін елге қандай еңбегі сіңді? Болмаса ол мекендемек жерді оның ата-бабасы ғасырлар бойы қорғап, басын бәйгеге тігіп, қанын төкті ме екен?

Мұндай сұрақтың кез келген қазақтың көкейінде туындары анық және ол заңды да болар еді. Себебі мәселе жерге тірелгенде, тарих, ұлт, ұрпақ туралы айтпау мүмкін емес қой?! Оның үстіне дәл қазіргі кезеңде жер деген – қазақтың жан жарасы болып тұрғаны да шындық. Бірлескен кәсіпорындар арқылы қазақтың жерін қытайлықтардың табанының астына салып беріп, жергілікті тұрғындарды нәпақасынан қаққанымыз аз ба еді?!

Енді бірер жылда тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Біз неге осы ширек ғасырда «инвестиция» деп аранымызды ашып, бұл үшін жерді де, ондағы байлық атаулыны да, елдің әлеуметтік-тұрмыстық мүддесін де жатжұрттықтардың табанының астына тастаудан тайынбай отырмыз?

Біз тіпті өзбектер сияқты тәуелсіздік алғаннан бері санымыз екі есеге күрт өскен жоқ. Соған қарамастан, халыққа қазірдің өзінде барар жер, басар тау қалған жоқ!

Ал дәл осы жағдайда елдегі жұмыссыздық мәселесі – әлдеқашан пісіп-жетілген әлеуметтік мәселе! Елдегі ең ірі мегаполис Алматыдағы Райымбек, Сейфуллин көшелері мен «Алтын Орда» базарының айналасында ақ таңнан қара кешке дейін топ-топ болып жосылған жұмыссыздардың дені – жастар. Оларға қарап тұрып, қабырғаңыз қайысады! Ал бұл екі арада шетелдіктер емін-еркін елге келіп, халықтың қолындағы күрекке жармасуда.

Ресми ақпарат бойынша, елдегі жұмыссыздар 488,1 мың адам десе, кәсіподақтар бұл көрсеткіштің 600 мыңға шыққанын айтады. Бұған өз күнін өзі көрген үш миллионға жуық халықты қосыңыз: бүгінде олардың тең жарымы тағы да жұмыссыз. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер мөлшермен 2,7 миллионды құрайтын көрінеді. (Шын мәнінде бұл көрсеткіш мұнан әлдеқайда көп деген пікір бар). Енді осы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендерді қоса алғанда, елде мөлшермен 3 миллионнан астам жұмыссыз адам бар деген сөз. Және олардың бәрі әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғаусыз!

Ал біз шетелдік инвесторларға жерімізге дейін аяқтарының астына тастап, мемлекеттік қолдау көрсетуге дайынбыз!

Бүгін ең өкініштісі – қоғамның жоғары білім алған, білімді бөлігі жұмыссыз! Қазір «дипломды жұмыссыздар» деген әлеуметтік топ қалыптасып отырғаны шындық! Бүгінгі күні жұмыс беруші жұмысшы, маман іздемейді, адамдар жұмыс берушіні өздері іздейді. Өйткені елді жаппай жұмыссыздық жайлаған.

Сонда шетелдік жұмысшыларды ынталандырғысы келетін біздің шенеуніктер мұны білмей отыр ма? Әлде бұл елді жаппай сату саясатының жалғасы ма?

Ал шетелдік жұмысшыларға осы заң жобасы бойынша инвестициялық субсидия бөлінетініне қалай қарайсыз? Мәселен, нысан пайдалануға тапсырылған соң, капиталдық шығынның 30%-ын мемлекет төлейтін болады.

«Инвестициялық климатты жетілдіруге» құлшынған біздің биліктің бұл заң жобасы бойынша тағы не ойлап тапқанын әрі қарай жалғастырсақ, соқыр көзден де жас шығады.

Басқа уақытта емес, Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары әлеуметтік-құқықтық жағдайлары тапталған, сол үшін ереуілдеген жергілікті жұмысшыларға жасалмай, шетелдік жұмысшыларға жасалып отырған бұл әлеуметтік-құқықтық жеңілдіктер ұза-ақ мерзімге жоспарланған. Яғни, шетелдік инвесторлармен келісім-шарт жасаған күннен бастап, айталық, қытайлықтар үшін 10 жыл бойына жоғарыда аталған жеңілдіктер заңды күшін сақтайды!

Екінші жағынан, қытайлықтарды квотасыз, рұқсатсыз әкелу деген сөз, осыған дейін де қалай келгені белгісіз, бірақ қазақ жерінде шегірткедей өріп, қаптап келе жатқан қытайлықтардың құқықтарын жария түрде заңдастыру да болып шығары анық!

Біздің билік мұның бәрін «шетелдік жұмысшыларды ынталандыру» деп түсіндіргісі келеді. Дәл осындай жеңілдіктермен неге жергілікті жұмысшыларды ынталандырмасқа? Оған не нәрсе бөгет?

Ал әлгі заң жобасына қатысты тағы бір көңіл аударатын нәрсе – мұндай жеңілдіктер ұсақ-түйек емес, құны кем дегенде 20 000 000 $ тұратын инвестицияларға берілмекші. Ал ол миллиондардың соңынан кем дегенде 20 миллион шетелдік, айталық, қытайлықтың келмесіне кепілдік кәне? Және олардың 10 жыл уақытқа келетінін есепке алыңыз? Е.Досаевтың айтуы бойынша, шетелдік инвесторларды ынталандыру үшін ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және мемлекеттік мекемелер тарапынан инвесторлардың тауарларына және қызметтеріне ұзақ мерзімге тапсырыс беріледі. Яғни, «шетелдіктерді тұрақтылықпен қамтамасыз ету үшін», мұнан былай біз оларға «жайылып жастық, иіліп төсек» болуымыз ғана жетпей тұр екен!

Егер нағыз қазақтың тілімен айтар болсақ, біздің үкімет пен шенеунік атаулы тұлыпқа қарап мөңіреген малды еске түсіреді.

Болмаса, өзін сыйлайтын кез келген мемлекеттің шеттен инвестиция тарту кезінде қандай заңдылықтарға сүйенетінін, тіпті бұған қатысты қандай халықаралық стандарт бар екенін білмейді ме?

Шеттен инвестиция тартатын ел жалғыз Қазақстан емес. Және сырттан жаңа технология енгізіп отырған да жалғыз біз емеспіз. Бірақ өзге ел шетелдік компаниялардың жергілікті жұмысшыларды мамандандыруына, оларды жаңа технологияларға үйретуіне мүдделі. Ал бізде ондай мысал бар ма?

Мейлі, заң қабылданды, елде миллиондаған доллар тұратын жобалар бар делік. Сонда шетелдік инвестор қай салаға қаржы салуы мүмкін деп ойлайсыз?

Осы уақытқа дейін шетелдік инвесторларды мұнай мен газ секторлары, өзге де жер асты байлықтары қызықтырып келеді. Мұнан әрі де солай болады. Өйткені аталмыш салаларда тез арада мол қаржыға батуға болады! Мәселен, бізде күні бүгінге дейін тұралап қалған ауыл шаруашылығына инвестиция салу деген ой оларда болған емес. Сондықтан шетелдік инвесторлар бізге жаны ашиды деу бекершілік!

Осы заң жобасының төңірегінде Е. Досаев мырза:           «...тарифтік саясат және бәсекелі қарым-қатынастарды дамытуға жаңа әдістер қалыптасады», – дегенді айтып қалды. Бұл да күмәнді нәрсе, себебі, елдің өзінің ішкі нарығында жоқ бәсекелестік шетелдік инвесторлар келе қалғанда, қалай туындай қалуы мүмкін?

...Бір сөзбен айтар болсақ, билік өз тарапынан заң қабылдаған болып, сол арқылы шетелдіктерді қазақ жеріне қаптатқан үстіне қаптатқысы келетіні байқалады. Болмаса табиғат берген ас та төк байлығы бола тұра, халқының мөлшермен алғанда бестен бір бөлігі жұмыссыз екендігіне қарамастан, «шетелдіктерді ынталандырған үстіне ынталандырудың» қажеті қанша?!

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 23 (247) от 12 июня 2014 г.

Түпнұсақадағы тақырып: «Шетелдік жұмыс күшін  КВОТАСЫЗ КІРГІЗУ

қандай қажеттен туды?»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420