ТҰТАС ЖӘНЕ БӨЛІНГЕН УКРАИНА ҚАЗАҚСТАНҒА НЕГЕ МҰҚТАЖ?
Украинадан бір топ балалар ұрланып, Ресей территориясына әкетілген. Бұл туралы Украинаның Қазақстандағы елшілігіне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады. Нақтырақ айтатын болсақ, 12 маусымда Донецк облысының Снежное қаласында бір топ қарулы «ДНР» өкілдері Украинаның 28 азаматын ұрлап кеткен. Олар Днепропетровск облысына емделуге бара жатқан балалар үйінің 25 жеткіншегі және жетекшілері. Қарулы адамдар балалар мінген автобустың жүргізушісін бағытын өзгертуге мәжбүрлеп, Луганск облысы арқылы Ресейге өтіп кетуге беттеген. Украина елшісінің айтуынша, тоғыз баламен қоса бір жетекші шекарадан түсіріліп, қалған 18 адам РФ территориясына әкетілген. Қазіргі күнде олар Ресейдің Ростов облысында.
Украина елшісі бұл оқиғаны «Аталған жағдай Ресей тарапынан жасалған балалар құқығы туралы халықаралық талаптардың ауыр дәрежеде бұзылуы болып саналады. Бұл балалар құқығы туралы БҰҰ конвенциясының 11, 35 баптарына қайшы. Аталған жағдай халықаралық адам ұрлау фактісі ретінде ауыр қылмыс» деп айыптап отыр.
Ресей жағының Украина азаматтарын кепіл етіп, саяси ойын ойнауы әлемдік қауымдастық алдында тиісті жауабын алуы тиіс деп санайтын Украина елшісі Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен аталған мәселеге үн қатуды сұраған.
Бұған қоса сәуір айында өздерін тәуелсіз мемлекет деп жариялап алған Донецк республикасы 12 маусымда үкімет отырсын өткізіп, 2015 жылы кедендік одаққа қосылу мәселесін талқылаған. Бұл туралы ДНР үкіметінің вице-премьер Андрей Пургин мәлімдеген. Егер Ресейден басқа бірде бір ел мойындамаған ДНР кедендік одаққа кіруге өтініш беретін болса, кедендік одақ елдері өтінішті бірге қарауы тиіс. Кеше ғана Луганск республикасы тәуелсіздігін мойындауды Қазақстаннан талап етті. Жоғарыдағы жағдайдың бәрі Қазақстанды Украинаға қатысты Ресейдің қитұрқы саясатына араласуға мәжбүрлейді. Екі елдің арасындағы шиеленісті жағдайға саяси жағынан оқшау жатқан Қазақстан неге араласуы тиіс, біз осы жағын түсіне алмадық.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz