Сенбі, 23 Қараша 2024
Ерлік 7105 0 пікір 10 Маусым, 2014 сағат 12:42

«Жігіттің сұлтаны қандай дегенде «қазақ» дейді. Сол қазақ - бізбіз»


 Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа саяси қадамдары орыстарды ойландырып, түркілерді дүбірлетіп тұр.  Түркияның Бодрум қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төртінші саммитінде Нұрекеңнің сөйлеген сөзі  орыстарды тағы да сескендіріп тастады.  Нұрсұлтан Әбішұлы Түркияны да Еуроазия Экономикалық Одағына кіруге шақырды.  Бұл үлкен саяси ойынның жаңа сатыға өткенін көрсетіп отырған секілді. Оған Әзербайжан, Түркімен, Қырғыз сынды түп мақсаты бір туысқан елдерді қосыңыз.  

Әзірге Ресейдің бұған қарсы ештеңе айта алмауы да түсінікті жағдай. Өйткені Ресейді АҚШ бастаған Батыс елдерінің экономикалық санкциялары мен саяси қысымы есеңгіретіп, барған сайын тығырыққа тіреп барады. Оған өз ішінен бүлініп жатқан әлеуметтік әлсіздігін, ұлтаралық өшпенділіктер мен тәуелсіздікке талпынған халықтарды қосыңыз. Дәл осы кезде Ресейдің жанынан табылған жалғыз ел болса, ол – Қазақстан. Тіпті Ресейді Қытай да самарқау қабылдады. Олиграхтар Путиннен араларын ажырата бастады, шетелдің қаржы көздері Ресейден бас тартты. Қысқасын айтқанда, РФ-ның басына «тоғыз қатынның толғағы қатар келіп тұр».

Ал, Нұрсұлтан мырза Кремльдің алдын орап кетті. Ресейдің күші мен мол байлығын, саяси қуатын пайдалана отырып, түркі жұртына тиімді саяси одақты өмірге әкелді. Енді осы одақтың болашағы мен саяси-экономикалық аренада ұтылмаудың жалғыз жолы – түркі жұрты бірігіп,  одақ құрамындағы түркі халқының салмағын арттыру. Сол арқылы геосаясаттың контролдық пакетін қолға алу. Әзірше бұл пакетті Путин мен Назарбаев қатар ұстап отыр. Алда кімнің жеңіп, кімнің жеңілетіндігін өмір көрсетпек. Алайда, Путинге қарағанда Назарбаевтың мүмкіндігі өте жоғары.  Себебі:

  1.  Нұрекеңнің артында жүз милиондаған түркі жұрты, ықыласы мен азаматтығы артықша қалың елі қазағы тұр.  Яғни, Нұрекең өз жеңісіне кепіл болатын мүмкіндікті әлдеқашан дайындап қойған. Енді сол мүмкіндікті жүзеге асырудың соңғы басқышына өтті деуге негіз бар.
  2. Ресейдің арты да, алды да жар. Бұл қазақ президенті үшін оң роль атқаратыны белгілі.  Бұған дәлел ретінде Нұрекеңнің Арменияға жасаған ескертуін атауға болады. ЕЭО-ға кіруге өтініш білдірген Арменияға: «Таулықарабақ мәселесін шешпей, ЕЭО-ға кіруден үміттенбе!» - деген болатын.
  3. Нұрсұлтанның саясаткерлігі әлемге танымал, беделі жоғары. Қазақстан орыстілді халықтар мен түркі тілді халықтарды біріктіретін көпірге айналып отыр. Бұлардың ішінде орыстілді түркілер де бар екені белгілі. Бұл жерде орыс тілін саясатта пайдалану арқылы Ресейді де пайдалануға болатын сыңайлы.
  4. Қазақстанның геосаяси жақтан, стратегиялық орналасуы жағынан маңызы өте зор. Қазақстан қытай, орыс, араб, Батыс елдері, түркі жұртының дәл ортасына орналасқан. Қытайдың да, орыстың да, түркі елдерінің де Қазақстанға кіріптарлық жақтары бар. Мысалы, Қытай мұнай-газға, орыс әріптестікке, түркі елдері аумақтық кіріптарлыққа тәуелді...

Бұл жерде айтылып отырған кепілдік – түркі кеңесін Еуроазия Экономикалық Одағымен біріктіру немесе Еуроазия Экономикалық Одағын түркілердің одағына айналдыру. Бұл өте ұлы да, ұтымды жоба.

Біздің Нұрекең Еуроазия Экономикалық Одағын өзі бастап, өзі бас боп, өз Астанасында құрылғанын жарялады. Бұл отаншыл аға-әпкелеріміздің ренішін тудырғаны да белгілі. Деседе соңғы 5 жылдан бергі саяси ойындар кестесінен алып қарағанда, Нұрекең орыстарды өз айтқанымен жүргізуге тырысқаны, тіптен үлкен жетістіктерге жеткені де ақиқат.

 

2012 жыл, қазан. Назарбаев: «Түгел түркі, бірігіңдер!»

Осыдан екі жыл бұрын, 2012 жылы қазанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Түркия астанасында түркі жұртына жасаған үндеуі  орыстардың зәресін алғанын білесіздер. Себебі,  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күллі Түркіні бір арнаға бұратын қағанат жобасын бір қадам алға жылжытып, түркі кеңесінің Туын көтеріп, тіл мен ділін біріктірді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  200 миллионнан астам Түркі жұртын бірігуге үндеді. Осы жолы қазақ басшының атына көше берілгені өз алдына. Ал бұдан да маңыздысы - Түркі Кеңесі ресми Туын бекітіп желбіретті. Соған сай Халықаралық Түркі Академиясы құрылды.

Естеріңізге сала кетейік, Ресей халқының 25 пайызы түркілер. Олардың табиғи өсімі орыстардан әлдеқайда алда. Орыстың жан саны тез қарқынмен азаюда. Осы  табиғи өсім 1,37 деген коэфициентпен жалғаса берсе, Ресейдің  енді 50 жылдан кейін  нағыз түркілер еліне айналары хақ. Себебі, біз - Түркі халқы, топтасып, түгелденіп, көркеюдеміз. Осы бойынша дами берсек, санымыз таяу уақытта 200 миллионнан асып, Орта Азия мен Кіші Азия түбегін, Еуразияны қамтыған алып қауымдастыққа айналатынымыз шындық.  Бұл енді бір жағынан алғанда, стратегиялық міндет. Бұл міндеттің маңызды бөлімдерінің орындала бастауы  - біз үшін үлкен жеңіс.

«Біз бүкіл түркі халқының ата жұртында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін, біз Ресей патшалығының, одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жылдың ішінде қазақ деген халық өзінің ұлттық салт дәстүрін, тілін, дінін, дәстүрін ұмытуға аз қалды. Жаратқанның қолдауымен 1991 жылы біз өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіздердің бабаларыңыз атажұрттан бері қарай жылжыған кезде Түркі қағанатының ішінен түрік деген атты өздерімен алып кетті. Қазірге дейін түркінің ішінде жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай дегенде «қазақ» дейді. Сол қазақ - бізбіз», - деді президент Назарбаев 2012жылғы Түркиядағы сөйлеген сөзінде.

2014 жыл, маусым: Еуроазия Экономикалық Одағы түркілер үшін

2012 жылдан бері қарай түркі жұртының саяси-экономикалық байланысы мен мүмкіндіктері барған сайын өсіп келеді. Міне, бұл осы, 2014 жылғы түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төртінші саммитінде тағы да дәлелденді.

Қазақстан, Беларусь, Ресей арасындағы Кеден Одағы соңғы уақытта еліміздің экономикасына кедергісін нақты көрсетті. Біз миллиондаған қаржыдан қағылдық.  КО құрылғалы Беларустың экспорты - 22 пайызға, Ресейдікі 28-ге өскен. Ал, ҚР керісінше, 30 пайызға кеміген!  КО дейін де, Ресеймен саудада  нөл пайыздық кедендік ставка болатын. КО аясында 92 пайыз кедендік тариф саясаты Ресейдікі болғандықтан, шетел тауарларының бағалары күрт өсті. Кедендік салықтардан түскен қаржының 88 пайызы Ресей бюджетін, 7 пайызы ғана Қазақстан бюджетін толықтырады (http://old.abai.kz/content/ashyk-khat-kedendik-odaktan-shyguymyz-kerek ). Ал орыстар осы жағдайды көре тұрып, нақты қадамға бармады, себебі олар нағыз саясатты түсінсе де, болашақтарына емес, бүгінмен ғана шектеліген шовинистік саясат ұстануда.

Тарихта Қазаққа опа қылмаған Ресей өз құқайларын қарумен көрсетеміз деп жүріп, «келген бақты керген бақ қайтарадының» кебін киді. Тәкаппар саясаттың кесірінен  қазақ сынды өркениеттің тұқымын шошытып алды. Орыстардың украинаға қарата жасаған қиянаты да осыны түсіндіріп отыр. Енді «орысқа сену - өзіңнен өзің жеру» екенін жұрт түсінді. Елбасы да осыны бағамдады, сол үшін одан да керемет, нағыз жанашыр туысқан халықтардың басын қосқан Түркі Кеңесінің құрылуына мұрындық болды.  Аты әлемді жаулаған Һұндар мен Түркілердің тұқымдары осылайша ұйыса бастады.

Путин Еуроазия Экономикалық Одағын – өз елін экономикалық-саяси тығырықтан шығаратын бірегей саясат ретінде қабылдады әрі белсенді түрде іске асыруда. Алайда, бұл саясат орыстардан гөрі қазақтар бастаған түркі жұртына пайдалырақ болатыны барған сайын айқындалып келеді.

Еуроазия Экономикалық Одағы дәл сол түркі халықтарының басын біріктіретін бірегей саяси жоба. Кеше, Түркияның Бодрум қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төртінші саммиті осыны тағы бір рет дәлелдеді.

Алтай  Бұқарбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434