МЕШІТТІ БӘСЕКЕ ҮШІН САЛАМЫЗ БА?
Жақында біздің Қостанай облысында жанды жадыратар жақсы бір жаңалық жарқ етті. Облыс орталығында аршыған жұмыртқадай әп-әдемі, сән-салтанаты мен сәулеті көздің жауын алатын тамаша бір мешіт бой көтерді. Тобыл өңірінің мұсылман қауымының еңсесі бір көтеріліп қалды. Жұртшылық бір-бірінен сүйінші сұрап, төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай.
Шындығында бір мезгілде бірден 600 мұсылман жайнамазға бас қоятын мұндай ғимаратқа сүйсінбеу мүмкін емес еді. Ашылу салтанатында да мін жоқ. Қазақстан мұсылмандар басқармасының бас мүфтиінен бастап, облыс әкіміне дейін осы шараға қатысып, осынау Алла тағаланың үйін салып берген кәсіпкер азаматқа ақжарма алғысын айтып жатты. Мұның да орны бар еді. Облысымызға белгілі кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев осы ғимараттты өз ақшасымен салып, бұл мақсатқа 400 миллион теңге жұмсапты. Несі бар, аса сауапты іс, өзге жұртқа үлгі етерлік тамаша өнеге. Қала орталығында орналасқан, салынғанына 100 жылдан асқан мешітіміздің қанша дегенмен ескіріп қалғандығы белгіл еді. Енді мына ғимарат мұсылман жұртының ғибадат етуіне кең мүмкіндік беріп отыр. Қалай қуанбассың.
Алайда осы қуаныш үстінде ортаға салар бір ойымыз бар еді. Қазақта "Айтпаса сөздің атасы өледі" деген сөз бар. Сол секілді бұл ойымызды іркіп қалсақ, шындыққа да қиянат жасармыз. Айтайын дегеніміз, дәл осы мешіттің қасында тағы да үлкен бір ғимарат бой көтеріп келеді. Құдай қаласа, бұл мешіт жаңағы мешіттен асып кетпесе, кем түспек емес. Мұнда бір мезгілде бір мыңға жуық адам құлшылық ете алады. Асыл дініміз қайта жаңғырып келеді деп бөркімізді аспанға атсақ та, бұл әрекетіміз тым артықтау секілді. Қостанай секілді "арпа ішінде бір бидай" болған қазақ үшін осындай үлкен екі мешіттің қатар бой түзеуін қандай қисынға жатқызамыз? Екеуін де бір жерге жоспарлаған қандай әулие? Екеуін қаланың екі шетіне салудың қандай қиындығы бар еді? Сонда қалай, енді мешіт салуды да бәсекеге айналдырамыз ба? Бой көтерген мешіт жекенің ақшасына салынса, әлі бітіре алмай жүрген ғимаратымыз халықтың өз қаражатына тұрғызылып жатқан жайы бар. Енді ойлап қарасақ, қаламыздағы азғана қазақ шаһарамыздың әр түкпірінен осында ағылады дегенге кім сенеді? Екіншіден,анадайдан "мен мұндалап" тұратын мешіттерді қатар-қатар салғанша, қаламыздың әр жерінен шағындау ғана мешіттерді неге тұрғызбасқа? Бұлай етсек, екі мәселені бір-ақ шешеміз. Біріншіден, дінімізді насихаттайтын, Құдайға құлшылық ететін орындар халыққа жақындайды. Екіншіден, мынадай алып ғимараттарды ұстап тұруға кететін шығын күрт азаяды. Қанша жасырғанымызбен күні ертең алты ай қыс кезіндегі жылу мен ыстық суға кететін қаржы қалтаны біраз қағары сөзсіз. Оның үстіне қазағы аз жерде салынған алып мешіттердің қазіргі күйі адам қызығарлықтай еместігін жасырып қайтеміз.
Біздің облыстың бұрын Комсомол атын иемденген, қазір Қарабалық атанған, өзімізден гөрі өзге ұлт өкілдері басымдау ауданға Астананың бір мықтысы келіп, шешесіне арнап керемет мешіт тұрғызған. Біз бұл жерде дінімізді өркендетуге мысқалдай да еңбек сіңірмеген, қарапайым ғана қаймана қазаққа неге атағы беріледі деген мәсеелені де қозғап отырған жоқпыз. "Мұндай мешітті облыс орталығына салсаңыз қайтеді?" деген өтінішке құлақ аспаған мінезін де сөз еткек емеспіз. Айтайын дегеніміз, көздің жауын алатын граниттен әсемдеп салған осы ғимараттың көбіне-көп қаңырап бос тұратындығы. Соңғы кездері оны ұстап тұрудың қиындығы жайлы әңгіменің қайта-қайта көтеріле беретіндігі.
Сонда біз осындай алып ғимаратттарды атымызды шығару үшін ғана саламыз ба?
Мұратбек Дәуренұлы.
Қостанай
Abai.kz