Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Осы ғой енді... 9515 0 пікір 30 Мамыр, 2014 сағат 13:04

ҚОСТАНАЙ КҮЛДІ-БАДАМ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ МЕКЕНІ МЕ?

Кейінгі кездері Қостанайды ашық аспан астындағы  ескерткіштердің күлді-бадам қоқысын сақтайтын мұражайына ұқсататын болдым. Ойпыр-ай, біздің шаһарда не жоқ дейсің. Шәлтиген Чаплин төрімізді бермеуге айналды. Маңғаз Напольон да осында келіп жайғасқан. Найзасын шошайтқан Жанна Дарк та бізге сұс көрсетеді. Ұсқынсыз студент те, долбарлап жасай салған болат құюшы да Қостанайды ұнатқан сыңайлы.

Жә, мұның бәрін талғамсыздықтың тайраңдауы дегенге саялық. Жақында облыстық әкішмшіліктің жанында бой көтерген ескерткішті қоюшылар егеменді еліміздің нышанын бейнеледім деп ойласа керек. Ал шын мәнінде бұл ескерткішсымақ біле-білген адамға сол егемендігімізді мазақ етіп тұрғандай. Әйтпесе кіп-кішкене бәкене бойлы, көзге қораш ескерткіште қандай дүниелер бейнеленгенін ұғу қиын. Қалпағы көзін жауып тұрған, сақалы сапсиған шал нені аңғартады? Ал, батырымыз жапондықтардың жауыз жауынгері—нинзяны көзге елестетеді. Қазақ батыры арқасына қашан қылыш асынып еді. Ақсақалымыздың аяғының астында тұрған кесене кімнің ойыншығы? Бір өкініштісі, осы бір сиықсыз көріністі осы уақытқа дейін ешкім де көңіл аударып, «ау, бұларыңыз не?» деген жан табылмапты. Атамыз қазақ «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегенді осындайда айтса керек.

 

Тәуелсіз ел атанғанымызға 20 жылдан асса да елдігіміздің белгісі—осы ескерткіштерді ой талқысынан өткізуге ешкімнің де қолы тиер емес. Ескірген, бүгінгі талапқа сай келмейтін ескерткіштерді қайта жаңарту немесе жаңадан салуды қолға алатын уақыт жеткен секілді. Мәселен, атақты Ыбырай атамыздың ескерткіші шытынап жарылып, әбден тозығы жетті. Оны билік басындағылар көз алдау етіп, жарылған жерін бірдеңемен сылап-сипап әуре болып жүр. Ескерткішке жарымай, тек басы ғана қойылған Аманкелдінің бейнесін жаңартса, кім қолын қағыпты? Жоқ, бізде бұған ешкім де көңіл бөлмейді. Ал енді Ленин ескерткішін әлдилеп, күтіп ұстауда, болмаса оны қайта жағыртып, кәсіпорындар ауласына қоюға келгенде уақыт та, қаржы да, ықылас та табылады. Пушкинді де әлпештеп қала әкімдігінің қарсы алдына орнатып, көрші елдің ұлы ақынына деген ыстық сүйіспеншілігімізді байтақ елге айғақтадық.

  

Жалпы, біз Қостанайда ескерткіштердің қандай идеяға сүйеніп қойылатындығын түсіне алмадық. Шетелдің батырлары мен ақындарына деген ықыласымыз алабөтен. Бірақ, өзімізге келгенде тарыла қаламыз. Мысалы, түбі қостанайлық болып саналатын Шоқанға да бір ескерткіш бұйырмады. Әйгілі батырымыз Сұлтан Баймағамбетовтің бейнесін көруге зар болып жүрміз. Бас ақынымыз Абай туралы тіпті айтуға да ұяламыз.

Өзге жерлерді білмеймін, біздегі ескерткіштерге қатысты жайт осындай.

Біле-білген жандарға ескерткіш дегеніміз өскелең ұрпақты патриоттық рухта турбиелеудің таптырмас құралдарының бірі екендігі тайға таңба басқандай анық дүние.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963