Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 25852 3 пікір 26 Мамыр, 2014 сағат 14:32

Жидебай. Хәкім Абайдың ауылына саяхат (фоторепортаж)

Қазақтың талай ұлы тұлғалары дүние есігін ашқан Семей өңіріне аяғымыз тиген соң, бабамыз Абайдың мұражайға айналған Жидебайдағы қонысына соғып кетуді азаматтық парыз санағандықтан, көп ойланбай жолға шықтық.

Ұзақ жолдағы біраз тарихи орындарға да бағытымызды бұрып отырдық. Оның үстіне, осынау кең даланың әсем табиғат көріністерін көпшілікпен бөліспеуге тағы болмады.

Кезекті фоторепортажымыз Жидебайға жұмысбастылығы себепті жете алмай жүрген немесе жолы түспей қойған еліміздің, жалпы алатын болсақ, бүкіл әлем қазақтарының бір пайдасына жарайды деген сенімдеміз.

Олай болса, ыңғайланып отырыңыз. Біз сіздерді Семей қаласынан 185 шақырым жерде орналасқан хәкім Абайдың Жидебайдағы ата қонысына ертіп апарамыз.

1. Сөйтіп, күн бесінге таяғанда біздер дарқан даланың құшағына еніп кеттік. Негізгі бағытымыз - Жидебай. Ниетіміз - ұлы Абай жайында тың мағлұмат жинау, Оспан қайтыс болған соң тұрақты қыстау еткен берекелі мекенді өз көзімізбен көру һәм бабаларымызды еске алып, олардың әруағына дұға бағыштау.

2. Түркі дүниесінен аманат арқалап жеткен Шыңғыстау өңірінің ауасы да, сылдырай аққан балдай тәтті бұлақтары да, иісі мұрын жарған жусаны да адам баласының көкірегін нұрландырмай қоймайды екен.

3. Күшікбай батырға арнап қойылған ескерткіш анадайдан көздің жауын алады. Күшікбай - Уақ руынан шыққан, жастайынан ту ұстап, тұлпар мініп жауға шапқан ержүрек батырлардың бірі. Дәл осы жерде талай жолаушылардың шөлін басқан, тіпті қыста да қатпайтын шыныдай мөлдір бұлақ ағып жатыр.

4. Монументтің жалпы пішіні дулығаның сипатын білдіреді. Күшікбай батыр жасы 20-дан асқанда осы жерде (батырлығымен де, ақылдылығымен де ерте көзге түскен) жау қолынан қаза тапқан екен.

5. Талай сырды бүгіп жатқан Шыңғыстаудың кең даласы ұшқан құстың қанатын талдырмай қоймайды.

6. Сырт Қасқабұлақ деген жерде хәкім Абай атамызға арнап мәрмәр тастан ескерткіш қойылған екен. Данышпан бабамыздың туған жері осы аймақ.

 

7. Жайлаудың шөбі шүйгін, суы таза. Әсіресе төрт түлік малға өте қолайлы жер.

8. Жақындаған сайын тынышын кетірдім бе, жылқылар үркіп қашты.

9. Ары қарай қозғалдық. Семей-Қарауыл тас жолы.

 

 

 

10. Еңлік пен Кебекке қойылған ескерткіш кесенеге келіп жеттік. Шәкерім бабамыздың "Жазықсыз жаза" дастанына арқау болған екі ғашықтың кесенесі Ералы жайлауының шығыс жағында орналасқан.

11. Тарих беттерінде қалған деректерге сүйенсек, екі жастың махаббатына мейірімсіздікпен қараған ел басшылары бұл екеуін ат құйрығына байлап өлтірген.

12. Тарихы құнды, шежіреге толы Шыңғыстаудай ұланғайыр даланың табиғаты кез келген қазақтың көңілін әлдилеп, жүрегін тербетіп әкететініне титтей де күмәнім жоқ.

 

 

 

 

 

 

13. Уақытымыздың аз болғандығы себепті қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туып-өскен өлкесі Бөріліге соға алмай кеттік. Амандық болса сол өңірге арнайы келу ниетте жоқ емес. Әрине, бұл өз алдына үлкен жұмыс болар еді.

14. Еңлік пен Кебек батыр жасырынып тығылған үңгір тасқа да жолымыз түсті. Көзбен көруге асықтық.

 

15. Осы жерде қос ғашықтар ауыл адамдарынан тығылған екен.

16. Келген-кеткен кейбір жолаушылар үңгірдің іші-сыртына ойларына келгенін жазып, әбден бүлдіріп кеткен. Ондай мәдениетсіздерді қаскөйлер деп те атайды.

 

17. Әне-міне дегенше, Жидебайға да жеттік.

 

18. Алыстан хәкім Абай (Иброһим) мен Шәкерімнің кесенелері көрінді. Үйге кірместен бұрын ең әуелі сонда соғып өтуді жөн санадық.

19. Кесенелерге барар жолдың оң жағында орналасқан тастағы жазуларға көзіміз түсті. Сөйтсек, бұл жерде хәкім Абайдың ардақты әжесі Зере, аяулы анасы Ұлжан, ағасы Құдайберді (Шәкерімнің әкесі), сонымен қатар Құнанбай ауылының балаларын білім нәрімен сусындатқан Ғабитхан молда және жалшы Шәукімбай да осы араға жерленген болып шықты.

20. Құдай тағала жатқан жерлерін жайлы қылсын.

 

21. Данышпан Абай атамыз 8 жасынан татардан шыққан осы Ғабитқан молдадан оқығаны туралы дерек бар. Молда 1932 жылы ашаршылықтан көз жұмады да, Жидебайда жерленеді.

22. Шәкерімнің суретін ұзақ жыл бойы қойнында жасырып жүрген Шәукімбай (Шәукен) Бақтыбайұлы осы жерде жерленген. Оспан ерекше сыйлап өткен адам. Отыншы-сушы болған кісі.

23. Оң жақтағы кесенеде бабамыз Абай мен оның жомарт, кісіге адал інісі Оспан Құнанбайұлы жатыр. Сол жақтағы кесенеде қажы Шәкерім мен оның ұлы Ахат бабамыз жерленген.

24. Ұлы ақынның 150 жыл толған тойы қарсаңында салынған ғибадат үйі.

25. Мешіттің іші салқын. Терезесі жоқ, жарық төбеден түсіп тұрады. Ерекше сәулетімен есте қалды.

26. Одан кейін кесенелерге бағыт алдық.

27. "Адамзат - бүгін адам, ертең - топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ",- деп жырлаған данышпан ақын Абай (Иброһим) Құнанбайұлы осы жерде жерленген.

28. Кеңес үкіметінің тарапынан қажы атамызға "халық жауы" деген жала жабылды. Жауыздар Шәкерімді атып, денесін Бақанастағы құр құдыққа лақтырып кете барған. Өкінішке қарай, әлі де болса шүріппені НКВД-ның қайсы бір қызметкері басқаны белгісіз болып келеді. Яғни әр түрлі нұсқалар бар. Кейін баласы Ахат Шәкерімұлы әкесін осында әкеп жерлеген.

29. 2007 жылы бой көтерген қонақ үй. 2008 жылы тұсауы кесілсе де, қолданысқа берілмей келеді екен. Биыл қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп бастағанын байқадық.

30. Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығынан бірталай мағлұмат беретін, баға жетпейтін үлкен үй - осы. Кезінде берекесі тасыған қарашаңырақ болған десек те, әсірелеп айтқанымыз емес. Уақыттың өтуімен мұражайға айналды.

 

31. Үйге кірген бойда осы портрет көзімізге оттай басылды. 1994 жылы кенеп, майлы бояумен салынған. Авторы А. Кениг.

32. Бұл - ас үй. Талай қонақтар осы жерден дәм татқан. Терезесі шығысқа қараған бөлменің іші кең әрі салқын.

33. Сіздердің назарларыңызда - қазанаспа. Бұл үйге қонақтар көп келген. Оны былай қойғанда, етті ұнатпайтын қазақ жоқ. Сол себепті үлкен қазанның орны ерекше болған.

34. Тарихи жәдігерлердің қатарына кіргізілген ақ дастархан.

35. Жатып тынығуға арналған ағаш төсек деген дүние осындай болады. Байқасаңыздар, сүйекпен безендірілген. Қабырғадағы түскиіз де құнды жәдігерлер қатарына жатады. Ол көбінесе төсек тұсына ұсталатын болған.

36. Хәкім Абайдың отбасы пайдаланған тұрмыстық заттардың арасынан жез құманға көзіміз түсті. Осындағы қызметкерлердің айтуына қарағанда, Абай атамыз бұл жез құманмен намазға дәрет алған.

37. Абай атамыз арнайы жаздыртып, Оспанның қабірінің басына қойдырған құлпытас. Дұрыс-бұрысын білмедім, бірақ біз секілді қонақтар үшін көрнекілік болсын деп осында әкеп қойыпты. Аудармасын осы арада қағазға жазып қойған. Бірақ интернеттен таппадым. Сіздер де біле жүрсін деген ниетпен еріншектікке берілмедім:

"Бисмилляһир роһманир роһим. Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммад расуллаһ. Әлхамду лилляһи роббил `аламин. Лә иләһә иллә һу-ә-ххақ. Әл ғаламу рабб у-лхалқуәл халайық. Рахмат әр-рахман-ар-рахим. Мәйіт аты Оспан Құнанбай хаж ұғлы. Байлық, бағлан балуандық, бақ, мырзалық пен асыл һәммасы... Байлық тілеген мұрады келген Сұлтанның күй кәміл болған. Дуния бұлардан да өтіп кетті. Бұлардың баһар алсын көруші мү`мин. Лә иләһә иллә Аллаһ ул-малик әлхақ әл-әмин.

Амин рабб ул-ғаламин. Дар ул фамиран бақиға көшкен Оспан Құнанбай хаж ұғылына мүбәрак болсын.

Мұсылман дұға қылсын".

Бұл жазбаны аударған Ғ.Ахметов.

38. Келесі бөлмелерге кірдік.

39. Бұл бөлмеде алыс-жақыннан келген меймандар тынығып, демалған.

40. Бұл өңірдің қысы өте қатты, жауған қар ат бауырынан асып түседі. Сол себепті де әр бөлменің бұрышына голланд пештерін орналастырған. Мұндай жылу жүйесі сол заманның үлкен жетістігі еді.

41. Ал бұл - данышпан бабамыздың бөлмесі. Терезелері үлкен. Сондықтан күн сәулесі жарық шашып тұр.

42. Ұлы ақынның жазба үстелі. Хәкім өмірінің соңына дейін осы бөлмеде отырып бүкіл қазақ халқының игілігі үшін шығармалар жазып кетті.

 

43. Бөлме қымбат жиһаздарға толы.

44. Мұражай қызметкерінің сөзіне сенсек, ілулі тұрған домбыра Махамбеттен қалған мұра екен.

45. Шебердің қолынан шыққан ағаш төсек.

46. Тоғызқұмалақ һәм дойбы ойындарының сол дәуірде орны бүгінгіден әлдеқайда бөлек болған. Абай атамыз екі ойын түрін де тамаша ойнай білген.

 

47. Мұнан кейін келесі бөлмелерге бас сұқтық. Ашығын айтсақ, мұражайдың ішін суретке түсіруге тыйым салынған. Дейтұрғанмен де, ісіміздің маңыздылығына түсіністікпен қараған мұражай қызметкерлері көңілімізді қалдырған жоқ.

 

48. Назарларыңыздағы сүйек төсек - Әйгерімдікі (Абайдың үш әйелі болған: Ділдә, Әйгерім, Еркежан).

49. Шарайна.

50. Абай бір кездері Әйгерімге сыйлаған күміс ертұрман.

51. Оң жақтағы құндыз бөрік пен камзолдың иесі - Пәкизат (Пәкизат - Ақылбайдың қызы). Сол жақтағы дүние - Еркежанның бет орамалы. Абай отбасымен Жидебайда түскен тарихи суретте Пәкизаттың құндыз бөркін киіп, алдыңғы қатарда отырғанын анық байқауға болады.

52. Бұл да сүйек төсек. Шымылдық пен төсекжапқыш түпнұсқадан жасалған көшірме ғана. Ал қабырғада ілулі тұрған дүниенің қаншама жылдар өтсе де өңі кетпеген. Еркежандікі. Оспан қайтыс болған соң Еркежанды Абайға қосады. "Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді" деген сөз тектен тек айтылмаса керек.

53. 1890 жылы Генерал-губернатор барон Тәубе Максим Антонович Абайға сыйға берген үш ауызды мылтық.

54. Ұлжан анамыздың қазмойын құманы мен жез легені.

 

55. Ал бұл тақияның иесі - Құнанбай қажы. 1875 жылы Мәдинадан киіп келген.

56. Дәліз бойы.

57. Бұрын анау адалбақандардың бұтағына еттерді бөлек-бөлек іліп, кептіріп, сүрлейтін болған. Яки бұл бөлме тоңазытқыштың рөлін атқарған.

 

58. Зередей текті әженің тәлім-тәрбиесін көрген, Ұлжандай ұлағатты аналардың ақ сүтін емген, Құнанбайдай қажының перзенті Абай (Иброһим) атамыз қай заманда болмасын қазақтың бас ақыны болып қала береді. Және оның бір ауыз өлеңі көп ақынның бүкіл шығармасынан биік тұрады.

59. Ат арба да сол күйі сақталған. Ол уақытта мұндай дүниеге әркімнің қолы жете бермейтін. Бұрынғы заманның "Лексустары" осындай болса керек.

60. Қайтарда кең даланың құшағынан шыға алмадық. Жасыл кілемнің үстінде тәніміз де, жанымыз да тыныштыққа бөленді.

Қош, қызығы таусылмайтын, түгін тартса майы шыққан дарқан далам!

http://yvision.kz/

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963